«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛҒЫЗ АҒАШТЫҢ “КӨЗ ЖАСЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауылдың батыс жағындағы төбе­шікте жалғыз өскен алып қара ағашты ес біліп, етек жапқаннан бері білеміз. Қай ғасырдан бері бар екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені менің атамның балалық шағында да осы ағаш бар деседі. Тамырын тереңге жіберген қара ағаш қандай дауыл тұрса да былқ етпей­тін. Сол себепті де оның ұшар басына дейін жыпырлата құс ұя салушы еді. Үсті қанаттыларға мекен болса, түбі төрт түлікке сая. Әйтеуір жаздың шіліңгір ыстығында жақсы.

Бір жолы Қизат деген досымыз сол ағашқа өрмелеп құстың бала­панын алмақшы болғанда абайсызда аяғы бұтақтан тайып кетіп, мертігіп қалды. Өзіне де обал жоқ, быт-шыт болып сынған оң жақ жіліншігі қырық күн дегенде әрең біткен еді. Сөйтіп, ол екінші рет бейкүнә жануарларға жоламайтын болды. Үлкендер де “Құстарға тиіспеңдер! Олардың адам баласына еш зияны жоқ. Есесіне қап­таған құрт-құмырсқаның санын азай­тып, экологиялық тізбекті реттейді”, – дейтін.

Бірақ ағашта бір тылсым күштің бар екенін біз есейе келе байқадық. Себебі одан үздіксіз тамшы тамып тұратын еді. Бір қызығы тамшы тек бір жерге тамбайды, бірде анда, бірде мұнда құлайды. Ағашқа алыс­тан қарасаң моп-момақан, қимылсыз тұрғандай көрінгенімен, түбіне жа­қындап, діңіне жоғары қарай үңілер болсаң, құйын соғып тұрғандай уілдеген бір дыбыстың шыққанын және ұшар басы теңселіп тұрғанын аңғару қиын емес. Тамшы судың қайдан пайда болғанын біле алмай дағдаратынбыз. Анда-санда ыңы­ран­ған дыбыс шығаратыны тағы бар.

“Ел құлағы – елу” емес пе, бір жолы аудан орталығынан өсімдікті зерттеумен айналысатын ғалымдар арнайы келіп, ағаш “сырын” ашпақ болған. Бірақ нәтиже шығара алмап­ты. Мұның жайын үлкендердің өздері де білмейтін болып шықты. Бұл таң­ғажайып құбылыс ауыл тұрғындары үшін жаңалық емес еді. Өйткені көре-көре әбден көз үйренген. Тек шет жақтағы ауыл-аудандардан келген қонақтар ғана елең етісіп, мәнісін сұрағыштайтын. Көбінде бұл той мен өлімде бас қосқандардың қызықты тақырыбы еді.

Мамыражай мамыр айының бір күні көрші Бектемір ақсақал қайтыс болды. Сырқат меңдеп, төсек тартып жатқанына көп болған. Шыбын жан кеудеден шықпаған соң қайтсін енді, көңілін сұрап келгендерді үнсіз ұза­тып салып отырады екен. Тілі сау, бі­рақ ет жақындарынан басқа ешкімге тіс жарып сөз шығындамайтын көрінеді.

Кешқұрым ағама қолғабыс етіп қойдың бір жағына шығу – дағдылы әдетіміз. Ақылбек аға екеуміз екі үйдің қойын етекке енді түсіргеніміз сол еді, көк қасқа тайға мінген Бек­темірдің немересі қарсы кездесті. Өңі қуқыл тартып, жүрісінен асығыстық байқалады. Бір жағдайдың болға­нынан ішіміз қылп ете қалды.

– Атам қиналып жатыр. Сізге ай­тар сөзі бар секілді. “Тез шақы­рың­дар” деген соң келдім, – деді әлгі ба­ла.

– О, Жаратқан! Ол кісі де арғы дү­ниеге аттанғалы жатыр екен-ау, – деп Ақылбек аға баланың соңынан ере жөнелді.

Жады мықты, сүйегі асыл адам­дар дәм-тұзының таусылар күнін де сезеді екен. Тіпті сүйегін қоятын орынды да белгілеп кетеді. Сөйтіп, ақсақалды бір күннен кейін жер қой­нына тапсырдық. Ертеректе қайтыс болған алғашқы әйелінің қасына жерлеуді өсиет етіпті.

Қарттың намазына жиналған жа­ма­ғат бейіт басынан келгеннен кейін астан ауыз тиіп, әруаққа құран ба­ғыш­тап тарқасты. Солқылдап ұзақ жылаған бала-шағасына: “Бұл кісінің не арманы бар? Асарын асады, жаса­рын жасады. Қалған ғұмырын ұрпа­ғына берсін”, – деп қайғылы көңілге басу айтқан болды кейбіреулер. За­мандастары: “Айымбикеден жастай айырылғаны қиын тиді. Бозбала кезі­нен ғашық еді. Үйленіп, бір жылдан кейін не сайтан түрткенін кім біледі, асылып қалды ғой, жарықтық”, – деп сонау жылдарда болған оқиғаны аздап сөз етісті.

Бектемір ақсақалдың жетісі өткен­нен кейін Ақылбек аға маған бір сыр­дың ұшын шығарды.

– Мына жалғыз түп ағашта бір әйелдің көз жасы қалыпты, – деді сыбырға жақын үнмен.

– Кімнің? – дедім мен үрейлене тіл қатып.

– Бектемір ақсақалдың алғашқы жары Айымбикенің, – деді бір күрсініп алып, – өмірден озар алдында мені жайдан-жай шақырмапты. Алпыс жыл бойы тісінен шығармай келген сырын айтты. Бәлкім, о дүниеге өзімен бірге алып кеткісі келмеген де шығар. Алғашқы жары Айымбике ақылына көркі сай жан болған екен. Қызғаныштың қызыл құрығына ілініп кетіпті ғой, жарықтық. Жас күнінде Бектемір өте қызғаншақ болған көрі­неді. Тіпті әйелінің басына шыбын қонса да қипалақтайды екен. Әр нәрседен босқа күдіктенген Бектемір бір күні әйелін өлімші етіп сабапты. Жанын қоярға жер таппай тауға қаш­қан әйелін дәл осы араға келгенде қуып жетіп, осы ағашқа қайыс арқанмен мықтап байлап кетіпті. Ашуы тарқағанда барса, жан-жары бұтаққа арқан салып асылып қалып­ты. Өз көзіне өзі сенбей біраз дағ­дарса керек. Болар іс болғасын не іс­тей алады, амалсыз ел-жұртқа ха­барлапты.

Өсімдік, жан-жануардың барлы­ғында қасиет-кие деген ұғымның барын кейде пенде болғасын аңғара бермейміз ғой. Бәлкім, кінәсыз әйел­дің көз жасын көрген жапанда өскен жалғыз ағаш бұл күнде осылай ыңыранып, жапырағының арасынан жас тамшылатып тұрған да шығар. Әлсін-әлсін тамып тұрар тамшы су Айымбикенің көз жасы ма екен, кім білсін? – деді.

Бектемір ақсақал осындай бір өзекті өртер өкінішті айтып болып, қалтыраған саусақтарымен басын­дағы үлкен жүн жастықтың ішінен ақ шүберекке ораулы қайыс шылбырды Ақылбекке ұстатып, өзімен бірге жерлеуін өтініпті.

Бұл әңгімеден мына бетпақ дала­ның қаншама сырды құшағына жасы­рып жатқанын байқайсыз. Дөңкиген-дөңкиген тау мен тастың әрқайсы­сының өз сыры бар. Жалғыз ағаштың да сырын бұған дейін ешкім білген жоқ.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp