«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бастауыш – алғашқы баспалдақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елордада “Бастауыш мектеп – білім мен ғылымның бастауы” деген тақырыпта өткен бастауыш сынып мұғалімдерінің съезіне еліміздің өңірлерінен 300-ден астам делегат, сондай-ақ білім басқармаларының мамандары, әдіскерлер, жоғары оқу орындарының, колледждердің оқытушылары, біліктілікті арттыру институтының, білім академиясының мамандары қатысып, бастауыш тәрбие мен оқытуды дамыту бағыттары, бастауыш білім беру педагогтарының кәсіби және жеке тұлғалық өсуі, бастауыш білім беру жүйесінің кадрларын даярлау, бастауыш және орта буын сабақтастығы мәселелері талқыланды.

Бастауыш мектеп педагогикасы – кіші оқу жасындағы балаларды тәрбиелеу, оқыту заңдылықтарын зерттеумен айналысып, соған орай алған рухани азығын тәжірибелік іс-қызметте тиімді пайдаланудың жолдары мен әдістемелерін нақтылап ұсынатын ғылым. Бұл бағытта шешімін күтіп тұрған басты мәселелер оқушыларды дамыта оқыту, яғни, оқуға ынтасын ояту, қызығушылығын арттыру болып табылады. Осы мәселелер “Бастауыш білім берудің мазмұнын жетілдіру”, “Бастауыш білім берудің әдістемелік жүйесі”, “Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау” және “Бастауыш сынып мұғалімдерінің әлеуетін арттыру” бағыттары бойынша ұйымдастырылған панелдік сессияларда талқыланды.

Съезде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сөз сөйлеп, көтерілген мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданып, тиісті шаралар атқарылатынына сендірді.

Мен қатысқан панельдік секцияға Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Салтанат Әбілдина мен білім беруді жаңғырту орталығы басшысының орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі Сындар Дәуешева модераторлық етіп, бастауыш және орта буынға білім беру мазмұнында жиі кездесетін проблемалар ортаға салынды. Инклюзивті білім беруді ұйымдастыру, оқушының оқу жетістіктерін бағалауға қойылатын талаптар, бастауыш сыныпта шет тілдерін оқыту, халықаралық зерттеулер нәтижелері (PISA TIMIS), бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру, оқулықтардың сараптамасы, білім берудің тәрбиелік сипатына қатысты өзекті мәселелер талданды. Бастауыш білім берудегі инновациялық технологиялар мен олимпиадаларды ұйымдастыру жайлы “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешовтің сөзі үлкен ой салды.

Съезд делегаттары тарапынан халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, білім мазмұнын жеңілдету, жаратылыстану мен дүниетану пәндерін біріктіру, пәнішілік мазмұнды кіріктіру, көркем еңбекті қайта қарау, бейнелеу өнері пәнін қайтару, әдебиеттік оқу пәнінің атын өзгерту, мамандарды бастауыш сынып мұғалімі және бастауыш сыныптағы математика пәнінің мұғалімі сияқты жеке пән мұғалімі дегенді қосып, тереңірек оқыту, бастауыш сынып мұғалімдері мен оқушылар қатысатын республикалық сайыстар санын көбейту, музыка пәніне мән беру, ұлттық аспапты тартуға баулу, бастауыштағы математиканы топқа бөліп оқыту секілді көптеген ұсыныстар айтылды. Ұлттық құндылықтарға негізделген білім мен тәрбиеге ерекше назар аударылды.

Менің кәсіби шыңдалуыма бұл съезд үлкен әсер етті. Мол тәжірибе алып оралдым.

Райса ӘБУЕВА,

Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық класиикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp