«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Берекеге толы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Рамазан – берекеге толы ай. Әрбір мұсылман үшін ізгі амал­дарды атқа­ру арқылы Жаратушысына жақын­дай түсетін, Раб­бы­сының мейірімін үміт ететін кез. Бұл айда барлық жамандық атаулыдан тыйылып, өмір­ді жаңа парақтан бастауға мүм­кіндік туады.

Алланың сүйікті елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Рамазан айының алғашқы түні келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шай­тандар кісенделеді”, – деді. Сондық­тан бұл қасиетті айды аса ыждаһат­тылықпен қарсы алу керек.

Бұл – мұсылман үшін науқан айы. Құран оқу, Алланы еске алу, тасбих тарту, дұға жасап, садақа беру, жақ­сылыққа шақырып, тіліңнен бастап, бүкіл денеңмен жасалатын жаман­дықтан тыйылу, айналаңа пайдаңды тигізу – Рамазан айында жасалатын ізгі амалдардың бір тізбегі ғана.

Бұл – ізгі амалдарға ұмтылатын ай! Ал ізгі амалдардың алғашқы баспалдағы – жасап қойған күнәңа шынайы тәубе етуің. Алла тағала Құран Кәрімде: “Уа, иман келтірген­дер! Шынайы түрде тәубе етіп, Ал­лаға бет бұрыңдар. Міне, сонда Раб­быларың күнә-қателіктеріңді өшіре­ді һәм бәріңді түбінен өзендер аға­тын жәннат бақшаларына кіргі­зеді” (“Тахрим” сүресі, 8-аят), – деді. Шы­найы түрде өкініп, тәубе еткен адам­дардың күнәсын Алла кең мейі­рімі­мен кешіреді. Пайғамба­рымыз (с.ғ.с.) хадисінде: “Күнәсынан шына­йы түрде тәубе еткен адам, күнә­сы жоқ адамдай тазарады”, – (Ибн Мәжә) деген.

Рамазан – айлардың сұлтаны. Игі істер молаятын маусым. Қасиетті Рамазанда шын ықыласпен ораза тұту арқылы пенде өзін Алланың қа­һарынан, тозақ отынан, қабір азабы­нан, әзәзілдің арбауынан, екіжүзді­лік­тен алыс болады. Бұл – жанды балқытатын, жүректі жұмсартатын, рухты азықтандыратын ай. Ендеше, Рамазан айы қарсаңында не істеуі­міз қажет?

Ең алдымен, мұсылман үшін осы айға жетудің өзі үлкен нығмет екенін сезіну маңызды. Әнәс ибн Мәлик риуаят еткен хадисте пайғамба­рымыз (с.ғ.с.) Ражаб айы кіргенде бы­лай дейтін: “Уа, Алла! Біздер үшін ере­жеп, шағбан айын берекелі ет және рамазан айына қауыштыр”. Са­хабалар рамазанға жақын қалғанда: “Қасиетті рамазанға жеткізе көр”, – деп, рамазаннан кейін: “Уа, Раббым! Оразамызды қабыл ете көр”, – деп дұға жасайтын.

Екіншіден: Рамазан айына кірген адам міндетті түрде Раббысына лайықты түрде шүкір айту керек. Өйт­кені адамның бұл қасиетті науқан айына жетуі сансыз сауапқа кене­луге мүмкіндік алуы – Алланың адам баласына берген шексіз сыйы және бұл сенің соңғы рамазаның болма­сына да кім кепіл.

Көпшілігіміз Рамазанға қатысты лайықты жоспар құра алмағандық­тан бұл айдың қалай өтіп кеткенін бай­қамай қаламыз. Рамазан айы­ның әр күнін, әр сағатын босқа өткі­зіп алма­уымыз қажет. Жоспарыңыз­да намаз­ға, Құран оқуға, білім алуға, ізгі амал­дар жасауға, үзіліп кеткен байла­ныстарды қайта қосуға, тиісін­ше еңбек етуге орын болған дұрыс.

Бұл қасиетті ай басталмай тұрып, оразаға қатысты фиқһ үкімдерін, па­рыздарын, сүннеттерін, оразаны бұ­затын, бұзбайтын амалдарды, ора­задағы жеңілдіктерді білген жөн.

Бұл айдың келуімен мұсылман адам жақындарына хабарласып, оларды құттықтап, құттықтау қағаз­дарын әзірлеп, үйді тазартып, ма­ңызды болған істерін рамазанға де­йін аяқтап, үйге қажетті заттарды алып ерекше дайындалуы қажет.

Рамазан – тәрбие айы. Ауыз бе­кіткен адам тілін жаман сөзден те­жейді. Өйткені ардақты пайғамба­ры­мыз Мұхаммед (оған Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын): “Кім болса да ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын әрі ешкімге дауыс кө­термесін…”, – деп өсиет еткен. Ра­сында, Алла тағала үшін тілін өтірік пен ғайбат сөзден тыймаған пен­десінің ұстаған оразасы қажет емес.

Рамазан – қасиетті Құран түскен ай. Бұл айда адам баласын тура жол мен бақытқа бастайтын, ақиқат пен жалғанның аражігін ажырататын Құран аяттары түсе бастады. Ораза кезінде Құранды кемінде бір рет толық оқудың, мән-мағынасын кө­ңіл­­ге тоқудың сауабы айрықша.

Рамазан – сабыр айы. Аузы берік адам кейбір кісілердің дөрекі сөзі мен әдепсіз әрекетіне сабыр сақтап: “Мен оразамын”, – деген сөзбен нәп­сісіне тоқтау салып, төзімділік таны­тады. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Өткен жылғы ораза айында жет­кен жетістігімізбен шектеліп қалмай сол игі істерді одан әрі дамытып, ке­меліне келтіруі қажет. Барша­лары­ңыздың мүбарак айдағы ізгі амалдарыңызға Алла сансыз сауаптар жазып, екі дүние бақытына бөлесін.

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,

Қызылжар орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp