Ұстаздық – жауапкершілігі мол, ауыр жұмыс. Тек өз өмірін балаларға арнай алатын жандар ғана мұғалімдікті таңдайды. “Адамның адамгершілігі – жақсы ұстаздан”, – деп ақын Абай айтқандай, балаға білім беріп қана қоймай, тәлім-тәрбие сіңіре білу де маңызды.
Мен – академик М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін қазақ тілі мен әдебиеті пəндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдаған жас ұстазбын. Сəбит пен Ғабиттей тұлғалар туған, поэзияның пайғамбарына айналған Мағжандай ұлды өсірген киелі жерде ұстаздық жолға түстім. Алда мені биік белестер мен маңызды міндеттер күтіп тұр. Шәкірттерімнің ертеңгі жетістігіне қуанатын, еңбек жолымда биіктерден көріну үшін әр сабағымда сапалы білім беріп, саналы шәкірт шығаратын мұғалім болуым керек.
Қазақ тілінің құдіреттілігін, әдебиетіміздің бай екенін оқушыларымның бойына дарыту негізгі мақсатқа айналды. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары Абайдың асыл сөздерін, Мағжанның жалынды жырларын, Мұқағалидің саф алтындай өлеңдерін шәкірттерімнің жүректеріне ұялатып, болашақта еліміздің елеулі, халқымыздың қалаулы ұрпақтарына айналдыру маған артылған міндет деп білемін.
Болашақта елін, жерін сүйетін, ана тілін қастерлейтін, ұлы тұлғаларымызды қадірлейтін тіл жанашырлары шәкірттерімнің арасынан көптеп шығады деп сенемін және осы мақсатқа жету үшін оларды сапалы білім нәрімен сусындатамын. “Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз”, – дейді ғой ғалым Қаныш Сәтбаев. Ең алдымен, өз пәніңе деген зор сүйіспеншілік болғаны абзал. Осынау қасиет оқушы бойындағы білімге, пәнге деген алғашқы құштарлығын оятады.
Ал шәкірт бойында оянған білімге деген құштарлық енді тұтанған шырақ секілді. Ең қиыны – осынау шырақты сөндіріп алмау. Ол үшін талмай еңбектену мен іздену қажет. Сонда ғана ол лаулаған жалынға айналады. Бейнеті қатты, зейнеті тəтті мамандықты таңдап, еңселі білім ордасында қызмет ету – менің борышым! Күн сайын мектеп қабырғасына кірген сəтте алдымнан жүгіріп шығатын балапандар мені ешқашан бұл жолда жалықтырмайды. Себебі ұстаздық – өзім таңдаған жол!
Жансая ҚАЙДАРОВА,
“Дарын” мектеп-лицейінің мұғалімі.