Облыста 2020 жылмен салыстырғанда былтыр көлікте жасалатын қылмыстар саны 24 пайызға артқан. Ал биыл осы салада 8 іс сотқа жетсе, соның жетеуі – заңсыз есірткі тасымалына қатысты.
Осыған орай Солтүстік Қазақстанның көлік прокуроры Абылайбек Ордабаев құқық қорғаушылар және полицейлермен кездесіп, сотқа дейінгі тергеу процесінде жіберілетін құқық бұзушылықтарға қатысты бірқатар проблемалық мәселелерді көтерді. Өйткені азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, оның ішінде азаптауларға жол бермеу бойынша қылмыстық істерді тергеу кезіндегі заңдылықты сақтау – негізгі міндет. Бас прокурор мен бас көлік прокурорының тапсырмаларына сәйкес қазір еліміз бойынша осындай іс-шаралар өтіп жатыр. Кейін мұндай кездесулерді тұрақты негізде ұйымдастыру жоспарланған.
Жүргізілген сараптама нәтижесі бойынша 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы көлікте жасалған қылмыстық істер, соның ішінде есірткі сақтау, ұрлық өскені анықталды. Жыл басынан заңсыз есірткі сақтау бойынша 7 қылмыстық іс және бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты 1 іс сотта қаралды. Құқық қорғау органдарының функционалдық міндеттеріне сәйкес анықтау және тергеу жүргізу кезінде полицейлер күдіктілермен тікелей қатынаста болады. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету және азаптауды болдырмау мақсатында Петропавл станциясы желілік полиция бөлімінде бейнебақылаудың бар-жоғын тексердік. Заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Бұдан бөлек, 1-Д жүйесі арқылы желілік полиция бөліміне жеткізілгендердің кірген және шыққан уақыттары бақылауға алынады. Осылайша прокуратура тарапынан азаматтардың заңда белгіленген 3 сағат уақыттан көп болмауы қадағаланады. Электронды ақпараттық есепке сәйкес биыл желілік полиция бөлімшесіне куәгер, жәбірленуші, заңды өкіл, күдікті ретінде 169 адам жеткізілді. Азаматтар тарапынан прокуратураға заңсыз ұстау және азаптау фактілері бойынша шағымдар түскен жоқ.
“Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы қылмыстық істерді электрондық форматта сапалы тергеуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс қылмыстық қудалау органдарының негізгі процестік шешімдерді қабылдау кезінде заңдылықты қамтамасыз етуіне және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бұзылуына жол бермеуге бағытталған.
Алмас Асайынов,
Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасының аға прокуроры.