Жуырда редакциямызға ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезектің мейман болып, ұжым мүшелерінің сауалдарына жауап бергенін газетіміздің өткен сандарының бірінде жазған болатынмыз. Сол әңгіменің толық нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Ақберен Елгезеұлы, бір ғасырдан астам тарихы бар, туын Смағұл Сәдуақасов, Мағжан Жұмабаев сынды алаштың аяулы перзенттері қадаған қарашаңыраққа қош келдіңіз! Біздің алғашқы сауалымыз өзіңіз суығына тоңып, ыстығына күйіп келе жатқан Қазақстан Жазушылар одағына қатысты болмақ. Бұл ұйымның аты да, заты да кезінде, әсіресе өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бергі уақытта дүркіреп тұрды ғой. Қазіргі күні атқарып отырған жұмыстары жайлы айтып өтсеңіз.
– Халқымыздың небір ардақты тұлғаларының ізі қалған қарашаңыраққа табан тіреп, ұжым мүшелерімен кездесіп отырғанымды мақтаныш санаймын. Қазақстан Жазушылар одағы Қызылжардағы қазақылықтың үні болып отырған “Soltüstık Qazaqstan” газетінің інісі іспеттес. 2024 жылы одақ өзінің тоқсан жылдығын атап өтеді.
Біздің елімізде бес мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар. Жазушылар одағын сол ұйымдардың бірі ретінде санайтындар да кездеседі. Бірақ бұл – жаңсақ пікір. Одақтың мақсаты да, міндеті де ауқымды, стратегиялық мәні өзгеше. Президент Әкімшілігінің жеті стратегиялық ұйымы бар ғой. Соның бірі – Жазушылар одағы. Жуырда біздің ұйым стратегиялық әріптес деген статус алғалы жатыр. Олай болған жағдайда, ұйым республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Мұны біз мемлекеттің қамқорлығы деп түсінуіміз керек.
Әдебиет қолдау болмаса, өздігінен дамымайды. Кезінде “ақын-жазушылар кітаптарын шығарып, өз күндерін өздері көруі керек” деген талап болды. Осының кесірінен кітап та оқылмады, түрлі жанрлар да кенжелеп қалды. Біздің қоғам әлі көп дүниеге дайын емес. Америка Құрама Штаттарының өзінде әдебиетті қолдау қоры бар. Оған жыл сайын елдің ішкі жалпы өнімінің белгілі бір пайызы бөлінеді. Мұндай қорлар Бельгияда да, Ұлыбританияда да ашылған. Әрісін айтпағанда, көрші Қытай әдебиетті үлкен идеологиялық қару ретінде пайдаланып келеді. Олардың “Қытай әлемдік әдебиетті тұтынушы емес, экспорттаушы ел болу керек” деген жоспарлары да бар. Осындай ауқымды мақсаттың арқасында ширек ғасыр ішінде аспан асты елінің қаламгерлері екі рет Нобель сыйлығына ие болды. Міне, осының бәрі әдебиетті қолдаудың арқасында мүмкін болып отыр.
Мен 2018 жылы одақ төрағасының орынбасары болып тағайындалдым. Сол жылдан бері біз екі мәселені негізге алып келеміз. Оның алғашқысы – жастарды қолдау. Одақ мүшелерінің 80 пайызға жуығы – зейнеткерлер. Өмір бір орында тұрмайды ғой. Аға буынның орнын жалынды жастар басады емес пе? Қазір жастардың көбі қатарымызға қосылып жатыр. Жер-жерлердегі филиалдарымыздың төрағалығына айтары бар жастарды алып жатырмыз. Екінші мәселе – төл әдебиетімізді сыртқа таныту. Өткен жылдары елордада өткен “Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумы”, “Еуразиялық форум” – барлығы сол мақсатты көздейді. Бір атап өтерлігі, мұндай ауқымды шаралар Қытай, Жапония сияқты ірі мемлекеттерде бұрын-соңды ұйымдастырылған емес. Осы шаралардың аясында он бес шақты елдің өкілдерімен меморандумға қол қойдық.
Жалпы қоғамдық ұйымды алып жүру, жұмысын бір ізге қою оңай шаруа емес. Орталық аппараттың өзінде жетпіске жуық адам жұмыс істейді. Олардың еңбекақылары уақытында төленуі тиіс. Одақ жанынан “Қазақ әдебиеті” газеті, “Простор”, “Жұлдыз” журналдары шығып тұрады. Биыл “Жұлдыздың” 100 жылдығы тойланбақ. Соған дайындалып жатырмыз. Бүгінде одаққа тоғыз жүзге жуық қаламгер мүше.
– Сіз Қазақстанмен қатар Ресей Жазушылар одағының да мүшесісіз. Қазақ қаламгерлерінің арасында көрші елдің ұйымына қабылданғандар саусақпен санарлық. Сіз бұл ұйымға мүшелікке қалай өттіңіз? Сол туралы айтып берсеңіз.
– Ресейде бұл ұйымның сан тармағы бар. Мәскеу, Омбы жазушылар одағы дегендей, жалғаса береді. Біз қайсібір жылы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қою үшін көрші мемлекетке арнайы барған едік. Жастайымнан орыс жазушыларының шығармаларын көп оқығанмын. Атақты ақындарының өлеңдерін жатқа білемін. Жиналыс аяқталған соң орыс қаламгерлерімен дастарқанда бас қостық. С. Есениннің, А. Ахматованың өлеңдерін нақышына келтіріп оқып жатырмын. Үстел басындағы әріптестерім риза болды. Мені ұйымға мүшелікке қабылдады. Негізі бұл мәселе біздің де, олардың да жоспарларында болмаған. Олар менің орыс қаламгерлері, әдебиеті туралы жақсы білетінімді негізге алса керек.
– Қазіргі кезде кім көп – ақын, жазушы көп. Екінің бірі қаламгер болғысы келеді. Тас лақтырсаң, соларға тиеді. Соған сіздің көңіліңіз тола ма?
– Қазір әдебиетке ағылып келіп жатқан жастар көп. Мен соған қуанамын. Ал олардың жазғандары әдебиеттің ауыр жүгін көтере ме, жоқ па, келер ұрпаққа мұра болып қала ма, жоқ па оны төреші уақыттың өзі екшелейді. Ортамызда бірнеше жыр жазып, өздерін бәрінен мықты санайтындар да кездеседі. Мен оларды да қолдаймын. Бәріміз өлеңге алғаш келгенде алдыңғы толқын өкілдерінің шығармаларына сын көзбен қарап жүрдік қой. Тіпті олардың көбі бізге түк бітірмегендей көрінетін. Жылдар өтіп, өлеңнің жан шыдатпас отына күйген сайын алдымыздағы ағалардың еңбегін түсініп, оларды мойындадық, құрметпен қарай бастадық, тәкаппарлығымыз үшін ұялдық. Ол – өлеңнің алғашқы баспалдағын аттаған әр адамның басынан өтетін жағдай. Қазір бізге де “әдебиеттің сахнасынан түсулерің керек. Біз келдік” деп шапшып тұратындар бар. Жалпылай алғанда олардың барлығы жаңа, тәуелсіз әдебиетті жасауға ұмтылуда.
Екінің бірінің ақын болғысы келетіні жасырын емес. Өйткені ақындық қазақтың қанында, тіршілігінде, алпыс екі тамырында бар. “Ақ өлең” деген пайда болды. Оны қарапайым оқырман сандырақ деп қабылдауы мүмкін. Бірақ ол – өлең. Еркін ұйқасқа негізделген. Сол жаңа жанрды дамытып жүрген бір топ жас өсіп келеді. Прозада психологизм, постмодернистік жанрлардағы ізденістер қуантады. Бұл, бір сөзбен айтқанда, әдебиеттің эволюциясы. Оны қабылдамайтындар да кездеседі, жақтырмайтындар да табылады. Өмір заңы сол. Жастардың көбі қымбат көлікке, жайлы пәтерге қызығушы еді. Қазір бәрі басқаша, білімді, жан-жақты атану, көп тілді білу сән болып барады.
Әдебиетте махаббат, табиғат, туған жер, өмір, өлім сияқты мәңгілік тақырыптар бар. Олар оқылымды. Сондықтан жаңа жанрлардың өзінде сол тақырыптар жырлануы тиіс. Ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын алайықшы. “Аққулар ұйықтағанда” мен “Ильич” поэмаларын салыстырайық. Оқырман адалдық пен мейірімді насихаттайтын алғашқысын сүйіп оқиды.
–“Кітап оқу сәнге айналып барады” дедіңіз. Керісінше, кітапты керек қылмайтындардың саны да қаптап барады. Бұған қандай уәж айтасыз?
– Ешкімге құпия емес, қазір еліміздің барлық дүкендерінде қазақ тілінде жазылған кітаптар жетім бұрышта тұр. Бұл туралы талай айтылды, талай жазылды, бірақ нақты шешімін таппады. Оның себебі біреу-ақ – мәселе заң аясында көрсетіліп, шешілмеген. Мысалы, өзімнің “Болмаған балалық шақ” атты кітабымды “Меломан” дүкені қабылдаған жоқ. Жоғары жаққа хабарласып, араға адам салып, уақытты созып жүріп, әрең өткіздік. Олардың айтатын уәжі: “Қазақ тілінде кітап оқылмайды, оны ешкім сатып алмайды”. Оның бәрі өтірік дер едім. Қазіргі жастар кітапты жақсы оқиды. Әрине, оқымайтындар да жоқ емес. Бес саусақ бірдей болмайды ғой. Кейін “Меломан” осы кітабымды екі рет қайталап сұрады, яғни, бәрі сатылып кеткен. Мысалы, кітап дүкендерінде 50 де 50 ережесін жасауға болады – яғни, кітап дүкендеріне 50 пайызын қазақша кітап етуді міндеттеу керек. Себебі әдебиет – баршаңыз білетіндей рухани қазынамыз.
Қазір “қоғамдық маңызы бар” деген атаумен жылда кітап шығып жатыр, олар ешкім қарамайтын кітапханаларға жіберіледі, нақты оқырманның қолына жетпейді. Қоғамдық маңызы бар әдебиет деген бағдарлама кітаптары мектеп кітапханаларында бар ма? Оның екі сала екені түсінікті, бірақ мемлекет бізде біреу. Сондықтан Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Қазір мектеп кітапханаларында қазақ тіліндегі кітаптар саны 27 пайыз. Демек, қалған 73 пайызы орыс тілінде деген сөз. Отыз жыл бойы шығып келген көркем әдебиет ол мектептерге жетпеген, мектеп сөрелерінде сол социалистік-реализм талабымен шыққан ескі идеологияны насихаттайтын әдеби кітаптар тұр. Бұл туралы арнайы республикалық кітапханашылар семинарында айтылды, сондықтан бұл сандар ойдан шығарылмаған.
– Тұңғыш жинағыңыз – “Көлеңкелер күбірін” бір деммен оқып шыққанбыз. “Ғарыш”, “Шексіздік сыртындағы шам”, “Fantasmagoria” (түрік тілінде) атты туындыларыңыз да өз оқырмандарын тапқан. Өлеңдеріңіздің ағылшын, француз, испан, араб, қытай, түрік, әзірбайжан, қырғыз тілдеріне аударылып, көптеген антологияларға да енгенінен хабардармыз. Мені таңғалдыратыны, қазақ әдебиетіне азық боларлық көптеген дүниелер жазған сіздің мектепте орысша оқығаныңыз қалай?
– Тілім орысша шыққан. Осылайша үйдегілер орыс сыныбына беруді ұйғарыпты. Алайда ана тілімді ұмытпадым. Осы деңгейге жетіп отырғанымның өзі орыс тілін жетік білетіндігімнен болар.
– Бұрын Қазақстан Жазушылар одағына өту қиын шаруа болатын. Бірнеше кітабы шыққан ағаларамыздың көбі көздері тірісінде бұл бақытқа қол жеткізе алмай кетті. Қазір бұл процесс жеңілдегендей ме, қалай?
– Бұрын одаққа мүше болғысы келетіндердің үш кітабының жарыққа шыққаны талап етілетін. Қазір екі кітапқа азайттық. Тағы бір өзгешелік бар. Кітап жазу, шығару оңай емес. Ол сапалы болуы керек. Осыны ескеріп, біз республикалық, облыстық әдеби байқаулардың бас жүлдегерін одаққа қабылдаймыз деп шештік. Бұл да жастардың талабын ұштай түсері анық.
– Сіздің шығармашылығыңызға қарай ойыссақ. Лирикалық, философиялық, жаңа бағыттағы өлеңдеріңіз аға буын өкілдерін болсын, жастар тарапынан болсын жақсы бағасын алып үлгерді. Мүйізі қарағайдай қаламгерлердің өзі сізді “Құбылыс” деп бағалайды. Өлеңдеріңізді оқып отырып, қазақтың аяулы ақын қыздарының бірі Жанна Елеусіздің поэзиясымен ұқсастықты аңғарамын. Мысалы, бір өлеңіңізде: “Тәңір жақтан құйылады ноталардың жаңбыры”, “уақыт нұры тамшылар сағатымнан” деген сияқты жолдар бар. Жанна Елеусіз болса, “Өмірімнің көрмесінен, жұлып ап ғұмырымды”, “Түседі ақ параққа, ғұмырым ақтарылып” немесе “Өлесің ғой дегендерге, Өлеңмін деп барам өксіп”, – деп толғанады. Сонымен қатар поэзияңызға “періште”, “пейіш”, “ғалам”, “жеті қат”, “ғарыш” сияқты тіркестерді жиі қолданасыз. Оның сыры неде?
– Менің Алаш есімді ұлым дүниеге келді де, бірнеше күннен кейін шетінеп кетті. Баламның жан сақтау бөліміне түскенін естігенде біртүрлі күй кештім. Ұйқыдан оянсам, қолымда ақ түсті бірдеңе пайда болды да, жоқ болып кетті. Мен сол кезде баламның жанының үзілгенін сездім. Содан кейін менің өмірім өзгере бастады. Жаңағы өзіңіз айтып отырған өлең жолдары, шын мәнінде, менің жанымнан шыққан сөздер емес. Әлдекімнің құлағыма сыбырлағандарын ақ параққа көшіріп жазғандаймын. Бұл жерде мен тек дәнекер ғана сияқтымын. “Көлеңкелер күбірі” жинағым шықпас бұрын күніне бес-алты өлең жазатынмын. Негізі бұл мүмкін емес жағдай. Ақ параққа шимайлағандарымды таңертең оқып қарасам, менің ойларым емес екенін түсінемін. Өзімнен өзім қорқып кететін жайттар да болды. Осының бәрі неге мен арқылы жазылып жатқанына таңданатынмын. Бір қызығы, мен өлеңді 26 жасымнан бастап жаза бастадым. Оны не үшін жазатыныңды да түсіндіре алмайсың кейде. Әсілінде, өлең жазылмайды, өлең көкейге қонады деп түсіндірген абзалырақ болатын шығар.
– “Сені ешкімге бермеймін, сұрамасын” деген өлеңіңіздің Құдай қосқан қосағыңыз, белгілі журналист Дина Елгезекке арналғаны мәлім ғой. Ол кісінің ел, жер, қоғам туралы сыни пікірлерін, өткір мақалаларын оқып тұрамыз. Батылдығына, елжандылығына тәнтіміз. Осы жерде бір сұрақ туындайды. Сіз – ақынсыз. Ол кісінің кейбір пікірлерімен келіспейтін кездеріңіз болатын шығар. Жалпы отбасында қандайсыздар?
– Бұл өлеңімнің толық нұсқасы мынадай:
Сені ешкімге бермеймін! Сұрамасын!
Сұрамасын, жанымның мұнарасын!
Маған сені тәңірдің өзі берген,
Пейіште періштелер жылағасын!
Мен сені көкте Күннен қызғанамын!
Сезіле ме жүректің мұздағаны?
Мына опасыз дүниеде күнәсы жоқ,
Тәңірдің сүйіктісі біз ғанамыз!
Мен сені сүюден жалықпаймын,
Қанатсыз-ақ қасыңда қалықтаймын!
Сен қасымда болғанда жұмақтаймын,
Сен жоғалсаң, алаулы тамұқтаймын!
Мен сені сағынудан азап шегем,
Азап шегем… бұл азап ғажап неге?!
Кеудемдегі жалынмен салыстырсаң,
Аяз болып көрінер тозақ деген!
Біреу менің көзімнен байқар күзді…
Мен сені ұмытуға қауқарсызбын!
Имандылық заңдарын бұзған бұлар,
Жүзі күйген пенде деп айтар бізді..!
Айта берсін!
Құлағыма ол сөзді іле алмаймын,
Себебі мен сезімсіз жүре алмаймын.
Өзгелерсіз күн кешсем, өкінбеймін,
Ал өзіңсіз өмірді сүре алмаймын!
Өлеңге талай рет ән де жазылды. Ол туындылар тыңдарманның ықыласына бөленді. Динадай жарымның болғанына разымын. Көп адамдар “Динадай долы келіншекпен бірге тұрып жатқан Ақберенді аяймын” деп ойлайды екен. Мұндай пікірді бетіме айтқан ағаларымыз да, апаларымыз да болды. Дина отбасында өте нәзік, дауысы да жіңішке. Керісінше, оның мендей адуынды мінезі бар жігітке шыдап отырғанына разы болуым керек. Қазақтың, қазақ тілінің, қазақ мемлекетінің тағдыры дегенде ол – қаһарман. Ойларын бүкпесіз ашық айтады. Сол үшін де билікке жақпады, жұмысынан қуылды. Оның бәрін бір сұхбатта айтып беру мүмкін емес.
– Сіз ақын ғана емес, проза жанрына да қалам тербеп келесіз. Оның бір дәлелі – “Болмаған балалық шақ” повесіңіз. Шығарманы бәріміз оқыдық, пікір білдірдік. Басты кейіпкерді іштей аяғанымыз, тіпті кейігеніміз де бар. Қазақтың танымында “өгей әке” деген түсінік жағымды образда суреттелмейді ғой. Соған тағы бір мәрте көзімізді жеткіздік. Ал анаға деген ренішті қабылдай алмаған сәттеріміз де болды. Жалпы бұл шығарманың қалың оқырманның қолына тигеніне өкінбейсіз бе?
– Бұл шығармам оқырмандардың сұрауы бойынша кітап болып басылды. Оны 2008 жылы жазғанмын. Алғашында ғаламтор арқылы кеңінен тарап, бестселлерге айналып кетті десе де болады. Интернет желісінде жүргізілген сауалнама нәтижесінде “ХХІ ғасыр басындағы үздік 20 прозалық туынды” тізіміне енді.
Бұл повесім жер-жерлерге таралып кеткеннен кейін қатты өкіндім. Өзімді қоярға жер таппадым. Тіпті барлық кітапты жинап алып, өртеп жіберсем деген ой да болды. Әкемнің, анамның туыстарынан ауыр сөздер естідім. Олар ортаға салып жекіді, ұрысты, ренжіді.
Кітаптағы үшінші әңгіме былайша өрбиді: “Күз кезі болатын. Жасым 6-да еді. Анам екінші рет тұрмыс құрып, басқа үйге көшіп кеткен, ағам қайтыс болған уақыт. Жалғыз апайым – Маржан Талдықорғанда училищеде оқып жүрген. Мен Үржардағы нағашы әжемнің қолында тұрамын.
Көңілсіз бір кездер еді. Өмірдегі ең жақын адамдарымның барлығы алыста. Бірі – о дүниеде, екеуі мен бара алмайтын аймақта.
Сол бір күн әлі есімнен кетпейді. Бір күні Талдықорғаннан апайым келді. Мереке күндері болу керек, демалысқа келген екен. Әкейден қалған екеуміз ғана, көрісіп, көзайым боп, мәре-сәре болдық та қалдық.
Мен апайымның жанынан қалмаймын. Қайда барса да, еріп алам. Құшағына тығылам, айтқан әр сөзіне құнығып, тоймаймын. Бұл қанды қойсайшы! Жібермейді екен ғой. Әр қимылын жіті бақылап, түріне де құмарым қанар емес. Жалғыз қорғаным да осы апайым еді, қайтейін.
Сол күндері уақыт дариғаның ұшқыр болғаны-ай! Апайыммен өткен әрбір зуылдақ сәт – мені тағы да жалғыздықпен бетпе-бет қалатын болашаққа қатыгездікпен сүйреп, жақындатып алып келе жатыр еді.
Жалғыз туысыңмен сағынысып қауышқан, тәтті мезеттер келмеске кетті. Көзде жастың алғашқы ащы дымқылы мен иекте кемсеңнің алғашқы дірілі пайда бола бастайтын уақыт та жетіп келді.
Мен ол кезде мықты психолог болып алғам. Үлкендердің мені қалай алдағысы келіп тұрғанын, нені менен жасырғысы келетінін, не ойлап, не қойғанын беске біліп, көкейім сайрап тұратын ғой!
Қысқасы, апайым мен ұйықтап жатқан кезде, таңғы автобуспен оқуына тартып кетпек болды. Тапқан екен, алданып қала салатын баланы! Оның өзі сары бала болса)))
Түні бойы ұйықтамадым. Апайымның бауырына тығыла түсіп, қимастықпен құшақтап шықтым.
Таңертең апайым тез-тез жиналып, үйден шығып кетті. Бәрін айдан анық біліп жатырмын. Амалым жоқ. Үлкендерге не деп айтасың? Олардың өз шаруалары бар. Сенің сағынышың, сенің балалық қажеттіліктерің оларға керек пе еді?! Сен еріккен баласың, ал оларды үлкен шаруалар күтіп тұр!
Есік ақырын жабылды. Аулада күбірлескен біреу (нағашы ағам болу керек) Маржанды шығарып салып тұрды. Кетті.
Мен көрпенің астында алғашқы жасымды төгіп алдым. Сосын…
Сосын мен Құдайға жалбарындым. Мәтіні әлі есімде. Дұғам: “Құдай, егер мені естіп тұрсаңыз, апайымды үйге қайтадан алып келіңізші! Ол кетсе, мен жылаймын. Маған Маржансыз өте жаман!” – деген сөздерден тұрған болатын.
Үш сағаттан соң апайым мінген автобус жол ортада бұзылып, Құдайдан тілеп алған Маржаным үйге қайтып келді. Сөйтіп, тағы бір күн қасымда болды.
Сол күннен бастап мен Құдайдың мейіріміне, Жаратқанның пендесінің дұғасын қабыл ететініне көзім де жүрегім де анық жеткен еді. Содан бері мен анама да, апайыма да үміт артып, оларды тосуды доғарған едім.
Сол күннен бастап менің жалғыз қорғаным, жалғыз панам – тек жаратқан Аллам болды. Осы күнге дейін. Ертең де солай болары хақ! Мен сол күннен бастап, кез келген пенде құдыреті шексіз, мейірімі шексіз Жаратушының назарында болатынын ұғынған едім”. Иә, ес білгеннен бүгінгі күнге дейін менің жалғыз қорғаушым бар. Ол – Жаратушы. Мен балалық шақтың кермек дәмін татпағанда ақын атанар ма едім, өз қолым өз аузыма жетер ме еді. Сондықтан да оның іздеп жүріп оқитын туындыға айналғанын көріп алғашқы ойымнан айныдым. Кітапты жазудағы бір мақсатым – жетім өскен балаларға мотивация болсын дедім. Өгей әкелер де сабақ алсын деген ниет болды. Кітапты сатудан түскен қаражаттың барлығы білімге құштар, әдебиетке әуес жетім балаларға берілді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.