«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰДЫРЫҚ БАЛУАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жетпіс жыл бодандықта тілімізден, дінімізден, ділімізден айырылып қала жаздап, тағдырдың жазуымен еліміз егемендік алып, еңсеміз көтеріліп қалды емес пе?! Тәуелсіз мемлекет атандық, бостандықтың дәмін таттық. Соның арқасында біз кімнің ұрпағымыз, ата-бабаларымыз бізге осынша кең байтақ жерді қалай қалдырып кетті деген сұрақтарға жауап іздей бастадық. Елін, жерін қорғау жолында қасық қаны қалғанша күрескен қазақ батырларын, хандары мен билерін халқына адал қызмет еткен асыл ұлдарының есімдерін анықтап жатырмыз. Мен әңгіме еткелі отырған кейіпкер – өз заманында батырлыққа пара-пар ерліктер істеген адам.

Орта мектепті бітіргеннен кейін жо­ғары оқу орнына түсіп, мамандық алу жөніндегі арманым орындалмай қал­ды. Ашаршылықтың тауқыметін тарт­қан, Ұлы Отан соғысы жылдарында колхоздың “қара өгізіне” айналған әкем Жантемірдің Мырзахметінің ден­саулығы сыр бере бастады. Шешем Кө­кеш Шәймерденқызы ерте дүние салды. Сөйтіп, біздің ауылмен көрші­лес Жалтыршадағы бастауыш мек­теп­ке мұғалім болып орналастым. Ол кезде мұғалімдерге тегін отын-көмір беріледі, электр жарығына ақша тө­лемейсің. Келесі жазда Озерный се­лолық кеңесінің төрағасы Шапай Ыс­тыбаев бірнеше мұғалімді мектептер­ге және өзімізге отын дайындау үшін Архангелька ауылының маңындағы бір орманға апарды. Арнайы адамдар ағашты “Дружба” арасымен кеседі, со­дан кейін оны трактормен сүйреп сыртқа шығарады. Біздің міндетіміз – бұтақтарды шауып, бір жерге үю. Күн­діз тамақты орман алқабында от жа­ғып пісіреміз.

Ал түнде қонуға Архангелькаға ба­рамыз. Менен жастары үлкен, тісқақ­қан мұғалімдер Салкен Пішанов пен Шоқай Мырзатаевтың онда туыстары бар екен, бір түн біреуіне, кейін екін­шісіне барып, қонақ болып жүрдік. Сол үйлердің бірінің отағасы менен қай ауылдан екенімді сұрады. Мен Қа­рақамыстан келгенімді айттым. Сонда ол:

– Е, сен Қапсыттың ұрпағы екенсің ғой, бұл ауылдың тұрған жері сенің ата-бабаңның қыстауы, – деді.

Мен аң-таңмын. Қайдағы қыстау? Қария сөзін әрі жалғастырып:

– Осы маңайда Ұялы деген жер бар. Сол Қапсыттың бір баласы Құт­тының қыстауы. Жанындағы қорымда Жұдырық балуан жерленген, оны жұрт батыр деп атап кеткен, – деді.

Бізге уақытша бекітіліп берілген се­лолық кеңестің жүк машинасымен күндіз мектептерге, мұғалімдердің үйлеріне отын тасиды. Сол автокөлік­пен келесі күні зират басына бардық. Қария аруақтарға арнап аят оқыды. Бұл жерде бізді ешкім көріп жатпаға­нын пайдаланып қол жайып, бет си­падық. Ол бір құдайсыздар заманы еді ғой. Егер бір дұғада, не батада қол жайғаныңды жоғары жақтағылар біліп қойса, қызметтен шығарып жіберетінді.

Менің білуімше, Керей ішіндегі Са­майға жататын Қапсыт (анық шын аты Аткелтір) ұрпақтары Қарақамыс пен Жалтырша ауылдарын мекендеген. Ал Архангелька тұсына олар қайдан келген? Жұдырық балуан кім? Осын­дай сұрақтар мені қатты мазалады. Әкемнен сұрадым. Ол Жұдырық ба­луанның өмірде болғаны рас екенін, мән-жайды, оның ұрпағын Мұста­фа­ның Ысқағы білетінін айтты.

Ол кезде Ысқақ отағасы көршілес орналасқан Ақбалық ауылында тұратын. Оны толықтығына қарап жұрт “Жуан Ысқақ” деп атайтын. Тақуа адам еді. Мен сонда жетіжылдық мек­тепте оқығанда нағашы атам Ахмет­тің Шәймердені ауыл молдасы бол­ған­дықтан ораза кезінде тарауық на­мазы сол үйде өтетін. Сонда “Жуан Ысқақ” тарауықтың сырғасын (тәсби­ғын) айтатын. Дауысы құлаққа жағымды естілетін. Ауыз үйде отырғаны­мыз­да құдды бір концерт тыңдаған­дай күй кешетінбіз.

Алдымен Ашамайлы Керейлер бұл жаққа қайдан келгенін анықтап ала­йық. Ол былай екен. Керей мемле­кетінің кезінде ірі де айбынды ел болғаны тарихтан белгілі. Алайда билік басындағылардың арасында туында­ған алауыздықтың салдарынан Шың­ғыс хан бұл мемлекеттің тоз-тозын шығарғанда Абақ Керейлер Моңғол, Қытай асса, Ашамайлы Керейлер Ер­тісті бойлап қазақ елінің солтүстігіне қарай ығысқанға ұқсайды. Қарияның айтуына қарағанда, сол кезде Самай­дан тараған Қапсыттың баласы Құтты өз ұрпақтарымен қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы­на қарасты Архангелька ауылының маңындағы Арызды орманын пана­лап қалады. Ал Қапсыттың Сарысы­ның баласы Есіргемістен тараған Ша­қабай, Жақайынан тараған – Өтеген, Байтоғай, Жылқайдар алға қарай жылжып, айналасы 60 шақырымды құ­райтын Үлкен Қарақамыс, ал Есірге­міс­тің екінші баласы Балықбай, Қап­сыт­тың басқа балалары – Анда, Телі, Қараша – Жалтырша көліне келіп тоқ­тап, сонда қыстау салады.

Құттының балалары күрекпен шым ойып, үй сала бастайды. Сөйтіп, ор­манның ық жағында бір ауыл пайда бо­лады. Шабындық та, жайылым да же­терлік. Бұл ара малға да, жанға да жайлы болып шығады. Құттының бір баласы – Сегізбайдың Өмірзақ деген баласының әйелі аяғы ауыр болып, қойдың құйқасына жерік болыпты. Оны білген атасы қонаққа барған же­рі­нен келініне ылғи құйқа әкеліп бе­реді екен. “Келінім құйқаға жерісе, не­мерем ер бала болар, ендеше атын Құйқабай, болмаса Басыбай қоямын”, – деп ойлап жүреді ақсақал.

Бір күні келіні толғатып, жігіттер үй ішіне мықты қыл арқан тартады. Ол кезде әйел босандыратын орын жоқ қой. Әйелдер арқанға асылып тұрып бо­санады. Егер толғақ қиын болса үй сыртына аша орнатып, оған ауыр темір байлайды. Толғақ қысқан кезде оны балтамен немесе темірмен ке­неттен соғып қалса, әйел шошынып, тез босанады. Бұл жолы осы әдіс пай­даланылады. Шынында да өмірге ер бала келеді, бірақ шала туған болып шы­ғады. Ондай шақалақты қатарға қо­сатын әдіс бар. Нәрестені атасының тұмағына салып іліп қояды. Сонда есікті ашып-жапқанда үйге енген суық оған еш әсер етпейді. Жоғары жақ қашанда жылы болып тұрады ғой.

Ақсақал бастапқы ойынан айнып, іштей баланың атын Шалағай қоюды ұй­ғарады. Бір күні келіні атасына не­мересін әкеліп көрсетеді. Атасы қо­лына алып, бетінен сүйеді. Нәресте­нің жұдырықтай жұмған қолын ашпақ болады, бірақ аша алмайды. Жас ба­ла жұдырығымен қысқанда жыланды да өлтіреді деген рас екен-ау, бұл өс­кенде қарулы болатын шығар, атын Жұ­дырық қойған жөн болар деген байламға келеді. Келесі күні қой сой­ғы­зып, көршілерін жинап, молдаға азан шақыртып, оған Жұдырық деп ат қойдыртады.

Айлар зырғып, жылдар жылжып жа­тады. Бала атына заты сай, жұдырық­тай болып өсіп келеді. Пысық, елге­зек, алғыр. Асық көздегенде мерген­дігін көрсетеді. Ат құлағында ойнай­тын дәрежеге жетеді. Әкесіне еріп аң­ға шығады. Бара-бара қанжығасына түлкі, қарсақ, қоян байлап қайтатын бо­лады. Жұдырықтай болғанына қарамастан аударыспақта өзінен үлкен­дерді аттан аунатып кетеді. Теңге алуда да алдына жан салмайды.

Бірде аңға шыққанда көбік қардың үстімен шауып келе жатып, шұңқырға түсіп кетеді. Одан ат өз бетімен шыға ал­майды. Сонда ол көбік қарды қо­лымен аршып, аттың астына кіріп ке­тіп, көтеріп сыртқа шығарады. Жа­нындағылар бұған таңғалып, ауылға аңыз қылып айтып келеді. Ауылда күресте теңдестерін былай қойғанда өзінен жасы үлкендерді де жеңіп жү­реді. Бірде Арғын, Қарауыл, Керей мен Уақ ұрпақтары бас қосқан үлкен жиын болады. Сонда күрес болып, Жарылқамыс деген сол төңіректің беделді адамы ортаға денесі еңгезер­дей, талай күресте жамбасы жерге ти­меген бір балуанын шығарады. Одан қаймығып ешкім жекпе-жеке шықпай­ды. Біраз үнсіздіктен кейін Керейдің Базарбек деген ақсақалы:

– Бізде бір бала бар, бұрын мұндай жиында күреске қатысып көрмеп еді, соны шығарсақ қалай болады? – дейді.

Жиналған халық “Шықсын! Шық­сын!” деп айқайлайды. Бұл кезде Жұ­ды­рық он алты жаста екен. Ортаға денесі жұдырықтай, толықша келген балаң жігіт шығып келе жатқанда кейбіреулер сенімсіздік білдіреді. Бірақ Ж­ұдырық барған бетте шапшаң қи­мылдап, еңгезердей жігіттің белбеуі­нен шап беріп ұстап, аспанға көтеріп алып, жерге лақтырып кеп қалады. Үс­тіне бүркітше қадалып, жамбасын жер­­ге тигізеді. Жұрт шу ете қалады.

– Тусаң, ту!

– Міне, жігіт деп осыны айт! – десіп айқайлап жатады халық.

– Жағың түспей жамандық көрме, жауырының жерге тимесін! – деп бата бер­ген екен бір ақсақал сонда оған.

Осы оқиғадан кейін Жұдырықты ойын-тойларға, сол кезде Көкшетау, Қы­зылжар, Қостанай өңірлерінде өте­тін жәрмеңкелерге шақыра бастайды. Сөйтіп, ол Қарағанды өңіріндегі Қар­қаралы, Ақмола өңіріндегі Қоянды, Көкше өңіріндегі Тайыншакөл, Қы­зылжар өңіріндегі Болатнай, Қоста­най өңіріндегі Бағлан би және басқа да жәрмеңкелерде талай күрестерге қатысады. Сондай-ақ 1759 жылы ашылған қасірет белдеуі бойындағы Петропавл, Лебяжье, Қабан, Красно­горьков айырбас сауда базарлары да Жұдырықтың жиі баратын орында­рына айналған. Қасірет белдеуінде қорғаныс қамалдарын салған казак-орыстар азық-түлікті, мініске жылқы­ны осы жерлерден алатын болған. Жергілікті қазақтар жылқы, өгіз, тайынша, қой, мал және аң терілерін әкеліп матаға, қазанға, тұз, сіріңке, сол сияқты басқа да тұрмысқа қажетті заттарға айырбастап отырған.

Әрине, жәрмеңкелерге, базарлар­ға келушілерді, саудагерлерді көбірек тарту үшін онда ойын-сауық шарала­ры ұйымдастырылатын болған. Әсіре­се ақындар айтысы, күрес, атжа­рыс, теңге алу, көкпар, асық ату сияқ­ты ойындар, әнші-күйшілердің кон­церт­тері сауданың көрігін қыздыра тү­сетіні белгілі. Бірде Жұдырық сондай сауда орындарының бірі – Тайынша­көл жәрмеңкесіне бару үшін жанына екі жігітті ертіп жолға шығады. Бара­тын жер алыс. Келе жатып мал бағып отырған малшыларды көріп, жол сұ­рау үшін соларға қарай бұрылады. Сон­да әлгі бақташылар:

– Қайда бара жатырсыңдар? – деп сұрайды.

– Тайыншакөл базарына.

– Ол жәрмеңкеде мал айырбастай­ды ғой, сендер сымпиып өздерің ғана бара жатырсыңдар, онда не бітірмек­сіңдер, – деп қағытады.

– Күреске бара жатырмыз.

Жолаушылардың екеуінің бойы сұң­ғақ, ал біреуінікі аласа екенін көр­ген бақташылар:

– Екеуіңдікі жөн болсын, ал мына қолтоқпақтайларың да күреске шық­пақ па? – дейді кекетіп.

– Иә, біз емес, күреске түсетін осы жігіт…

– Мәссаған, қане, ең алдымен біз­бен күрессін онда, – дейді бақташы­лар­дың еңгезердей бірі.

– Күрессек, күресейік!

Сөйтіп, ойда жоқ жерде айдалада күрес басталады. Бірақ ол ұзаққа со­зылмайды. Жұдырық өзінің ежелгі әді­сін қолданып, жігітті шап беріп ұстап, аспанға көтеріп, жерге қойып қалады. Бақташы “өлдім, өлдім” деп жан дауы­сы шығып, құлаған жерінен тұра ал­май қалады. Сөйтсе, жамбасы сынып кеткен екен.

– “Әлін білмеген әлек” деген, сен­дер бұл жігіттің кім екенін білмей, рет­сіз тиістіңдер. Бұл – Жұдырық балуан, – дейді оның жолдастары.

Мұстафаның Ысқағының айтуы бо­йынша, Жұдырық балуан Қарқаралы жәрмеңкесінде Балуан шолақпен кез­дескен екен. Егер жауырыны жерге тиіп көрмеген қазақ балуанының 1864 жылы туып, 1916 жылы өмірден оз­ғанын, ал Жұдырықтың 1915 жылы қай­тыс болғанын ескерсек, оған на­нуға әбден болады. Ал оның қай жылы туғанын тағы басып айта алма­ды қария. Ата-бабалары Ұлы жүздің Дулат тайпасынан болса да, олардың Арқаға ертеректе қоныс аударуына байланысты Көкшетау өңірінде дү­ние­ге келген күш атасының:

Бұл күнде отыз бесте менің жасым,

Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын.

Кешегі сентябрьдің базарында,

Көтердім елу бір пұт кірдің тасын…, деген өлең жолдарын Жұдырық ба­луан аузынан тастамай айтып жүретін болған. Бірақ екі балуанның бір-бірімен жекпе-жекке шыққан-шық­па­ғанын ешкім білмейді.

Жұдырық балуан жаз шықса, кө­біне Бағлан би жәрмеңкесіне баруды ұнататын көрінеді. Біріншіден, оның орналасқан жері басқа жәрмеңкеден жақын, Тобыл өзенінің басындағы Ке­рей тоғайының маңында. Бұл жер­де қазір Звериноголовка ауылы бар. Қа­сірет белдеуі бойында бекініс салып жүрген казак-орыстар осы жерге кел­генде белгісіз жануардың үлкен басы­ның сүйегін тауып алады. Сөйтіп, бе­кініс Звериноголовское деп аталып­ты. Қостанай өңіріндегі осы елді ме­кен қазір Қорған облысына қарайды. Екін­шіден, Ашамайлы Керейден бір­неше атадан кейін Бағлан би, одан Фар­хат, одан Танаш би тарайды. Сон­да Бағлан би Жұдырықтың арғы ата­сы болып шықпай ма? Бұл жәрмеңке, басқа осындай айырбас сауда орын­дары сияқты Кеңес одағы кезінде да жұ­мыс істеп, 1930 жылы жабылған екен.

Осы жерде айта кететін бір жайт, бұл жәрмеңкелер жергілікті қазақтар­мен бірге сонау Қытайдан, алыс-жақын шетелдерден, әсіресе Ресейдің көршілес өңірлерінен келген сауда­герлерге де тиімді болған. Олар осы жақтан сатып алған жылқыларын сонау Поволжьеге, Башкирияға, Орын­борға, Самараға дейін жіберіп отырған. Сатып алған қара малдарын Петропавлда 1886 жылдан жұмыс іс­теп тұрған ет комбинатына тапсы­рып, одан алған қалбырдағы етті, шұжық­ты, сүрленген етті, азық-түлікті және техникалық майды, медициналық дә­рі-дәрмекті елдеріне жөнелтіп отырған. Ал 1839 жылдан жұмыс істеп тұрған былғары зауытында өңдеуден өт­кен терілерді сонау Америкаға дейін жіберіп, одан сапалы былғары өнімдерін алатын болған.

Ысқақ ақсақалдың айтуынша, Жұды­рық балуан жәрмеңкелерден жүл­деге алған аттарын, не торпақтарын астындағы арғымағының құйрығына байлап әкеледі екен. Ал ақшалай жүлдесіне сатып алған қант, шай, мәмпәси, мата, басқа да тұрмысқа қа­жетті ұсақ-түйек заттарын екі қапқа са­лып, ауыздарын қысқа қып арқанмен буып, атының үстіне, ердің артқы жа­ғына бөктеріп алатын болған.

Ресейде 1861 жылы басыбай­лық­ты (крепостное право) жойғанымен жер мәселесі өзекті болып қала берді. Осыған байланысты шаруашылық на­разылық қозғалысы барған сайын үдей бастаған. Сондықтан оларды қа­зақ жеріне қоныс аудару қажет деп шешеді. Патша үкіметі осы арқылы екі жеп биге шығуды ойластырады. Бірін­шіден, қазақ еліне отаршылдық сая­са­тын жүзеге асыру көзделеді. Оны заңдастыру үшін 1867-1868 жылдары қабылданған әкімшілік реформа бойын­ша қазақ жері патша үкіметінің меншігі деп жарияланады.

Сөйтіп, қазақтың Ресей империясымен шектес аймақтарына шаруа­лар ағылып келе бастаған. Солардың бір тобы Құттылардың қыстауына та­қай үй салуға кіріскен. Өйткені патша үкіметі оларға қай жер ұнаса сонда орналасуға, ормандардан ағаш кесіп үй, қора-қопса салуға рұқсат берген. Осыны пайдаланған шаруалар бұл жерге біртіндеп жинала бастап, ақы­ры село салып, атын Архангельское деп атаған. Бұл, әрине, емін-еркін күн көріп отырған қазақтарға онша ұнай қоймаған. Олар алғашында қора тө­бесінде шиде кептіруге жайып қойған құрт-ірімшікті ұрлай бастаса, бара-бара қой-ешкіге, бұзау-торпаққа ауыз салуға кіріскен. Осы тұста Жұдырық балуан олармен айқасқа шығып та­лайын соққыға жыққан. Сөйтіп, ұрылар, бұзақылар айылын жиған екен.

– Менің ұлы атам – Жұдырық ба­луанның көзі тірісінде Арханның бір­де-бір тұрғыны сол төңіректегі қазақ­тарға бата алған жоқ, – деген еді Ыс­қақ ақсақал.

Жұдырық балуан қайтыс болған­нан кейін Құтты жұрты Қапсыттың бас­қа ұрпағы иемденіп отырған Қарақа­мыс көлі маңынан орын сұрап, сонда көшіп кетеді. Артынан 1928 жылы Қа­рақамыс ауылы салынған шақта олар да сонда шымнан үй тұрғызып, кол­хозға кіреді. Сөйтіп, ауылда алғашқы жылдардың өзінде сексеннен астам үй түтін түтете бастайды. Ал жетпіс жыл дәуірлеп тұрып, бір сәтте ша­ңырағы ортасына түскен Кеңес одағы тұ­сында Жұдырық балуан жерленген зираттың маңында орталығы Архан­гелька болған Киров атындағы сов­хоздың шошқа фермасы болды. Ата-бабаларымыздың аруағы атқан болар, қазір ол ферма да жоқ, совхоз да жоқ. Бір өкініштісі, бұл күні Жұдырық балуанды, оның бәйбішесі Күмісейді бі­летін де, олардың басына барып Құ­ран оқитын да адам қалған жоқ.

Амандық ЖАНТЕМІРОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp