Жетпіс жыл бодандықта тілімізден, дінімізден, ділімізден айырылып қала жаздап, тағдырдың жазуымен еліміз егемендік алып, еңсеміз көтеріліп қалды емес пе?! Тәуелсіз мемлекет атандық, бостандықтың дәмін таттық. Соның арқасында біз кімнің ұрпағымыз, ата-бабаларымыз бізге осынша кең байтақ жерді қалай қалдырып кетті деген сұрақтарға жауап іздей бастадық. Елін, жерін қорғау жолында қасық қаны қалғанша күрескен қазақ батырларын, хандары мен билерін халқына адал қызмет еткен асыл ұлдарының есімдерін анықтап жатырмыз. Мен әңгіме еткелі отырған кейіпкер – өз заманында батырлыққа пара-пар ерліктер істеген адам.
Орта мектепті бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсіп, мамандық алу жөніндегі арманым орындалмай қалды. Ашаршылықтың тауқыметін тартқан, Ұлы Отан соғысы жылдарында колхоздың “қара өгізіне” айналған әкем Жантемірдің Мырзахметінің денсаулығы сыр бере бастады. Шешем Көкеш Шәймерденқызы ерте дүние салды. Сөйтіп, біздің ауылмен көршілес Жалтыршадағы бастауыш мектепке мұғалім болып орналастым. Ол кезде мұғалімдерге тегін отын-көмір беріледі, электр жарығына ақша төлемейсің. Келесі жазда Озерный селолық кеңесінің төрағасы Шапай Ыстыбаев бірнеше мұғалімді мектептерге және өзімізге отын дайындау үшін Архангелька ауылының маңындағы бір орманға апарды. Арнайы адамдар ағашты “Дружба” арасымен кеседі, содан кейін оны трактормен сүйреп сыртқа шығарады. Біздің міндетіміз – бұтақтарды шауып, бір жерге үю. Күндіз тамақты орман алқабында от жағып пісіреміз.
Ал түнде қонуға Архангелькаға барамыз. Менен жастары үлкен, тісқаққан мұғалімдер Салкен Пішанов пен Шоқай Мырзатаевтың онда туыстары бар екен, бір түн біреуіне, кейін екіншісіне барып, қонақ болып жүрдік. Сол үйлердің бірінің отағасы менен қай ауылдан екенімді сұрады. Мен Қарақамыстан келгенімді айттым. Сонда ол:
– Е, сен Қапсыттың ұрпағы екенсің ғой, бұл ауылдың тұрған жері сенің ата-бабаңның қыстауы, – деді.
Мен аң-таңмын. Қайдағы қыстау? Қария сөзін әрі жалғастырып:
– Осы маңайда Ұялы деген жер бар. Сол Қапсыттың бір баласы Құттының қыстауы. Жанындағы қорымда Жұдырық балуан жерленген, оны жұрт батыр деп атап кеткен, – деді.
Бізге уақытша бекітіліп берілген селолық кеңестің жүк машинасымен күндіз мектептерге, мұғалімдердің үйлеріне отын тасиды. Сол автокөлікпен келесі күні зират басына бардық. Қария аруақтарға арнап аят оқыды. Бұл жерде бізді ешкім көріп жатпағанын пайдаланып қол жайып, бет сипадық. Ол бір құдайсыздар заманы еді ғой. Егер бір дұғада, не батада қол жайғаныңды жоғары жақтағылар біліп қойса, қызметтен шығарып жіберетінді.
Менің білуімше, Керей ішіндегі Самайға жататын Қапсыт (анық шын аты Аткелтір) ұрпақтары Қарақамыс пен Жалтырша ауылдарын мекендеген. Ал Архангелька тұсына олар қайдан келген? Жұдырық балуан кім? Осындай сұрақтар мені қатты мазалады. Әкемнен сұрадым. Ол Жұдырық балуанның өмірде болғаны рас екенін, мән-жайды, оның ұрпағын Мұстафаның Ысқағы білетінін айтты.
Ол кезде Ысқақ отағасы көршілес орналасқан Ақбалық ауылында тұратын. Оны толықтығына қарап жұрт “Жуан Ысқақ” деп атайтын. Тақуа адам еді. Мен сонда жетіжылдық мектепте оқығанда нағашы атам Ахметтің Шәймердені ауыл молдасы болғандықтан ораза кезінде тарауық намазы сол үйде өтетін. Сонда “Жуан Ысқақ” тарауықтың сырғасын (тәсбиғын) айтатын. Дауысы құлаққа жағымды естілетін. Ауыз үйде отырғанымызда құдды бір концерт тыңдағандай күй кешетінбіз.
Алдымен Ашамайлы Керейлер бұл жаққа қайдан келгенін анықтап алайық. Ол былай екен. Керей мемлекетінің кезінде ірі де айбынды ел болғаны тарихтан белгілі. Алайда билік басындағылардың арасында туындаған алауыздықтың салдарынан Шыңғыс хан бұл мемлекеттің тоз-тозын шығарғанда Абақ Керейлер Моңғол, Қытай асса, Ашамайлы Керейлер Ертісті бойлап қазақ елінің солтүстігіне қарай ығысқанға ұқсайды. Қарияның айтуына қарағанда, сол кезде Самайдан тараған Қапсыттың баласы Құтты өз ұрпақтарымен қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты Архангелька ауылының маңындағы Арызды орманын паналап қалады. Ал Қапсыттың Сарысының баласы Есіргемістен тараған Шақабай, Жақайынан тараған – Өтеген, Байтоғай, Жылқайдар алға қарай жылжып, айналасы 60 шақырымды құрайтын Үлкен Қарақамыс, ал Есіргемістің екінші баласы Балықбай, Қапсыттың басқа балалары – Анда, Телі, Қараша – Жалтырша көліне келіп тоқтап, сонда қыстау салады.
Құттының балалары күрекпен шым ойып, үй сала бастайды. Сөйтіп, орманның ық жағында бір ауыл пайда болады. Шабындық та, жайылым да жетерлік. Бұл ара малға да, жанға да жайлы болып шығады. Құттының бір баласы – Сегізбайдың Өмірзақ деген баласының әйелі аяғы ауыр болып, қойдың құйқасына жерік болыпты. Оны білген атасы қонаққа барған жерінен келініне ылғи құйқа әкеліп береді екен. “Келінім құйқаға жерісе, немерем ер бала болар, ендеше атын Құйқабай, болмаса Басыбай қоямын”, – деп ойлап жүреді ақсақал.
Бір күні келіні толғатып, жігіттер үй ішіне мықты қыл арқан тартады. Ол кезде әйел босандыратын орын жоқ қой. Әйелдер арқанға асылып тұрып босанады. Егер толғақ қиын болса үй сыртына аша орнатып, оған ауыр темір байлайды. Толғақ қысқан кезде оны балтамен немесе темірмен кенеттен соғып қалса, әйел шошынып, тез босанады. Бұл жолы осы әдіс пайдаланылады. Шынында да өмірге ер бала келеді, бірақ шала туған болып шығады. Ондай шақалақты қатарға қосатын әдіс бар. Нәрестені атасының тұмағына салып іліп қояды. Сонда есікті ашып-жапқанда үйге енген суық оған еш әсер етпейді. Жоғары жақ қашанда жылы болып тұрады ғой.
Ақсақал бастапқы ойынан айнып, іштей баланың атын Шалағай қоюды ұйғарады. Бір күні келіні атасына немересін әкеліп көрсетеді. Атасы қолына алып, бетінен сүйеді. Нәрестенің жұдырықтай жұмған қолын ашпақ болады, бірақ аша алмайды. Жас бала жұдырығымен қысқанда жыланды да өлтіреді деген рас екен-ау, бұл өскенде қарулы болатын шығар, атын Жұдырық қойған жөн болар деген байламға келеді. Келесі күні қой сойғызып, көршілерін жинап, молдаға азан шақыртып, оған Жұдырық деп ат қойдыртады.
Айлар зырғып, жылдар жылжып жатады. Бала атына заты сай, жұдырықтай болып өсіп келеді. Пысық, елгезек, алғыр. Асық көздегенде мергендігін көрсетеді. Ат құлағында ойнайтын дәрежеге жетеді. Әкесіне еріп аңға шығады. Бара-бара қанжығасына түлкі, қарсақ, қоян байлап қайтатын болады. Жұдырықтай болғанына қарамастан аударыспақта өзінен үлкендерді аттан аунатып кетеді. Теңге алуда да алдына жан салмайды.
Бірде аңға шыққанда көбік қардың үстімен шауып келе жатып, шұңқырға түсіп кетеді. Одан ат өз бетімен шыға алмайды. Сонда ол көбік қарды қолымен аршып, аттың астына кіріп кетіп, көтеріп сыртқа шығарады. Жанындағылар бұған таңғалып, ауылға аңыз қылып айтып келеді. Ауылда күресте теңдестерін былай қойғанда өзінен жасы үлкендерді де жеңіп жүреді. Бірде Арғын, Қарауыл, Керей мен Уақ ұрпақтары бас қосқан үлкен жиын болады. Сонда күрес болып, Жарылқамыс деген сол төңіректің беделді адамы ортаға денесі еңгезердей, талай күресте жамбасы жерге тимеген бір балуанын шығарады. Одан қаймығып ешкім жекпе-жеке шықпайды. Біраз үнсіздіктен кейін Керейдің Базарбек деген ақсақалы:
– Бізде бір бала бар, бұрын мұндай жиында күреске қатысып көрмеп еді, соны шығарсақ қалай болады? – дейді.
Жиналған халық “Шықсын! Шықсын!” деп айқайлайды. Бұл кезде Жұдырық он алты жаста екен. Ортаға денесі жұдырықтай, толықша келген балаң жігіт шығып келе жатқанда кейбіреулер сенімсіздік білдіреді. Бірақ Жұдырық барған бетте шапшаң қимылдап, еңгезердей жігіттің белбеуінен шап беріп ұстап, аспанға көтеріп алып, жерге лақтырып кеп қалады. Үстіне бүркітше қадалып, жамбасын жерге тигізеді. Жұрт шу ете қалады.
– Тусаң, ту!
– Міне, жігіт деп осыны айт! – десіп айқайлап жатады халық.
– Жағың түспей жамандық көрме, жауырының жерге тимесін! – деп бата берген екен бір ақсақал сонда оған.
Осы оқиғадан кейін Жұдырықты ойын-тойларға, сол кезде Көкшетау, Қызылжар, Қостанай өңірлерінде өтетін жәрмеңкелерге шақыра бастайды. Сөйтіп, ол Қарағанды өңіріндегі Қарқаралы, Ақмола өңіріндегі Қоянды, Көкше өңіріндегі Тайыншакөл, Қызылжар өңіріндегі Болатнай, Қостанай өңіріндегі Бағлан би және басқа да жәрмеңкелерде талай күрестерге қатысады. Сондай-ақ 1759 жылы ашылған қасірет белдеуі бойындағы Петропавл, Лебяжье, Қабан, Красногорьков айырбас сауда базарлары да Жұдырықтың жиі баратын орындарына айналған. Қасірет белдеуінде қорғаныс қамалдарын салған казак-орыстар азық-түлікті, мініске жылқыны осы жерлерден алатын болған. Жергілікті қазақтар жылқы, өгіз, тайынша, қой, мал және аң терілерін әкеліп матаға, қазанға, тұз, сіріңке, сол сияқты басқа да тұрмысқа қажетті заттарға айырбастап отырған.
Әрине, жәрмеңкелерге, базарларға келушілерді, саудагерлерді көбірек тарту үшін онда ойын-сауық шаралары ұйымдастырылатын болған. Әсіресе ақындар айтысы, күрес, атжарыс, теңге алу, көкпар, асық ату сияқты ойындар, әнші-күйшілердің концерттері сауданың көрігін қыздыра түсетіні белгілі. Бірде Жұдырық сондай сауда орындарының бірі – Тайыншакөл жәрмеңкесіне бару үшін жанына екі жігітті ертіп жолға шығады. Баратын жер алыс. Келе жатып мал бағып отырған малшыларды көріп, жол сұрау үшін соларға қарай бұрылады. Сонда әлгі бақташылар:
– Қайда бара жатырсыңдар? – деп сұрайды.
– Тайыншакөл базарына.
– Ол жәрмеңкеде мал айырбастайды ғой, сендер сымпиып өздерің ғана бара жатырсыңдар, онда не бітірмексіңдер, – деп қағытады.
– Күреске бара жатырмыз.
Жолаушылардың екеуінің бойы сұңғақ, ал біреуінікі аласа екенін көрген бақташылар:
– Екеуіңдікі жөн болсын, ал мына қолтоқпақтайларың да күреске шықпақ па? – дейді кекетіп.
– Иә, біз емес, күреске түсетін осы жігіт…
– Мәссаған, қане, ең алдымен бізбен күрессін онда, – дейді бақташылардың еңгезердей бірі.
– Күрессек, күресейік!
Сөйтіп, ойда жоқ жерде айдалада күрес басталады. Бірақ ол ұзаққа созылмайды. Жұдырық өзінің ежелгі әдісін қолданып, жігітті шап беріп ұстап, аспанға көтеріп, жерге қойып қалады. Бақташы “өлдім, өлдім” деп жан дауысы шығып, құлаған жерінен тұра алмай қалады. Сөйтсе, жамбасы сынып кеткен екен.
– “Әлін білмеген әлек” деген, сендер бұл жігіттің кім екенін білмей, ретсіз тиістіңдер. Бұл – Жұдырық балуан, – дейді оның жолдастары.
Мұстафаның Ысқағының айтуы бойынша, Жұдырық балуан Қарқаралы жәрмеңкесінде Балуан шолақпен кездескен екен. Егер жауырыны жерге тиіп көрмеген қазақ балуанының 1864 жылы туып, 1916 жылы өмірден озғанын, ал Жұдырықтың 1915 жылы қайтыс болғанын ескерсек, оған нануға әбден болады. Ал оның қай жылы туғанын тағы басып айта алмады қария. Ата-бабалары Ұлы жүздің Дулат тайпасынан болса да, олардың Арқаға ертеректе қоныс аударуына байланысты Көкшетау өңірінде дүниеге келген күш атасының:
Бұл күнде отыз бесте менің жасым,
Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында,
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын…, деген өлең жолдарын Жұдырық балуан аузынан тастамай айтып жүретін болған. Бірақ екі балуанның бір-бірімен жекпе-жекке шыққан-шықпағанын ешкім білмейді.
Жұдырық балуан жаз шықса, көбіне Бағлан би жәрмеңкесіне баруды ұнататын көрінеді. Біріншіден, оның орналасқан жері басқа жәрмеңкеден жақын, Тобыл өзенінің басындағы Керей тоғайының маңында. Бұл жерде қазір Звериноголовка ауылы бар. Қасірет белдеуі бойында бекініс салып жүрген казак-орыстар осы жерге келгенде белгісіз жануардың үлкен басының сүйегін тауып алады. Сөйтіп, бекініс Звериноголовское деп аталыпты. Қостанай өңіріндегі осы елді мекен қазір Қорған облысына қарайды. Екіншіден, Ашамайлы Керейден бірнеше атадан кейін Бағлан би, одан Фархат, одан Танаш би тарайды. Сонда Бағлан би Жұдырықтың арғы атасы болып шықпай ма? Бұл жәрмеңке, басқа осындай айырбас сауда орындары сияқты Кеңес одағы кезінде да жұмыс істеп, 1930 жылы жабылған екен.
Осы жерде айта кететін бір жайт, бұл жәрмеңкелер жергілікті қазақтармен бірге сонау Қытайдан, алыс-жақын шетелдерден, әсіресе Ресейдің көршілес өңірлерінен келген саудагерлерге де тиімді болған. Олар осы жақтан сатып алған жылқыларын сонау Поволжьеге, Башкирияға, Орынборға, Самараға дейін жіберіп отырған. Сатып алған қара малдарын Петропавлда 1886 жылдан жұмыс істеп тұрған ет комбинатына тапсырып, одан алған қалбырдағы етті, шұжықты, сүрленген етті, азық-түлікті және техникалық майды, медициналық дәрі-дәрмекті елдеріне жөнелтіп отырған. Ал 1839 жылдан жұмыс істеп тұрған былғары зауытында өңдеуден өткен терілерді сонау Америкаға дейін жіберіп, одан сапалы былғары өнімдерін алатын болған.
Ысқақ ақсақалдың айтуынша, Жұдырық балуан жәрмеңкелерден жүлдеге алған аттарын, не торпақтарын астындағы арғымағының құйрығына байлап әкеледі екен. Ал ақшалай жүлдесіне сатып алған қант, шай, мәмпәси, мата, басқа да тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек заттарын екі қапқа салып, ауыздарын қысқа қып арқанмен буып, атының үстіне, ердің артқы жағына бөктеріп алатын болған.
Ресейде 1861 жылы басыбайлықты (крепостное право) жойғанымен жер мәселесі өзекті болып қала берді. Осыған байланысты шаруашылық наразылық қозғалысы барған сайын үдей бастаған. Сондықтан оларды қазақ жеріне қоныс аудару қажет деп шешеді. Патша үкіметі осы арқылы екі жеп биге шығуды ойластырады. Біріншіден, қазақ еліне отаршылдық саясатын жүзеге асыру көзделеді. Оны заңдастыру үшін 1867-1868 жылдары қабылданған әкімшілік реформа бойынша қазақ жері патша үкіметінің меншігі деп жарияланады.
Сөйтіп, қазақтың Ресей империясымен шектес аймақтарына шаруалар ағылып келе бастаған. Солардың бір тобы Құттылардың қыстауына тақай үй салуға кіріскен. Өйткені патша үкіметі оларға қай жер ұнаса сонда орналасуға, ормандардан ағаш кесіп үй, қора-қопса салуға рұқсат берген. Осыны пайдаланған шаруалар бұл жерге біртіндеп жинала бастап, ақыры село салып, атын Архангельское деп атаған. Бұл, әрине, емін-еркін күн көріп отырған қазақтарға онша ұнай қоймаған. Олар алғашында қора төбесінде шиде кептіруге жайып қойған құрт-ірімшікті ұрлай бастаса, бара-бара қой-ешкіге, бұзау-торпаққа ауыз салуға кіріскен. Осы тұста Жұдырық балуан олармен айқасқа шығып талайын соққыға жыққан. Сөйтіп, ұрылар, бұзақылар айылын жиған екен.
– Менің ұлы атам – Жұдырық балуанның көзі тірісінде Арханның бірде-бір тұрғыны сол төңіректегі қазақтарға бата алған жоқ, – деген еді Ысқақ ақсақал.
Жұдырық балуан қайтыс болғаннан кейін Құтты жұрты Қапсыттың басқа ұрпағы иемденіп отырған Қарақамыс көлі маңынан орын сұрап, сонда көшіп кетеді. Артынан 1928 жылы Қарақамыс ауылы салынған шақта олар да сонда шымнан үй тұрғызып, колхозға кіреді. Сөйтіп, ауылда алғашқы жылдардың өзінде сексеннен астам үй түтін түтете бастайды. Ал жетпіс жыл дәуірлеп тұрып, бір сәтте шаңырағы ортасына түскен Кеңес одағы тұсында Жұдырық балуан жерленген зираттың маңында орталығы Архангелька болған Киров атындағы совхоздың шошқа фермасы болды. Ата-бабаларымыздың аруағы атқан болар, қазір ол ферма да жоқ, совхоз да жоқ. Бір өкініштісі, бұл күні Жұдырық балуанды, оның бәйбішесі Күмісейді білетін де, олардың басына барып Құран оқитын да адам қалған жоқ.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.