Иван Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың жанынан құрылған “Sаnа” әдеби-музыкалық клубының ұйымдастыруымен “Туған жердің дауысы” атты әдеби кеш өтті. Көркемсөз зергері, жерлесіміз Ғабит Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығы шараның басты арқауына айналды.
Еліміз Тәуелсіздік алып, жаңа дәуір табалдырығынан аттаған ширек ғасырдан астам уақыт аясында Ғабит Мүсіреповтің көптомдық шығармалар жинағының 3 томы (“Жазушы”, 2002), эксклюзивті “Таңдамалы шығармалары” (90 баспа табақ, 1150 бет, 200-ден аса фото-суреттермен, “ҚазАқпарат”, 2012), “Ұлпан” романының “Жазушы” (2002), “Раритет” (2003), “Аударма” (2010), “Ан-арыс” (2009), “ҚазАқпарат” (2012) жарық көрді. Осы және өзге де ақпараттарға қанықтырған күйші Серікбай Құсайынов “Күй – құдірет, күй – өмір” атты кітабындағы “Ғабеңнің батасы” атты мақаласының тарихы туралы айтып берді.
Жазушының келіні Бикен Серәліқызының қаламгердің адамгершілік қырлары туралы айтқан әсерлі әңгімесін жиналғандар ұйып тыңдады. Тіл жанашыры Зейнеп Тәнібаеваның, ақын Аманжол Зағыпардың ойлары да шараның мазмұнын арттыра түсті.
Ғабит Мүсірепов атындағы №43 орта мектептің қазақ тілі мұғалімі Жеңіс Тасболатов “Ұлпан” романынан, оқушы Әскер Бекзат “Қазақ солдатынан” үзінді оқыды.
Шараға қатысқан басқа да қонақтар Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығы мен өмір жолы, жазушының бірегей қасиеттері туралы айтты.
– Қазақтың көрнекті қаламгері Ғабит Мүсірепов туған тіліміздің нағыз жанашыры болған. Ол өз заманында тіл туралы көптеген мақалалар жазып, баяндамалар жасап, мінберлерде сөз сөйледі. “Көңілде жүрген көп ой бар” деген мақаласында Ғабең өскелең ұрпақтың қазақ тіліне деген бүгінгі талап-тілегі туралы ой қозғайды, – дейді кітапхана қызметкері Алтынай Сыздықова.
Әдеби кеш “Ғабит жаққан бір сәуле” атты автордың шығармалары орналасқан кітап көрмесімен жалғасты.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.