«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗДЫҚ — МЕНІҢ ТАҢДАУЫМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұстаздық – жауапкершілігі мол, ауыр жұмыс. Тек өз өмірін балаларға арнай алатын жандар ғана мұғалім­дікті таңдайды. “Адамның адамгерші­лігі – жақсы ұстаздан”, – деп ақын Абай айтқандай, балаға білім беріп қана қоймай, тәлім-тәрбие сіңіре білу де маңызды.

Мен – академик М.Қозыбаев атын­да­ғы Солтүстік Қазақстан универси­те­­тін қазақ тілі мен әдебиеті пəнде­рінің мұғалімі мамандығы бойынша тамам­даған жас ұстазбын. Сəбит пен Ғабит­тей тұлғалар туған, поэзияның пай­ғам­барына айналған Мағжандай ұл­ды өсірген киелі жерде ұстаздық жол­ға түстім. Алда мені биік белестер мен маңызды міндеттер күтіп тұр. Шәкірт­терімнің ертеңгі жетістігіне қуанатын, еңбек жолымда биіктерден көріну үшін әр сабағымда сапалы бі­лім бе­ріп, саналы шәкірт шығаратын мұғалім болуым керек.

Қазақ тілінің құдіреттілігін, әдебие­ті­міздің бай екенін оқушыларымның бойына дарыту негізгі мақсатқа ай­нал­ды. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары Абайдың асыл сөздерін, Мағжанның жалынды жырларын, Мұқағалидің саф алтындай өлеңдерін шәкірт­те­рім­нің жүректеріне ұялатып, бола­шақ­та елі­міздің елеулі, халқымыздың қалаулы ұрпақтарына айналдыру ма­ған артыл­ған міндет деп білемін.

Болашақта елін, жерін сүйетін, ана тілін қастерлейтін, ұлы тұлғалары­мыз­ды қадірлейтін тіл жанашырлары шә­кірттерімнің арасынан көптеп шы­ғады деп сенемін және осы мақсатқа жету үшін оларды сапалы білім нәрі­мен сусындатамын. “Ісіңізге, еңбегі­ңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілік­пен кі­ріс­сеңіз, сөз жоқ, жеңіске жете­сіз”, – дей­ді ғой ғалым Қаныш Сәт­баев. Ең ал­дымен, өз пәніңе деген зор сүйіс­пен­шілік болғаны абзал. Осынау қасиет оқушы бойындағы бі­лімге, пән­ге деген алғашқы құштар­лығын оя­тады.

Ал шәкірт бойында оянған білімге деген құштарлық енді тұтанған шы­рақ секілді. Ең қиыны – осынау шы­рақты сөндіріп алмау. Ол үшін тал­май ең­бектену мен іздену қажет. Сонда ғана ол лаулаған жалынға айна­лады. Бей­неті қатты, зейнеті тəтті ма­мандықты таңдап, еңселі білім орда­сында қыз­мет ету – менің борышым! Күн сайын мектеп қабырғасына кір­ген сəтте ал­дымнан жүгіріп шығатын балапандар мені ешқашан бұл жолда жалықтыр­майды. Себебі ұстаздық – өзім таң­даған жол!

Жансая ҚАЙДАРОВА,

“Дарын” мектеп-лицейінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp