Рамазан – берекеге толы ай. Әрбір мұсылман үшін ізгі амалдарды атқару арқылы Жаратушысына жақындай түсетін, Раббысының мейірімін үміт ететін кез. Бұл айда барлық жамандық атаулыдан тыйылып, өмірді жаңа парақтан бастауға мүмкіндік туады.
Алланың сүйікті елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Рамазан айының алғашқы түні келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді”, – деді. Сондықтан бұл қасиетті айды аса ыждаһаттылықпен қарсы алу керек.
Бұл – мұсылман үшін науқан айы. Құран оқу, Алланы еске алу, тасбих тарту, дұға жасап, садақа беру, жақсылыққа шақырып, тіліңнен бастап, бүкіл денеңмен жасалатын жамандықтан тыйылу, айналаңа пайдаңды тигізу – Рамазан айында жасалатын ізгі амалдардың бір тізбегі ғана.
Бұл – ізгі амалдарға ұмтылатын ай! Ал ізгі амалдардың алғашқы баспалдағы – жасап қойған күнәңа шынайы тәубе етуің. Алла тағала Құран Кәрімде: “Уа, иман келтіргендер! Шынайы түрде тәубе етіп, Аллаға бет бұрыңдар. Міне, сонда Раббыларың күнә-қателіктеріңді өшіреді һәм бәріңді түбінен өзендер ағатын жәннат бақшаларына кіргізеді” (“Тахрим” сүресі, 8-аят), – деді. Шынайы түрде өкініп, тәубе еткен адамдардың күнәсын Алла кең мейірімімен кешіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: “Күнәсынан шынайы түрде тәубе еткен адам, күнәсы жоқ адамдай тазарады”, – (Ибн Мәжә) деген.
Рамазан – айлардың сұлтаны. Игі істер молаятын маусым. Қасиетті Рамазанда шын ықыласпен ораза тұту арқылы пенде өзін Алланың қаһарынан, тозақ отынан, қабір азабынан, әзәзілдің арбауынан, екіжүзділіктен алыс болады. Бұл – жанды балқытатын, жүректі жұмсартатын, рухты азықтандыратын ай. Ендеше, Рамазан айы қарсаңында не істеуіміз қажет?
Ең алдымен, мұсылман үшін осы айға жетудің өзі үлкен нығмет екенін сезіну маңызды. Әнәс ибн Мәлик риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ражаб айы кіргенде былай дейтін: “Уа, Алла! Біздер үшін ережеп, шағбан айын берекелі ет және рамазан айына қауыштыр”. Сахабалар рамазанға жақын қалғанда: “Қасиетті рамазанға жеткізе көр”, – деп, рамазаннан кейін: “Уа, Раббым! Оразамызды қабыл ете көр”, – деп дұға жасайтын.
Екіншіден: Рамазан айына кірген адам міндетті түрде Раббысына лайықты түрде шүкір айту керек. Өйткені адамның бұл қасиетті науқан айына жетуі сансыз сауапқа кенелуге мүмкіндік алуы – Алланың адам баласына берген шексіз сыйы және бұл сенің соңғы рамазаның болмасына да кім кепіл.
Көпшілігіміз Рамазанға қатысты лайықты жоспар құра алмағандықтан бұл айдың қалай өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Рамазан айының әр күнін, әр сағатын босқа өткізіп алмауымыз қажет. Жоспарыңызда намазға, Құран оқуға, білім алуға, ізгі амалдар жасауға, үзіліп кеткен байланыстарды қайта қосуға, тиісінше еңбек етуге орын болған дұрыс.
Бұл қасиетті ай басталмай тұрып, оразаға қатысты фиқһ үкімдерін, парыздарын, сүннеттерін, оразаны бұзатын, бұзбайтын амалдарды, оразадағы жеңілдіктерді білген жөн.
Бұл айдың келуімен мұсылман адам жақындарына хабарласып, оларды құттықтап, құттықтау қағаздарын әзірлеп, үйді тазартып, маңызды болған істерін рамазанға дейін аяқтап, үйге қажетті заттарды алып ерекше дайындалуы қажет.
Рамазан – тәрбие айы. Ауыз бекіткен адам тілін жаман сөзден тежейді. Өйткені ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Кім болса да ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын әрі ешкімге дауыс көтермесін…”, – деп өсиет еткен. Расында, Алла тағала үшін тілін өтірік пен ғайбат сөзден тыймаған пендесінің ұстаған оразасы қажет емес.
Рамазан – қасиетті Құран түскен ай. Бұл айда адам баласын тура жол мен бақытқа бастайтын, ақиқат пен жалғанның аражігін ажырататын Құран аяттары түсе бастады. Ораза кезінде Құранды кемінде бір рет толық оқудың, мән-мағынасын көңілге тоқудың сауабы айрықша.
Рамазан – сабыр айы. Аузы берік адам кейбір кісілердің дөрекі сөзі мен әдепсіз әрекетіне сабыр сақтап: “Мен оразамын”, – деген сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, төзімділік танытады. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.
Өткен жылғы ораза айында жеткен жетістігімізбен шектеліп қалмай сол игі істерді одан әрі дамытып, кемеліне келтіруі қажет. Баршаларыңыздың мүбарак айдағы ізгі амалдарыңызға Алла сансыз сауаптар жазып, екі дүние бақытына бөлесін.
Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,
Қызылжар орталық мешітінің бас имамы.