2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні. Осыған орай облыс орталығында ерекше балаларға арналған концерт өтті. Шараны “Менің балам” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Расул Әлішев – 12 жаста. Осыдан 7 жыл бұрын жеткіншекке “аутизм” диагнозы қойылған. Бірақ бұл ауру балғынның мүмкіндіктерін шектемеді. Ол өз ерекшелігімен өмір сүруді, дамып, жақындарын жетістіктерімен қуантуды үйренді. Расул аптасына 3 мәрте жүзуге барады, қолөнермен айналысады. Ермексаздан түрлі жануарлар мен мультфильм кейіпкерлерін жасайды.
– Расул – “Менің балам” қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Ұйым Расул екеумізге үлкен үміт пен жігер сыйлады. Мен мұнда өзім сияқты дерті бар сәби тәрбиелеп отырған ата-аналармен әңгімелесемін. Мықты дәрігерлер мен оңалту орталықтарының деректерімен бөлісеміз. Бірігіп шаралар ұйымдастырып, ұл-қыздарымыздың дұрыс дамуы үшін қолдан келгенді жасаймыз, – дейді Расулдың анасы Зарина Әлішева.
“Менің балам” қоғамдық бірлестігі осыдан бес жыл бұрын құрылған. Ұйымға бүгінде облыс бойынша 230-дан аса отбасы мүшелік етеді. Оның ішінде 30 ата-ана белсенділік танытып, ерікті ретінде бірлестік жұмысына араласады. Бірі балаларға арналған үйірмелерге жетекшілік етсе, енді бірі ұйымдастырушылық процеске атсалысады.
Жеткіншектердің емдік дене шынықтыру, музыка және қолөнермен айналысуға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ облыстық спорт басқармасының қолдауымен 4 секция жұмыс істейді. Балғындардың мәнерлеп сырғанау, үстел теннисі, жеңіл атлетика және жүзу бойынша жетістіктері көңіл қуантады.
– Біз қала бойынша түзету сыныптарының ашылуына қол жеткіздік. Үкіметке дейін хат жазып, ерекше балалардың мәселесін көтердік. Бүгінде 2 арнайы мектептен бөлек, 8 білім ошағында түзету сыныптары жұмыс істейді. Сондай-ақ “Асыл мирас” қоры шаһарымызда жоспардан тыс аутист балаларға арналған орталық ашты, – дейді “Менің балам” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Татьяна Ковалева.
Атқарылған шаруаның жемісін бүгінде облыс бойынша барлық ерекше балалар көріп отыр. Олар түзету сыныптарында оқып, бос уақыттарында “Асыл мирас” орталығындағы оңалтудан өтеді. Секцияларға барып, денелерін шынықтырады. Қоғамға бейімделеді.
Эльмира САДВОКАСОВА.