Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Халықаралық балалар кітабы күніне орай кітап апталығы ашылды.
Санжар Нұғыман – кітапхананың тұрақты оқырманы. 10 жасар жеткіншек білім мен ізденіске құмар. Бүгінге дейін ол мұзбалақ ақын Мұқағали мен алып Абайдың бірқатар өлеңдер жинағын оқып шыққан. Ақындардың кейбір туындыларын жаттап та алыпты. Кітап апталығының ашылуында ол Мұқағали Мақатаевтың “Туған жер” өлеңін көпшілік алдында оқып берді.
Кітапхана ұжымы жеткіншектің кітап оқуға деген құлшынысын қолпаштап, арнайы сыйлықтар мен диплом табыстады.
– Кітапханаға жиі келемін. Мұнда өте көп қызықты кітаптар бар. Ескен Елубаевтың 10-11 жастағы балаларға арнап жазған “Балаларға базарлық”, сондай-ақ Танаш Дәуренбековтің “Сыр балалары” шығармасын да оқимын. Бұл авторлар өзіме қатты ұнайды. Себебі қызықты кейіпкерлері көп, – дейді Санжар.
Дәстүрлі апталықтың ашылуына орай 37 бала марапатталды. Олардың барлығы – Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының тұрақты оқырмандары. Жиын барысында ұл-қыздар балалар әдебиеті бағытында қалам тербеп жүрген кітапхана қызметкері Ғалия Малдыбаевамен әңгімелесті.
Алдияр АЙТПАЕВ.