Адам баласының көбі уақыттың қадірін біле бермейді. Алайда біз уақыт өлшеулі екенін, яғни, басы бар және аяқталатынын ұмытпағанымыз абзал. Уақыт – барлық нәрседен қымбат, өйткені уақыт ол бізге Алланың берген ұлы нығметтерінің бірі. Бізге берілген уақыт – ол біздің өміріміз. Құранда уақыт туралы түсірген аяттар бар. Бұл аяттар уақыттың қадір-қасиетін терең түсінуге, оны бағалай білуге, тиімді пайдалануға үндейді. Мысалға, “Ғасыр”, “Зуха” сүрелерін алайық. Бұл сүрелерде Алла тағала уақытқа, уақыттың белгілі бір кезеңдеріне серт берген. Ғалымдарымыздың айтуынша, егер Алла тағала бір нәрсемен серт берсе, оның өте маңыздылығын білдіргені. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін, бағалай алмайтын екі нығмет бар, бірі денсаулық болса, екіншісі бос уақыт”, – деген.
Адам баласы кейбір шаруаларын кейінге қалдырып, сол бітірмеген шаруалары жиналып, күндердің күнінде шешілуі қиындап, уақыты жетпей, әбігерге түседі. Пайғамбарымыз хадисінде: “Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсенің қадірін біл, олар – өлім келместен бұрын өміріңді қадірле, кәрілік келместен бұрын жастық шағыңды қадірле, ауырмастан бұрын денсаулығыңды қадірле, шұғылданбастан бұрын бос уақытыңды қадірле, кедейленбестен бұрын байлығыңды қадірле”, – деген. Өміріңді қадірле дегені, Аллаға иман келтіріп, оған ғана құлшылық жасау, ата-анамызға құрмет көрсету, ағайын-туғандармен қарым-қатынаста болу, адамдармен көркем мәміледе болу, отбасына қамқорлық жасап, балаларын жақсылыққа тәрбиелеу, халыққа қызмет ету, жетімдерге мейірімділік көрсету, Отанды қорғау және тағы басқа ізгі амалдар жасауды меңзегені. Өмір турасында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлең шумақтары еріксіз тілге оралады:
Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!
Пайғамбарымыздың жастық шағыңды қадірле дегені, жастығыңды тектен-тек бос өткізбей, білім ал, кәсіп үйрен, бойыңды жақсылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиеле дегені. Бұл жайында Абай атамыз:
Қолымды мезгілінен кеш сермедім,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім, – деп өзінің өкінішін білдіреді.
Денсаулығыңды қадірле дегені, бойыңды әлсірететін, жаныңды күйзелтетін, Алла тағала тыйым салған харам нәрселерге жоламау, өз-өзіңді қатерге тікпеу. Қазақта “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” деген сөз бар.
Бос уақытты қадірле дегені, бұл дүниеде барлығы өлшеулі, уақыт бір орында тұрмайды, сынап сияқты сырғып өтіп жатыр. Кешегі күнді дүниенің барлық байлығын берсең де, кері қайтара алмайсың. Бүгінгі күннің қадіріне жетпеген адам, ертеңгі күннің маңызын түсіне қоюы екіталай. Бұрынғы ата-бабалармыз бір күні өтіп кетсе, өкініп, қатты қайғыратын. Құранда: “Барлық нәрсені өлшеммен жараттық”, – делінген.
Қазіргі заманда уақытты қадірлемей, босқа өткізу көбейді. Пәленше пәлен жасқа келіпті, түгенше түген жасқа келіпті деп, кәрі-жасы өмірлерінің өткеніне қуанып жатыр. Өмірді бітпейтін дәурен сияқты көретіндер көбейіп кетті. Бірақ ол әсте олай емес қой. Абай атамыз:
Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір өтпек ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.
Сағаттың өзі ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,
Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.
Өткен өмір белгісі осы сыбдыр,
Көңілді күнде сындыр, әлде тындыр.
Анық ақыл байқаған қылығыңды,
Қу шаққансып қағасың босқа бұлдыр.
Күн жиылып ай болды, он екі ай жыл,
Жыл жиылып, қартайтып қылғаны бұл.
Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,
Жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қыл, – деуімен, өткен өмір қайтып оралмайтынын жырлауда.
Құранда біздің бұл өміріміз уақытша ғана тіршілік екені, аз жаса, көп жаса барар жағымыз Алла тағаланың құзыры екені айтылады. Өмірді Алла жақсы амалдарды жасау үшін берді. Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз:
Өмірдің басы – бала, ортасы адам,
Қартайып, шал болған соң кетті шамаң.
Мақтап жүрген өмірің осы болса,
Үш-ақ ауыз сөзбен болды тамам, – деп өмірдің бастан аяқ болмысын суреттеп берген.
Адам баласы жүз жыл жасаса да өмірі қысқа. Мәңгілікпен салыстырғанда теңіздің тамшысы сияқты. Пайғамбарымыз: “Адамдардың жақсысы ғұмыры ұзақ болып, оны ізгі жақсы амалдармен толтырғаны”, – деген. Алла тағала берген ақылмен Жаратушымызды танып, бізге берген уақытымызды қадірлеп, жақсы, ізгі, сауап амалдарға арнайық. Алладан келген пайғамбарлардың барлығы уақыттарын үшке бөліп қарастырған. Бір бөлігін құлшылыққа арнаса, бір бөлігін бала-шағасына бөлген, келесі бөлігін демалуға қалдырған екен. Атақты имам Шафиғи: “Уақыт бейне бір өткір қылыш сияқты, егер оны дұрыс қолданбасаң, өзіңді кеседі”, – деп уақыттың құндылығын ескертуде. Уақытымызды ұтымды пайдаланып, өмірімізді жақсы амалдармен безендіріп, өнегелі ғұмыр жасайық.
Абылай ҚҰРМАШҰЛЫ,
Мухсин мешітінің имамы.