(Алғашқы саны 1920 жылы шыққан “Ленин туы” газетінің 60 жылдығына)
Әдебиетке құмарлық бар да, сол құмарлықты шын талантқа айналдыру жолы бір бөлек. Бабы табылмаған талант – қабілет қанатсыз құс секілді. Қияға самғамақ түгіл, бауырын жазып жерден көтеріле де алмайды.
Мен әдебиетке бала күнімнен-ақ құмар едім. Әу баста, осы құмарлық отын кім тұтатты? Алты жасымда өздігімнен хат танып (мектепке колхоз құрылған жылы, сегізге қараған кезімде барғанмын), сықсима шам немесе пештегі от жарығымен үй толы тыңдаушыларыма заулата оқып беретін “Алпамыс” пен “Ер Тарғын”, “Ер Сайын” мен “Қыз Жібек”, “Қозы Қөрпеш – Баян сұлу” қисса-жырлары ма? Жә болмаса, өз ауылымдағы Бори секілді сұңғыла әңгімешілердің ұзақ түн келістіре айтатын ертегілері болар ма? Әлде Майбалық орта мектебіндегі алғашқы әдеби ұстазым Ғазез Әбішевтің әсері ме? Мүмкін, ата-бабаларымның, апа-әжелерімнің қанымен ауысып келген қасиет шығар? Қайтсе де, дөп басып жауап бере алмаймын. Ал әдебиетке деген сол құмарлықты баптап, жазушылық ұлы өнердің додасына салып жіберген не күш десеңіз, жауабым дайын: ол – өзім ұшқан ұям – “Ленин туы” газеті.
Кейде жиі, кейде сирек болса да “Ленин туы” газетіне қалам тартқаныма қырық жылдан асты. Әуелі жеңіл-желпі хабарлар, жүре-бара әдеби сын, рецензиялар, өлең, очерктерім көріне бастады. Бір қызығы, мен жазып редакцияға жолдаған дүниелерімнің жарияланбай қалғаны, иә болмаса, ойсырата жөндеуге ұшырағаны болған емес. Газет құдды менің хатымды ғана күтіп отыратындай-ақ, жазғаным жеткен болар-ау деген шамада жарқ етіп шыға келетінді. Газет қалыптастырған осы дәстүр өзім жүріп келе жатқан өнер сапарында әрқашан алдымнан шығып отыратынын байқаймын. Шынымды айтсам, архивымда жарияланбай қалған, не болмаса, баспа орындары баспаймыз деп қаңтарып тастаған туындым жоқ. Ырымшыл болмасам да, осы бір “жолымның болғыштығын” “Ленин туы” газетіне саям. Тіпті ретте “ерке болып”, жаман үйреніп кеткенмін бе, баспа орындарына апарып берген дүниемді “пәлен уақытта жариялаймыз” десе, сол “пәлен уақытының” күні маған айдай, ал айы жылдай көрініп тұрады. Азды-кемді редакция жүргізілсе, оған да шамшылмын. Осы мінезімді білетін баспа орындары мін деп, кемшілік деп тапқанды пікір есебінде өзіме айтады. Ал мен болсам, құлағыма қанғанын қабылдап бар ықыласыммен жөндеп беруге тырысамын. Өз ұғымымша, бұл – өзіңді жауапкершілікке жетелейтін дұрыс қасиет. Бізде портфелін толтырып, күлді-бадам бірдемелерін алып келіп үстелге тастап, ар жағындағы шығарма тағдырын редакциядағыларға ұстата салатын жазушылар да бар. Оларға қалай шықса да, жазғаны жарық көрсе болғаны.
Сол қырық жыл ішінде газетте істеген көптеген журналист-азаматтармен қызметтес болдым. Солардың ішінде есімде қалған азаматтардан сыпайылығы, іскерлігі, шымшыма әзілімен жүрегімнен орын алған Өміржан Оспановты, аңқылдақ адал да көпшіл Мұхамеджанов Ғалымды, қой аузынан шөп алмас момын Ғазезді, әпенділеу Сейтенді, сыпайы сұлу Шалабаев Кенжеболат пен орысша-қазақшаға сондай сауатты, әзіл сөзге жүйрік Малдыбай Қоқыбаевты, қалтарысы жоқ Қабдолла Әбілханов пен салмақты да білімді Нияз Сыздықовты, хат бөлімінің бастығы енбекқор Әминаны атай аламын. Олардың бірсыпырасы дүние салған. Ал қазір әр жерде әрқилы қызмет атқарып жүрген тірілерімен кездесе қалсам, қимас туыстай шұрқырасып қаламыз.
1944-1945 жылдар мен үшін тіпті ерекше еді. Мен онда газеттің Преснов, Октябрь аудандарындағы тілшісі болып қызмет атқардым. Тапсырма көп пе, әлде сапарға әуес өз қасиетім бе, әйтеуір, елді жиі аралайтынмын. Ол кездегі жүріп-тұрудың қиындығы да мені қиналтпайтынды. Жаяулап-жалпылап, кейде ат, кейде өгіз демей, әйтеуір, жүре беруші едім. Соның арқасында көршілес жатқан сол екі ауданның сол кездегі бала-шағасына дейін білетінмін десем артық айтпағаным. Қисапсыз көп адамдармен таныстым. Қисапсыз көп мінез-құлықтарды жадыма түйдім. Сол жүріс-тұрыстың нәтижелі іздері шығармаларымда сайрап жатыр десем де болады. Мен жасаған алуан түрлі образ, бейнелердің төркінін зерттегісі келген адам болса, сол екі аудан адамдарынан тауып ала алады. Бұл ретте мен “Ленин туы” газетіне өтелмес қарыз иесімін. Осы кезде жаяулап-жалпылап жүрген сол күндерімді сағынамын да. Сондағы сапарларымның бар мехнат, азабын көтеріп қайта жүрсем деймін. Өйткені сені онда ешкім қарсы алмайтын, ешкім шығарып та салмайтын. Күнделікті ел өмірі ешбір сыр-бояусыз, жалғандығы, көлгірсуі жоқ шынайы қалпында көрінген ғой. Мен қазірде де ел аралаймын, Бірақ бұл сапарларымның жөні мүлде басқа. Ел басшылары қарсы алады, қасыңда жүреді, шығарып салады. Сен сахнадағыдай көп көзінің алдындасың. Ал мұндай жағдайда тіршілік-қаракеттің түрлі-түсті көктем көбелектеріндей құлпырып, жасанып келер көбігін ғана көресің де, шын өмірдің өзі көлеңкеде қалып қоя береді. Сол себепті мұндай сапарлардың жемісі де аз болмақ. Газетте тілші болып істеген сол күндерімді осы ретте сағынамын. Өзімнен кейінгі журналистерге, газет қызметкерлеріне құлаққағыс етерім – еш жерде, қай бір жағдайда болмасын: “Мен газет қызметкерімін”, – деп кеуде көтеріп, піскен кезім болған емес. Ол кезде не көп? – Жетімсіздік, кемістік көп. Ақсап жатқан жұмыс… орындалмай жатқан науқан… Боздағы майданнан қайтпай жатқан қаралы үйлер… Соның өзінде де қаламымды қара басымның қамына пайдаланған жерім жоқ. “Жақсы қарсы алмадың, жақсы шығарып салмадың”, – деп өкпелеп, өш алу деген де менде болмаған.
Күні бүгінгідей есімде: бір жолы егін орағы кезінде Преснов ауданындағы “Ортақшыл” колхозына бардым. Колхоз председателі Әйкенов Тұрғын негізі момын, қақ-соқта жұмысы жоқ, жұрт алдында бедел алайын, жоқ жерде көрініп қалайын деп кісімсінбейтін, басқаға содыры да, сонымен қатар пайдасы да жоқ, әйтеуір, солай жүргеніне мәз, жылы ішектің иесі болатын. Келсем, қос басына кеткен екен. Колхоз кілтшісі Әпен:
– Мен егін басына барғалы жатырмын. Бірге жүр. Сол жерде жұртпен кездесесің де, шаруаңды тындырасың. Содан кейін ар жағындағы қол созым “Айымжанға” бастықтың атымен жеткізіп саламыз ғой, – деді.
Әпен айтқанын істеттіре алатын, тындырымды, кісілігі де мол, нар түйедей келісті жігіт болатын. Шынын айтқанда, ел ішінде бастық Тұрғыннан көрі Әпеннің беделі басым түсіп жататынды. Мен Әпен ұсынысын қуана қарсы алдым. Неге десең, Тұрғынның астында сол орамға жүрдектігі, талмайтындығымен даңқы кеткен сұр бие бар…
Сол бір тұстағы осы ауданның колхоз басшыларында басқа дүние құрып қалса да, елде жоқ ат ұстау және ол атты баптап ұстап, мініп жүру салтқа айналған бір сәнқойлық болатын: “Айымжан” колхозының председателі Жолмұқанов Мұхамеджанда қос қан жирен, Аманкелді атындағы колхоз председателі Тұралин Сексебайда қос бурыл, Көбештегі Аманжолов Қарида бөшке көк, Орталықтағы Әбділдин Қуандықта шаппай желетін торы айғыр – ел ішінде “машинадан озып кеткен” – дейтін лақап, аңызға айналған тұлпарлар. Сол жануарлардың бәріне де менің тақымым тиеген. Бәрін де Толыбай сыншының өзіндей білетінмін. Міні жоқ тіпті. Сөйтсе де, солардың ішінде Тұрғынның сұр биесін Ақан сері Құлагеріндей мүлде мойны озық тұрған дүлдүлі десең де сияды. Бірде мен Жамбыл облысындағы даңқты, “Луговой” асылтұқымды жылқы совхозында болып, сондағы “ХХ ғасырдың сәйгүлігі” – Абсентке мырыштан құйылып қойылған ескерткішті көріп қызықтаған едім.
Сафуан ШӘЙМЕРДЕНОВ.
(Жалғасы бар).