«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАРАПАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

(Алғашқы саны 1920 жылы шыққан “Ленин туы” газетінің 60 жылдығына)

Әдебиетке құмарлық бар да, сол құмарлықты шын талантқа айналды­ру жолы бір бөлек. Бабы табылмаған талант – қабілет қанатсыз құс секілді. Қияға самғамақ түгіл, бауырын жазып жерден көтеріле де алмайды.

Мен әдебиетке бала күнімнен-ақ құмар едім. Әу баста, осы құмарлық отын кім тұтатты? Алты жасымда өзді­гімнен хат танып (мектепке кол­хоз құрылған жылы, сегізге қараған кезімде барғанмын), сықсима шам немесе пештегі от жарығымен үй толы тыңдаушыларыма заулата оқып беретін “Алпамыс” пен “Ер Тарғын”, “Ер Сайын” мен “Қыз Жібек”, “Қозы Қөрпеш – Баян сұлу” қисса-жырлары ма? Жә болмаса, өз ауы­лымдағы Бори секілді сұңғыла әңгі­мешілердің ұзақ түн келістіре айта­тын ертегілері болар ма? Әлде Май­балық орта мектебіндегі алғашқы әдеби ұстазым Ғазез Әбішевтің әсері ме? Мүмкін, ата-бабаларымның, апа-әжелерімнің қанымен ауысып келген қасиет шығар? Қайтсе де, дөп басып жауап бере алмаймын. Ал әдебиетке деген сол құмарлықты баптап, жазушылық ұлы өнердің додасына салып жіберген не күш десеңіз, жауабым дайын: ол – өзім ұшқан ұям – “Ленин туы” газеті.

Кейде жиі, кейде сирек болса да “Ленин туы” газетіне қалам тартқа­ныма қырық жылдан асты. Әуелі жеңіл-желпі хабарлар, жүре-бара әдеби сын, рецензиялар, өлең, очерк­терім көріне бастады. Бір қызығы, мен жазып редакцияға жол­даған дүниелерімнің жарияланбай қалғаны, иә болмаса, ойсырата жөндеуге ұшырағаны болған емес. Газет құдды менің хатымды ғана күтіп отыратындай-ақ, жазғаным жеткен болар-ау деген шамада жарқ етіп шыға келетінді. Газет қалып­тас­тырған осы дәстүр өзім жүріп келе жатқан өнер сапарында әрқашан алдымнан шығып отыратынын бай­қай­мын. Шынымды айтсам, архи­вымда жарияланбай қалған, не бол­маса, баспа орындары баспаймыз деп қаңтарып тастаған туындым жоқ. Ырымшыл болмасам да, осы бір “жолымның болғыштығын” “Ленин туы” газетіне саям. Тіпті ретте “ерке болып”, жаман үйреніп кеткенмін бе, баспа орындарына апарып берген дүниемді “пәлен уақытта жариялай­мыз” десе, сол “пәлен уақытының” күні маған айдай, ал айы жылдай көрініп тұрады. Азды-кемді редакция жүргізілсе, оған да шамшылмын. Осы мінезімді білетін баспа орында­ры мін деп, кемшілік деп тапқанды пікір есебінде өзіме айтады. Ал мен болсам, құлағыма қанғанын қабыл­дап бар ықыласыммен жөндеп беру­ге тырысамын. Өз ұғымымша, бұл – өзіңді жауапкершілікке жетелейтін дұрыс қасиет. Бізде портфелін толтырып, күлді-бадам бірдемелерін алып келіп үстелге тастап, ар жағын­дағы шығарма тағдырын редакция­дағыларға ұстата салатын жазушы­лар да бар. Оларға қалай шықса да, жазғаны жарық көрсе болғаны.

Сол қырық жыл ішінде газетте істеген көптеген журналист-азамат­тар­мен қызметтес болдым. Солар­дың ішінде есімде қалған азамат­тардан сыпайылығы, іскерлігі, шым­шыма әзілімен жүрегімнен орын алған Өміржан Оспановты, аңқыл­дақ адал да көпшіл Мұхамеджанов Ғалымды, қой аузынан шөп алмас момын Ғазезді, әпенділеу Сейтенді, сыпайы сұлу Шалабаев Кенжеболат пен орысша-қазақшаға сондай сауат­ты, әзіл сөзге жүйрік Малдыбай Қо­қыбаевты, қалтарысы жоқ Қаб­дол­ла Әбілханов пен салмақты да білімді Нияз Сыздықовты, хат бөлімінің бастығы енбекқор Әминаны атай аламын. Олардың бірсыпырасы дүние салған. Ал қазір әр жерде әрқилы қызмет атқарып жүрген тірілерімен кездесе қалсам, қимас туыстай шұрқырасып қаламыз.

1944-1945 жылдар мен үшін тіпті ерекше еді. Мен онда газеттің Прес­нов, Октябрь аудандарындағы тіл­шісі болып қызмет атқардым. Тап­сырма көп пе, әлде сапарға әуес өз қасиетім бе, әйтеуір, елді жиі аралай­тынмын. Ол кездегі жүріп-тұрудың қиындығы да мені қиналтпайтынды. Жаяулап-жалпылап, кейде ат, кейде өгіз демей, әйтеуір, жүре беруші едім. Соның арқасында көршілес жатқан сол екі ауданның сол кездегі бала-шағасына дейін білетінмін де­сем артық айтпағаным. Қисапсыз көп адамдармен таныстым. Қисапсыз көп мінез-құлықтарды жадыма түй­дім. Сол жүріс-тұрыстың нәтижелі іздері шығармаларымда сайрап жа­тыр десем де болады. Мен жасаған алуан түрлі образ, бейнелердің төркінін зерттегісі келген адам болса, сол екі аудан адамдарынан тауып ала алады. Бұл ретте мен “Ленин туы” газетіне өтелмес қарыз иесімін. Осы кезде жаяулап-жалпылап жүр­ген сол күндерімді сағынамын да. Сондағы сапарларымның бар мех­нат, азабын көтеріп қайта жүрсем дей­мін. Өйткені сені онда ешкім қарсы алмайтын, ешкім шығарып та салмайтын. Күнделікті ел өмірі ешбір сыр-бояусыз, жалғандығы, көлгірсуі жоқ шынайы қалпында көрінген ғой. Мен қазірде де ел аралаймын, Бірақ бұл сапарларымның жөні мүлде басқа. Ел басшылары қарсы алады, қасыңда жүреді, шығарып салады. Сен сахнадағыдай көп көзінің алдын­дасың. Ал мұндай жағдайда тіршілік-қаракеттің түрлі-түсті көктем көбе­лек­теріндей құлпырып, жасанып келер көбігін ғана көресің де, шын өмірдің өзі көлеңкеде қалып қоя береді. Сол себепті мұндай сапар­лар­дың жемісі де аз болмақ. Газетте тілші болып істеген сол күндерімді осы ретте сағынамын. Өзімнен ке­йінгі журналистерге, газет қызмет­кер­ле­ріне құлаққағыс етерім – еш жерде, қай бір жағдайда болмасын: “Мен газет қызметкерімін”, – деп кеуде көтеріп, піскен кезім болған емес. Ол кезде не көп? – Жетімсіздік, кемістік көп. Ақсап жатқан жұмыс… орындалмай жатқан науқан… Бозда­ғы майданнан қайтпай жатқан қара­лы үйлер… Соның өзінде де қала­мымды қара басымның қамына пайдаланған жерім жоқ. “Жақсы қарсы алмадың, жақсы шығарып салмадың”, – деп өкпелеп, өш алу деген де менде болмаған.

Күні бүгінгідей есімде: бір жолы егін орағы кезінде Преснов ауданын­дағы “Ортақшыл” колхозына бар­дым. Колхоз председателі Әйкенов Тұр­ғын негізі момын, қақ-соқта жұ­мы­сы жоқ, жұрт алдында бедел алайын, жоқ жерде көрініп қалайын деп кісімсінбейтін, басқаға содыры да, сонымен қатар пайдасы да жоқ, әйтеуір, солай жүргеніне мәз, жылы ішектің иесі болатын. Келсем, қос басына кеткен екен. Колхоз кілтшісі Әпен:

– Мен егін басына барғалы жатыр­мын. Бірге жүр. Сол жерде жұртпен кез­десесің де, шаруаңды тындыра­сың. Содан кейін ар жағындағы қол созым “Айымжанға” бастықтың аты­мен жеткізіп саламыз ғой, – деді.

Әпен айтқанын істеттіре алатын, тындырымды, кісілігі де мол, нар түйедей келісті жігіт болатын. Шы­нын айтқанда, ел ішінде бастық Тұр­ғыннан көрі Әпеннің беделі басым түсіп жататынды. Мен Әпен ұсыны­сын қуана қарсы алдым. Неге десең, Тұрғынның астында сол орамға жүр­дектігі, талмайтындығымен даңқы кеткен сұр бие бар…

Сол бір тұстағы осы ауданның колхоз басшыларында басқа дүние құрып қалса да, елде жоқ ат ұстау және ол атты баптап ұстап, мініп жүру салтқа айналған бір сәнқойлық болатын: “Айымжан” колхозының пред­седателі Жолмұқанов Мұхамед­жанда қос қан жирен, Аманкелді атындағы колхоз председателі Тұра­лин Сексебайда қос бурыл, Көбеш­тегі Аманжолов Қарида бөшке көк, Орталықтағы Әбділдин Қуандықта шаппай желетін торы айғыр – ел ішінде “машинадан озып кеткен” – дей­тін лақап, аңызға айналған тұл­пар­лар. Сол жануарлардың бәріне де менің тақымым тиеген. Бәрін де Толыбай сыншының өзіндей білетін­мін. Міні жоқ тіпті. Сөйтсе де, солар­дың ішінде Тұрғынның сұр биесін Ақан сері Құлагеріндей мүлде мойны озық тұрған дүлдүлі десең де сияды. Бірде мен Жамбыл облысындағы даңқты, “Луговой” асылтұқымды жылқы сов­хозында болып, сондағы “ХХ ғасыр­дың сәйгүлігі” – Абсентке мырыштан құйылып қойылған ескерткішті көріп қызықтаған едім.

Сафуан ШӘЙМЕРДЕНОВ.

(Жалғасы бар).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp