Ата-бабамыз “Жер жәннаты – Жетісу” деп асқақтатқан киелі мекен, қасиетті топырақта дүниеге келіп, бала жастан халық әндерімен сусындап өскен, бүгінде халқымыздың ән өнерінің насихатшысы болып жүрген, Әлихан Бөкейханов атындағы алтын медальдің иегері Рамазан Стамғазиевтың шығармашылығы жайында сөз еткенде “Бабалар”, “Қапездің қоштасуы”, “Дариға-дәурен”, “Қаракөз”, “Қоңыр қаз” сияқты көптеген әндері ойға оралады. Қасиетті қара домбырамен бабалар үнін жаңғырта білген әншінің кәсіби шеберлігі тыңдарманын сүйсіндірмей қоймайды. Ерекше дауыстың иесі жуырда өңірімізге ат басын бұрып, қызылжарлықтарға өзінің “Дариға-дәурен” атты концертін ұсынған болатын. Қазақ өнерінің дүлдүлдерінен алған білімін шәкірттеріне үйретіп, болашақ сахна саңлақтарын тәрбиелеп жүрген өнер иесімен әншілік дәстүрдің бүгінгі беталысы турасында сұхбаттасудың сәті түсті.
– Рамазан Өмірәліұлы, сізді күллі қазақ біледі. Өнеріңізге ғашық жандар аз емес. Алайда олардың барлығы бірдей өмір жолыңыздан, өскен ортаңыздан хабардар емес қой. Оқырмандарымызға кіндік қаныңыз тамған туып-өскен жеріңіз, өсіп-өнген ортаңыз жайлы айтып берсеңіз?
– Мен Алатаудың етегі, Хантәңірінің баурайы, батырлар мен ақындар шыққан құтты мекен – Алматы облысы, бұрынғы Кеген ауданы (қазіргі Райымбек ауданы), Шырғанақ елді мекені, Көкпияз ауылында дүниеге келгенмін. Қарт Алатау, оның бергі жағында еліміздің ең биік шыңы Хантәңірінің бауырындағы 70-80-дей ғана түтіні бар, ұлтарақтай ғана Көкпияз ауылында балалық шағым өтті. Көкпияз атына заты сай шағын ғана кілең қазақтар тұратын ауыл болатын. Әкем Өмірәлі мен анам Ұлдахан тоғыз ұл-қызды дүниеге әкелген. Бәрімізді оқытты, жоғары білім әперді. Айтып өткенімдей, кішкентай ғана жетпіс түтіні жанған ауылда тұрдым. Бірақ сол ауылдың ішінен керемет өнерпаз, дарын иелері шықты. Ауылдағы ақсақалдарымыз әңгіме айтқан да аузымызды ашып, ұйып тыңдайтынбыз. Шындығында, бізді тәрбиелеген ата-аналарымыздан бөлек, ауыл ақсақалдарының дана сөздері.
– Жалпы өнер жолына, дәстүрлі әншілікке қалай келдіңіз?
– Қара домбыраны әкеміздің тізесінде отырып үйрендік. Менің анам Мұқағалидің тұқымынан. Әнді керемет айтады. Сондықтан болар, бойымыздағы өнерді өз жұртымыздан немесе нағашы жұртымыздан келді деп басып айта алмаймыз, бұл да болса Алланың нәсібі деп қабылдаймын. Ауданымызда неше түрлі спорт секциясы дамығандықтан, біз оқып жүргенде спортшы боламыз деп армандайтынбыз. Бұйрық шығар, маған келгенде өнерге қарай таразы басып кетті. Жалпы 6-сыныптан бастап колхоз клубының сахнасында ән шырқай бастадым. Ауылда тұратын қара радиодан атақты Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, М.Ержанов, Қ.Байжанов, Қ.Бабақов, Б.Жылқыбаевтарды еститінбіз. Сол кезде шіркін-ай, ән салса, осылай айту керек қой деп армандайтынмын. Сол арманым 1984 жылы Алматыға алып келді. Қазіргі Ж.Елебеков атындагы эстрада-цирк колледжі ол кезде екі жыл оқытатын эстрада-цирк студиясы болатын. Бүкіл Қазақстандағы мықты әртістер сол жерде оқып шықты. Мен де оқу үшін студияға келгенде Жәнібек Кәрменов ағамыз оқуға қабылдап жатыр екен. Жәкең даусымды ары тыңдап, бері тыңдап, маған: “Рамазан, егер менің ақылымды алсаң, әскерге барып, Отан алдындағы борышыңды өтеп кел. Бұл саған кедергі болады. Келгесін оқуды көресің”, – деді. Мен де: “Жарайды, аға”, – деп бұрылып, әскерге кетіп қалдым. Алты ай бойы Ленинградта танкист, үшінші классты механик-водитель болдым. Жарты жылдан кейін мені Петрозаводскіге ауыстырды. Сөйтіп, екі жылда Отан алдындағы борышымды өтеп, Алматыма қайта келдім. 1987-1989 жылдары Алматы эстрада-цирк училищесін, 1991-1995 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка бөлімін “домбыра” мамандығы бойынша, 2012-2014 жылдары “Өнер магистрі” ғылым атағын алып оқуды аяқтадым.
– Өз авторлығыңызбен шыққан “Назқоңыр” хрестоматиясы мен “Домбырамен əн айту мектебі” оқу құралы бүгінде еліміздегі көптеген өнер мектептерінде оқытылып жүр. Бұл оқулықтардың мазмұны несімен ерекшеленеді?
– Дəулескер күйші Мұрат Əбуғазымен бірлесе құрастырған “Назқоңыр” хрестоматиясына халық əндерін, халық композиторлары əрі кейінгі кезеңдегі сазгерлердің əндерін қосқанда нотаға түскен 310 əн енді. Хрестоматияда бұрын танылмаған, Жетісу өлкесінің Хантəңірі аймағындағы авторлардың əндері бар. Ал “Домбырамен əн айту мектебі” оқу құралында домбыра аспабын меңгеру бес сыныпқа дейін жіктелген. Бұл оқулық домбыра пернелеріндегі ноталық дыбыстар, әнді айту, дәстүрлі әнді бастаудың әліппесі іспетті. Оған Қ.Байжанов, Ж.Елебеков, Б.Жылқыбаев, К.Әзірбаев, Қ.Бабақов, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосыновтың ән шырқау және домбыра тарту үлгілері енген. Оны зерттеп шыққан талапкер болашақта жақсы әнші болып кететіні сөзсіз.
– Қазақ халқы үшін киелі өнер – дәстүрлі әншілік мектебінің қазіргі беталысы қандай деңгейде деп ойлайсыз? Қазіргі жастардың беталысы қуанта ма?
– Бүгінде дәстүрлі орындаушылық ән мектептерінің дамуында жақсы үрдістер байқалады. Жыл сайын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Қазақ ұлттық өнер университетімен қатар республикалық, облыстық дарынды балаларға арналған музыкалық оқу орындарын тамамдап жатқан түлектердің санына, сонымен қатар республика көлемінде байқауларға қатысуға ықылас білдірушілердің көптігіне қарап, жақсы нәтижелерді көруге болады. Десек те, түлектердің оқу бітіргеннен кейінгі болашағы бұлыңғыр. Осы бағытта мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру, оқу жүйесін бір қалыпқа келтіру сияқты көкейкесті мәселелерді шешудің бірден-бір жолы облыс, аудан көлемінде мәдениет, өнер ошақтарын қайта жандандыру мен концерттік бірлестіктерді дамыту мәселесіне көңіл бөлу қажет-ақ.
– Жуырда Қызылжарға келіп, жеке концертіңізді қойдыңыз. Репертуарыңыздағы “Дариға-дәурен” әнін алғаш рет жергілікті оркестрдің сүйемелдеуімен орындадыңыз. Қандай сезімде болдыңыз?
– Бұл әнді ең алғаш домбыраның сүйемелдеуімен шырқаған болатынмын. Кейін эстрадалық жанрға да салдым. Осы сапарымда бір жаңалық жасағым келді. Содан Сегіз сері атындағы халық аспаптар оркестрінің жетекшісі Қайырлы Ғафуровпен ақылдастым. Ол: “Аға мен партитурасын сызайын. Концерт болатын күні сіз алдын ала келіңіз, оркестрмен бірге орындап көрейік”, – деді. Сөйтіп, қарап шықтым. Әннің оранжировкасы, түрлі ұлттық аспаптардың әсем үні “Дариға-дәуренді” басқа қырынан көрсетті десем де болады. Осылайша оны концертке қостық. Оның әсері соншалық өнерсүйер қауым орындарынан тұрып қошеметтеп, тағы бір рет орындауымызды сұрады. Тілектерін жерге тастамадық. Бұл әнді әр айтқан сайын сахнадағы сезімім әртүрлі. Осы жолы оркестрмен қосыла орындауым тіптен ерекше сезім сыйлады. Сонымен қатар бір таңғаларлығы оркестр құрамында үлкен буын ғана емес, орта буын, жастардың болуы. Олардың қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, сахнада жарқырып, қыл қобыз, домбыра, басқа да ұлттық аспаптардың құлағында ойнағандары мені қатты қуантты.
– Өңіріміздегі мәдениеттің ошағы, Ақан сері атындағы облыстық филармониядан талай талантты өнерпаздар шығуда. Солардың арасында ізіңізді басып, дәстүрлі ән өнерінің шашбауын көтеріп жүрген азаматтар бар. Жалпы өнерлі жастар жайлы ойыңыз қандай?
– Мен осы орайда Жанат Айтбаев бауырымды ерекше атап өткім келеді. Қара домбыраны құшақтап, өткен-кеткен ғасыр қойнауындағы әндерді жиыстырып, халық композиторлары, кейінгі заман сазгерлерінің әндерін қоржынына толтырып, үлкен бір мектеп қалыптастырып, қасына өзінен кейінгі інілерін жинап жүр. Әншілік мектептің топырағынан шыққан азамат, керемет ұстаз. Оның өкшесін басып Біржан Есжан, Еркебұлан Қаріпов келе жатыр. Еркебұланды бірнеше байқаулардың жеңімпазы ретінде білемін. Республикалық додаларда Қызылжардың намысын қорғап, өзін көрсетіп келеді. Бірі Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосыновтың мектебінде тәрбиеленсе, бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкімановтан дәріс алған. Концерттерде орындаған әндерін тыңдасам, Құлтуманың, бізге де белгісіз көптеген авторлардың шығармаларын орындағандарына қарап, жігіттердің үлкен ізденісте жүргендерін түсінемін. Олардың әнші ретінде өскенін байқаймын. Бұл азаматтарды мықты өнерпаздар деуге болады.
– Қаламыздан қандай әсер алдыңыз? Теріскейдің табиғаты, адамдары мен қонақжайлылығына көңіліңізден шықты ма?
– Қазаққа небір дарындарды сыйлаған Қызылжардың аққайыңдары мен құнарлы топырағы, адамдарының көзқарасы, салт-дәстүрлері, дастарқанға қойған астарына дейін бәрі керемет қой, шіркін! Одан бөлек, қонаққа, өнер мен өнерпазға деген құрметі келген сайын қуантады. Көз шұқитындай кемшіліктері жоқ. Алайда бір әттеген-айы болмаса. Кейбір көшелердің атауларын, ескі ғимараттарын көргенде өзіңді бір кеңес заманында жүргендей сезінесің. Тәуелсіздіктің байрағы желбіреп тұрғалы 30 жыл болса да, жер, көше атауларының ескіден жаңасына ауыспағанына қынжыламын. Бірақ елдің құрметі мен қошеметі, қонақжайлылығы, қимай қоштасқандары бәрін ұмыттырады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.