«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУ ДЕҢГЕЙІ ҒАРЫШТАН БАҚЫЛАНАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс аумағында күннің күрт жылынуынан қар қарқынды еріп, өзен-көлдерде су деңгейі көтеріле бастады. Қазіргі уақытта су басу қаупі бар 3 ауданға құтқарушылардың жедел жасағы жетті, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мамандар облыстағы су тасқынына қатысты жағдайға тоқталды. “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы директорының орынбасары Наталья Левинаның айтуынша, облыс аумағының шамамен 50 пайызының қары әлі толық еріген жоқ.

– Облыстың өзен-көлдерінде мұз қабаты бұзылып, су деңгейі көтеріліп келеді. 5 сәуірде Есіл өзенінің салаларында су деңгейі тәулігіне 28 сантиметрге дейін жоғарылады. Облыстың шағын өзендерінде бұл көрсеткіш 14-55 сантиметр аралығында. Сергеев су қоймасы тола бастады. Су қоймасының сыйымдылығы 530 млн. текше метр, қазір 76 пайызға толды, – дейді Наталья Левина.

Маманның айтуынша, 6-8 сәуір аралығында облыста суық атмосфе­ралық фронттары бар циклон өтпек. Түнде ауа температурасы -6 градус­қа дейін төмендесе, күндіз 7-12 гра­дус жылы болады. Кейін қайтадан жылынады. “Бірінші онкүндіктің соңын­да және екінші онкүндіктің ба­сында облыстың шағын өзендерінде су тасиды деп күтілуде. Екінші онкүн­діктен бастап ауа температурасы кө­теріліп, түнде 3-8, күндіз 15-20 гра­дусқа дейін жылынады. Есіл өзенін­де және Сергеев су қоймасында су деңгейінің көтерілуі жалғасады. Үшінші онкүндікте ауа температу­расы 15-20 градус жылы болмақ. Ай­дың соңында Петропавл қаласынан жоғары орналасқан бекеттерде су дең­гейі шегіне жетпек. Петропавл маңында сәуірдің аяғында және ма­мыр айының басында су тасқыны бо­лады деп болжануда”, – дейді На­талья Левина.

Облыста өзен-көлдердегі деңгей 19 гидрологиялық бекетте бақыла­нады, олардың екеуі Сергеев және Петропавл су қоймаларында, біреуі Тораңғұл көлінде, қалғаны Есіл өзе­нінде және оның салаларында орна­ласқан.

Облыстық төтенше жағдайлар де­партаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтің айтуынша, об­лыста су басуы мүмкін 85 елді мекен бар, олар Айыртау, Тимирязев, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атын­да­ғы ауданда орналасқан. 6 мыңнан астам адам тұратын 1872 үйге еріген қар суы кіруі мүмкін. Зардап шегуі ық­тимал елді мекендер бүгінде ерекше бақылауға алынды.

– Екі күн бұрын облыстың Айыртау, Тимирязев және Ғабит Мүсіре­пов атындағы аудандарына 34 адам және 9 техникадан құралған жедел жасақ жіберілді. Мамандар көлдер­дің деңгейіне тәулік бойы монито­ринг жүргізеді, мұзды жарады. Бө­геттерді нығайтып, еріген қар сула­рын сорғызумен айналысады, – дей­ді Мұрат Қанғожинов.

Өңір аумағындағы жолдарды су шаю немес қызыл судың тұрғын үй­лерге кіру жағдайы тіркелген жоқ. “Су тасқынымен күресуге құқық қорғау органдарынан 475 адам, 134 техника­сы бар 8 топ құрылды. Табиғат құ­былысының зардабын азайту мақс­атында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Был­тыр елді мекендерден 2 млн. 95 текше метр қар шығарылса, биыл осы күнге дейін 600 мың текше метр қар алынды. 6 мыңнан астам құбыр, 300 шақырым арық пен су өткізу ка­налы тазартылды”, – дейді департа­мент бастығының орынбасары.

Облыста су тасқыны қаупін азай­туға бағытталған “Жол картасы” бар. Құ­жатқа 9 іс-шара кірген. Соның үшеуі облыстық және республикалық маңызы бар автожол учаскелерін күр­делі жөндеу және қайта жаңартуға қа­тысты, біреуі қорғаныс бөгеттерін жөндеуге және қалған бесеуі көпір­лерге, су өткізу құбырларына, арық­тарға жөндеу және қайта жаңарту жүргізу үшін жобалық-сметалық құ­жат әзірлеуді көздейді.

Су тасқыны қаупін азайту үшін был­тыр су тасқынына дайындық бо­йынша инженерлік жұмыстар жоспа­ры іске асырылды, бұл жұмыс 27 елді мекенді қызыл судан қорғауға мүм­кіндік берді. Жалпы республикалық маңызы бар автожолдарда 19 көпір, сон­дай-ақ 7 жол өтпесі бар. Бұдан басқа, 607 су өткізу құбыры орналасқан, соның 16-сы қайта жаңғырты­лып жатыр. Ал облыстық және ау­дандық маңызы бар автожолдарда 1 жол өтпесі және 32 көпір, 1391 су өт­кізу құбыры орналасқан.

– Соңғы 5 жылда судың жолына 130 километрден астам үйінді жасал­ды, 7 километрден астам қорғаныс бөгеті салынды, облыстың автожол­дарында 79 су өткізу құбыры, 7 тю­бинг орнатылды, 48,5 шақырым дре­наж жүйесі салынды және жөнделді. Жүргізілген жұмыстардың арқасын­да 170 елді мекенде қауіп сейілді, – дейді облыс әкімі аппаратының жұ­мылдыру даярлығы және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Серік Ғай­син.

Өңірде су тасқынын мониторингі­леу және болжау үшін “Ғарыш сапа­ры” геопорталы да белсенді пайда­ланылып жатыр. Онда ғарыштан жа­салған фототүсірілімдер және су тас­қыны қаупі бар елді мекендер мен гид­ротехникалық құрылыстардағы қар жамылғысы туралы деректер ор­наластырылады. Облыстық бюджет­тен су тасқынына космомониторинг жүргізуге 6,5 млн. теңге және облыс аумағына тікұшақпен барлау жүргізу үшін әуе көлігі қызметіне 13,4 млн. теңге бөлінген. “Жергілікті атқарушы органдар су тасқыны болған жағдайда жедел түрде құрамында 1520 адам, 1015 құтқару техникасы бар топ­тар құра алады. Көктемгі су тас­қы­нымен күреске биыл 180 тонна жанар-жағармай, 31 мың тонна инертті материал, 36 мың қап әзір­лен­ді. Облыстық резерв – 670 млн. тең­геден асады. Оның 123 млн. тең­гесі төтенше жағдайдың алдын алуға және салдарын жоюға бағытталған”, – дейді Серік Ғайсин.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp