Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мемлекет меншігіне түскен мүліктерді есепке алып, сақтап, бағалап, оны әрі қарай қолдану бойынша жұмыстар жүргізеді. Мемлекет есебіне түскен мүліктер қатарына мыналар жатады: тәркіленген мүліктер, заттық дәлелдемелер, табылған сыйлықтар және мемлекет меншігіне өткен иесіз мүліктер.
Мемлекет есебіне түскен барлық мүліктер арнайы есептемеге салынып, www.gosreestr.kz веб-порталы жүйесі арқылы мемлекеттік және әлеуметтік ұйымдарға ұсынылады. Егер қандай да бір ұйым өз есебіне алмаса, ол мүліктер жалпы сатылымға қойылады. Мемлекеттік және әлеуметтік ұйымдарға мына тізімдегі мүліктер ұсынылмайды: бағалы қағаздар, бағалы темір, өңделмеген мұнай, мал мен мал өнімдері, арақ-шарап өнімдері, темекі және темекі өнімдері, ұялы телефондар, төлем терминалдары, ойын автоматтары, ойын құралдары және казино жабдықтары. Тізімге енгізілген мүліктер сатылымға бірден шығарылады.
Мемлекеттік мекемелердің теңгеріміне мүлік мына кездерде тапсырылып тіркеледі: мүлікті қабылдаушы мемлекеттік мекеме және әлеуметтік ұйымдар өздерінің орнатылған штаттық санына қарай және қабылдаған мүлікті ұстауға қаражат жағынан сәйкес келуі қажет, яғни, мекемеде мүліктің саны орнатылған санынан аспауы керек (бұл талаптар тек қана қозғалмайтын мүлік пен автокөліктерге ғана қатысты). Қабылдаған мүлікті күтіп-ұстауға шығын бюджет есебінен өтеледі. Мүлікті тапсыру және тіркеу мемлекеттік және әлеуметтік ұйымдардың электрондық арызы бойынша жүргізіледі, веб-портал тізіміндегі мүлікті қабылдау үшін арызбен бірге тиісті мекемеден қажетті мүліктің саны және қажеттілікті растайтын қорытынды құжат керек, қорытынды электронды жүктелген көшірме болуы шарт. Айтылған қорытындыда экономикалық қажеттілік және әлеуметтік ұйымдар қандай мақсатта қолданатыны көрсетіледі.
Департамент мемлекеттік мекемелерге ұсынған мүлік бойынша веб-порталда қатысушыларға мәлімет үшін хабарлама қалдырады. Арыз қабылдау аяқталғаннан кейін хабарламада көрсетілген уақытта қабылданған арыздар белгілі болады және ол арыздарды арнайы комиссия қарастырып, қойылған талапқа сәйкестігін тексереді. Комиссия мүшелері дауыс беріп, жеңген мемлекеттік мекемені немесе әлеуметтік ұйымды анықтағаннан кейін комиссия хатшысы қорытынды хаттама толтырып, комиссия мүшелеріне қол қоюға жібереді. Комиссия мүшелері әр қабылданған арызға дауысты жеке-жеке береді. Одан соң хатшының шешімге қатысты толтырылған хаттама арыз берген барлық мемлекеттік мекемелерге және әлеуметтік ұйымдарға бірден танысуға жіберіледі. Мүлікті алуға бірнеше мемлекеттік мекемелерден арыз түскен жағдайда, бірінші болып берген мемлекеттік мекеменің арызы басымдыққа ие болады. Мүлік мекеме арызында көрсеткен саннан асып кетсе, артық мүлік келесі арыз берген мемлекеттік мекемеге тапсырылады. Комиссия мүшелері оң шешім қабылдаса, мүлік тапсыру-қабылдау актісіне сәйкес тапсырылады. Мемлекеттік мекемелерде мүлікті қабылдауға арыз бен күтіп ұстауға шығындар қарастырылмаса, онда ол мүліктер әрі қарай жалпы электронды сатылымға шығарылады.
2020 жылы мемлекеттік занды тұлғаларға 2 әкімшілік ғимарат, 3 автокөлік кұралы, 8 синтетикалық қорғаныш костюмі, 400 қолғап бекітілді, 156,78 литр медициналык спирт, 32,7 тонна битум, 2290 литр дизель отыны, 600 литр бензин тапсырылды. Берілген мүліктердің жалпы сомасы – 246261611 теңге. 2021 жылғы көрсеткіш – 1 автокөлік құралы, құрамында спирт бар 45923 литр өнім, жалпы сомасы – 92011949 теңге. 2022 жылдың 1 тоқсаны бойынша 10297143 теңге болатын 11 автокөлік құралы тапсырылды.
Дулат ҚОЖАНОВ,
облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікпен жұмыс істеу бөлімінің жетекшісі.