Компьютерлік ойындардың зияны туралы айтылып та, жазылып та жүр. Соған қарамастан балалардың әуестіктері артпаса, кемитін түрі байқалмайды. Дәрігерлердің пікірлеріне жүгінетін болсақ, компьютерлік ойындар баланың көз жанарын солдырып, санасын ашықтан-ашық улап жатыр. Ертеден қара кешке дейін экранға қарап тапжылмай отыру ой-өрісінің дамуын шектеп, мінез-құлқына да кері әсер етеді екен.
Қазір кез келген үйде компьютер бар, компьютер болмаса да смартфон ұстамайтын адам жоқ шығар. Балалардың көпшілігі бос уақытын түрлі компьютерлік ойын ойнаумен өткізетіні жасырын емес. Одан қалса әлеуметтік желілерден шетелдің еш мағынасы жоқ мультфильмдері мен киноларын тамашалайды.
Күнделікті үй тірлігінен, жұмыстан қолы босамайтын ата-ана баласының тыныш отырғанын тәуір көріп, қолына телефон ұстатып немесе теледидар көруіне ешқандай шек қоймайды. Уақыт өте ұл-қыздарының денсаулығына қаншалықты зиян келтіргендерін өздері де аңғармай қалады. “Қап” деп сан соғып, бармақ тістеп жататындары сондықтан. Кейде үлкендердің өздері компьютердік ойындардың шырмауынан шыға алмай жатады. Психолог мамандардың айтуынша, балалар ойынға бір қызықса, тоқтату өте қиын көрінеді.
Компьютерлік ойындардың жұрт көп қызығатын түрі – атыс-шабыс пен төбелес. Бұл алдымен баланың мінез-құлқына кері әсер етеді. Өйткені ойынның басты кейіпкеріне ұқсағысы келетін баланың мінезі де содан аумай қалады. Қарсыластарын ұтқан сайын оның ойынға деген құмарлығы арта түседі. Өзі сол әлемнің “қаhарманы” болуға ұмтылады. Сырттағы дүниені ұмытып, қым-қиғаш соғыс алаңында немесе сатырлаған төбелестің ортасында жүреді. Мұндай кезде баланың жүйкесі жұқарып, ашу-ызаға бой алдырады. Ұтылып қалса, көңіл күйі түседі. Атыс-шабысқа негізделген ойындар бала бойындағы мейірімділік, ізгілік сияқты қасиеттерді жойып, керісінше, қатыгездікке тәрбиелейді.
– Байқағаным, балалардың компьютерлік ойындарға қызығушылығы 3-4 жасынан басталады. Бұл кезде баланы компьютерге жақындатуға мүлдем болмайды. 7 жастан асқаннан кейін ғана аптасына бір рет және аз уақыт қана компьютерге отырса болады. Жуас, өз ортасынан бөлек жүретін балалар компьютерлік ойындардың тұтқынына айналуы ықтимал. Олар достарымен жақын араласпағандықтан, бар уақытын компьютер алдында өткізеді. Бұндай кезде оны ойыннан алыстату өте қиын. Тіпті ол ата-анасына қарсы келіп, жанжалдасуы мүмкін. Шектен тыс құмарлық баланы компьютерге тәуелділікке әкеліп соқтырады. Оны айналасы қызықтырмайтындай халге жеткізеді. Сондықтан мұндай кезде балаға ұрыспай, айқайламай, түсіністікпен қарап, оны виртуалды әлемнен алыстату қажет. Әдеби кітаптарға немесе басқа пайдалы істерге тартып, қызықтырып, біртіндеп компьютерден ажыратуға ұмтылған абзал, – дейді психолог Марат Саурбаев.
Дәрігерлердің айтуынша, экранның алдында көп отыру түрлі ауруларға шалдықтырады.
– Компьютер алдында немесе телефон ұстап ұзақ отыру, біріншіден, баланың көзіне зиян. Өйткені үздіксіз экранға қадалу көз жанарын әлсіретіп, құлақтың есту қабілетін төмендетеді. Көз экрандағы мәтiн немесе өзге де бейнелердің әлсіз дiрiлдеулерiн тез қабылдайды. Сөйтіп, көзге шамадан тыс салмақ түсіп, көру қабілетін азайтады. Осының салдарынан көз жасаурап, тез шаршайды. Егер дер уақытында алдын алмаса, бұл түрлі көз ауруларына әкеліп соқтыруы мүмкін. Баланың ұйқысы бұзылып, асқа тәбеті тартпайтын болады. Ұйқысы қанбаған баланың ойлау қабілеті әлсіреп, зейіні төмендейді, – дейді Аққайың аудандық ауруханасының көз дәрігері Салтанат Нұғыманова.
Екіншіден, бала экран алдында дұрыс отырмаса, бел омыртқаға көп күш түскендіктен, өзгеріске ұшырайды. Салдарынан скалиозға шалдығуы мүмкін. Бұған қоса электрленген сәулелер саусақ ұштарына әсер етіп, қолдың буындарына зақым келтіреді. Сондықтан ата-анаға айтар кеңес – баланы бес жасқа дейін компьютерлік ойындарға мүлдем жолатпаған абзал. Дәрігердің сөзінше, бала компьютерді сабақ оқу үшін пайдаланатын болса жиі-жиі көз және дене жаттығуларын жасап отыру қажет.
Кез келген ата-ана балаларына компьютерлік ойындарды ойнатпас бұрын оның зияны туралы ескертуді ұмытпағаны жөн. Жалпы шамадан тыс компьютер алдында отыру немесе телефонға телміру баланың ғана емес, үлкен адамның да жүйкесін жұқартады. Екіншіден, балам мұндай жаман әдеттен ада болсын десеңіз өзіңіз үлгі көрсетіп, компьютер мен телефонға көп жақындамағанымыз абзал.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.