Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауы – бұрынғыдан өзгеше. Экономиканы басқарудың тиімділігін арттыруға, партиялық жүйені жетілдіруге, заң шығару тетіктерін нығайтуға, медиа саланы дамытуға және еліміздің аумақтық бөлінісіне бағытталған маңызды мәселелер қамтылған.
Жолдауда ұсынылған реформалар елді жаңартудың ұзақмерзімді жоспарының бір бөлігі болып табылатынын түсіну қажет. “Жаңа Қазақстан” – еліміздің болашақ бейнесі. Ол қоғамдық құндылықтарды жаңарту және ұлттың сапасын арттыруға бағытталған. “Жаңа Қазақстанды” аз уақыттың ішінде құру мүмкін емес. Бұл – қоғамдық трансформацияда терең және ұзақ жүзеге асырылатын үдеріс.
Мемлекеттік аппаратта қабылданатын шешімдердің тиімділігін және жеделдігін арттыру, құжат айналымын және есептерді қысқарту, мемлекеттік органдар басшыларының жеке және дербес жауапкершілігін арттыру мақсатында Президент бюрократиядан арылудың жолдарын көрсетті. Бұның бәрі кейін қол қойылған “Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы” Жарлықта көрініс тапты. Ведомстволық есептілікті жүйелендіру және автоматтандыру, ақпараттық жүйедегі мәліметті сұратуға мемлекеттік органдарға тыйым салу, қағазға бұрыштама қоюды және құжаттардың әр парағына қол қоюды жою, қашықтан жұмыс істеу үшін мемлекеттік органдар басшыларын қажетті құралдармен қамтамасыз ету – өте өзекті мәселелер.
Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткен саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар Мамлют ауданында тиісті деңгейде қолға алынғанын айта кеткен жөн. Түйткілдерді оңтайлы әрі тез шешудің бір тәсілі – халықпен тұрақты кездесулер өткізіп, диалог орнату арқылы әрекет ету. Ауылдардағы кездесулер кезінде байқалған бір жайт – тұрғындарды мазалайтын басты мәселе – ауызсудың тапшылығы екендігі. Сондықтан елді мекендерді тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жұмысы жалғастырылады. Атап айтар болсақ, осы күнге дейін аудандағы 38 елді мекеннің 11-і орталықтандырылған құбырға қосылады. Өткен жылы “Қазсушар” кәсіпорны Новодубровное, Пчелино, Михайловка, Қызыласкер, Раздольное, Степное және Бике ауылдарына құбыр тартты. Становое ауылында модульдік мұнара орнатылса, Белое елді мекеніне ұзындығы 14 километр желі жеткізілмек. Демек, биыл Белое және Покровка ауылдарының тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізеді. Ондаған жылдар бойы ауызсуға жарымай отырған ауылдықтар үшін бұл – жақсы жаңалық деуге болады.
Білім ошақтары да жыл сайын жөндеуден өтуде. Нақты айтар болсақ, 2018-2021 жылдарға арналған Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру, сонымен қатар Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде ауданда 23 мектептің 13-і ағымдағы жөндеуден өтсе, өткен жылы 3 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, Дубровное, Михайловка, Меңгесер, Бике, Покровка және Қызыләскер орта мектептерін, Мамлют өнер мектебін, мектеп-балабақша кешенін жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленді.
Денсаулық сақтау саласында да тың бастамалар қолға алынды. Аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Деніне шипа іздеп келетіндерге көрсетілетін қызметтер сапасы біршама жақсарды. Атап айтар болсақ, жүректегі өзгерістерді бірден анықтайтын электрокардиограф, жүкті әйел мен құрсақтағы шарананың жағдайын тексеретін фетальды монитор, асқазан ауыруының диагностикасы мен емдеу жолдарын көрсетіп беретін фиброгастроскоп және А классты екі санитарлық автокөлік сатып алынды.
Сонымен қатар Новомихайловка ауылында фельдшерлік-акушерлік қосын салуға, Бексейіт ауылында медициналық бекет, аудандық аурухананың бірінші және үшінші қабатын, Дубровное, Леденево, Қызыләскер ауылдарында фельдшерлік-акушерлік қосындарды күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалды.
Ауыл тұрғандарын жолдың жайы қатты алаңдататыны анық. Мамлют ауданы бойынша қолданыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 467 километр. Соның 257 шақырымы автомобильмен қатынауға қолайлы, яғни, қанағаттанарлық жағдайда. Қазіргі уақытта жоспар бойынша жолдың 185 километрі жөнделді, енді 25 шақырымы қалпына келтірілмек. Мәселен, өткен жылы Дубровное – Михайловка жолы жөнделіп, тұрғындар бір қуанып қалды.
Аудан тұрғындарының негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығына келер болсақ, биыл “Әйтеке би” ЖШС Калугино ауылында және “Кызыласкерское” ЖШС Қызыләскер ауылында тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Жаңа кешендер ашылса, ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындары құрылады.
Бұдан бөлек, “Белое-Агро” ЖШС биыл жартылай фабрикаттар шығаратын цех, “Ахитовка” өндірістік кооперативі сүт өңдейтін шағын зауыт ашуды жоспарлауда. Ауылдық елді мекендерді дамыту, білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен 22 меморандум жасалды, бұл бағыттағы жұмыс әлі жалғастырылады.
Кәсіпкерлік – экономика дамуының тірегі десек, артық айтқандық болмас. “Бизнестің жол картасы – 2025” мемлекеттік бағдарлама шеңберінде аудан кәсіпкерлеріне 482,4 млн. теңгенің қолдауы көрсетілді. Соның ішінде “Сапа Инвест” ЖШС құны – 1,5 млрд. теңге болатын ағаштан ДСП, ЛДСП шығаратын зауыт ашуды жоспарлауда. Жоба іске асса, 80 жаңа жұмыс орны ашылады. “AI-ZERE MRAMOR” жеке кәсіпкерлігі 5 млн. теңгенің мәрмәр өндірісін қолға алмақ, аудан қонақтары мен туристерге арналған этноауыл құру жобасы да қолдау тапты. “Сабиров” жеке кәсіпкерлігі тоқыма өндірісі жобасы үшін 2,8 млн. теңге алса, “Мирончик” жеке кәсіпкерлігі кілемдер, сыртқы киімдер және көрпелерді химиялық тазалау жобасына 3,9 млн.теңге мөлшерінде мемлекеттік грант алды.
2021 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша Бике, Леденево, Меңгесер және Андреевка ауылдарына талшықты-оптикалық байланыс жүйесі тартылса, кең жолақты интернетпен Андреевка, Воскресеновка, Дубровное, Покровка, Краснознаменное және Меңгесер ауылдары қамтамасыз етілді. Сондай-ақ Становое елді мекенінде осы жылы байланыс сигналын күшейтетін аппарат орнату жоспарланған. Өткен жылы “КарТел” ЖШС ұялы байланыстың базалық станциясын жабдықтау үшін ауданымыздың 6 ауылына биік мұнаралар орнатты.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде көптеген жұмыстар атқарылғанын айта кеткен жөн. Соның нәтижесінде энергия үнемдейтін жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта бұл жұмыстың нәтижесін 25 елді мекен көріп отыр.
Ауданымыздың мәдениет және спорт саласы да жанданып, ескірген нысандар қайтадан жөнделу үстінде. Айталық, биыл Бостандық ауылындағы клубты қайта жаңарту жұмысы аяқталады. Сонымен қатар Меңгесер, Афонькино, Андреевка ауылдарындағы Мәдениет үйлерін күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Айта кететін тағы бір жаңалық, аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарлануда. Кешенде үлкен ойын алаңы, тренажер, бокс, теннис залдары болады және хоккей кортына қарай өткел қарастырылған. Бұл жобаға қазір сараптама жүргізілуде. Жоба құны – 500 млн. теңге.
Мамлют ауданында қоғамдық тәртіп қамтамасыз етілген. 2021 жылы учаскелік полиция инспекторларының тиімді жұмыс істеуі үшін тірек пункттерін баспанамен қоса салу жұмысы Новомихайловка ауылынан басталды, биыл Краснознаменное елді мекенінде, келесі жылы Андреевкада ашылады деген жоспар бар.
Абаттандыру жұмысы да алға басып келеді. Жасыл желек отырғызу бойынша акция бастау алды. “Туған жерге тағзым” жобасы аясында 300 қарағай, 200 аққайың, 20 шырша, шетен, терек, тал және тағы басқа ағаштардың көшеттері. Бір Пригород ауылдық округінде 100-ден астам терек отырғызылғанын айта кеткен жөн. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Щучье ауылында мәдени бос уақыт орталығын ашу, Қызыләскерде жазғы және қысқы спорт ойындарына арналған сауықтыру алаңын ашу жоспарланып отыр, аудан орталығының Жұмысшы кентінде балалардың ойын және спорт алаңы салынбақ.
Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыру аясында Мамлют ауданында атқарылып жатқан негізгі жұмыстар. Қолға алған көптеген істерді биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Халыққа басты керегі – таза ауызсу, мектеп, жол, интернет. Мемлекет башысының тапсырмасына сәйкес, бұдан да басқа игі шаралар қолға алынады. Біз жұдырық болып жұмылғанда ғана кез келген қиындықтан іркілмей өте аламыз.
Владислав ЛУКИН,
Мамлют ауданының әкімі.