«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕРТТЕУШІ ЕҢБЕГІНЕ БЕРІЛГЕН ЖОҒАРЫ БАҒА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әрбір ұлттың тарихында артына өлмес мұра, өшпес із қалдырып, бүкіл әлемді еріксіз мойындататын, жалпы адамзаттың мақтанышына айналатын тума таланттары, ке­мең­гер ұл-қыздары болады. “Ауы­лымыз аралас, қойымыз қоралас”, малымыз төскейде, басымыз жас­тықта түйіскен көрші Ресейде Александр Пушкин “поэзия пади­шаhы” ретінде қалай дәріптелсе, қазақ елі Абай Құнанбайұлын сондай дәрежеде әспеттейді. Қос тұлғаның классикалық жазба әде­биеттің негізін қалаушы ретінде тыңнан түрен салған дара жаңа­шылдығы, ешкімге ұқсамайтын ақындық қолтаңбасы ғана емес, сонымен қатар шығармашылық қуат­тылығы мен рухани бітім-болмысы, идеялық байланысы да те­рең үндесіп тұрғаны анық аңғары­ла­ды. Әр дәуірде өмір сүрсе де, екі елдің маңдайына бақ болып біткен қос кемеңгер мұраларының біте қайнасып кеткені соншалық, Пуш­кин десе – Абай, Абай десе – Пуш­кин көз алдымызға елестеп, “бар­лық уақыттың және барша халық­тардың ақыны” деген ұғымды біл­ді­рері даусыз. 2006 жыл “Қазақстан­дағы Пушкин жылы” деп жарияла­нып, Қызылжар өңірі тәңір тектес поэзия әлемінің иесі мен киесі атан­ған кемел ойлы ғажайып тұлғалар­дың өлмес рухына арналған тәр­биелік мәні зор мәдени, әдеби іс-шараларға толы болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Сол жылдары Мәс­кеу жұртшылығы осындағы “Русский раритет” баспасынан орыс тілінде басылып шыққан Абайдың, Жам­былдың, Мағжанның өлеңдерімен сусындап, талай ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан халықтар арасындағы мәңгілік достықтың берік нышанындай қабылдаған. Бұл жинақтарды құрастырып, оқырман қауымға ұсынған – белгілі әдебиет­танушы, Құрмет орденінің, Ресей Әдебиет академиясы “Пушкин” медалінің иегері, Қазақстан мәде­ниетінің үздігі, Сәуле Мансұрова болатын. Енді, міне, Қазақстанда, Ресейде, басқа да елдерде кеңінен танымал болған кітап “Пушкин – Абай” деген атпен мазмұны жағы­нан толықтырылып, “Художествен­ная литература” баспасынан қайта басылуы, оқырман қауымға ұсыны­луы көп жылғы тынымсыз еңбектің нәтижесі деп бағалауымызға толық негіз бар. Карантиндік шектеулерге қарамастан, ұлы ағартушының 175 жылдығы былтыр елімізде кеңінен атап өтілгені белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: “Абайды асқақтата отырып, біз өскелең ұр­пақтың ұлттық рухын қалыптасты­рамыз. Абай арқылы біз елімізді бүкіл әлемге танытамыз”, – деп атап көрсеткен болатын.

Жалпы Мансұровтар отбасы өңір тұрғындарына жақсы таныс. Тайыр Аймұхамбетұлы Мәскеуде елшілік, облыста әкімдік, ЕурАзЭҚ-тың бас хатшысы қызметтерін атқарып, ел­ге көрнекті мемлекет, қоғам қайрат­кері ретінде танылды. Сәуле Әмір­ханқызы мәдени салада өнімді еңбек етіп, руханиятқа үлкен үлес қосты. Петропавл қаласында Абай мен Пушкинге арнап еңселі ес­керткіш тұрғызылды.

“Художественная литература” бас­па­сының бас редакторы, акаде­мик Георгий Пряхин кітаптың ал­ғысөзінде “Жинақтың алғашқы ба­сылымымен Сәуле Мансұрова ар­қылы танысып, бас алмастан оқып шыққан едім. Бұл жолғы толымды еңбекте Абайдың шығармалары, ол жайлы зерттеу мақалалар керемет көркемдік шеберлікпен аударылып, қазақ әдебиетін жаңа ой орамдары­мен байытты. Қазақтың бас ақыны Александр Сергеевичтің алғашқы аудармашысы ретінде “Таятьяна­ның Онегинге хатын” өз әуеніне сүйене отырып, тамаша тәржіма­лаған. Сөйтіп, шексіз қазақ даласы мен ауылдары үшін ең танымал, ең халықтық әнге айналды”, – дей келіп, ерекше дарынды, кемел ойлы Абайдың жаңа мәдениетті ақыл сарабынан өткізіп, өз бойына сіңіре білген, қалың жұртқа ортақ, анық ұлттық, халықтық ақын екенін же­ріне жеткізе насихаттай білген Сәу­ле Әмірханқызының халықтарды бір-біріне деген рухани жақындас­ты­ру­дағы ұмтылысы мен ізденісін жоғары бағалайды.

Жинақтың құрастырушысы “Ша­быт үшін туғандар” алғысөзінде әділ атап өткендей, Абай мен Пушкин жа­йында бірдеңе айту қиындау сияқ­ты. Бірақ олардың мұрасына деген сұраныс пен қажеттілікті ескермей болмайды. Евразиялық мәдениет­тің ең жарқын өкілдері туралы әңгіме таусылмақ емес. Өйткені олар қоғамның тарихи, адамгер­шілік, рухани, эстетикалық сұрақта­рына толыққанды жауап берген шын мәніндегі гуманистік дүниета­нымның өзгертушілері болып табы­ла­ды. Жинақта ақындар әлемінің осы қырлары жан-жақты ашып көр­сетіледі. Өмірбаяндарынан дерек­тер келтіріле отырып, стиль ерек­шеліктері айқын сипатталады. Оқырманның сезімтал жүрегін та­мыр­шыдай тап басып, поэзияға де­ген іңкәрлігін ынтықтырып отырады.

Виктор Шкловскийдің аударма­сында ұсынылған “Қара сөздер” – тұтас дәуірдің антологиясы деуге тұрарлық. Құрастырушының осы жа­ғын қапысыз тап басып, әлемдік фи­ло­софиялық эстетиканың ең озық үлгісі ретінде тани білуі өте құптар­лық. Осы арқылы өзге тілді оқыр­ман қауым қазақ даласының өмірі, дәстүрлері жайлы мол мағлұ­мат алады. Абайдың философия­лық тереңдігін, ішкі жан дүниесін дәл аңғарады. Жинақтың екінші бө­лімі­не ақын өлеңдері тақырыптық жік­­теу бойынша топтастырылған. Осы бөлімде “Евгений Онегин” ро­ма­ны­нан қазақ және орыс тіл­де­рін­де үзінділер беріліп, қос ақын­ның ой, сыр үндестігі, поэзиялық ұқсас­тық­­тары, шығармашылық мі­нез-құл­қы тау шыңындай асқақтай түседі.

Жинақтың иллюстрациялық бе­зен­дірілуі де көңілге қонымды. Кі­таптың мұқабасында екі халықтың достығын бейнелейтін ақындарға арналған ескерткіштегі Абай мен Пушкиннің символикалық кездесуін өмір ағашы біріктіріп тұр. Бұл уақыт пен кеңістікте, шығармашылық бастауларда шектеу жоқ деген мағынаны білдірсе керек. Сондай-ақ ұлы ақындардың түрлі кезең­дердегі портреттері, Нұр-Сұлтан, Семей қалаларындағы ескерт­кіштер топтастырылған.

Қазақ тарихында Пушкиннің мұ­ра­сына алғаш айрықша зер салып, қазақ және орыс халықтарының рухани жақындасуына қадам жа­саған Абай екені жинақтың өне бойынан сезіліп тұрады. Мәселен, Татьянаның өмір жолы қыр елі қазақ қызының тағдырымен мұң­дас. Оның еркіндік сүйгіштігі мен парасаттылығы, сабырлылығы қа­зақ жастарын тебірентті. Пушкиннің ұлылығын өз заманында тани білген Абай мұндай әлеуметтік теңсіз­діктерді өз өлеңдеріне кездейсоқ арқау етпеген. Поэзиялық көзқарас­тарының астасып, үндесіп жататы­ны сондықтан, мұның бәрі жинақта табиғи, әдемі өріледі.

Көз тартар етіп безендірілген, ал іші поэзияның інжу-маржанына, са­раптама мақалалар мен зерттеу­лерге толы жинақта поэзияның қайталанбас екі алыбы шығар­машылықтың биік шыңына құлаш ұра отырып, жалпы мәдениеттік, тарихтық маңызы бар ұлттық дү­ниелер тудырды деген байлам жа­салады.

Республикамыздың, облы­сы­мыз­­дың рухани, мәдени салала­рының өркендеуіне өзіндік қолтаңба қалдырған Сәуле Әмірханқызы ме­рейлі белеске көте­ріліп отыр. Осы мерейтойға орайлас тапсы­рыл­ған Қазақстан Респуб­ликасы Прези­ден­тінің Алғыс хатын­да көп жылғы қоғамдық-ағартушылық қызметіне, қазақ поэзиясының аса көрнекті өкіл­дері Абайдың, Жамбыл мен Мағ­жанның таңда­малы шығармаларын жинақтап, қазақ және орыс тілдерін­де шы­ғарған бел­сенділігіне, лайық­ты баға берілген. Алғыс хатта “отан­дық әде­биетті ке­ңінен насихаттап, халық­тар арасын­дағы мәдени бай­ланыс­тарды нығайтуға қосқан елеу­лі үлесіңіз үшін алғысымды білді­ремін. Мерейлі жасыңызбен құт­тықтай­мын”, – деп жазылған.

Біз де осы жүрекжарды тілектерге қосыламыз.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp