«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

МӘҢГІЛІК САҒЫНЫШЫМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әкем Ғалым Малдыбаев – сана­лы ғұмырын қазақ журналистикасы мен әдебиетіне арнаған жан. Ол өзі­нің “Өмірден ертегі” атты хикаятында туғанынан шешесінен жетім қалып, байдың есігінде күн кешіп, қозы бақ­қанын, көп қиянат көргенін баяндай­ды. Жасынан таршылық пен жоқшылық­тың зардабын тартқан әкем талапкерлігі, мақсатшылдығының арқа­сында талай жетістікке жеткені көбі­мізге аян. Молдадан сауатын шала ашса да, қолына қалам ұстап, ақ жү­регімен, ақ ниетімен өз елін, жерін өлеңге қосып, халықтың бостанды­ғын, теңдігін және сәулетті болаша­ғын жырына арқау етті.

Әкем Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінен кейін Мәскеуде Жазу­шылар одағының Жоғарғы әдеби курсын тамамдаған. Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс алып, біраз уақыт аталмыш университетте шығыстану тақырыбында дәріс оқыған. Жерлес жазушы Сәбит Мұқанов көзі тірісінде әкемнің өлең өнеріндегі ерен еңбегіне жоғары баға берсе, Қа­зақстанның халық жазушысы Дихан Әбілов Ғалым Малдыбаевтың талан­т­ына тәнті болған.

Жиырмасыншы ғасырдың басында­ғы советтік дәуір кезінде, әкем Ға­лым Малдыбаев дарабоз ақынды­ғымен ғана шектеліп қоймай, аудар­ма­шылықпен де айналысса, бір жа­ғынан тамаша фельетоншы да еді. Ке­зіндегі облыстық “Ленин туы” газеті­нің бетіне идеологиялық және тәрбиелігі жағынан мәні зор фельетондары жиі жарияланып тұрған. Жалпы ол қоғам­ның саяси-әлеуметтік өміріне белсене араласып, өзі көріп-байқаған жағдайларға жырымен баға берген.

Біз ұзақ жылдар қазіргі Ибраев атындағы елді мекенде тұрдық. Ел ішіндегі үлкендер мен белсенділердің әке­ме деген құрметі бөлек сияқты кө­рінетін мен үшін. Ақыл-кеңес сұрау­шы­­лар, ақын-жазушылыққа бет бұр­ған жастар, бәрі біздің үйіміздің төрі­нен табылушы еді. Менің аға-апаларыммен бір мектепте оқып, өскен атақ­ты Герольд Бельгер – Гера аға да Ал­матыдан елге каникулға оралған сайын әкеме сәлем бере келіп, ойла­рымен бөлісіп, анама еркелеп, қай­мақ қосылған жидек жейтіні де есімде қалыпты. Алғаш партия мектебінде бі­лім алған жылдардан бастап өте жа­қын досы болып кеткен Сәбит Мұқанов атамыз жыларалата біздің үйге келіп, елдің ауасына, Есілдің көгала қойна­уында аунап-қунап демалып кететіні де есімде. Көбіне бақ ішіне төселген кілем үстінде анамның күрең шайын асықпай ішіп, әкем екеуі жантайып жатып әңгіме-дүкен құратын.

Атамыз көзі тірісінде “досымның бір баласына өз атымды берейін”, – деп бұйымтайын айтқан екен. Бүгінгі таңда қаламгердің есімін алып жүрген інім Сәбит журналистика сала­сында жемісті қызмет істеуде. Қазіргі таңда ол – республикалық “Казах­станская правда” газетінің бас редак­то­ры. Әкемнің он шақты ұл-қызынан тараған елуден астам немере-шөберелері еліміздің әр түкпірінде табысты еңбек етуде. Анам Зураш Ерғали­қызымен 39 жыл отасып, өнегелі отбасы атанды. Біздің елжанды болуы­мызға әкеміздің бойымызға жөргектен құйған ақыл-кеңесі әсер етті десем артық айтпаған болар едім. Оның анамды қолына қондырған қарлығаш құсқа теңеп, әнге бөлегені кезінде ел ауызында жүрген ақ махаббаты мен балаларына деген сүйіспеншілігі туған-туыс арасында аңызға айналған.

Тамылжыған жаз айларында есі­ле аққан ерке Есілге бала-шағасын арбаға артып алып, көлдей көлкіген көк майса шөпке аунатып, Есіл бойында өсетін маңғаз мойылбасты бұтағынан теріп, інім Сәбит екеуміздің аузымызға салып жегізгені естен кетер ме?! Қайран әкем, қайран дәу­рен дегім келеді осындайда. Кешкілік анамның дәмді тамағы піскенше інім екеумізді кереуеттің үстіне отырғы­зып алып әлем ертегілерін айтушы еді. Кейін есейе келе, сол айтқан ертегілерінің моральдік, тәрбиелік құндылығын терең пайымдап жүрдім.

Алыстарға арман арқалап, қиял қуып, студенттік өмірдің телегей-теңіз толқынына күмп етіп кете барған ке­зімде де әкемнің махаббатынан алыстамадым. Ол кісі жиі хат жазып, мені қатты жақсы көретінін айтып оты­ратын. Осылайша елге, ата-анама де­ген сағынышымды басатын. Әкем кі­тапты көп оқыды. Бізді де кітапсүйгіш етіп тәрбиеледі. Кешкілік уақытта бала-шағасын айналасына отырғызып, есікті іштен бекітіп, балауыз шамның жарығымен бізге Мағжан Жұмабаев­тың өлеңдерін оқып беретін. Ол кезде баламын. Кішкентай болсам да әкем­нің: “Мағжан ол – қазақтың асылы ғой. Бір күні ақталады”, – деген сөзі са­намда жатталып қалыпты. Қазақтың ардақты перзенті ақталғанда мен әкемнің көреген екеніне тағы бір мәр­те тәнті болдым.

Ақынның аты елеусіз емес. Еңбе­гін елеген елі әкемнің туған жеріндегі мек­тепке есімін беріп, оның ішінен мұражай ашты. Петропавл қаласындағы және өмірінің соңына дейін өзі тұрған аудан орталығындағы көше ақынның атымен аталады. Ақын есімі Қазақ­стан республикасының энциклопе­диясына атақты жазушылар қатарына енген. Биыл әкемнің дүниеге кел­геніне 120 жыл толуына орай 1925-27 жылдары редакторы болған, бұрынғы “Бостандық туы” газеті орналасқан ғи­маратқа ақынның бейнесі салынған мемориалдық тақта ілінетіні қуанта­ды. Өз басым мұны қазақ әдебиетінің көр­нек­ті өкілі, қоғам қайраткері, бірнеше кітаптың авторы, еліміздің оннан ас­там облыс орталықтарында баспахана ашқан, жас ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан Ғалым Малдыбаев­тың рухына көрсетілген ізет пен құр­мет деп білемін.

Әкем 1982 жылы маусым айында 80 жасында дүние салды. Қызының көпейі болғандықтан да әкем мені ерекше жақсы көрді, еркелетіп өсірді. Жастайымнан қолыма қалам алып, көңілдің кейбір кездерін қағаз бетіне түсіру ғадетім әкемнің қанымен бойы­ма сіңген қасиет деп санаймын. Мақа­ламның соңын мына бір өлең жолда­рымен тамамдағым келеді.

Қайран, әкем, мейірімді көлдеткен,

Бесігімді ән-күйменен тербеткен,

Ізеттілік, адалдықтың тамырын,

Бойымызға сіңіріпті жөргектен.

Өлең-жырмен баптап мені өсірдің,

Еркеледім, төрде жатып көсілдім,

Соның бәрі сенің арқаң, жан-әке!

Еңбегің мол ернеуіндей Есілдің!

Содан болар жиі есіме алатын,

Айтқан сөзі мұра болып қалатын,

Сендей адам туған шығар, әлбетте,

Сенен артық әке жоқ қой ары – алтын.

Терең жетіп анамыздың парқына,

“Қарлығаш” деп таныстырдың халқыңа,

Аралығы жиырма төрт жыл жасыңның,

Жиырма төрт жыл қалдырыпсың артыңа.

Сезесің бе, сезбейсің бе, ардағым,

Артыңда, әне, талай ұрпақ қалғанын,

Шіркін, өзің ортамызда отырсаң,

Азан-қазан базар болып жан-жағың.

Еске түскен сайын сенем сөзіңе,

Сағынамын жоқтығыңды сезіне,

Өлең жазғым келер кейбір кездерде,

Қыз болсам да ұқсағым кеп өзіңе…

Сен туралы әлі де бір жазармын,

Тағдырыңның талай тарттың азабын,

Тар жол тайғақ кешіп едің ел үшін,

Сені есіне сақтаса екен қазағым.

Дұға қылып, қолды жайдым не етерсің…

Қуатты боп жүрек бәрін көтерсін,

“Қызым келді басыма деп тағы да”,

Әкежаным аунап түсер ме екенсің?!

Ғалия МАЛДЫБАЕВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp