«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРХЕОЛОГ ҰСТАЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлдегі мектептің мұғалімі Руслан Хайыргелдинов – оқушыларды археологиялық қазба жұмыстарына тартып, тарихтың тылсым құпияларына жетелеп жүрген жан. Қиындықтары да, қызығы да мол жұмыс. Көлікті де өзі іздейді, балаларды шатырларға да өзі орналастырады. Тамақтандыру жағын да тиісті мекемелермен келісуіне тура келеді. Бастысы оны ерекше қуантатыны – жастардың қазба жұмыстарына деген ынтасы, білімге деген құштарлықтары. Осындай экспедициялардың арқасында балалар көшпелі өркениеттің тарихымен танысып, туған жер төсіндегі түрлі оқиғалар мен ескерткіштер жайлы көп білім алды.

Русланның бала кезден бергі арманы – тарихшы болу еді. Көкшетау университетін аяқтай сала жас маман “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша Кішкенекөл ауылындағы №2 орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып орналасады. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде оқыған кезде Ақмола археологиялық экспедициясының құрамында қазба жұмыстарына жиі баратын. Студент кезінде қазба жұмыстарына қатысуы өз кәсібін терең игеруіне септігін тигізді. Жалпы диплом алғаннан кейін оның алдында екі таңдау тұрды. Біріншісі, қалада қалу, екіншісі, туған жеріне оралып, қызмет ету.

– Археология саласы мені қатты қызықтырады. Бірде жергілікті жерде толыққанды археологиялық экспедиция ұйымдастыруға белді бекем буып, ойымды іске асырудың жолдарын іздестірдім. Шыны керек, бастапқыда қолдаушылар аз болды. Сонда да алға қойған мақсатымнан қайтпадым. Идеямды оқушыларыммен бөлісіп едім, олар қуана қолдады. Табиғат аясына шығу, туған өлкенің тарихын білу олар үшін сыныпта отырудан гөрі маңызды екенін ұғындым. Аудандық білім бөлімі өтінішімізге түсіністікпен қарап, қаржы жағынан көмектесті, – дейді Руслан Ерланұлы.

Қазақстандық белгілі археолог-ғалым, жақында ғана о дүниелік болған Виктор Зайберттің тікелей қолдауымен алғашқы экспедиция 2016 жылы ұйымдастырылған екен. Сол кезді Руслан былай еске алады. “Бірде Ботай мәдениетін әлемге алғаш танытқан Виктор Федоровичпен телефон арқылы сөйлестім, Айыртау ауданына қазба жұмыстарын жүргізу үшін төрт оқушы ала келуімді, тұрғын үймен және тамақпен қамтамасыз ететінін айтты. Қатты қуандым, көпке дейін сенер-сенбесімді білмей жүрдім”, – дейді ол.

Тарихшы маман өскелең ұрпақ бойында отаншылдық қасиетті қалыптастыруға көп көңіл бөліп келеді. Жыл сайын оқушылармен бірге Ботай және Кеңөткел тұрақтарындағы археологиялық қазба жұмыстарына қатысады. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында жазғы демалыста облыстың киелі жерлеріне экскурсия жасап, аудан аумағында тарихи ескерткіштерді іздестіреді. Мектептегі өлкетану мұражайына жетекшілік етіп, бағалы жәдігерлермен толықтырып отыруды жадынан шығарған емес.

– Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде жергілікті жерде археологияның дамуына белсене атсалысу – негізгі мақсатым. Мұндай экспедицияларға қатысатын балалардың елдің тарихына, ескерткіштеріне деген құрметі, көзқарасы ерекше болады, – дейді жас археолог. Ендігі бір ойы – еліміздің басқа облыстарына экспедициялар ұйымдастыру. Экспедицияны әдеттегідей Ботайдан бастап, Павлодар облысын араламақ. Орталық Қазақстан бойынша бағытты әзірлеп, балаларға Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштерін көрсетпек. “Біртіндеп еліміздің оңтүстік және батыс өңірлеріне барғымыз келеді. Қазақстан бойынша тарихи орындар өте көп. Жалпы ел мектептерінің тарих мұғалімдері қосылса, бірнеше экспедициялар ұйымдастыруға болады. Бұл балаларға қызықты әрі пайдалы болар еді, – дейді Руслан Ерланұлы.

Жас маман мектепте сабақ берумен және археологиямен айналысып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап Уәлиханов ауданы бойынша “Рухани жаңғыру” жобалық кеңсесінің басшысы қызметін атқарып келсе, 2021 жылы Уәлиханов аудандық мәслихатына депутат болып сайланды. 2019 жылы “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасына да қатысып үлгерген. Руслан Ерланұлының алар асуы әлі алда.

Алтынай ҚАЗИҚАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp