Алыптардың ізін басып, олармен бірге халық мұңын, халық қуанышын жырлап, шабыт туын көтерген ақын-жазушылардың ортасында Ғалым Рахметұлы Малдыбаев болды. Ақын шығармашылық өмірінде көркем әдебиеттің әр саласына араласып, туған әдебиетіміздің барша жанрының дамуына сеп тигізіп, атсалысқан. Атап айтқанда, алғаш әдебиетке қысқа өлеңдермен келген ол поэма жанрын меңгере жүре, драмалық шығармалар жазып, сын-сықақ жанрының қазақ әдебиетінде дамуына қызмет еткен болатын. Қазақ әдебиетінің көгінде өмір бойы жемісті еңбек еткен ақынның қаламынан біршама сүбелі туындылар “Қырым қызы”, “Батыр туралы жыр”, “Ақ келін”, “Шахтер”, “Ана әңгімесі”, “Қажымұқан”, “Қошан қарттың әңгімесі”, “Жиырма сегіз батыр”, “Көрұғылы”, “Қорқыт батыр”, “Сарыарқаға саяхат”, т.б. оқырман қауымынан лайықты бағасын алған. “Ғ.Малдыбаевтың қай поэмасын алсаңыз да, ерлікті, батырлықты, батылдықты шабыттана жырлайтыны рас. Ол поэмалардың кейіпкерлері ары таза, сезімтал жандар болып келеді. Ақынның туындыларының қай-қайсысы да сюжеттік шығармаларға жатады, демек, автордың жүйелеп ұтар ситуациялары бар, шешім бар. Қайсыбір поэмаларын өлеңмен жазылған роман деуге де болатындай”.
Қазіргі тіл білімінде адамзат қауымының ғасырлар бойғы тіл арқылы дүние бейнесін тануға ұмтылған талабынан келіп, шындық болмысты танудың белсенді формасы болып табылатын тілді тұтынушы, дүниетаным өзегі – тілдік тұлганы зерттеу проблемасы бой көтерді. Осы тектес жұмыстардың антропоөзектік бағытына сәйкес ұлттық мәдени құндылық ретіндегі ұлттық тілдік мұраны, ұлттық ділді, ұлттық психологияны терең меңгерген Ғ.Малдыбаевтың тілдік тұлғасын зерттеу – ұлттық болмыс пен халықтың дүниетанымын тануда маңызы зор.
Ақын әдеби тіліміздің баюына, жетілуіне, соның ішінде көркем әдебиет тілінің, бейнелі тілдің өзіндік қолтаңбамен молығуына зор үлес қосты. Оның қаламынан ұлттың жанына жақын небір өлең-жырлар, поэмалар туды. Соның барлығында ұлттық тілдің көркемдік бояуы өшпеген, езіне тән көркемдік мәнермен баяндалған күйде жетті.
Ақынның поэзиялық мұралары қазақ поэзиясындағы өзінше бір көркемдік әлемді қалыптастырған – үлкен бір белес. Бұлайша бағалауымызға ақынның поэзиясының тілі, ондағы көріктеу құралдарының қолданылу ерекшеліктері негіз болады.
Қаламгер ақындығының бастау көзі – халықтық жыр-дастандар, хиссалар болды. Халықтық дәстүрлі поэзиялық қолданыстар ақын өленңерінің көркемдік негізін құрады десе де болады. Ақын өзінің поэмалары мен лирикалық өлеңдерінде қазақ халқының дәстүрлі сөз өрнектерін шеберлікпен пайдаланып отырған. Авторлық көркемдік ізденістер мен дәстүрлі қолданыстар жымдаса өріліп, ақын өлеңдерінің көркемдік бейнесін жасайды.
Ақын өзінің таным-түсінігін, қиялын, болмысын белгілі бір ассоциация арқылы береді. Оның өлеңдеріндегі “өмір”, “өлім”, “табиғат”, “сұлулық”, “махаббат”, “қайғы”, “ашу”, “ерлік” т.б. концептері дүние бейнесін суреттеуде өте жиі қолданылып, ақынның өзіндік көзқарасын қалыптастырған. Соның бірі – адамзатқа ортақ, өмірлік мәні бар концептілердің бірі – “өмір” концептісі. “Өмір” концептісі ақын өлеңдерінде негізгі тірек-бірлік болып саналады. Адам үшін ең басты құндылық, ең бағалы нәрсе – өмір болса, сол өмірді танып-білуде ұлттық сипат басым болып келген. Тілдік тұлғаны зерттеуге қатысты жұмыстардың мақсаты оның мағыналық және тілдік доминанттарын табу болса, Ғ.Малдыбаев көркемдік мұрасының негізгі концептілерінің бірі ретінде өмір концептісін атауға болады. Өмір концептісінің көркем дискурс шеңберінде әрбір нақты семантикалық, психологиялық және эмоционалдық-эстетикалық түрде жүзеге асуы тұлғаның тілдік санасының ерекшелігімен айқындалады.
Әдетте, концептіге негіз болатын тірек сөз болады. Мысалы, “өмір” концептісіне “өмір” сөзі кілт сөз ретінде негізгі тірек ұғымын атқарады. Өмірді тану тәжірбиесі “өмір” концептісін көркемдік тұрғыдан бейнелеуінен көрінеді, авторлық қолданыстарда әлем туралы білім жинақталған. “Өмір” концептісі – Ғ.Малдыбаевтың тілдік тұлғасында аса жиі қолданылатын лексикалық бірліктің бірі. Оның тезаурусы ақын поэзиясында көбінесе мынадай ассоциация арқылы танылған: сұм өмір, қонақ өмір, меңіреу өмір, қатыгез өмір, өмір – дауыл, өмір – теңіз, өмір – керуен, өмір – өткел, өмір – алтын тұғыр, өмір – ескі мен жаңаның көпірі т.б. Ақын поэмаларында кейіпкерлерінің ащы тағдырын көрсетуде төмендегі концепілерге жүгінеді: Өмір – тағдыр: Сұм тағдыр шырылдатқан бишараны; Өмір – қонақ: Тірлік – қонақ, кімдер мәңгі тұрмақшы; Өмір-қатыгез: Арзының өмірі тас, серігі тас; Өмір – меңіреу тұрмыс: Алды жар, арты түйық меңіреу тұрмыс; Жегізіп тар тұрмыстан күдер үзгіз; Қамады қасқыр болып тұйық өмір; Өмір – қоғам: Болғанда қоғам дауыл бұрқыраған, Мұстапа қаңбақ болып түскен орға; Өмір – заман, дәуір: Ысқырған айдаһардай ол бір заман; Түйені түгіменен жұтқан дәуір; Бұл дүние көшіп кетер керуен болып т.б. Поэмаларындағы “өмір” концептісі кейіпкерлерінің тағдырымен өзектес, олардың көңіл күйлерімен, күйзелу, мұң, аянышты тағдырларын танытатын ұғымдармен байланысты алынған. Ол негізінен “Қырым қызы”, “Шахтер” поэмаларында жиі көрініс береді де, көбіне “қиындық”, “ашу”, “ажал” концептілерімен астасып жатады. Ақын өмірді бірде қаумалаған қасқырға балап метафора тәсілін пайдаланса, бірде ысқырған айдаһармен салыстырып теңеу әдісімен берген.
Табиғат аясында туып өскен әрбір ақынның туған жер тақырыбына қалам тартпауы мүмкін емес. Туған мекенін, оның табиғатының әсемдігін жырлау – барлық ақынның перзенттік парызы. Ақын туған жер табиғатын ерекше махаббатпен, шабыттана жырлайды. Жалпы ақын табиғатты суреттегенде өзінің не кейіпкерлерінің көңіл күйін, сезім иірімдерін шынайы жеткізу үшін фон ретінде жиі пайдаланады. Ол қай шығармасында болмасын кейіпкерімен бірге қуанады, шаттанады немесе күйзеледі, қайғырады. Сондықтан оның шығармалары шынайы, кейіпкерлері таныс болып, оқырмандарын бірден баурап алады.
Ақын поэзиясындағы “Туған жер” концептісінің концептілік құрылымы: Туған жер – ата-ана; Туған жер – тың дала; Туған жер – сұлу тоғай; Туған жер – қарақатты, мойылбасты, жемісті, шөпті, иісті, келісті тоғай; Туған жер – сары теңіз Сарыарқа; Туған жер – Қызыл гүлді Қызылжар т.б.
Ғалым Малдыбаевтың тұлға ретіндегі танымы осы концептілік құрылымдар арқылы танылады. Концепт тудырудың метафоралық жолы – көркем ойлаудың нәтижесі деп түсінуге болады. Метафораның жасалу тетігінде бұрыннан белгілі сөздер мен жаңа мағына қосылатын сөздер салыстырылып, ассоциацияланады, тың мағыналы жаңа тіркес пайда болады. Ақын көріктеу құралдарын жұмсағанда құр әсемдік үшін емес, поэзиялық шығармаларына ұлттық көркемдік болмысты сіңіре, жаңаландыра, түрлендіре пайдаланады. Көріктеудің түрлеріне ақын ретінде өзіндік көзқарасымен, үнімен қарап, қазақ поэзиясындағы дәстүрлілікті шығармашылық тұрғыдан кеңейткен. Ғалым Малдыбаевтың тілдік тұлға ретінде қалыптасуының поэтикалық негізі берік, ол өзінің көркем тілімен, қазақ әдебиетіне әкелген тың туындыларымен тілдік тұлға деңгейіне көтерілген ақын.
Жанар ТАЛАСПАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты, профессор.