Атақты жерлесіміз Александр Винокуров Лондон төріндегі Олимпиадада жеңістің ең биік тұғырына көтерілгеннен кейін солтүстік өңірде чемпионға ұқсағысы келетін жас толқынның саны күрт артты. Алды жеңістерімен қуантып та жүр. Жақында велоспорттан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының міндетін атқарушы Алла Винниковаға жолығып, велоспортты серік еткен жастардың дайындығы жайлы сұрап білдік.
– Алдымен облысымыздағы велоспорт майталмандарын даярлайтын мектептің тарихы туралы айта кетсеңіз. Қай жылдардан бері жұмыс істейсіздер?
– Велоспорт мектебінің тарихы тереңде деп айта алмаймын. Ашылғаннан бергі 24 жыл ішінде 32 спорт шебері, 118 спорт шеберіне үміткер даярладық. Араларында республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен шәкірттеріміз бар. Үздік спортшылар жоғары спорт шеберлігі мектебіне және құрлықтық “Vino SKYTeam” командасына ауысып жатады. Біздің мектептің бес түлегі спорттық мансабын аяқтаған соң жаттықтырушы-оқытушы ретінде қайта оралып, қазіргі таңда осында бала тәрбиелеумен айналысып жатыр. Олардың төртеуі кәсіпқой командалардың шабандозы болғанын айта кеткен жөн.
– Спорт мектебінің материалдық-техникалық жағынан жарақтандырылуы қалай?
– 1998 жылдан бері өңірді айтпағанда, еліміздегі велоспорттың дамуына өз үлесімізді қосып, талапты балаларды спорттың осы түріне талмай баулып келеміз. Осы жылдар бедеріне көз салсақ, бәрі тақтайдай тегіс болмағанын көреміз. Алдымыздан түрлі кедергілер шыққанымен, алға қойған мақсатымыздан айныған емеспіз. Тіпті қаражат тапшылығынан кезінде мектепті уақытша жабуға да тура келген. Десек те, мүдделі органдардың түйінді мәселелерді байыптылықпен шеше білуінің арқасында материалдық-техникалық базамыз анағұрлым жақсарды. Қазір мектепте 10-17 жас аралығындағы 300-ге жуық тәрбиеленуші жаттығады. Олардың 12-сі облыс құрамасына алынып, байрақты бәсекелерде өңір намысын қорғап жүр.
– Бір жылдары арнайы жаттығатын орын жетіспеушілігінен қиналып жүретін едіңіздер. Түйінді мәселе шешімін тапты ма?
– Велоспортшылар жыл бойы үзбей жаттыққанда ғана спорттық бабын сақтай алады. Жазда жеңілірек, Явленка, Мамлютка, Архангелка бағытындағы тасжолдарды, Борки кентіндегі трассаны пайдаланамыз. Автокөлік жолы спортшылар үшін аса қауіпті. Балғындар бастарын қатерге тігіп, автокөліктермен бірге жүруге мәжбүр. Тасжол тақтайдай тегіс болса бір сәрі. Шағын ғана Бельгияда 35 мың шақырым веложолақ бар екен. Аманшылық болса, біз де сол күнге жетерміз деп армандаймыз.
Өзіміздің шағын велодромымыз да бар. Ал қыста амалсыздан жалпы аумағы 70 шаршы метрді құрайтын екі бөлмеде дайындаламыз.
– Спорт мектебі білікті бапкерлермен қаншалықты қамтамасыз етілген?
– Елін, жерін сүйетін, жарыстарда намысты қолдан бермейтін отаншыл азаматтар тәрбиелеуде жаттықтырушыларға қойылатын талап ерекше, жауапкершілік жүгі ауыр. Көпжылдық жұмыс өтілі бар тәжірибелі кадрларға арқа сүйейміз. Қазір мұнда 10 бапкер жұмыс істейді.
Бұл жерде велоспорттың пайдасы туралы да айта кеткім келеді. Зерттеулер көрсеткендей, велосипедпен көп жүрген адамның өмір жасы ұзарады екен. Бұл – күйзелістен арылу және варикоз сияқты аяқ ауруларына қарсы қолданылатын бірден-бір ем. Жүрек, өкпе, бұлшық еттер жақсы дамиды. Міне, велоспорттың осындай артықшылықтарын балалар сезініп өссе дейміз.
– Биылғы маусымда қандай жетістікерге қол жеткіздіңіздер?
– 2022 жылғы спорт маусымы енді басталғанымен, балаларымыз жоғары нәтиже көрсетуде. Қазақстан Республикасының спорт шебері, Бельгиядағы 2021 жылғы әлем чемпионатының қатысушысы Алексей Ваганов наурыз айында жасөспірімдер арасындағы жеке жарыста Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Жалпы еліміздің Ұлттық құрама командасының құрамында мектебіміздің 10 тәрбиеленушісі сәтті өнер көрсетіп жүр. Оның екеуі жасөспірімдер құрамына кірсе, сегізі ересектер сапында.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.
– Спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбесіне сәйкес қалалық және облыстық жарыстар, соның ішінде тасжолдағы, велокросс және маунтинбайк додалары өткізіледі. Маусым айында 15-16 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы А.Винокуровтың жүлдесі үшін және 13-14 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында спорт шебері А.Мартыновичті еске алуға арналған турнирлерді өткізу жоспарымызда бар.
Сұхбаттасқан
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.