Әкем Ғалым Малдыбаев – саналы ғұмырын қазақ журналистикасы мен әдебиетіне арнаған жан. Ол өзінің “Өмірден ертегі” атты хикаятында туғанынан шешесінен жетім қалып, байдың есігінде күн кешіп, қозы баққанын, көп қиянат көргенін баяндайды. Жасынан таршылық пен жоқшылықтың зардабын тартқан әкем талапкерлігі, мақсатшылдығының арқасында талай жетістікке жеткені көбімізге аян. Молдадан сауатын шала ашса да, қолына қалам ұстап, ақ жүрегімен, ақ ниетімен өз елін, жерін өлеңге қосып, халықтың бостандығын, теңдігін және сәулетті болашағын жырына арқау етті.
Әкем Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінен кейін Мәскеуде Жазушылар одағының Жоғарғы әдеби курсын тамамдаған. Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс алып, біраз уақыт аталмыш университетте шығыстану тақырыбында дәріс оқыған. Жерлес жазушы Сәбит Мұқанов көзі тірісінде әкемнің өлең өнеріндегі ерен еңбегіне жоғары баға берсе, Қазақстанның халық жазушысы Дихан Әбілов Ғалым Малдыбаевтың талантына тәнті болған.
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы советтік дәуір кезінде, әкем Ғалым Малдыбаев дарабоз ақындығымен ғана шектеліп қоймай, аудармашылықпен де айналысса, бір жағынан тамаша фельетоншы да еді. Кезіндегі облыстық “Ленин туы” газетінің бетіне идеологиялық және тәрбиелігі жағынан мәні зор фельетондары жиі жарияланып тұрған. Жалпы ол қоғамның саяси-әлеуметтік өміріне белсене араласып, өзі көріп-байқаған жағдайларға жырымен баға берген.
Біз ұзақ жылдар қазіргі Ибраев атындағы елді мекенде тұрдық. Ел ішіндегі үлкендер мен белсенділердің әкеме деген құрметі бөлек сияқты көрінетін мен үшін. Ақыл-кеңес сұраушылар, ақын-жазушылыққа бет бұрған жастар, бәрі біздің үйіміздің төрінен табылушы еді. Менің аға-апаларыммен бір мектепте оқып, өскен атақты Герольд Бельгер – Гера аға да Алматыдан елге каникулға оралған сайын әкеме сәлем бере келіп, ойларымен бөлісіп, анама еркелеп, қаймақ қосылған жидек жейтіні де есімде қалыпты. Алғаш партия мектебінде білім алған жылдардан бастап өте жақын досы болып кеткен Сәбит Мұқанов атамыз жыларалата біздің үйге келіп, елдің ауасына, Есілдің көгала қойнауында аунап-қунап демалып кететіні де есімде. Көбіне бақ ішіне төселген кілем үстінде анамның күрең шайын асықпай ішіп, әкем екеуі жантайып жатып әңгіме-дүкен құратын.
Атамыз көзі тірісінде “досымның бір баласына өз атымды берейін”, – деп бұйымтайын айтқан екен. Бүгінгі таңда қаламгердің есімін алып жүрген інім Сәбит журналистика саласында жемісті қызмет істеуде. Қазіргі таңда ол – республикалық “Казахстанская правда” газетінің бас редакторы. Әкемнің он шақты ұл-қызынан тараған елуден астам немере-шөберелері еліміздің әр түкпірінде табысты еңбек етуде. Анам Зураш Ерғалиқызымен 39 жыл отасып, өнегелі отбасы атанды. Біздің елжанды болуымызға әкеміздің бойымызға жөргектен құйған ақыл-кеңесі әсер етті десем артық айтпаған болар едім. Оның анамды қолына қондырған қарлығаш құсқа теңеп, әнге бөлегені кезінде ел ауызында жүрген ақ махаббаты мен балаларына деген сүйіспеншілігі туған-туыс арасында аңызға айналған.
Тамылжыған жаз айларында есіле аққан ерке Есілге бала-шағасын арбаға артып алып, көлдей көлкіген көк майса шөпке аунатып, Есіл бойында өсетін маңғаз мойылбасты бұтағынан теріп, інім Сәбит екеуміздің аузымызға салып жегізгені естен кетер ме?! Қайран әкем, қайран дәурен дегім келеді осындайда. Кешкілік анамның дәмді тамағы піскенше інім екеумізді кереуеттің үстіне отырғызып алып әлем ертегілерін айтушы еді. Кейін есейе келе, сол айтқан ертегілерінің моральдік, тәрбиелік құндылығын терең пайымдап жүрдім.
Алыстарға арман арқалап, қиял қуып, студенттік өмірдің телегей-теңіз толқынына күмп етіп кете барған кезімде де әкемнің махаббатынан алыстамадым. Ол кісі жиі хат жазып, мені қатты жақсы көретінін айтып отыратын. Осылайша елге, ата-анама деген сағынышымды басатын. Әкем кітапты көп оқыды. Бізді де кітапсүйгіш етіп тәрбиеледі. Кешкілік уақытта бала-шағасын айналасына отырғызып, есікті іштен бекітіп, балауыз шамның жарығымен бізге Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқып беретін. Ол кезде баламын. Кішкентай болсам да әкемнің: “Мағжан ол – қазақтың асылы ғой. Бір күні ақталады”, – деген сөзі санамда жатталып қалыпты. Қазақтың ардақты перзенті ақталғанда мен әкемнің көреген екеніне тағы бір мәрте тәнті болдым.
Ақынның аты елеусіз емес. Еңбегін елеген елі әкемнің туған жеріндегі мектепке есімін беріп, оның ішінен мұражай ашты. Петропавл қаласындағы және өмірінің соңына дейін өзі тұрған аудан орталығындағы көше ақынның атымен аталады. Ақын есімі Қазақстан республикасының энциклопедиясына атақты жазушылар қатарына енген. Биыл әкемнің дүниеге келгеніне 120 жыл толуына орай 1925-27 жылдары редакторы болған, бұрынғы “Бостандық туы” газеті орналасқан ғимаратқа ақынның бейнесі салынған мемориалдық тақта ілінетіні қуантады. Өз басым мұны қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қоғам қайраткері, бірнеше кітаптың авторы, еліміздің оннан астам облыс орталықтарында баспахана ашқан, жас ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан Ғалым Малдыбаевтың рухына көрсетілген ізет пен құрмет деп білемін.
Әкем 1982 жылы маусым айында 80 жасында дүние салды. Қызының көпейі болғандықтан да әкем мені ерекше жақсы көрді, еркелетіп өсірді. Жастайымнан қолыма қалам алып, көңілдің кейбір кездерін қағаз бетіне түсіру ғадетім әкемнің қанымен бойыма сіңген қасиет деп санаймын. Мақаламның соңын мына бір өлең жолдарымен тамамдағым келеді.
Қайран, әкем, мейірімді көлдеткен,
Бесігімді ән-күйменен тербеткен,
Ізеттілік, адалдықтың тамырын,
Бойымызға сіңіріпті жөргектен.
Өлең-жырмен баптап мені өсірдің,
Еркеледім, төрде жатып көсілдім,
Соның бәрі сенің арқаң, жан-әке!
Еңбегің мол ернеуіндей Есілдің!
Содан болар жиі есіме алатын,
Айтқан сөзі мұра болып қалатын,
Сендей адам туған шығар, әлбетте,
Сенен артық әке жоқ қой ары – алтын.
Терең жетіп анамыздың парқына,
“Қарлығаш” деп таныстырдың халқыңа,
Аралығы жиырма төрт жыл жасыңның,
Жиырма төрт жыл қалдырыпсың артыңа.
Сезесің бе, сезбейсің бе, ардағым,
Артыңда, әне, талай ұрпақ қалғанын,
Шіркін, өзің ортамызда отырсаң,
Азан-қазан базар болып жан-жағың.
Еске түскен сайын сенем сөзіңе,
Сағынамын жоқтығыңды сезіне,
Өлең жазғым келер кейбір кездерде,
Қыз болсам да ұқсағым кеп өзіңе…
Сен туралы әлі де бір жазармын,
Тағдырыңның талай тарттың азабын,
Тар жол тайғақ кешіп едің ел үшін,
Сені есіне сақтаса екен қазағым.
Дұға қылып, қолды жайдым не етерсің…
Қуатты боп жүрек бәрін көтерсін,
“Қызым келді басыма деп тағы да”,
Әкежаным аунап түсер ме екенсің?!
Ғалия МАЛДЫБАЕВА.