Өлкелік партия комитетінің шешімі бойынша Баянауылда “Ленин туы” атты тұңғыш рет жас газет – жаңа газет шығатын боп жатқан қуанышты кез. 1931 жылдың күзі. Редактор болып Ғалым Малдыбаев келді. Интернатты мектепте үш жыл бойы директор болып істейтін мені аудандық партия комитеті Ғалым редактор болып келерден бір ай бұрын осы “Ленин туы” газетінің орынбасары әрі жауапты хатшысы еткен. Шығаратын газетіміздің дайындық жұмысына партия, совет орындары боп, біз боп кірісіп, енді тек газетіміздің алғашқы санын шығаруға қызу әзірленіп жатқанбыз.
Мен бұрын сырттай білетін “Балға – орақ”, “Доңғалақ” атты өлең-жыр кітаптарының, әсіресе “Қырым қызы” тәрізді поэманың авторы – талантты ақынның, Орал, Көкшетау, Павлодар газетгерінің редакторы болып істеген тәжірибелі журналист Ғалымның редакторымыз болып келгені – жаңа шығатын жас газетіміздің болашағын Құдайдың жарылқағаны деп қуандым. Сөйтіп, Ғалымды сырттай мен қандай жақсы білсем, мені Ғалым да біледі екен. Өйткені “Қазақ тілі”, “Лениншіл жас” газеттерінде өлеңдерім басылып жүретін. “Әдебиет майданы” журналында “Сырлы шкафтың сыры” деген әңгімемді де оқыған екен. Азаматтықта да, қызметте де өнегелі ағамен әріптес болуымның сәті басталып кете берді.
Газетіміздің кезекті нөмірлерін шығарып жатқан күндеріміздің бірінде: Мәскеуде “Крестьянская газета” – съезіне делегат біздің “Ленин туынан” да шақырылыпты.
– Мен бірнеше облыстық, аудандық газеттерде редактор болып істеген азды-көпті тәжірибелі журналиспін ғой. Мына газет съезіне сен бар, Дихан! Соны жөн көрдім. Райком секретары Нияров жолдаспен солай келістім, – деді Ғалым. Болашағыма жолдама бергендей көрдім. Жақсы ағаның жақын ініге жол ашар адамшылығына рақмет! Сәт сапар тілеп, Мәскеуге, “Крестьянская газетінің” съезіне жүріп кеттім. Төс қалтамда Ғалымның “Ғабитке бер!” деген хаты.
…Ертеңіне Ғалымның жазып берген адресі бойынша Қазақстан уәкілеттігі үйіне бардым. Екінші қабатқа көтерілдім. Именуді білмейтін жастық шақ. Бастықтың кабинеті алдындағы кең коридорда біраз адам шылым тартып, әңгімелесіп, әзілдесіп, күлісіп те тұр екен. Ғалымның сипаттап беруі бойынша “Әй, осы дәуде болса, Ғабит сіз шығарсыз” деп қасына жетіп барып:
– Ғабит, сіз бе?.. – дедім.
– Ия… – деп “әрең” айтты. Үні маңғаз шығады екен.
– Мен Баянауылданмын. “Крестьянская газетінің” съезіне келген едім, Ғалым сізге хат берген еді, – деп хатты ұсындам.
– Сен оған айт, “Қырым көркі” екен оның сұрайтыны. Шығарамыз кітап етіп, биыл шығады. (Ғабең бұл жылдарда қазақ баспасының бас редакторы екен). Аз кідірді де: – Сен… солай де, Ғалымға! Прозаны қойып, поэзиясын бұрқыратсын, – деді.
Сөйтіп, Мәскеуден қанаттанып қайттым, көргенімді, сезгенімді, білгенімді, сапарыма соншама ризалығымды әуелі Ғалымға және басқаларға айтып, рахаттанып жүрдім. Осының бәрі Ғалымның парасаттылығы, жанының тазалығы ғой, ағалық парызының кең тыныспен атқара білуі ғой. Әйтпесе Мәскеуге съезге өзінің орнына мені жіберер ме еді…
Газетімізді шығарып, күнделікті тіршілік әлемінің өзіне тән өрнектерін өрнектейміз.
Баянауылда – Баянда ақ түтек алай-түлей боран соғып тұр. Бүгін редакцияға қызметке менен кейінірек келген Ғалым қызыл пүлішпен тыстаған түлкі тымағын бөлмеге кірісімен бауын шешіп қарын сілікті де, үстеліне отырар-отырмастан:
– Дихан, бері келші! – деді. Бардым.
– Тыңда, оқып берейін! – деп бір ашық хатты портфелінен алды да оқи бастады.
“Ғалым! Сен қызмет етіп жүрген Баянауылда бүгінгі тірілердің ірісі Мэшһүр Жүсіп Көпеев қайтыс болыпты. Мәшһүр – ХІХ-ХХ екі ғасырдың бірдей уәкілі. Әрі ақын, әрі шежіре, халық творчествосының жиынтық қазынасы. Оның дүниелері өте мол болуға тиісті. Ел іші әзірше бәрін түсіне бермейді. Әркімнің қолында кетіп жүрмесін. Сондықтан сен сол Мәшекең шығармаларын-қолжазбаларын маған – “Қазақстан” баспасына жібер. Тез кіріс. Қапыда қалып жүрмейік! Ғабит Мүсірепов. 1932 жыл 4 январь”, – деп оқып шықты да, орнына отырып, Ғабит жайын айтты: Астанада кітап баспасында бас редактор. Үлкен жазушы. Оның мұнысы үлкен қамқорлық деп сәл кідірді де, Мәшекеңді есіне түсірді.
Өткен күзде Баянда Сағынай ұстаның үйінде Мәшһүр отырғанын естігесін, барып, сәлем беріп, бір кеш бойы әңгімесін тыңдағанын, жарықтықтың нағыз шежіре, нағыз ғұлама, нағыз ақын, нағыз ақкөңіл әулие адам екенін айтты. Аз өмірімде, – деді Ғалым – Қазақстанның мен қызмет етпеген, мен болмаған облыс, аудандары кемде-кем. Солардың бірде-бірінде Мәшекеңдей адамды кездестірген емеспін. Сонда, жетпіс үштен аспаймын, – деп өзі отырған “жетпіс үшінде” қайтыс болыпты, жарықтық.
Ғалым – жаны кең, мейірбан, мінезі тұрақты, көзі қарақты, ойы алғыр, сұлу жырдың толғанысты ақыны. Іс-әрекетке, өмірге үлес қосуға құштар, өзіне, өзгеге, әсіресе жас таланттарға қолынан келген жақсылығын жасайтын еді. Жас қаламгердің талабы мен талпынысын өмірге жаңа бір үлес қосуға бастайтын. “Қызыл Баян” деген альманах шығару идеясына беріле кірісті де, ақындардың алыбы – Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбиттен бастап белгілі қазақ совет ақындарының және жастардың өлең-жырларынан альманахқа шығармалар құрастырды. Фотоларын жинап, Москваға жіберіп, клишелерін жасатып, альманахты баспаға тергізіп те үлгерді. Тап осы тұста шақырылған Қазақстанның Орталық атқару комитеті сессиясына райком Ғалымды жіберген еді. Ғалым сессияға ғана қатысып қайтпапты, жаңа ғана құрылып жатқан қазақ пролетариат Жазушыларды ассоциацияның ұйымдастыру комитетінде болып, Баяндағы үш жас жазушыны Жазушылар одағына мүше еткізіпті де, мынандай мүшелік билет жаздырып алып келіпті. “Осыны көрсетуші Әбілұлы Дихан жолдас Қазақстан пролетариат колхозшы жазушылары ұйымының 1931 жылдан анық мүшесі.
ҚазАІШ басқармасының Төрағасы Ғ. Мүсірепов.
Хатшысы Т.Жароков”, – деп қол қойған. Жазушылар ұйымына мүшелік билет әкеп тапсырды. Тап осындай №3 билетті Зейтін Ақышевқа, №4 билетті Рахыш Хайруллинге алып келген екен. Үшеуміз де рақметімізді айттық. Жаңа шығармалар жазуға шабыттандық.
Міне, Ғалымның бұл еңбегі өмірі ұмыт болар ма!
…Бір күні, әлі есімде, декабрьдің 14 күні таяқ таянып, тәлтіректеп жүріп “Кеңес туы” газеті редакциясына бардым.
Бойыма әл кірмеген кез… Адым басқан сайын әрі ентігем… әрі терлеймін. Әйтеуір, жеттім. Сағат төрттің кезі. Редакция қызметкерлері сирей бастапты. Бір жігіт мені танып:
– Саған хат бар, Дихан! Қызылжардан Ғалым Малдыбаевтан, – деп бір ашық хат ұсынды. Хат маған емес осы редакцияда істейтін Омаров Уәлихан ағаның атына жазылған екен. Сөзі өте қысқа: “Уәке, Сіздің Павлодарда Дихан Әбілев ауырып жатыр деп естимін! Тауып, халін біліп, хабарлауыңызды өтінем. Мен Петропавлда облыстық баспаның бас редакторы болып істеймін. Құрметпен Ғалым Малдыбаев!” – депті. Адресін көрсетіпті.
Осы хатты оқып шығысымен, сырқаттан мүлдем жазылып кеткендей болдым. Қолыма ұстап келген таяғымды редакцияға тастап кетіппін. Үйге ширақ кірдім, әке-шешем, жездем, апайым, әсіресе сезімтал Шәкенім өзі де сүзектен тұрған әлсіз күйіне қарамастан, қолымнан жетелеп төргі бөлмеге апарып, бүрмелі қара тонымның түймелерін ағытып жатып, жүзімнен көңілімді көріп:
– Курсыңнан хабар алғансың ғой, сірә? Әй, бір жақсы болған екен. Қашан жүресің! –дейді.
– Ғалымға телеграмма берем. Соның баспасында қызмет етем, – дедім.
Әкем отырып:
Он үш жасыңнан бізді асырап сақтаймын деп… Бағың ашылатын оқуыңнан бұл жолы да қалмақ боп отырсың-ау! – деп күрсінді де орнынан тұрып кетті. Шешем Мағраж томсарып отырып қалды.
Таң атты. Шәкен де ояу екен. Жүзіне қарасам, бұл да тап өзім сияқты ой толқынында екен.
– Қиын болды-ау, саған! – деді ол.
Мен тіл қатпадым. Таңертеңгі шайдан кейін поштаға барып, Ғалымға: “Қызметке алсаң, көшіп барам”, – деп телеграмма беріп келдім.
Ертеңіне кешке:
“Редакторлық қызмет береміз, кел. Жол қаражатың келгесін төленеді. Малдыбаев”, – деген телеграмма алдым.
– Курсыңды қайтесің… Шынымен-ақ… – дейді әкем де, Шәкен де, мен де ой толқынындамын.
Сөйтіп, дал болып отырғанымда почтальон хат әкеп берді. Алматыдан Ғабит Мүсірепов жазыпты.
“Дихан! Мәскеуде ашылатын редакторлар курсы кейінге қалыпты. Уақыты белгісіз. Хатыңнан хал-жайыңды түсіндім. Сен енді уақытша болса да, қызметке орналаса бер! Ғабит”.
Сонымен… Декабрьдің 17 күні Павлодар темір жол станциясынан он бір адам поезға отырып, Қызылжарға аттандық, Ғалым өзі шығып қарсы алды. Баспаның бір жұмыс орнын босаттырып, бізді сонда кіргізді. Редактор етіп қызметке орналастырды мені. Ал жездем Ақтай Жәміковты Ақмола жақтағы Шолақ сандық совхозында директор Риза Чокин қызметке алатын болып үй-ішімен көшіп кетті.
“Ух!” – деп, көңілім жайланып қызмет істей бастадым.
Қайда да жақсы бір іс бастауды өзіне парыз көретін Ғалым көп кешікпей Баянауылда өзі ұйымдастырған, өзі шығарған “Қызыл Баян” альманағы тәрізді Қызылжарда “Қарағанды қаламы” альманағын шығаруға кірісті. Облыстық партия, совет басшыларынан рұқсат, күш, көмек алды. Альманахқа керекті материалдарды ұйымдастырды.
Ғалекең тарихи таланттарды ерен құрметтеуші еді. Соған бір мысал маған 1961 жылы жазған мына хаты:
Дихан!
Сенің еңбегің Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына көбірек сіңгенін білемін. Сонау ауыр жылдарда Мәшекеңнің томдаған өлеңдерін Академик Наукаға жеткізген сен едің. Міне, сол Мәшекеңнің жалғыз (менше болай) суреті! Мен мұны және ақын Майраның суретін Жазушылар одағына жібергелі отыз жылға жуықтады. Бірақ олар жарыққа шығарған жоқ. Өткен жаз өзімнің Мәшекеңмен 1931 жылы күз кездескенімді жазып, осы фотасын көрсетіп, “Қазақ әдебиеті” газетіне жіберіп едім, бірақ та олар әлі күнге дейін жарыққа шығармады.
Ия, сенің Мәшекең туралы жазғаның менің есімде бар. Оның қасиетіне қол тигізгендерді қатты сынағаныңды да білемін. Өте дұрыс еді. Кім өлмейді?
Сол Мәшекеңнің суретін, міне, саған тағы да жіберіп отырмын. Реті келсе, үлкейтіп, портретін марқұмның кітабының арасына қойсаң да ескерткіш болар еді деген сенім бар менде.
Мәшекеңді құрметтеген Ғалым Малдыбаев.
15 декабрь 1961 жыл.
Міне, Ғалым осындай жаны ізгі, ақылы алғыр, парасатты зергер ақын еді.
Менің ұстазым Ғалым Малдыбаев – қазақ совет поэзиясының негізін салысқан саңлақ ақын. Әсіресе тарихи шындық шырындарын шырайлы өрнектеген жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде жазған “Қырым қызы” поэмасы қазақ поэзиясының эпикалық жанрында Сәбиттің “Сұлушашы” мен Исаның “Құралай сұлуымен” тетелес деп тануымыз керек. Ал “Ақ келін” поэмасындағы: “Ақылына ай жүзіп, күн сүңгіген ару ана” – Ақ келін бейнесін тарихи мақтанышымыз етерлік бейне етіп сипаттаған. Ал “Қажымұқан” поэмасында қазақ халқын дүние жүзіне паш еткен теңдессіз балуан Қажымұқан тұлғасы – оқырман жанын сүйіндіретін поэма. Осы тәрізді “Қорқыт батыр”, “Сарыарқаға саяхат”, “Шахтер” поэмаларыда Ғалым ақынның бірегей өрнектенген туындылары.
Дихан ӘБІЛЕВ,
Қазақстанның халық жазушысы.