«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӨЗ ЗЕРГЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өлкелік партия комитетінің шешімі бойынша Баянауылда “Ленин туы” атты тұңғыш рет жас газет – жаңа газет шығатын боп жатқан қуанышты кез. 1931 жылдың күзі. Редактор болып Ға­лым Малдыбаев келді. Интернатты мектепте үш жыл бойы директор бо­лып істейтін мені аудандық партия ко­митеті Ғалым редактор болып келер­ден бір ай бұрын осы “Ленин туы” га­зетінің орынбасары әрі жауапты хат­шысы еткен. Шығаратын газетіміздің дайындық жұмысына партия, совет орындары боп, біз боп кірісіп, енді тек газетіміздің алғашқы санын шығаруға қызу әзірленіп жатқанбыз.

Мен бұрын сырттай білетін “Балға – орақ”, “Доңғалақ” атты өлең-жыр кі­тап­тарының, әсіресе “Қырым қызы” тә­різ­ді поэманың авторы – талантты ақын­­ның, Орал, Көкшетау, Павлодар газет­герінің редакторы болып істеген тәжі­ри­белі журналист Ғалымның ре­дакто­рымыз болып келгені – жаңа шы­ғатын жас газетіміздің болашағын Құ­дай­дың жарылқағаны деп қуандым. Сөйтіп, Ға­лымды сырттай мен қандай жақсы біл­сем, мені Ғалым да біледі екен. Өйтке­ні “Қазақ тілі”, “Лениншіл жас” газетте­рінде өлеңдерім басылып жүретін. “Әдебиет майданы” журна­лын­да “Сырлы шкафтың сыры” деген әңгі­мемді де оқыған екен. Азаматтықта да, қызметте де өнегелі ағамен әріп­тес болуымның сәті басталып кете берді.

Газетіміздің кезекті нөмірлерін шығарып жатқан күндеріміздің бірін­де: Мәскеуде “Крестьянская газета” – съезіне делегат біздің “Ленин туынан” да шақырылыпты.

– Мен бірнеше облыстық, аудан­дық газеттерде редактор болып істе­ген азды-көпті тәжірибелі журналиспін ғой. Мына газет съезіне сен бар, Ди­хан! Соны жөн көрдім. Райком секре­тары Нияров жолдаспен солай келіс­тім, – деді Ғалым. Болашағыма жолдама бергендей көрдім. Жақсы ағаның жақын ініге жол ашар адамшылығына рақмет! Сәт сапар тілеп, Мәскеуге, “Крестьянская газетінің” съезіне жүріп кеттім. Төс қалтамда Ғалымның “Ға­бит­ке бер!” деген хаты.

…Ертеңіне Ғалымның жазып бер­ген адресі бойынша Қазақстан уәкілеттігі үйіне бардым. Екінші қабатқа көтерілдім. Именуді білмейтін жастық шақ. Бастықтың кабинеті алдындағы кең коридорда біраз адам шылым тар­тып, әңгімелесіп, әзілдесіп, күлісіп те тұр екен. Ғалымның сипаттап беруі бо­йынша “Әй, осы дәуде болса, Ғабит сіз шығарсыз” деп қасына жетіп барып:

– Ғабит, сіз бе?.. – дедім.

– Ия… – деп “әрең” айтты. Үні маң­ғаз шығады екен.

– Мен Баянауылданмын. “Крес­тьянская газетінің” съезіне келген едім, Ғалым сізге хат берген еді, – деп хатты ұсындам.

– Сен оған айт, “Қырым көркі” екен оның сұрайтыны. Шығарамыз кітап етіп, биыл шығады. (Ғабең бұл жыл­дарда қазақ баспасының бас редакторы екен). Аз кідірді де: – Сен… солай де, Ғалымға! Прозаны қойып, поэзиясын бұрқыратсын, – деді.

Сөйтіп, Мәскеуден қанаттанып қайттым, көргенімді, сезгенімді, біл­генімді, сапарыма соншама ризалы­ғымды әуелі Ғалымға және басқаларға айтып, рахаттанып жүрдім. Осының бәрі Ғалымның парасаттылығы, жанының тазалығы ғой, ағалық пары­зының кең тыныспен атқара білуі ғой. Әйтпесе Мәскеуге съезге өзінің ор­нына мені жіберер ме еді…

Газетімізді шығарып, күнделікті тіршілік әлемінің өзіне тән өрнектерін өрнектейміз.

Баянауылда – Баянда ақ түтек алай-түлей боран соғып тұр. Бүгін редакцияға қызметке менен кейінірек келген Ғалым қызыл пүлішпен тыстаған түлкі тымағын бөлмеге кірісімен бауын шешіп қарын сілікті де, үстеліне отырар-отырмастан:

– Дихан, бері келші! – деді. Бардым.

– Тыңда, оқып берейін! – деп бір ашық хатты портфелінен алды да оқи бастады.

“Ғалым! Сен қызмет етіп жүрген Баянауылда бүгінгі тірілердің ірісі Мэшһүр Жүсіп Көпеев қайтыс болыпты. Мәшһүр – ХІХ-ХХ екі ғасырдың бір­дей уәкілі. Әрі ақын, әрі шежіре, халық творчествосының жиынтық қазынасы. Оның дүниелері өте мол болуға тиісті. Ел іші әзірше бәрін түсіне бермейді. Әркімнің қолында кетіп жүрмесін. Сон­дықтан сен сол Мәшекең шығармаларын-қолжазбаларын маған – “Қазақ­стан” баспасына жібер. Тез кіріс. Қапыда қалып жүрмейік! Ғабит Мүсірепов. 1932 жыл 4 январь”, – деп оқып шықты да, орнына отырып, Ғабит жайын айтты: Астанада кітап баспасында бас редактор. Үлкен жазушы. Оның мұны­сы үлкен қамқорлық деп сәл кідірді де, Мәшекеңді есіне түсірді.

Өткен күзде Баянда Сағынай ұстаның үйінде Мәшһүр отырғанын естіге­сін, барып, сәлем беріп, бір кеш бойы әңгімесін тыңдағанын, жарықтықтың на­ғыз шежіре, нағыз ғұлама, нағыз ақын, нағыз ақкөңіл әулие адам екенін айтты. Аз өмірімде, – деді Ғалым – Қа­зақ­станның мен қызмет етпеген, мен болмаған облыс, аудандары кемде-кем. Солардың бірде-бірінде Мәше­кең­дей адамды кездестірген емеспін. Сонда, жетпіс үштен аспаймын, – деп өзі отырған “жетпіс үшінде” қайтыс болыпты, жарықтық.

Ғалым – жаны кең, мейірбан, міне­зі тұрақты, көзі қарақты, ойы алғыр, сұлу жырдың толғанысты ақыны. Іс-әрекетке, өмірге үлес қосуға құштар, өзіне, өзгеге, әсіресе жас таланттарға қолынан келген жақсылығын жасай­тын еді. Жас қаламгердің талабы мен талпынысын өмірге жаңа бір үлес қосуға бастайтын. “Қызыл Баян” деген альманах шығару идеясына беріле кірісті де, ақындардың алыбы – Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбиттен бастап бел­гілі қазақ совет ақындарының және жастардың өлең-жырларынан альма­нахқа шығармалар құрастырды. Фо­толарын жинап, Москваға жіберіп, кли­шелерін жасатып, альманахты баспа­ға тергізіп те үлгерді. Тап осы тұста ша­қырылған Қазақстанның Орталық атқару комитеті сессиясына райком Ға­лым­ды жіберген еді. Ғалым сессияға ғана қатысып қайтпапты, жаңа ғана құрылып жатқан қазақ пролетариат Жазушыларды ассоциацияның ұйым­дастыру комитетінде болып, Баян­да­ғы үш жас жазушыны Жазушылар ода­ғына мүше еткізіпті де, мынандай мү­шелік билет жаздырып алып келіпті. “Осыны көрсетуші Әбілұлы Дихан жол­дас Қазақстан пролетариат колхозшы жазушылары ұйымының 1931 жылдан анық мүшесі.

ҚазАІШ басқармасының Төрағасы Ғ. Мүсірепов.

Хатшысы Т.Жароков”, – деп қол қой­ған. Жазушылар ұйымына мүшелік билет әкеп тапсырды. Тап осындай №3 билетті Зейтін Ақышевқа, №4 би­летті Рахыш Хайруллинге алып келген екен. Үшеуміз де рақметімізді айттық. Жаңа шығармалар жазуға шабыт­тандық.

Міне, Ғалымның бұл еңбегі өмірі ұмыт болар ма!

…Бір күні, әлі есімде, декабрьдің 14 күні таяқ таянып, тәлтіректеп жүріп “Кеңес туы” газеті редакциясына бар­дым.

Бойыма әл кірмеген кез… Адым басқан сайын әрі ентігем… әрі тер­леймін. Әйтеуір, жеттім. Сағат төрттің кезі. Редакция қызметкерлері сирей бастапты. Бір жігіт мені танып:

– Саған хат бар, Дихан! Қызылжар­дан Ғалым Малдыбаевтан, – деп бір ашық хат ұсынды. Хат маған емес осы редакцияда істейтін Омаров Уәлихан ағаның атына жазылған екен. Сөзі өте қысқа: “Уәке, Сіздің Павлодарда Ди­хан Әбілев ауырып жатыр деп ести­мін! Тауып, халін біліп, хабарлауыңыз­ды өтінем. Мен Петропавлда облыс­тық баспаның бас редакторы болып істеймін. Құрметпен Ғалым Малды­баев!” – депті. Адресін көрсетіпті.

Осы хатты оқып шығысымен, сыр­қаттан мүлдем жазылып кеткендей болдым. Қолыма ұстап келген таяғым­ды редакцияға тастап кетіппін. Үйге ширақ кірдім, әке-шешем, жездем, апайым, әсіресе сезімтал Шәкенім өзі де сүзектен тұрған әлсіз күйіне қара­мастан, қолымнан жетелеп төргі бөлмеге апарып, бүрмелі қара тонымның түймелерін ағытып жатып, жүзімнен көңілімді көріп:

– Курсыңнан хабар алғансың ғой, сірә? Әй, бір жақсы болған екен. Қа­шан жүресің! –дейді.

– Ғалымға телеграмма берем. Со­ның баспасында қызмет етем, – дедім.

Әкем отырып:

Он үш жасыңнан бізді асырап сақтаймын деп… Бағың ашылатын оқуыңнан бұл жолы да қалмақ боп отырсың-ау! – деп күрсінді де орнынан тұрып кетті. Шешем Мағраж томсарып оты­рып қалды.

Таң атты. Шәкен де ояу екен. Жү­зіне қарасам, бұл да тап өзім сияқты ой толқынында екен.

– Қиын болды-ау, саған! – деді ол.

Мен тіл қатпадым. Таңертеңгі шай­дан кейін поштаға барып, Ғалымға: “Қызметке алсаң, көшіп барам”, – деп телеграмма беріп келдім.

Ертеңіне кешке:

“Редакторлық қызмет береміз, кел. Жол қаражатың келгесін төленеді. Мал­дыбаев”, – деген телеграмма алдым.

– Курсыңды қайтесің… Шынымен-ақ… – дейді әкем де, Шәкен де, мен де ой толқынындамын.

Сөйтіп, дал болып отырғанымда почтальон хат әкеп берді. Алматыдан Ғабит Мүсірепов жазыпты.

“Дихан! Мәскеуде ашылатын редакторлар курсы кейінге қалыпты. Уа­қыты белгісіз. Хатыңнан хал-жайыңды түсіндім. Сен енді уақытша болса да, қызметке орналаса бер! Ғабит”.

Сонымен… Декабрьдің 17 күні Павлодар темір жол станциясынан он бір адам поезға отырып, Қызылжарға аттандық, Ғалым өзі шығып қарсы алды. Баспаның бір жұмыс орнын бо­саттырып, бізді сонда кіргізді. Редак­тор етіп қызметке орналастырды мені. Ал жездем Ақтай Жәміковты Ақмола жақтағы Шолақ сандық совхозында директор Риза Чокин қызметке ала­тын болып үй-ішімен көшіп кетті.

“Ух!” – деп, көңілім жайланып қыз­мет істей бастадым.

Қайда да жақсы бір іс бастауды өзіне парыз көретін Ғалым көп ке­шікпей Баянауылда өзі ұйымдастыр­ған, өзі шығарған “Қызыл Баян” альма­нағы тәрізді Қызылжарда “Қарағанды қаламы” альманағын шығаруға кірісті. Облыстық партия, совет басшыла­ры­нан рұқсат, күш, көмек алды. Альманахқа керекті материалдарды ұйымдастырды.

Ғалекең тарихи таланттарды ерен құрметтеуші еді. Соған бір мысал маған 1961 жылы жазған мына хаты:

Дихан!

Сенің еңбегің Мәшһүр Жүсіп Кө­пейұлына көбірек сіңгенін білемін. Сонау ауыр жылдарда Мәшекеңнің том­даған өлеңдерін Академик Наукаға жеткізген сен едің. Міне, сол Мәшекеңнің жалғыз (менше болай) суреті! Мен мұны және ақын Майраның суретін Жазушылар одағына жібергелі отыз жылға жуықтады. Бірақ олар жарыққа шығарған жоқ. Өткен жаз өзімнің Мә­шекеңмен 1931 жылы күз кездескенім­ді жазып, осы фотасын көрсетіп, “Қа­зақ әдебиеті” газетіне жіберіп едім, бірақ та олар әлі күнге дейін жарыққа шығармады.

Ия, сенің Мәшекең туралы жазғаның менің есімде бар. Оның қа­сиетіне қол тигізгендерді қатты сынағаныңды да білемін. Өте дұрыс еді. Кім өлмейді?

Сол Мәшекеңнің суретін, міне, саған тағы да жіберіп отырмын. Реті келсе, үлкейтіп, портретін марқұмның кітабының арасына қойсаң да ескерткіш болар еді деген сенім бар менде.

Мәшекеңді құрметтеген Ғалым Малдыбаев.

15 декабрь 1961 жыл.

Міне, Ғалым осындай жаны ізгі, ақы­лы алғыр, парасатты зергер ақын еді.

Менің ұстазым Ғалым Малдыбаев – қазақ совет поэзиясының негізін са­лысқан саңлақ ақын. Әсіресе тарихи шындық шырындарын шырайлы өр­нектеген жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде жазған “Қырым қызы” поэ­масы қазақ поэзиясының эпикалық жан­рында Сәбиттің “Сұлушашы” мен Исаның “Құралай сұлуымен” тетелес деп тануымыз керек. Ал “Ақ келін” поэмасындағы: “Ақылына ай жүзіп, күн сүңгіген ару ана” – Ақ келін бейнесін тарихи мақтанышымыз етерлік бейне етіп сипаттаған. Ал “Қажымұқан” поэ­масында қазақ халқын дүние жүзіне паш еткен теңдессіз балуан Қажы­мұқан тұлғасы – оқырман жанын сүйін­діретін поэма. Осы тәрізді “Қорқыт ба­тыр”, “Сарыарқаға саяхат”, “Шахтер” поэ­маларыда Ғалым ақынның бірегей өрнектенген туындылары.

Дихан ӘБІЛЕВ,

Қазақстанның халық жазушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp