Кішкентай кезінен әр бала өз отбасының тірегі, туған-туыстарының қорғаушысы болуды армандайды. Ал туған жердің шекарасын күзету, ел тыныштығын сақтау – нағыз патриоттарға тән қасиет. Әскери қызметтің өз қиын тұстары бар. Мұны өскелең ұрпақ білгені абзал.
Әскери қызметшілер кез келген сәтте еліміздің ең шалғай деген нүктесіне жіберіліп, өз антына адал қызмет етуі керек. Сондай-ақ осы саланы таңдағандықтан түрлі қауіп бар екенін де білгені маңызды. Отандық білім беру жүйесінде кәсіби кадрлар даярлау бойынша нақты міндеттер айқындалған. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында да жиі айтады. Соңғы саяси құжатта мемлекет басшысы еліміздің Қарулы Күштеріне қатысты сын айтып қана қоймай, әскерилердің кәсіби шеберлігін арттыру жайына да тоқталды. Оған негізгі себеп – биылғы “қаңтар оқиғасы”.
Жыл сайын еліміздегі мектептерді 150 мыңға жуық оқушы тамамдап, үлкен өмірге қадам басады. Көбі мамандық таңдағанда қиналады. Әсіресе жас жігіттер үшін шешім қабылдау қиынға соғады. Заман ағымына ілесіп, сан түрлі мамандықтың ішінен жанына жақын саланы таңдау оңай іс емес. Өз басым мектепте жүргенде әскери маман боламын деп шештім. Сондықтан мен алдыма Ұлттық ұлан әскери академиясына оқуға түсем деген мақсат қойдым. Діттеген арманыма қол жеткізіп, бүгіндері Петропавлдағы оқу орнында білім алып жүрмін.
Ұлттық ұлан әскери академиясының тарихы 1997 жылдың көктемінен бастау алады. Сол уақытта ел Президенті Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің жоғары әскери училищесін құру туралы шешім қабылдаған болатын. Ал сол жылдың 20 желтоқсанында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жауынгерлік Туды тапсырып тұрып: “Мен Солтүстік климаттық жағдайларда тәрбиеленіп, оқытылған курсанттардың нағыз әскери шынығуға ие болатынына және болашақта Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлерінің жаңа офицерлік корпусының негізін құрайтынына сенімдімін”, – деп сенім артқан еді. Ширек ғасыр ішінде жоғары оқу орны 4 мыңға жуық жас офицер даярлады, олардың 270-і оқуды үздік бітірді, 49-ы “Әскери университетті үздік бітіргені үшін” төсбелгісімен марапатталды.
Бүгіндері академия жеті мамандық бойынша ел қорғайтын білікті әскери кадрларды даярлауда. Түлектер Қорғаныс министрлігі, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі бөлімдерінде және Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінде абыройлы қызмет етуде. 2009 жылдан бастап академия әскери кадрларды даярлау бойынша халықаралық деңгейге шықты. Үкіметаралық келісімшарттарға сәйкес оқу орнында Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген курсанттар оқиды.
Академияда жеке тұлғаны дамыту, жоғары адамгершілік және әскери-кәсіби қасиеттерді қалыптастыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін оқу-материалдық және техникалық базаны жақсарту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.
Қазіргі күні біздің академияда Солтүстік Қазақстан облысынан 100-ден астам курсант білім алуда. Түлектеріміз бен қазір оқып жатқан курсанттардың арасында мақтануға тұрарлық жігіттер баршылық. Ұлттық ұланның батыры, III дәрежелі “Айбын” орденінің иегері Бақтияр Қайырбеков, кикбоксингтен әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Нұрпейісов, самбо күресінен әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мақсат Нүсіпов, сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Мирас Бірімжановты мақтанышпен айтуға болады.
Ұлттық ұлан әскери академиясы жаңа оқу жылына курсанттарды іріктеуді бастады. Жоғары оқы орнына түсуге ниет білдірушілер тұрғылықты жері бойынша Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне өтініш береді. Оқу барысында курсанттарға күніне үш рет тегін тамақ, шәкіртақы, формалық киім-кешек, қажетті оқу әдебиеттері, соның ішінде нормативтік-құжаттарға сәйкес бірқатар басқа да жеңілдіктер көрсетіледі.
Еламан ӘЛЖАНОВ,
Ұлттық ұлан әскери академиясының курсанты.