«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өлеңдері өміршең

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады” дейді қазақтың да­нышпандығы.

Тіршілік тарауларының өн бойы толған жарыс бәсеке, осы жарыста оза шауып, көптің көзіне түсетіндер де, қарапайым қалың топтың ара­сын­да қарасын болып қалып қоятындар да аз емес.

Халқы, әдебиет қауымы, баспа­сөз жетпіс жасын есіне алып, мерекелеп жатқан Ғалым Малдыбаев – советтік дәуірдің жарысында көзге ілінген ақындардың бірі.

Алғашқы сүрлеуін Сәкен Сейфул­лин Октябрь күндерінде салған қазақ совет әдебиетінің кадрлары тек советтік дәуірде ғана көбейді, солардың елеулілерінің бірі – Ғалым Малдыбаев.

Сол кездегі өзге қаламдастары сияқты Ғалым да тек ақын емес, ол қоғам қайраткері де.

“Қайраткер” дейтініміз орыстың өткен ғасырдағы данышпан ақыны Н.А.Некрасов айтқандай Ғалым советтік социалистік дәуірдің әдебиет­тік істерінен басқа да толып жатқан жүйелеріне атсалысты. Мысалы, ол жиырмасыншы жылдар ішінде Ақ­молада шыққан “Жаңаарқа”, Орал­да шыққан “Қызыл ту”, Керекуде (Павлодар) шыққан “Колхоз”, Баянда шыққан “Ленин жолы”, Балқашта шыққан “Балқаш жұмысшысы” га­зет­терінің бірінен соң бірінде үздіксіз редактор болып қызмет атқарды. 28-ші жылы “Социалистік Қазақстан­ның” оңтүстік облыстарындағы тілші­сі болды.

Баспасөздің қауырт істерінде жүріп Ғалым аталған облыстардың советтік, мәдениеттік, партиялық, ком­сомолдық істеріне де қызу қа­тынасты. Мысалы, бұрын Төңкеріс, кейін Жамбыл аталған ауданның комсомолдар комитетінің алғашқы керегесін Ғалым жайды. Тап күресі қызу жүріп жатқан шақга Ғалым бұ­ған да қызу араласып, ауылда советтендіру, қоныстандыру, жалшы­лар комитетін құру, газеттерді тарату, мектеп ашу, жер бөлісі, ірі байларды кәмпескелеу, ауыл шаруа­сын колхоздандыру істерінің жуан ортасында жүрді.

Ғалым үшін мұның бәрі табиғи нәрселер еді. Оған Ғалымның өмірбаяны кепіл. Қоғамшыл қайраткер­дің жетпіс жасқа толған мерекелі күндерінде, оқырман көпшіліктің есіне оның өмір жолын елестете кетудің артықшылығы жоқ.

1920 жылы Ғалымның ауылына, белгілі революцияшыл ақын Баймағамбет Ізтөлин келеді де, Ғалымның домбыраға, әнге, әдебиетке әуесті­гін көріп, Қызылжарға ерте кетеді, онда “Ақтас” аталатын жасөспірім­дер мектебіне орналастырады. Бі­рақ оқудың аяғы сәтсіздікке соғып, келер 21-ші жылдың басында ақ бандалардың көтерілісі шығады да, олардың совет адамдарына көрсеткен айуандық қылықтары шәкірттердің жанын түршіктіріп бет-бетімен қашады. Ғалым туған ауылына кетеді.

Ол кездегі ауыл мектебіне мұғалім болу үшін Ғалымның білімі де жетіп жатыр. Ғалым сол қызметте жүргенде ауылына уездің оқу бөлі­мінің меңгерушісі Әнес Ілиясов келеді де, Ғалымды Сәлімбай ауылы дейтін жердегі мектепке мұғалім етіп жібереді. Оқуға сусыны еркін қанба­ған Ғалым 25-27-ші жылдарда Қызылжардағы совет партия мектебін тамамдап, 1934-1936 жылдарда Мәскеудегі Күншығыс еңбекшіле­рінің университетін (КУТВ) тауысады. Ғалымның мектептік білімі осындай.

Оқи жүре қызмет атқарып, қыз­мет атқара жүріп оқу, солармен қа­тар қоғамдық істерге де қызу араласу – Ғалыммен замандас ақын-жазушылардың маңдайына жазылған бақыт. Ғалымның не істегендерін жоғарыда айттық. Сол істерімен қа­тар Ғалым жазушылықпен де ерте шұ­ғылданды.

Ғалымға Баймағамбеттің 1920 жылы көңіл бөлуі әшейін емес. Баймағамбет Ғалымды Жақаттың Сәдуі аталатын пәтер үйіне ертіп әкелген­де мен де сол үйде едім. Ғалым онда қоңқақ мұрын, қара бұжыр, талдырмаш, ұяң мінезді жеткіншек екен.

“Бұның кім?” деген сұрауға Бай­мағамбеттің қолақпандай ғып қайтарған қысқаша жауабы: “Ақын”. Сол өнерін білгіміз келген бізге, өзі ұялшақтанған соң, Баймағамбет Ға­лым­ның өлеңдерін оқып берді. Тырнақалды шығармалардың мазмұны – елде, Қызылжарда совет өкіметі жүргізіп жатқан құрылыстарды ма­дақтау.

– Қазақтілді совет жазушылары осындайлардан шықпаса, әзірге өте аз ғой, – деді Баймағамбет.

Ғалым Қызылжардағы Совпарт­тан оқыған жылдары, мен осы мек­тепте саяси сабақты жүргіздім. Сол кезде қаланың көркем әдебиетіне ынталы жастары әдебиет үйірмесін құрды. Белсенді мүшелер: Мәжит Дәулетбаев, Ғалым Малдыбаев, Ес­мағамбет Ысмайлов, (балалар ком­мунасында оқыды), Абдолла Сәдуа­қасов, Зараб Темірбеков (уездік ком­сомол комитетінде секретарь), Шах­мет Хұсайынов, Сейфолла Байғо­жин, Мәлік Тәкішев, тағы басқалар. Ғалым – ұйымның секретары. Осы ұйым өсе келіп, 1928 жылдан ҚазАПП-тың бөлімшесіне айналды да, “Жарыс” деген атпен бірер аль­манах жариялады.

Жазушылық істерін сол жылдар­дан бастап өрбіткен Ғалым оннан астам шығармаларын кітап түрінде жариялады. Газет, журналдарда ба­сылғандарында сан жоқ.

Ол қысқа өлең түрінде де және поэма түрінде де жазды. Солардың ішінде “Қырым қызы” сияқты әдебиет тарихынан орын алғандары аз емес.

Қоғамдық істерінің ішінде Ғалым қазақ совет әдебиетінің кадрларын өсі­руге де елеулі еңбек сіңірді. Мысалы: Қызылжардағы шақтарында Есмағамбет ЬІсмайловтың, Бая­н­ауыл­да – Дихан Әбілевтің, Оралда – Ғабдол Слановтың, Ақмолада – Сейтжан Омаровтың, тағы бірнеше жастардың әдебиетке келуіне се­бепкер болды.

Жалпы алғанда Ғалым – күнде­лікті өмірдің жаршысы. Оның шығар­малары – советтік дәуірдің күнде­рінде, айларында, жылдарында ат­қарылатын игіліктердің шежіресі.

Біз мақаланы “алуан-алуан жүй­рік бар” деген қазақ мақалынан бастадық. Солардың бірі Ғалым екенін айттық. Жасының кемел, қайра­тының мол шағында өмір жарысынан Ғалым алған жүлде аз емес. Сол Ғалым, соңғы он-он бес жылда бә­сеңдей көрінді. Оған ең басты себеп – осы кезде денсаулығының жылдан-жылға азаюы. Қаршадай шағы­нан ауыр тірлікте болу салдарынан ол өкпе науқасына шалдығып, сол науқас оқуына да, қызметіне де, шығармалық істеріне де үнемі бөгет жа­сады, ақыры соңғы он-он бес жылда туған ауылынан шықпауға мәжбүр етті. Ол сонда да қаламын тастамай жазып келеді. Жазғандарының біразы газет-журналдарда жарияланды. Оның соңғы еңбегі – “Сарыарқаға саяхат” атты поэмасы. Ғалым бұл жырын “мүмкін бұл соңғы сірге мөл­діретер” деген сөздермен аяқтайды.

Қазақ ғұрпында “сірге мөлдіре­тер” деп күз сауын биелерді ағытар­да, соңғы қымызды төңіректегі ауылдарға, үйлерге таратуды айтады.

Бұл уайымды Ғалым сырқаты мең­дей түсуіне кейігендіктен айтқан болуы керек, әйтпесе идеологиялық майдан жорығының жолында ол еш­уақытта заманынан қалыс қалмай, өмірге үлкен оптимистік көзбен қарап келген адам.

Сәкен бастаған қазақтың совет­тік әдебиетін қазіргі күнде салтанатты кең сарайға мегзесек, оның бойында Ғалымның қолынан қаланған кірпіштер аз емес.

Сәбит МҰҚАНОВ.

“Ленин туы” газеті,

13 мамыр, 1972 жыл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp