«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Конституциялық реформа – тарихтың жаңа парағы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы” Жолдауында жұртшылық назарына еліміздің саяси жүйесін түбірімен өзгертуге қатысты ауқымды бағдарлама ұсынғаны белгілі. Қалың көпшілік қолдау көрсеткен бастаманың негізгі идеясы өркениетті елдерге тән және де алуан түрлі көзқарастарды тоғыстырып, демократиялық тетіктерді қалыптастыратын азаматтық қоғам құруды көздейді. Мемлекет басшысы “Amanat” партиясының кезектен тыс ХХІІІ сьезінде Қазақстанда мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үрдісі басталып, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын дайындау жөніндегі нақты іс-шараларға жалғасқанын, онсыз жоспарланған саяси реформаларды тиімді жүзеге асыру мүмкін емес екенін атап өтті. “Конституциялық реформаның мақсаты – елімізді саяси тұрғыдан одан әрі жан-жақты жаңғыртудың берік іргетасын қалау. Оның қабылдануы мемлекеттік институттарды құрудың және қызметінің мүлде жаңа үлгісі – Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік береді”, – дей келіп, мұның өзі елдің бүкіл саяси архитектурасын кешенді түрде қарауға, билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдіктің неғұрлым теңгерімді жүйесін құруға бағытталғанын, суперпрезиденттік басқару түрінен түбегейлі бас тарту, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттігін күшейту, партиялық жүйені жаңғырту – басым бағыттардың бірі екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы “Amanat” партиясының төрағасы лауазымнан бас тартып, ұйым қатарынан шығатынын мәлімдей келіп, бұл қадамның символдық мәні бар екенін ашық айтты. “Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиядан арылту аса маңызы. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек. Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл менің айқын ұстанымым”, – деді. Мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күшке тең мүмкіндік туғызумен бірге саяси жүйеде әділдіктің орнауына, демократиялы, ашық және теңгерімді саяси жүйе құруға жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығаяды. Әкімшілік ресурстардан, науқаншылдықтан, қағазбастылықтан арылып, тиімді саяси және технологиялық тәсілдерді меңгеруге ұмтылады.

Уақыт және қоғам сұранысынан туындаған конституциялық реформа Тәуелсіздік тарихының жаңа парағын ашары анық. Партиялар мен сайлау туралы заңдарды либерализациялау қоғамның рөлін күшейтіп, азаматтардың саяси бәсекелік қарымының мазмұнын да өзгертері сөзсіз. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беретіне, Жаңа Қазақстан құру жолындағы бағытымызды нығайтатынына, заң, әділдік және тәртіп бақуатты өмірімізді айқындайтын нақты факторларға айналатынына тоқталды. Ал Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша биыл 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойылуы конституциялық реформаның шешуші кезеңіне аяқ басқанымызды айғақтайды.

“Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, бүкілхалықтық талқылауға шығарылды. Референдумды ұйымдастыру мен өткізу Референдумның орталық комиссиясының қызметін атқаратын Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ аумақтық және учаскелік комиссияларына жүктелді. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу жөнінде қажетті шаралар қабылдау міндеттелді. “Amanat” партиясының облыстық ұйымы конституциялық реформа Президенттің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси бағдарламаларын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды саяси науқан екенін жете түсіне отырып, талқылау шараларын бастап кетті. Оның бір мысалы ретінде республикалық партиялық штаб мүшелерінің этномәдени бірлестіктермен кездесуін айтуға болады. Шыны керек, бұған дейін қарапайым халықтың пікірлері аса ескеріле бермейтін. Негізінен Парламенттің қарауына ұсынылып, депутаттардың мақұлдауымен шектелетін. Заңнамалық құжаттардың да біржақты қаралып келгені жасырын емес. Бұдан былай тұтас мемлекеттің тағдыры жекелеген адамдардың емес, халықтың атсалысуымен талқылануы, маңызды мәселелер бойынша әркімнің өз таңдауын жасауы, көзқарасын айқын білдіруі демократиялық қағидаттардың берік ұстанымын білдіреді.

Конституциялық реформа барлық мемлекеттік құрылымды кешенді түрде өзгертуге, жариялылық, ашықтық принциптерін орнықтыруға бағытталған. Олардың кейбіріне тоқтала кетейін. Ата Заңымыздың 43-ші бабына енгізілетін өзгерісте “Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауы тиіс” деп жазылған. Осы баптың 4-ші тармағында “Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ” деп көрсетілген. 23-ші баптың 2-ші тармағына сәйкес, Республика Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының және өзге де соттарының төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелеріне, әскери қызметшілерге, ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне саяси партияларда, кәсіптік одақтарда болуына тыйым салынады. Осылайша партиялар арасында тең құқықтық саяси бәсекелестік орнайды.

Сондай-ақ жұмыс тобы мүшелерінің ұсынысы бойынша Тұңғыш Президенттің Президент лауазымына қатарынан екі реттен көп сайлауына мүмкіндік беретін 42-ші баптың 5-ші тармағы, Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттіктері Конституциямен және конституциялық заңмен айқындалатыны туралы 46-шы баптың 4-ші тармағы алынып тасталмақ. 44-ші баптың 3-ші тармағында Президенттің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жоятыны не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұратыны туралы құзыретін жою көзделген. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің құзыретке ие болу тәртібі де едәуір өзгереді. 87-ші баптың 4-ші тармағына сәйкес оларды Президент облыс аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен тағайындайды.

“Amanat” партиясының мүшелері Президенттің Әділетті Қазақстан құру жолындағы қадамдарының маңыздылығын терең түсінеді әрі құптайды. Конституциялық реформаның қажеттілігін халыққа жан-жақты түсіндіру үшін партия филиалы жанынан аумақтық штаб құрылған. Оның құрамына депутаттар, зиялы қауым, мәдениет және спорт саласының өкілдері, жастар, беделді де белсенді азаматтар тартылған. Саяси науқан барысында штаб мүшелері мен партияластар шалғайдағы ауыл-аймақтарды аралап, тұрғындармен кездесулер ұйымдастыруда. Референдумға қатысу баршамызға ортақ міндет әрі борыш екені кеңінен түсіндірілуде.

Әсем РАХМЕТОВА,

“Amanat” партиясы облыстық филиалының атқарушысы. хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp