Қаламгерлер қауымы үшін газет редакциясы – рухани орда, қарашаңырақ саналады. Сондықтан да қай қалаға бармасын бірінші кезекте жергілікті басылымға бас сұғу, сәлем беру дәстүрі қалыптасқан. Бір ғасырдан астам тарихы бар “Soltüstık Qazaqstan” газетіне осы уақыт бедерінде кім келмеді деңізші?! Қара сөздің қарагерлері Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов туған жерлеріне табаны тие киелі осында жеткеніне, халық жазушысы Сафуан Шәймерденов те бірнеше рет ұжыммен жүздескеніне архивте сақталған фотолар куә, жезкиік ақын Кәкімбек Салықов, қарымды қаламгер Дүкенбай Досжанмен сұхбаттасқан сәт кешегідей көз алдымызда. Бұл – қолына қалам ұстаған қауым үшін бұлжымас дәстүр. Жақында Қызылжар өңірінің қарашаңырағына сатирик жазушы Көпен Әмірбек ат басын тіреді. Теріскейге тұңғыш рет табаны тиген екен. Астықты өлкемен танысу сапарын газеттен бастауды жөн көрген қаламгермен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті. Сол орайы келген әңгімені оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
– Ел арасында “Көпен келе жатыр” деген тіркес бар. Осы атаумен театр да аштыңыз, көптомдық жинағыңызды да солай атапсыз. Жалпы осы тіркес қайдан шыққан?
– Осыдан тура 28 жыл бұрын, нақтырақ айтқанда, 1994 жылы Алматыдағы республика сарайында есімі кешегі Кеңес одағына кірген елдердің бәріне мәлім атақты Евгений Петросянның концерті өтетін болды. Билетті көрермен талап алып кетіпті. Республика сарайының директорымен қарым-қатынасымыз жақсы болатын. Арнайы шақыру билетін беретінін айтты. Соны алайын деп кабинетіне кірсем, төрде Петросян отыр. Амандастым, өзімді таныстырып жатырмын. Бізде де әзіл-оспақ бар екенін, “Тамаша” деген ойын-сауық отауының көптеген қойылымдарының авторы мен екенімді айттым. “Өзің сахнаға шығасың ба?” – деп сұрады. Мен 44 жасыма дейін жиырма шақты кітап жазғанымды, бірақ әлі сахнаға шығып көрмегенімді айттым. Бетіме қарап біраз уақыт үнсіз отырды да “Дурачок”, – деді. “Сен әртістерге сатира жазып бересің де соларды халыққа танымал етесің. Ал өзің көлеңкеде қаласың. Әртістер жұлдызға айналады, ал сені ешкім білмейді. Одан да өзің жазғаныңды өзің сахнаға неге алып шықпайсың?” – деді. Мен ойланып қалдым.
Шынымен де айтып отырғаны орынды. Атымды сұрады. “Көпен”, – дедім. “Как, как?” – деді қайталап. Мен де қисық сөйлейтін қазақпын ғой, “Копенгаген”, – дедім. Қарқ-қарқ күлді. “Баяғыда хоккейден тікелей репортаж жүргізетін Николай Озеревті білесің ба?” – деп сұрады. Оны білмейтін одақта адам жоқ қой. Соның бір әлем чемпионатын жүргізген репортаждарын “Говорит и показывает Стокгольм” деп бастайтыны бар. “Сол сияқты жеке театрыңның атауын “Говорит и показывает Копенгаген”, – деп қой деді. Мен бұл ұсынысты құп көрдім. Бірақ әлі сахнаға шыққан жоқпын, енді келейін деп жатқан жанмын. Сондықтан театрдың атын “Көпен келе жатыр” деп қоюды құп көрдім. Осы атаумен біраз ел араладық. Қазірге дейін халықтың аузында жүрген тіркестің шығу тарихы осындай.
– Атауы ел аузында жүргенімен, театр қазір сахнадан көрінбей кетті ғой. Неге?
– Иә, кезінде көрермен өте жақсы қабылдады. Ел аузынан түспедік қой. Көптеген қойылымдар қойып, концерттер бердік. Сол кезде әзіл-сықақ театрларының саны да аса көп емес еді. Бар-жоғы төрт-бес ұжым ғана. “Тамаша”, “Бауыржан шоу”, “Шаншар” және менің театрым ғана-ау деймін. Түрлі жағдайлар болады ғой. Бірақ “Көпен келе жатыр” театрының жұмысын бекер тоқтаттым-ау деп қазір өкінемін.
– Қалың қазақ сізді сатирик ретінде таниды. Ал қызмет жолыңызға қарасақ, газет-журналдарда ғана істепсіз. Оқыған мамандығыңыз қандай сонда?
– Мен – қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданының тумасымын. Сондағы Жамбыл атындағы 10 жылдық мектепті бітіріп, қазіргі әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне құжаттарымды тапсырып, конкурстан құлап, ауылға қайтқан сәт әлі есімде. Сол кезде аудандық Мәдениет үйінде халық театры жұмыс істейтін. Келесі жылдың емтиханы басталғанға дейін он ай қарап жатпай, сол театрда әртіс болдым. Алғашқы сомдаған рөлім – Бейімбет Майлиннің “Жалбыр” деген спектакліндегі Сайын деген болыс. Қаныбек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың “Беу, қыздар-ай!” деген комедиясында Әубәкір ақынның рөлінде ойнадым. Қалтай Мұхамеджановтың “Қуырдақ дайын” деген комедиясындағы басты кейіпкер Ережепті сомдадым. Содан кейін өзбектің бір сатирик жазушысының “Құтырған ит” деген комедиясында бастан-аяқ ойнап шықтым. Өзі екі-ақ адам ойнайтын қойылым. Ара-арасында Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіровтердің сықақтарын оқып жүрдім. Сол кезде олардан басқа сатира жазатын ешкім жоқ та еді.
Бір күні көрші ауылға барып, концерт қойдық. Концертті өзім жүргіземін, өзім күлгіземін дегендей. “Асқар Тоқмағамбетов. “Май мұрынға май шелпек” деп бастап, оқиын деп жатыр едім, алдыңғы қатарда отырған бір кемпір орнынан атып тұрды. “Әй, әдірәм қалғыр! Осы сықақты арғы жылы да, былтыр да естідік, биыл да оқиын деп жатырсыңдар. Бұдан басқа ештеңелерің жоқ па? Басқа сықақ оқысаңшы”, – деп айқай салды. Өзі сахнаға енді шығып жүрген менің жүрегім тоқтап қала жаздады. Бұған дейін де, одан кейін де сахнада осылай қысылмаған шығармын. Қақ маңдайдан таспен ұрғандай тұрдым да қалдым. Дегенмен осы оқиға менің кейін сатира жазуыма түрткі болды. Белгілі авторларды оқи бергенше ешкім қалам тербемеген, ешкім оқымаған әзіл жазуға бел байладым. Мені әзіл әлеміне әкелген сол кемпір. Егер ол кісі маған сын айтып, ескертпегенде мен жұрттың жазғанын ғана оқып, әртіс болып сахнада жүре беруім де мүмкін еді.
– Сіз ауыл-ауылды аралап, ойын-күлкі қуып жүргенде оқудың жайы не болды? Бір жылдан кейін түстіңіз бе қайтадан?
– Иә, келесі жылы барып сол журналистика факультетіне оқуға түстім. Мен бала кезімнен “Қазақстан пионері” және “Балдырған” журналына көптеп мақала жазып тұрдым. Суретші де болғым келді. Сол кезде “Балдырғанға” және “Ара” журналына карикатура салатын Казанцев, Воеводин, Лебедев, Безелюк деген мықты суретшілер бар еді. Солардың салған карикатураларын көріп, астындағы аттарын оқып, суретші болуды армандадым. Алайда салған суреттерімді жіберемін, ешқайсысы шықпайды. “Көркемдігі сәл төмендеу, әлі де іздене түс” деген жазуы бар хаттар жиналып қалды. Содан бір күні балалар сынған, ескі велосипедтердің бөлшектерін жинап, бір велосипед құрастырдық. Соның суретін салдым. Велосипедтің рөліне арқардың мүйізін, доңғалағының орнына арбаның доңғалағын салып дегендей. Мазақтап салғаным ғой. Соның астына екі шумақ өлең жаздым. Суретіме түсіндірме болсын дегенім ғой. Алайда суретімді шығармай, “Балдырғанға” екі шумақ өлеңімді басыпты. Сегізінші кластағы кезім. Сондағы қуанғанымды көрсеңіз ғой. Егер суретім шыққанда мен бәлкім суретші болып кетер ме едім?
Спортшымыз Арнабек,
Велосипед құрап жүр.
“Сенде рама бар ма?” – деп,
Көрінгеннен сұрап жүр.
Жинай-жинай әр тұстан,
Велосипед құрады.
Шықса бірақ жарысқа,
Орта жолда тұрады, – деп жазыппын. Бұл менің алғашқы әзіл өлеңім болатын.
Университетке түстім дедім ғой. Оқуды бітіретін жылы мені қиыр шығысқа алып кетті. Себебі төрт жыл бойы “Военное дело” деген пәнді оқып, бітірерде бізге запастағы лейтенант деген шен берілген еді. Осылайша 23 жасымда взвод командирі болып, Владивостоктағы екі жылдық әскери партия мектебіне кеттім. Оны ойдағыдай аяқтап, аман-есен елге оралдым. Кейін мені қауіпсіздік комитеті, бас прокуратура, ішкі істер министрлігі жұмысқа шақырды. Солардың бәрінен бас тартып, өзімнің жаныма жақын саяси сатира басатын “Ара” журналына жұмысқа тұрдым. Содан бері осы салада жүрген жайым бар.
– “Сатира – қаһарлы қару” деген тіркес бар. Ол бекерден-бекер айтылмаған ғой. Өкінішке қарай, қазір сол қаруымыз қаһарынан айырылып қалғандай көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Әңгімені кешегі еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін болған сықақшылардан бастайыншы. Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Оспанәлі Иманалиев, Жүсіп Алтайбаев, Мыңбай Рәш, Үмбетбай Уайдин, Ғаббас Қабышұлы, Сейіт Кенжеахметұлы, Сабыржан Жұматайұлы деген сықақшылар өмір сүрді. Қазақтың тұңғыш сатиралық романын жазған Садықбек Адамбековтің тілі қандай керемет еді, оның қуақылығын, әзілін, өмірдегі жүріс-тұрысының өзін Мұхтар Әуезов жоғары бағалаған ғой. Мұхаңның өзімен қалжыңдасады екен. Көптеген қаламгерлер Мұхтар Әуезовтің жанында артық ауыз сөз айтуға жүрексініп, именіп тұрса, Садықбек туған жездесіндей ойнайды екен. Оның жас кезінде сақал қойғаны бар. Сол жайлы Мұхтар Әуезовтің жиырма томдық кітабының жиырмасыншы томында мынандай сөз бар: “Садықбектің әрбір сақалының түсінде бір-бір сайтан ұялап жатыр” деген. Ал енді осындай сатириктер бар ма қазір?
Сатиралық дүниелердің барлығы бір қап ұн сияқты. Халық – елек. Ұнды електен өткізесің ғой, сонда кебегі бір жақта, керегі бір жақта қалады ғой. Кейінгі сықақшылардың ішінен халық кімді електен өткізіп айтып жүр қазір? Жауап жоқ. Соңғы дерек бойынша Қазақстанда 18 әзіл-сықақ театры бар екен. Ішінде жақсы әзіл айтып жатқандары жоқ емес. Бірақ көбінікі бірін-бірі қайталау болып кетіп жатыр. Сатираның бәрі сахнаға көшіп кеткендей әсер қалдырады. Қазір кітап оқымайтын болдық, газет-журналды көбіміз жаздырып алмаймыз. Сондай заманда сатираның сахнаға ауысуы – бұл заңдылық сияқты.
Қазақстанда 54 драма театры бар. Ал солардың қайсысында комедиялық спектакль сахналануда? Комедия жазатын ешкім жоқ. Лев Толстой “Соғыс және бейбітшілік” романын жазғаннан кейін “Енді орыс әдебиеті көпке дейін демалады”, – деп айтып кетіпті. Сол сияқты қазір қазақ сатирасы демалыста. Жарқ етіп шығатын күні әлі алда деп ойлаймын.
– Қазіргі сахнада жүрген әзіл-сықақ театрлары сатираның салмағын жеңілдетіп жіберген сияқты ма қалай?
– Қазіргі әзіл-сықақ театрлары көже-қатық қуып кетті де, көркемдік жағын ақсатып алды. Жеңіл әзіл көп. Көрерменді көп тарту үшін істеп жатқандары ғой. Бұл енді – нарық заманында ең керек нәрсе. Халыққа не қажет екенін зерттеген, соны сахналайды. Саяси сатира, үлкен қоғамдық-әлеуметтік жүк арқалаған қойылымдарды жастар жағы аса қабылдай бермейді ғой. Демек, театрларымыз сол көрерменнің жетегінде кетті. Керісінше, сонау сайда жүргендерді қырға, қырда жүргендерді шыңға шығарып, тәрбиелеу керек емес пе? Теледидар арқылы беріліп жүргені де сол. Бір сөзбен айтқанда, біз көрерменнің жетегінде жүрміз. Бұл – бір, екіншіден, олардың араларында да, мысалы, “Шаншар” сияқты театрларда саяси-әлеуметтік сатиралар бар. Театрға барғандар көреді. Бірақ соларды теледидардан бергенде қиып тастайды. Неге? Өйткені айтқандары ақордаға ұнамайды, көкордаға ұнамайды, жоғары жаққа тиіп кетеді дейді де телеарнаның басында отырған басшылар сылып тастайды. Ішінде тұздығы болмағаннан кейін қарасуда қайнаған тамақ секілді дәмі татымайды. Обалы не керек, айтатын жерде айтады, бірақ кесіп тастайды.
– Қазір еліміздің басты телеарналарында да жаңағы сіз айтқан жеңіл күлкіге құрылған сайқымазақ бағдарламалар көбейіп кетті. Неге? Бұл да сол рейтинг қуып, көрерменнің жетегінде кету ме?
– Солай ғой. Қазір жайдарман деп жүрміз ғой, орысшасы КВН. Бұл жастарға арналған сатиралық театр деп ойлаймын. Қойылымдары жарты минут, ары кетсе бір минутқа ғана созылады. Қысқа да нұсқа, тек түйінін ғана айтады. Біз сияқты он, жиырма минут тұрмайды бұлар. Бұл жоқтан жақсы, былайша айтқанда.
Жалпы еліміздегі әзіл-сықақ театрларының екеуі ғана мемлекет қарамағында. Біреуі Ақтөбенің “Екі езу” театры, екіншісі Шымкенттің “Шаншары”. Неге елордада немесе өнердің қайнаған ортасы Алматыда мемлекеттік сатира театрын ашпасқа? Қазір қоғам болып жемқорлық, парақорлық, тағы да басқа жаман әдеттермен күресеміз деп жатырмыз ғой. Ал күресудің бірден-бір құралы – сатира ғой. Ештеңеден қорықпайтын адам күлкіден, күлкі болудан ғана жүрексінуі мүмкін. Кімнің күлкісі басым болса, соның мысы да басым деген сөз бар. Атақты Бауыржан Момышұлының “Күлкінің жеңбейтін дұшпаны жоқ”, – деп айтып кетуінде де үлкен мән жатыр. Сейіт Кенжеахметұлының “Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім”, – деп жазып кеткен тағылымы бар. Бұны ертеде атам қазақ “Досқа таба, дұшпанға күлкі қыла көрме” деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген ғой. Әдемі сөз емес пе?!
Болгарияның Габрово деген қаласында жыл сайын 1 сәуір – күлкі күні сатиралық шығармалардың байқауы өтеді. Оған дүниежүзінен сатириктер қатысады. Осындай байқауды өзімізде өткізсек немесе Орта Азияға ортақ байқау ұйымдастырсақ қой, шіркін! Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, ар жақтағы татарлар мен ноғайлар қатысса. Қомақты бәйге тігілсе, сықақшылар шығар еді. Аламаннан келген атқа да шампан атып, иесіне қымбат машина мінгізіп жатамыз ғой. Ал театрымыздың, сатирамыздың құны сол бір аттан кем емес шығар? “Үлкен шестерня бір айналса, кіші шестерня шыр айналады” деген механизмнің бір теориясы бар. Биліктің құзар басында отырғандар сол үлкен шестерня ғой, солар бір айналса ғой, қалған жұмыс өздігінен-ақ істелер еді.
– Өзіңіз еңбек жолын бастаған, кезінде басшылар “Ара” шағып алмасын деп, зәре-құттары қалмай қорқатын журналдың кейінгі тағдыры не болды?
– “Араның” көрмеген қорлығы жоқ. Мен айтайын, оқырман біле жүрсін тарихын. 1915 жылы “Садақ” деген атпен сатиралық журнал дүниеге келді. Алғашқы редакторы – Бейімбет Майлин. Төңкеріс болды, үкімет ауысты, яғни, үш жылдан кейін жабылып, 1925 жылы журнал “Шаншар” деген атпен қайтадан жарыққа шықты. Ілияс Жансүгіров редакторлық етті. Алайда ашылған жылы жабылды. Қиын-қыстау заман ғой. Ілияс Жансүгіров 1932 жылы “Балға” деген атпен қайтадан ашты. Одан кейін саяси қуғын-сүргін, артынша соғыс басталды. Тек 1956 жылы ғана журнал “Ара-Шмель” деген орысша-қазақша атпен оқырман қолына тиді. Редакторы – Ғабит Мүсірепов. Сол “Арада” кімдер жұмыс істемеді?! Қайнекей Жармағамбетовтен кейін Жүсіп Алтайбаев редакторлық етті. Алтайбаевтың тұсында Оспанхан Әубәкіров, Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Ілиясұлы қызмет етті. Осы топтың ішіндегі ең кішкентайы мен едім. Журналдың тиражы жарты миллионнан асатын. Сол кезде “Ара” жарты миллионнан асып кетпесін деп, Мәскеу қағаз бермей қойған кездер де болған. Бағасы 15 тиын тұратын, бір жылға 1 сом 80 тиын. Әр қойшының қонышында жүретін. “Ара” ара болады, шаққан жері жара болады”, – деген Оспанхан ағамның қанатты сөзі бар еді сол кезде айтқан.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде қаржының жоқтығынан журнал жабылып қалды. Сол қиын кезде бас редакторы болған Қалтай Мұхамеджанов ағамыз “Араның” жабылғаны, қазақ сатирасының қара жамылғаны”, – деген еді. Ол кісіні ешкім тыңдамады. Кейін ағаларым бастап кеткен осы істі мен қайтадан қолға алып, екі жыл газет ретінде бастырып келдім де, одан кейінгі он жыл бойы журнал қылып шығардым. Бұл істе маған қолдау көрсеткен Иманғали Тасмағамбетов пен Мұхтар Құл-Мұхаммед деген азаматтар. Олар басқа қызметке кеткен күні “Араның” басына қара бұлт қайта үйірілді.
2013 жылы елордада Президенттің Жолдауын талқылауға арналған жиынға шақырды. Тақырып біреу: Жолдауда айтылған жемқорлықпен күресу үшін не істеу керек? Қуаныш Сұлтанов, Мырзатай Жолдасбеков сөйледі, кейін маған сөз берілді. Мен жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күресте бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануды ұсындым, соның ішінде 100 жылдық тарихы бар “Ара” журналын қайтадан жандандырсақ деген ой тастадым. Ұсынысым қолдау тапты. Міне, содан бері “Айқын” газетінің ішіндегі қосымшасы ретінде шығып келе жатыр.
– Өзіңізден бұрын “Қызылжарға Көпен келе жатыр” деген сөзіңіз жетті. Бұл сапардың мақсаты не?
– Бұл жолы көпшілік ойлағандай әзіл-сықақ кешін өткізу үшін келген жоқпын. Бұдан 175 жыл бұрын ғұмыр кешкен Әлшекей Бектібайұлы деген күйші бабамыз болған. Мен – тікелей сол кісіден тараған ұрпақпын. Ол – Құрманғазы, Дәулеткерей, Сүгір, Дина Нұрпейісова, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сияқты күйшілермен есімі бір деңгейде айтылатын, деңгейі тең болмаса, бір кем түспейтін күйлер шығарған адам. Бұл менің сөздерім емес, өнер саласын зерттеуші, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақановтың айтқандары. Ағамыз табанынан тозып жүріп, Әлшекей Бектібайұлы шығарған жүзден астам күйді тапты. Ал ол кісі туралы арнайы кітап жазған Ақселеу Сейдімбек марқұм. “Қазақ радиосының” алтын қорында нотаға түсірілген 29 күйі сақталып қалған екен.
Егемен ел болғанымызға 30 жылдан асса да етек-жеңімізді әлі жиып болмай жатырмыз ғой. Сол тарихтың тасасында қалған талантты күйшілеріміздің мұрасын халыққа жеткізгіміз келеді. Әлшекей Бектібайұлы байдың баласы болғандықтан қуғын-сүргінді де көп көрген екен. Амалсыздан туған жерден жыраққа кетуге мәжбүр болған, нақтырақ Тәжікстанға барып, сол жақта дүние салған. Басына барып тас орнаттық.
Ендігі мақсатымыз – Әлшекей Бектібайұлының күйлерін халыққа кеңінен насихаттау. Былтыр Маңғыстауда, Оралда, Түркістанда, Шымкентте, кеше ғана жаңадан ашылған Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда күй кештерін өткіздік. Шығармаларын ел ести берсін, біле жүрсін деген мақсатпен Қызылжар өңіріне де келдік. Осы концерттің өтуіне атсалысып жүрген өнерпаз, дирижер Нұрлан Бекенов деген жігіт. Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының басшылығы да ұсынысымызды құп көрді.
– Әлшекей Бектібайұлының есімінің бүгінге дейін көп аталмай келуінің басты себебі неде?
– Қазақта күй қағыстың бірнеше түрі бар екен ғой. Оң қағыс, сол қағыс, теріс қағыс дегендей. Әлшекей Бектібайұлы сол бағыттардың біреуін ғана ұстанбаған. Төкпе күйді де, шертпе күйді де, жаңағы оң қағыс, сол қағыс, теріс қағыстың бәрін меңгерген күйші. Күйлерінен сол кездегі халықтың көңіл күйі, мұңы мен зары аңғарылады. Өзі жан сауғалап кеткенімен күйлері ел аузында қалған екен. Туған жері қазіргі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы, бұл жер ертеректе бұрынғы Шымкент облысының Түркістан ауданына қараған. Кейін Қызылорда облысы ашылғанда соған берілген. Есімінің көп аталмауы қуғын көргенінен болар деп топшылаймын.
– Сіз өз сөзіңізде оңтүстіктің тумасы екеніңізді айтып қалдыңыз ғой. Қазір еліміздегі жұмыс күші көп оңтүстік өңір тұрғындарын теріскейге көшіру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Көшке көңіліңіз тола ма? Осы бағдарламаның нәтижесін қашан көреміз?
– Бұл – өте жақсы бағдарлама. Осы сапарымда облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен жолығып, әңгімелесудің сәті түсті. Өңір басшысы солтүстікте атқарылып жатқан жұмыстар жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Жаңадан үйлер, мектептер, балабақшалар, ауруханалар салынып жатқаны қуантты. Көшіп келгендерге баспаналар беріліп жатыр екен. Бірақ кемшіліктер де жоқ емес. Әсіресе жергілікті жерлердегі басшылар бағдарламаны жетесіне жеткізіп жатқан жоқ. Үй береді, ал жұмыс ұсынбайды. Жұмыс болмаған соң қалай күндерін көреді? Бұл бағдарламаның түпкі мақсатын түсінген жөн. Еңбек күші деген бергі жағы ғой, ал ар жағында солтүстік өңірлерді қазақтандыру мәселесі жатқаны белгілі. Осы үлкен мақсатты ескерген абзал. Қаракөздеріміз көбейсе, сырттан көз алартушылар, көзді жұмып алып, көпірме сөзді айтатын арандатушылар айылдарын жияр еді.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.