Мен соңғы күндері әкемді көп ойлайтын болып жүрмін. Аспандағы асылым, қол жетпейтін алтыным, марқұм әкем Зәйкен Шәймерденов тірі болғанда 100-ге келер еді. Ол Отанын қорғау үшін өлімге бас тікті, екі рет тұтқындалып, бір рет жараланды. Елге 1950 жылы ғана оралады. Үлкендер ол кісіні “Зеке” десе, елдегі балалардың барлығы “папа” деуші еді. Әкемнің майдан жайлы айтқан естеліктерін тағы бір ой елегінен өткізіп көрсем деймін.
Соғыс басталысымен оны 6 айлық оқуға жіберді. Ақмоланың түбінде соғысқа дайындайды. Соғыста көрмеген бейнеті, баспаған жері жоқ. Польша, Болгария, Румыния, Украинада шайқасты, зеңбірекші болды. “Бір күні окоп опырылып кетіп капитан екеуіміз бастырылып қалдық. Қозғала алмай жеті күн жер астында жаттық. Есімізден танып қалыппыз. Штабтағылар бізді таппаған соң, елге хабар-ошарсыз кетті деп “қара қағаз” жіберіпті. Өлді деп ойлаған ғой. Ол кезде мұндай хат келсе өлдіге жоритын. Бір қызығы окоптан бізді ит қазып шығарды. Несін айтасың, жеті күн тозақта болдық қой”, – деп еске алушы еді әкем.
Бірде немістерді қуып келе жатып, қоршауда қалып қояды. Ұстап әкеліп қамайды. Адам көп, аяқ алып жүретін жер жоқ. Беретін тамағы – үсіген картоп. Әбден арып-ашыған тұста Сталиннің: “Бізде де сендердің кісілерің бар. Сендер істегенді біз де істейміз. Біздің солдаттарға жағдай жасаңдар, тамағын дұрыстап беріңдер!” деген мағынада айтқан сөзінен кейін кішкене болсын жағдайлары жақсарады. Бұл – әкемнің екінші рет тұтқында болған кезі. “Қалың ағаштың іші. Күнде қара жұмысқа салады. Артық сөз айтуға болмайды, саптан шығып кетсең құның көк тиын – атып тастайды. Сол жерде бір қариямен таныстық. Бара-бара жақынырақ сөйлесе бастадық. Біраз күннен кейін бұл қай жер деп сұрадым. Ол Норвегия екенін айтты. Күнде әңгімелесеміз. Дос болып кеттік. Бір күні осы жерден қашып шықсам, көмек көрсетер ме едіңіз дедім төтесінен. Құдайға қараған жан екен. Басын изеді. Содан қашудың амалын ойластыра бастадым. Ішімізден бір жас балаға аттарды баққызып қойды. Ол баланың әңгімесі қызық енді. “Мен ат бағуға келсем, немістің овчаркалары ботқа жеп жатыр екен. Қарным ашқаны сондай қарап тұра алмадым. Мен де ақырын барып шетінен жей бастадым. Бара-бара итке де, атқа да үйрендім. Иттермен бірге ботқа жейтін болдым”, – дейтін. Оған үш ат алып шығасың, екі рет ысқырамыз дедік. Қашып шығатын күнді белгіледік. Сол күні немістер араққа шылқа мас болып қалған екен. Үңгірден шыға бере екі часовойды өлтірдік. Балаға хабар берілді. Қарияның айтқан жеріне келсек, ол кісі күтіп тұр екен. “Он кісіден бірігіп мылтық ұстап жүріңдер, айырылып қалмаңдар. Қазір қалың ағаш ішіне кіреміз, екі күндей жүреміз, дыбыс шығармаңдар. Немістер қалың ағашқа кірмейді, қорқады”, – деді.
Үш күннен кейін ақсақал сәл кідіріп: “Мен осы жерден сендермен қоштасамын. Ағаштан шықпаңдар. Біраз жүрген соң алдарыңнан үлкен қара жол кездеседі. Сол жерде немістің заставасы бар. Сол жолдан аман өтсеңдер қалың ағашқа кіресіңдер. Ол жерде партизандарға кездесіңдер”, – деді. Қош айтысып, кері қайтты. Бір атты соған бердік. Қалған екі аттың біреуін сойып жедік. Ағаш ішінде су бар, тұз, нан жоқ. Осы жерде бір жеті жаттық. Содан алға қалай жүруді ойластырдық, ит тұмсығы кіргісіз қалың ағаш. Ақсақал айтқандай, немістер орманға кіруге қорқады екен. Алға тарта бердік. Түн ортасы кезінде аман-есен заставадан өттік. Қалың ағаштың арасымен жүріп отырып партизандарды көрдік”, – деп отыратын әкем жарықтық.
Үміт оты жанып, 1947 жылы әкемнен бірінші рет хат келді. Соғыс 1945 жылы бітсе де тұтқында болғандарды елге жібермеген. Шахтада жұмыс істепті. Содан әжеміз 1947 жылы әкемнің айтқан жеріне іздеп барып, елге аман-есен алып келді. Содан кейін әкем әр салада қызмет істеді. Бұрынғы мұғалімдігін жалғастырғысы келді. Бірақ дипломын байқамай отқа жағып жіберіпті. Қалаға барып көшірме жасатуды білмеген ғой. Содан көңілі сүйген кез келген жұмыспен айналысты. Меңгеруші, бригадир, зоотехник болды, мал бордақылады. Петропавл ет комбинатына сиырларды жұмысшылармен бірге жаяу айдаған кездері де болыпты.
Әкем орысша мен қазақшадан бөлек, араб және неміс тілдерін білетін. Бірақ көп сөйлемейтін. “Әке, соғыс туралы әңгіме айтыңызшы”, – деймін ғой. Сонда: “Мен көргенді сендер көрмеңдер, бастарыңа келмесін. Өмірлерің тек қана қызық-қуанышпен өтсін, – деп қысқа ғана қайыратын. Керісінше, өсиет айтқанды ұнататын. “Ана – ақылшың, әке – қамқоршың, аға – қорғаушың, іні – сүйенішің, қарындасың – қанатың. Анасын сыйламағанның ақылы кем, әкесін сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде. Өмір сүру үшін от, су, тұз, қыз, ақыл қажет. Өмір оттың сәнін береді. Су тіршіліктің нәрін береді. Тұз астың дәмін келтіреді. Қыз көңілдің сәнін келтіреді. Ақыл өмірдің мәнін береді”, – деген нақылдары есімде қалыпты. Осындай ғибаратты сөздерді өсіп келе жатқан жас ұрпақ естеріне сақтаса тәлім-тәрбиесі, ой-өрісі басқаша болар еді.
Біз соғыс кезінде аш-жалаңаш жүрдік. Сол кездегі туған балалардың көрген күнін еш адамға бермесін. Соғысты көзіміз көрмесе де, жалынына шарпылып жүрдік. Аналарымыз сол кезде небәрі 19 бен 25 жас арасында. Өгіз айдап, жер жыртып, егін егіп, шөп шапты. Таңның атысы, күннің батысы бір тыным таппайды. Күзде арбаға өгіз жегіп, Володаровкаға бидай апарады. Соғыс басталғаннан аяқталғанша ұжымшарда істеді. Көрмеген бейнеті жоқ, жалаңаяқ қар кешкен. Мені үйге қамап кетеді екен. Бір күні оянған соң әйнекті сындырып далаға шыққаным есімде. Есейе келе, Ермағанбет деген бригадирдің кішкентай баласын күні бойы баққаным үшін кешке маған май жағып нан беретін. Егемен еліміздің жас ұрпағы осындай қиындықты көрмесін. Бейбітшілік заман болсын! Менің бар тілегім – осы.
Мағри ЗАЙКЕНОВА,
зейнеткер.