«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҮКІЛ БОЛМЫСЫМЕН БИІК ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Батыр аңғал келеді” демекші, Манабай Қажымұратұлы да жоқтан өзгенің бәріне сене беруші еді. Содан опық жеген кездері де аз болмаған шығар-ау?! Ойыма ол Шал ақын ауданындағы Кеңес одағының батыры Ысқақ Ыбыраев атындағы кеңшарды басқарған жылдардағы бір оқиға оралып отыр.

Шал ақын ауданына (ол кезде Сергеев ауданы) жол түсе қалса, оған соқпай кетпеуші едім. Біз 80-ші жылдардың аяғы болуы керек, Мәкең аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып істеп жүргенде таныстық. Бірде Қарағанды коопе­ратив институтын тамамдағаннан кейін Сергеевкаға оралып, осындағы кәсіпорындардың бірінде экономист болып қызмет істеп жатқан досым Тоқтар Зікірин Манабай деген жігіт­пен танысқанын, аудандық партия ко­митетінде нұсқаушы болып істейтінін айтты. “Әкесі Қажымұрат Үмітбаев ұзақ жылдар ұжымшар басқарыпты, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өз қаржысына танк жасатыпты”, – дегенді қосып қойды. Мен бірден елең ете қалдым. Өйткені өзім қызмет істейтін облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Sol­tüstık Qazaqstan”) га­зетіндегі ағала­рым Мұрат Нұрмұқа­нов, Әскер Әбіл­қайыров, Мереке Тұралин Баян ауы­лының тумалары болатын. Солар­дың әңгіме арасын­да Қажекеңді жиі еске алатыны жадымда қалыпты. Өзі Орталықтікі болса да, көрші Баян ауылында өскен марқұм Әмір Қо­жахметов те “Қажекең аңыз адам”, – деп отырушы еді. Сол аңыз адамның баласымен кездескім, танысқым келіп кетті. Ол ойыма Тоқтар да қарсы болған жоқ.

Ол кезде Сергеевка қазіргіге қа­рағанда шағындау болатын. Қазақтар онша көп емес, көпшілігі бірін-бірі таниды. Содан ба екен, әй-шай жоқ, жұмыс аяғына қарай тура үйіне бардық. Көпқабатты үйде тұрады екен. Жаңылмасам, шағын-шағын екі бөлме болуы керек. Бұрыннан таныс адам сияқты, асты-үстімізге түсіп, “жоғары шығыңдар” деп жа­тыр. Ұзын бойлы, талдырмаштау кел­ген аққұба жігіт екен. Сөзіне қара­ғанда, ешкімді жатырқамайтыны кө­рініп тұр. Жүзі де жылы көрінді. Ал­матыдағы жоғары партия мектебін бітіріп келген беті екен. Келіншегі шай қамына кірісіп кетті. Сыпайылық танытып, “әуре болмаңыздар” деп жатырмыз.

– Оның несі әуре? Жұмыстан жа­ңа келдік, кешкі тамағымызды әлі іш­кен жоқпыз. Үй таппай келген жоқ шы­ғарсыңдар, отырыңдар, әңгіме­ле­сейік.

Тоқтар да сөзге икемделіп, мені таныстырып жатыр. “Бір ауылдан­быз, үй арасында үй жоқ, көрші тұр­дық”, – деді ол. “Балуан, Баян, Киров – бәрі қойы қоралас ауылдар ғой, Кү­ләш Кировтен”, – деп үй иесі жолда­сына қарады.

Әңгімеміз шай үстінде де үзілген жоқ. “Тура ауылға тартсам ба деп едім, басшылар осылай шешті. Мүм­кін, бұл да керек шығар?” – деп Ма­на­бай жоспарының шетін шығарып қойды. “Әкем мен шешем “Приишим” кеңшарының орталығында тұрады ғой, маған ғана қарап отырған жоқ, сонда да солардың қасында болғым келеді”.

Айтқандай, нұсқаушы болып көп отырған жоқ, кешікпей “Приишим” кеңшары партия ұйымының хатшы­сы болып сайланды. Онда да күн-түн демей, жанып жүріп жұмыс істеді. Орақтың қауырт күндерінде бір-екі рет іздеп барып, кездестіре алмай кеткенім есімде. Бірде тіпті қас қарая соққанымда да үйде жоқ болып шық­ты. “Үсті-үстіне жаңбыр жауып егінді жинатпай жатыр, екі ауысымға көш­кеннен бері комбайыншылар жетіс­пейді, өзі де комбайынға отырған, енді таң ата бір-ақ келеді. Жұмыс­тарың болса, кездесемін десеңдер қонып қалыңдар”, – деді Қажекең. Қайдағы қону?! Ол кезде көлік деген тапшы. Әкелеп-көкелеп әзер алып шыққан жүргізушіміз кетейік-кетейік деп, шоқ басқандай болып тұр.

Содан кейін араға біраз уақыт тү­сіп кетті. Осы екі ортада Манабай Үміт­баев кеңшар директоры болып тағайындалды деген хабар жетті. Ба­сында сене де алмай қалдық. Өйт­кені ол кезде билік кеңшардың тіз­гінін екінің біріне ұстата бермейтін. Ди­ректорларды Орталық комитеттің өзі бекітетін. Қолдаушысы, қорғау­шы­сы, былайша айтқанда, тоқпағы жоқ шал­ғайдағы шаруашылықта жү­ріп жатқан жігіттің ойламаған жер­ден ди­ректор болып шыға келгені бы­лай­ғы жұрттың аузына неше түрлі сөз сал­ған. Біреулер “мата атымен бөз өте­ді” деген бар емес пе, әке даң­қы­мен таң­дау соған түсіп жатқан шығар де­се, енді біреулер “тегі мықты ғой, дұ­рыс шешім, көр де тұр осы жігіттен бір­деңе шығады” деп күмпілдесті. Ақы­ры, солардың айт­қаны келді, Ма­набай Қажымұратұлы ортаңқол ша­руашылықты дүркіретіп әкетті. Қай са­ланың бойына болма­сын, қан жүгі­ріп, әр деңгейдегі түрлі жиын­дарда Ыбы­раев кеңшары жиі атала­тын, оның директорының есімі ауыз­дан түс­­пейтін болды. Тіпті Жо­ғарғы ке­ңес­тің кезекті бір сайлауын­да ол де­путаттыққа кандидат болып ұсы­нылды.

Бірақ оның көксегені мандат, лауазым емес еді. Содан да шығар, үгіт-насихат жұмыстары басталмай жатып кандидатурасын алып таста­ды. “Бұл қалай болды, жоғарыдан қысым жасалып жатқан жоқ па?” – деп сұрағанымызда, “шаруашылық­қа келгеніме көп уақыт өте қойған жоқ, жұмыс бастан асып жатыр, ал­дымен соларды біржақты етіп алғым келеді, депутаттық қызметтен хаба­рым бар, олар негізінен заңдармен айна­лысады ғой, Алматымен екі ортада шауып жүрсем, мұндағы жұ­мысты кім істейді?” – деген. Басшы­ларының бұл шешіміне ұжым мүше­лері қуан­баса, ренжіген жоқ. Кешік­пей кең­шарда заманауи Мәдениет үйі мен сауда орталығы бой көтерді. Ауылды аудан орталығымен жалғайтын ас­фальт жол да нақ осы кезде қолға алынған еді. Өкінішке қарай, оның құрылысы басталмай жатып тоқтап қалды. Ол үшін кімді кінәларыңды да білмейсің?! Иә, нарық! Бәрі сол нарықтан басталды.

Елдегі жағдайдың бұрынғыдай бола бермейтінін өңірде ерте сезген адамдардың бірі сол Манабай болды. “Нарықтың өз талаптары бар, соған бейімделмесек болмайды”, – деген сөздерді жиі айта бастады. Оны түсініп жатқандар шамалы. Тек же­кешелендіру туралы әңгіме қоз­ғал­ғанда, басқаларды былай қой­ған­да, өзінің жанында жүрген басшылар да шошынып қалған. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ел арасында “Манабай кеңшарды сатып алады екен, ол бай болады, біз бәріміз жалшылықтың қамытын киеміз” де­ген сөздер желдей гуледі.

Содан күндердің күнінде бір топ адам директордың қабылдауына келді. Қабақтары қатулы. “Бізге тү­сіндіріңіз, жекешелендіру деген не сұмдық?!” – дейді бәрі дігірлеп.

Бір күні осындай әңгіменің бо­ла­рын ол сезген еді. Жекешелендірудің социалисттік жүйеден нарықтық экономикаға көшудің өзекті шарты болып табылатынын, шалқып өмір сүріп жатқан капиталистік елдердің бәрі осы жолдан өткенін түсіндіруге тырысты. Өзі оқыған атақты өндіріс ұйымдастырушыларының еңбекте­рінен үзінділер келтірді. Бірақ қол астындағылар сөзге тоқтайтын сы­ңай танытпады, мұндай қадамға жол бермейтіндерін кесіп айтты.

Мемлекеттік өндіріс орындарын жекешелендірудің күрделі екенін, оны қысқа мерзімде өткізуге бол­майтынын ол да түсінеді. Содан да қарша бораған сұрақтарға барынша байыппен жауап беруге тырысты.

– Сонда мемлекет қайда қала­ды?

– Осының бәрі мемлекеттің қаты­суымен жүзеге асырылады. Жеке­ше­л­ендіру дегеніміз жиған-тергеннің бәрі бір күнде сатылады, жекенің қо­лына көшеді деген сөз емес. Кейбір стратегиялық маңызды салаларда, не болмаса нарыққа көшіруге әлі толық негіз болмаған жағдайларда жекешелендіру жүргізілмейді, олар мемлекет меншігінде қала береді. Мемлекет меншігінен алу және жеке­шелендіру процесі заңдар мен нор­мативтік актілер арқылы және мем­лекеттік бағдарламалар негізін­де жүргізіледі. Осындай жағдайға біздің шаруашылық дайын деп ойлаймын. Оған өзіміз құрған мердігерлік бригадалардың тәжірибесі де көз жет­кізіп отыр.

– Жарайды тізгін ұстағандардың есебі түгел-ақ болсын, қарапайым ха­лыққа не тиеді?

– Шаруашылық басшылардың иелігіне ғана емес, халықтың менші­гіне көшеді. Бұрын өндірілгеннің бәрін үкіметке өткізсек, енді өз қала­уымыз бойынша жұмсаймыз.

– Әй, қайдам, сөзге бәрі сия бе­реді ғой?!

Жиналғандар осылай директор­ға жеңістік бермей тарқасқан. Не де­сін, “ойланыңыздар, ақылдасыңыз­дар, шаруашылықты одан әрі сақтап қалудың, қарқынды дамытудың басқа жолын көріп отырған жоқпын”, – деп шығарып салды.

Осының бәрін Мәкеңнің өз аузы­нан естігем. Шыны сол, маған да көп нәрсе түсініксіз сияқты көрінді. “Осының түбі не болар екен, алып ұшпай әліптің артын баға тұрға­ныңыз жөн болмай ма?” – дедім.

От еді ғой! Осы арада Мәкең қы­зып кетті. “Өз басыма алаңдамай­мын. Қайда жүрсем де біреуден іл­гері, біреуден кейін дегендей, ғұмыр кешемін ғой, осы жұмыстарды қазір қолға алмасақ, ертең кеш болады. Қаншама жұмыс істелді. Соның бәрі ертең тістегеннің аузында, ұстаған­ның қолында кетеді. Сенбесең, жүр көрсетейін”, – деп қызмет көлігіне қарай бастады.

Шын мәнінде Ыбыраев атын­дағы кеңшарда Мәкең директор бол­ған жылдары атқарылған жұмыс­тар ұшан-теңіз екен. Оған шаруашы­лықты аралап жүріп көз жеткіздік. Бұрынғы Ленин (сол кезде ауыл осылай аталған) жоқ, қаз-қатар ті­зілген жаңа тұрғын үйлер, өндірістік нысандар көздің жауын алады. Дала төсінде де қызған еңбек. Механиза­тор­лардың бір тобы қоғамдық малға жемазық дайындаумен айналысып жатса, бітік өскен егіннің күтіміне жұмылғандардың қарасы да қалың. “Соңғы жылдары егіннің шығым­дылығы айтарлықтай өсті. Күзгі, көктемгі жер өңдеу жұмыстарын сапалы атқару, жоғары сұрыпты тұқым себу, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану мол өнімнің кепілі екеніне диқандарымыздың көзі әбден жетті. Мал шаруашылығы да оңалып ке­леді. Кейбір сауыншыларымыз об­лыс бойынша көш бастаушылар қа­тарында”. Директордың атқарыл­ған жұмыстарға көңілі тоқ.

Сол жолы кеңшардың бөлімшесі – Көктерекке де соқтық. Шағын ғана ауыл екен. Содан да болар, Манабай Қажымұратұлы “алдымен қарттар үйіне соғайық” дегенде таңданы­сымызды жасыра алмадық

– Қарттар үйі?!

– Оған несіне таңғаласыздар? Өмір болғаннан кейін неше түрлі жағдайлар кездеседі. Біздің ауыл­дар­да да қартайған шағында жалғыз қалғандар бар. Жалғыздық кімге жарасқан, солардың кейбіреуі қала­ға немесе Смирноводағы қарттар үйіне орналастыр деп өтініш білдір­ген. Мамандармен ақылдаса келе, оларды қаңғыртпайық, он шақты адамға жағдай жасауға өзіміздің де мүмкіндігіміз бар деп, осы үйді сал­дық. Қазір алты адам тұрып жатыр, – деді директор.

Біз табалдырықтан аттағанда қа­риялар дөңгелек үстелдің басында шай ішіп отыр екен. Бәрі жапа-тар­мағай орындарынан тұрып, ди­ректорды құшақтап жатыр. Біз де әң­гі­меге араласып, жағдайларын сұ­рай бастадық. “Жақсы, жақсы”, – дейді бәрі жамырасып. Жақсы екенін өзі­міз де көріп тұрмыз, бөлмелері жа­рық, таза, бұрышта тоңазытқыш тұр.

– Тоңазытқыш та қойғансыздар ма?

– Не қажеттің бәрі бар. Бұл кісі­лерге арнайы мейірбике бекітілген. Тамақты да жеткізіп береміз, төсек-орындарын, киім-кешектерін де өз­дері жумайды, бәрін өз мойнымызға алдық.

“Тамаша!” – деп таңдай қағысып жа­тырмыз. Шын мәнінде талай жер­де бола жүріп, мұндай жаңалықты, мұндай жақсылықты көрмеппіз. Осы үйде тұрып жатқан қарттар үшін қуандық. Әрине, мемлекет оларды далаға тастамайды, қарттар үйіне орналастырар еді. Бірақ олардағы жағдай дәл Көктеректегідей бол­майды ғой. Біріншіден, мұнда тұрып жатқандар бірін-бірі біледі, туыс адамдар сияқты, туған ауылдарын да сағынбайды. Басқа мекемелердегідей қамалып отырмайды. Қала­ған уақыттарында серуенге шығады, ауыл тұрғындарымен араласады…

Өкініштісі сол, ауылдастарына сөзін өткізе алмаған Манабай Қа­жымұратұлы қызметінен кеткеннен кейін бұл үй де жабылды. Өйткені бұл кезде нарық талаптарына бейім­деле алмаған шаруашылықтан да береке кете бастаған еді. Ауыл жү­деді. Жұмыссыз қалған көптеген тұр­ғындар кіндік қандары тамған то­пы­рақтарын тастап, бастары ауған жақ­қа қоныс аудара бастады. Бүгін­дері олар басқалар сияқты қолда бар мүм­кіндіктерді дұрыс пайдалана алма­ғандарына өкінетін де шығар?! Өмір ынтымақ-бірлігін сақтап, заман тала­бына сай дұрыс шешім қабыл­даған ұжымдардың ұтылмағанын көрсетті ғой. Әйтпесе, сол кездегі Ыбыраев кеңшары қазір өсіп-өр­кендеп отыр­ған ұжымдардан кем емес еді.

Зейнет демалысына шыққаннан кейін Мәкеңнің денсаулығы сыр бере бастады. “Былайғы жұрт басшыларды бір рақат ғұмыр кешіп жатқандай көреді ғой, жыл сайын 20 шақты үй салған кездеріміз болды. Оған материалды қайдан аламыз? Әркім өз бетімен шешеді. Баяғы Ресейге шапқылаймыз. Әдетте, жазда нау­қандық жұмыстардан босамаймыз. Ал қыста Сібірдің ауа райы ешкімді аямайды. Талай рет жолда қалған кездеріміз болды. Соның бәрі қазір шығып жатқан сияқты. Ештеңеге өкінбеймін. Есесіне қаншама адам­нан алғыс алдық”, – дейтін ол бір сәт өткен күндерге оралып.

Мәкеңмен бертін де байланысы­мыз үзілген жоқ. Біздің газетті үнемі оқып отыратын. Жай ғана оқып қой­майды, әріптестеріміз, газет оқыр­ман­дары көтеріп жатқан мәселе­лер­ге өз биігінен талдау жасап, үн қоса­ды, өзін мазалаған ойларды ортаға салады. Қилы мәселелердің қиюын келтіріп айтатын. Сол мақалалары­ның біразы газетте жарияланды. Кесек те терең ойларына риза бо­лып, телефон шалғанымда, әсіресе ауылдың жайына қатты алаңдайты­нын айтушы еді. “Ауылға жаны ашып, тындырымды істерімен таны­лып жатқандарды көбірек жазыңдар, басқаларға үлгі болсын”, – дейтін.

Ол біздің газетіміздің нағыз жанашыры еді. Бүкіл әлемді індет жайлаған жылдары бәріміз де үйге қамалып қалдық қой. Мұның газеттің таралы­мына да салқыны тимей қалған жоқ. Оны Мәкең де байқаған екен. Бірде телефон шалып, “жағ­дайларың қиын екенін білемін, бірақ салдарың суға кетпесін, елім, жерім, тілім деген азаматтарға қозғау са­лыңдар, мен де үйде қарап отырған жоқпын. Өзім білетін, араласқан азаматтарға теле­фон шалып, сүйікті газетімізді тара­тумен айналысып жатырмын”, – деп жігерлендіріп қоятын.

Қазақ­тың байтақ даласындай кең пішілген кел­беті қашан көрсең жылу шашып тұ­ратын, көңілі дарқан, жүрегі мейірімге толы тұлпар тектес азамат бүгін арамызда жоқ. Жарық дүниенің табалдырығын бала болып аттап, даналыққа енді бет бұрған шағында ол тура келген ажалдың тырнағына ілігіп, сағымға, сағыныш­қа айналып жүре берді. Бірақ оның ақжарқын жүзін, өзіне ғана тән күлкісін, тындырып кеткен ісін уақыт көмескілей алмайды. Өмір жолынан мүдірмей, сүрінбей өткен, досқа адал, ел-жұрт алдында бүкіл болмы­сымен биік кө­ріне білген Манабай Қажымұрат­ұлы­ның әлемі уақыт ілгері озған сайын нұрлана беретіні­не сенім зор.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp