Қызылжар ауданындағы Виноградовка елді мекенінің тұрғындары ауыз суға зәру. Ауылдағы су мәселесі 15 жылдан астам шешілмей келеді. Қазір тұрғындар көл суын ішіп күнелтіп отыр.
Виноградовка елді мекені облыс орталығына тиіп тұр, ара қашықтық 50 шақырым ғана. Алайда мұнда өркениет жете қоймаған. Тұрғындар ата-бабаларының жолымен ауыл маңындағы көлден су алып ішіп отыр. Оның өзі соңғы жылдары құрғай бастап, батпаққа айналып жатыр.
Виноградовкада шамамен осыдан 15 жыл бұрын су болған. Құбырмен келген су сағаттап беріліпті. Тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін қаражат бөлініп, ұңғыма салынған. Бірақ тұрғындардың қуанышы көпке бармады.
“Оның суын ішуге болмайды, улы, денсаулыққа зиян. Ұңғыманың суын ішеміз деп ауыл халқының жартысы ауру болды, бүйректері ауырады, қатерлі ісік ауруымен есепке алынғандар көп. Сондықтан да ұңғыманың суын пайдалануға қорқамыз”, – дейді елді мекен тұрғыны Валентина Трубчинская.
Былтыр ауылда су құбырын тарту жұмыстары басталған. Жергілікті билік тұрғындарды топтық су құбыры салынады деп сендірді. Жоба бойынша ұзындығы 14 километр болатын құбыр тартылып, сорғы стансасы мен тарату желісі пайдалануға берілуі керек еді. Алайда жұмыс бір аптаға ғана созылып, тоқтап қалды.
“Жауапты мамандар жоба ескірген, сондықтан оны жаңарту керек деп айтты. Елді мекенде 500-ге жуық тұрғын бар. Олардың басым бөлігі зейнеткер, яғни олардың басқа ауылдан немесе қаладан су тасып әкелуге мүмкіндіктері жоқ. Таза суды қанша күтуге болады?”, – дейді Валентина Трубчинская.
Ауыл тұрғындары көлден әкелген суды сүзгіден бес рет өткізіп, қайнатып барып қана тамаққа қолданады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыста сумен қамтылмаған 226 елді мекен бар. Былтыр осы мәселені шешуге 10,3 млрд. теңге жұмсалса, биыл 12,3 млрд. теңге бөлінді. Бұл қомақты сома 55 елді мекенге тіршілік нәрін тартуға жұмсалмақ. Нәтижесінде 12 елді мекенде сумен қамту жүйесі жақсарады, 10 ауылға таза су келмек, ал қалған 33 елді мекенде басталған жұмыстар келер жылы аяқталады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.