«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМНІҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ М.Қозыбаев атындағы университетке — 85 жыл

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңіріміздегі іргелі жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Маңызды шара аясында жоғары оқу орнында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Ә.Марғұлан атындағы археология институтының филиалдары ашылды. Қос ғылым ордасының өкілдіктерін ашу туралы шешім осы жылдың наурыз айында Петропавл қаласында өткен тарих мұғалімдерінің республикалық съезінде қабылданған болатын. Түстен кейін Оқушылар сарайында университеттің мерейтойына арналған салтанатты жиын өтіп, оған облыс әкімі Айдарбек Сапаров қатысты.

Университеттің 85 жылдық ме­рейтойына жиналған қауым оқу орнының алдында тұрған академик М.Қозыбаевтың ескерткішіне гүлшоқтарын қойып, атақты тарих­шы­ны бір минут үнсіздікпен еске алды. Осыдан кейін құрметті қонақтар оқу орнының мұражайына барып, арғы-бергі тарихынан сыр шертер жәді­герлерді тамашалады. Бұл жерде өңір археологтарының атқарған жұмысы жайлы мол мағлұмат шоғыр­ланған.

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Ә.Мар­ғұлан атындағы археология институтының филиалдары осы мұражайдың екінші қабатында орна­ласпақ. Қос ғылым ошағының фи­лиалы өңірдің бай тарихын зерт­теумен айналысып, өңірдің білім және мәдениет мекемелеріне ғылыми-талдамалық және консульта­циялық қызметтер көрсететін бола­ды. Негізгі мақсаттардың бірі – фольклорлық және тарихи-топоними­калық материалды талдау мақса­тында облыстар аумағының түйіс­кен жеріндегі және Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймағындағы далалық ерекшеліктерді зерттеу, кезінде жаппай қоныс аудару нәти­жесінде қазақ халқының мәдени-шаруашылық өмірінде пайда болған негізгі өзгерістерді анықтау, орта ға­сыр мен қазіргі заман кезеңдеріндегі Қазақстанның солтүстік облыста­рының тарихын, әсіресе Ресей империясының отаршылдық саясаты, жоңғар шапқыншылығына қарсы кү­рес, ұлтазаттық көтерілістер, саяси қу­ғын-сүргін, көші-қон процестері және тағы басқаларды жан-жақты зерттеу.

– Біздің институттың филиалы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінен бөлек, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті және С.То­райғыров атындағы Павлодар педа­гогикалық уинверситетімен бірлесе жұмыс істейді. Сонымен қатар ау­қымды жұмысқа Солтүстік Қазақ­стан, Қостанай, Павлодар облыст­арының тарихи-өлкетану мұражай­ларының, тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталықтарының мамандары да тартылады, – деді Ә.Марғұ­лан атындағы археология институ­ты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Талғат Мамыров. Бұл күні жоғары оқу орнының жаңа оқу-зертханалық корпусында еліміздің көрнекті тарихшылары, архео­логтары, профессорлары, жоғары оқу орындарының өкілдері қатысқан “Солтүстік Қазақстан тарих ағымын­да” атты форум өтті. Өңір тарихын зерттеп жүрген ғалымдар ойларын ортаға салып, ғылыми тұжырым­дарымен бөлісті. Зарқын Тайшыбай Ресей империясының отарлау саясаты кезінде өңірімізде 10 станица құрылғанын, кейін олар аудан орталықтарына айналғанын, бүгінгі елді мекен атаулары сол кез­ден қалғанын жеткізді. Универси­тетте Қызылжар өңірінің археоло­гиялық мұрасын сақтаудың, Солтүс­тік Қазақстан мемлекеттік мұраға­тының қорын өңірлік тарихты зерт­теу көзі ретінде пайдаланудың өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Жоғары оқу орнының 85 жылды­ғына арналған салтанатты жиын облыс орталығындағы Оқушылар са­райында жалғасты. Алдымен жи­налған қауымға университеттің тарихы туралы бейнефильм көрсе­тілді. Содан кейін облыс әкімі Ай­дарбек Сапаров университет ұжы­мын мерейтоймен құттықтады.

– Біздің университет – өзіндік дәстүрі қалыптасқан білім мен ғылымның қарашаңырағы. Түлектері білікті мамандардың қатарын толық­тырып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы жаңарып, оқу процесінде за­манауи технологиялар қолданы­луда. Жаңа оқу-зертханалық корпус салынып, жатақханалар тұрғы­зы­луда. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып әлемдік деңгейдегі Аризона университетінің филиалы ашылды. Сонымен қатар универ­ситетте Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология, Әлкей Мар­ғұлан атындағы археология ғылы­ми-зерттеу институттарының филиалдары ашылды. Бұл солтүстік өңірдің тарихын, археологиясы мен этнографиясын жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді, – деген өңір басшысы Айдарбек Сейпілұлы енді университеттің халықаралық мәрте­бесін арттыру қажет екеніне тоқталды. Бұл өңірімізге талантты жас­тарды тартып, кадрлық әлеуетті арт­тыруға мүмкіндік береді. Биыл 150 студент қосдипломдық жүйе бойынша білім алып жатса, келер жылы тағы 500 грант бөлінбек.

Өңір басшысы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан уни­верситетін таңдаған жастарға сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті маман даярлауға атсалысып, жо­ғары оқу орнының дамуына өзіндік үлес қосып, жемісті еңбек етіп жүр­ген бірқатар мамандарды мара­пат­тады. Салтанатты шара барысында университет ұжымын шетелдік әріптестері, өзге өңірлерден келген жетекші оқу орындарының басшылары да құттықтап, жылы лебіздерін жолдады. Әр тапсырылған марапат пен айтылған құттықтау ән мен күймен көмкеріліп, жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp