«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮКІМЕТТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. “Бүгін еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталамыз. Алда тұрған басты міндеттерді айқындаймыз. Қордаланған мәселелер аз емес. 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр”, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы азаматтар нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отырғанын айтты. Осы үміт пен сенімді ақтау – алда тұрған ең басты міндет. “Жуырда өткен Президент сайлауы – бұл халықтың бізге артқан зор сенімі және қолдауы. Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз. Сондықтан сайлау алдындағы бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы жоспар қабылданды. Барлық іс-шара уақтылы және толық орындалуы керек. Әрбір министрдің, әкімнің жұмысы статистикамен, есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенетін болады”, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз қаласының жылусыз қалуына не себеп болғаны тергеу арқылы анықталып, тиісті шаралар қабылданатынын айтты. “Бізде қордаланған проблемалар туралы ауыз ашпау тәжірибесі бар. Осы тәжірибе ауқымды зардаптарға алып келді. Оның салдарын жою үшін қомақты қаражат керек болды”, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев аталған оқиғадан сабақ алу маңызды екенін еске салды. “Мен болған істен сабақ алып, неге мұндай оқиға болғанын, себебін тергеу жүргізу керек деп ойлаймын. Соның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылдаймыз”, – деді Президент.

“Әрбір азамат – ұлттық байлықтың иесі” деген сөз жай ұран емес. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді. Бұл туралы Президент былай деді: “Келесі мәселе – бюджет саясаты. Үкімет бюджеттің тұрақты болуын қамтамасыз етуі керек. Ұлттық қордың трансфертіне тәуелділіктен біртіндеп құтылуымыз қажет. Бір жылдан кейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балалардың есепшотына аудара бастаймыз. Сол кезде барша азаматтар Ұлттық қордағы ахуалды жіті қадағалап отыратын болады. “Әрбір азамат – ұлттық байлықтың иесі” деген сөз жай ұран емес. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді. Үкімет те, Ұлттық банк те мұны жете түсінуі керек. Тағы да естеріңізге саламын, алдағы 7 жылда Ұлттық қордың активтері 100 миллиард долларға жетуге тиіс. Сондықтан ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек”, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жер бөлудің мониторингтік картасын жасауды тапсырды. Бұл карта бірінші кезекте ауылдардағы жайылым тапшылығын жоюы керек. “Жалпы “бармақ басты, көз қысты” дегенді мүлдем доғару қажет. Өзара ымыраласқан, астыртын шешім қабылдауға болмайды. Жекелеген шаруашылықтардың емес, ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші орында тұруға тиіс. Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр”, – деді Мемлекет басшысы.

Келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін. “Жұртшылық Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде. Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды. Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық. Оның үстіне, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

“ҚазАқпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp