Облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің ұжымы оқырмандармен кезекті кездесуін Жамбыл ауданында өткізді. Басылым журналистері әр ауданға барардың алдында аудан әкіміне, ішкі саясат бөлімінің басшысына хабарласып, ауыл тұрғындарын тегіс хабарландыруды өтінеді. Жамбылдықтар бұл істе жауапсыздық танытқанын айта кеткен жөн. Аудан әкімі Марат Ескендіров те журналистермен кездесіп, бұл сапардың мақсаты туралы білуді қажет деп таппады. Кетерде ғана дәлізде кездейсоқ кездесіп қалып, өтіп кетуге ыңғайсызданып амандастық. Ішкі саясат бөлімінің басшысы да орнында болмады. Ауылдарда барғанда да газет журналистерінің келетінін мұғалімдерден басқа ешкімге ескертпегенін білдік. Шамасы тұрғындар әлі күнге дейін шешілмеген әлеуметтік мәселелерді айтып қояды деп қорықты ма екен? Оншақты ауылға барғанда біреуінде де округ әкімін көзіміз шалмады.
Алғашқы кездесу Пресновкадағы “Аманат” партиясының мәжіліс залында өтті. Жиналған жұртшылықтың шоғыры аз, көбі – бюджеттік мекемелердің қызметкерлері. Шақырса, аудан орталығында тұратын қазақтар келер еді ғой. Бұл жерде де ұйымдастыру жұмыстарының ойдағыдай болмағанын көруге болады.
Алғаш болып сөз бастаған “Soltüstık Qazaqstan” газетінің бас редакторы Ербақыт Амантайұлы журналистердің ауылдарға еріккеннен барып жүрмегенін, басты мақсат – ондағы оқырмандармен жүздесіп, ахуалмен танысу, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау екенін айтты. Сондай-ақ қазіргі қоғамда қалыптасқан газет-журнал, кітап оқуға деген енжарлық, ұрпақтың санасын улап жатқан әлеуметтік желілер туралы да мысалдар келтірді.
– Көп жұрттың таным-түсінігінің таяздап кеткені соншалық, олар газет-журналдың қажеті жоқ, барлығын смартфоннан оқып-біліп алуға болады деген ойда. Зиянын ескермейді. Қазіргі жастардың басты ауруы – көз жанарлары нашарлаған, одан кейінгі орында омыртқа жотасының қисаюы мен мінез-құлқының қалыпсыздығы тұр. Дәрігер-психологтардың айтуынша, мұндайлар суицидке бейім келеді екен. Бұл аурулар смартфонға көп үңілуден екенін айтпасақ та белгілі, – дей келе, алдымен кінәні балаларға емес, ата-аналарға арту керектігін айтты. Қазір жылаған баланы уатудың ең оңай тәсілі – қолына телефон бере салу. Үйге қонақ келсе де, балаларды осы әдіспен оңаша бөлмеге кіргізіп жіберуді жөн көреміз. Бұл қоғамның дертіне айналды десек, артық айтқандық болмас. Одан құтылудың бірден-бір жолы – газет-журнал, кітап оқуға қайтадан бет бұру. Даму жағынан бізден көш ілгері кеткен Жапония елінде қазір қайтадан газет-журнал, кітап оқуға бетбұрыс жасалуда. Республикалық газеті таңертең төрт, ал кешке алты миллион данамен шығады екен.
Аудан әкімінің орынбасары Самат Әубәкіров жиналыста облыстық газетті қолына жиі алатынын айтып, болашақта балаларға арналған бет пен салт-дәстүр жайлы материалдар көбірек жарық көрсе деген ұсыныс-тілегін жеткізді. Өйткені жаңа шыққан жас құрақтай болып өмірге енді беттеп келе жатқан кей жастар дәстүрдің озығын емес, тозығын өздеріне үлгі етіп жүр.
Аудандық “Ауыл арайы” газетінің редакторы Игілік Рахмет облыс орталығынан барған әріптестерінің сөздерін қолдап, газет оқудың пайдалы жақтарын, смартфондағы ақпараттың бүгін бар, ертең жоқ алдамшы дүние екенін, ал газет-журналдағы жазылған жай тасқа басылғандай ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатынын тілге тиек етті.
Аудан орталығындағы кездесуден кейін бірден Айымжан ауылына бет түзедік. Ауылдың ішкі жолдары жаңбыр жауса ми батпаққа айналатыны көліктің қатып қалған айғыз-айғыз іздерінен-ақ айқын аңғарылады. Мектеп ғимаратына әзер жеттік. Бізді білім ошағының директоры Асқар Сатин қарсы алды. Мектептегі 20 мұғалімнің 18-і газетке жазылыпты.
– Облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газеті біздің отбасылық басылымымыз десек те болады. Өйткені бұл газетке кезінде әкем үзбей жазылып оқитын. Сол кісіден қалған жақсы үлгіні мен жалғастырдым. Қазір балаларым мен немерелерім де газет-журнал оқуға әуес. Әрбір шаңырақ иесі осындай үрдіс қалыптастырса, кітап оқымайтын жастардың қарасы азаяр еді. Аядай ғана Айымжанда газет оқымайтын адам жоқ, шаруасын тындырғаннан кейін басқа не істейді. Ал ұрпақ тәрбиелеп отырған ұстаздар қауымының газет оқымауы ұят, – дейді Асқар Нағыманұлы.
Айымжандықтар мектепте бала саны азайып кеткенін ащына жеткізді. Оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылардың жолын кесетін басты мәселе – ауызсудың және медициналық қосынның жоқтығы. Жайылымдық жердің тарлығы да келем дегеннің кеудесінен итеретін жайт екенін жасырмады. Өткен жылы тартылған су құбыры әлі сол күйі тұрғанын көріп таңғалдық. Іргеге келіп тұрған суды қосуға не кедергі? “Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды” демекші, ауылдағылардың мәселесі ұзақ жылдардан бері шешімін таппаған. Тым болмағанда, ішкі жолдарға қиыршықтас төсеп, ауызсуды тездетіп шешіп берсе дейді. Дәріхана тұрмақ бір мейірбикенің жоқтығы, әсіресе егде жастағыларға қиын. Бас ауырып, балтыр сыздаған сәтте кімнен көмек сұрарын білмей дал болады.
Атақты жазушы Сәбит Мұқановтың ауылының жағдайы тым мүшкіл екенін мектеп директоры Аслан Серікұлының өз аузынан естідік. Өйткені даңғарадай мектепте 12 оқушы білім нәрінен сусындап жатқанын айтудың өзі ауыр. Жастардың дені қала жағалап кеткен, ауылда тек жасы үлкендер азын-аулақ малдың соңында жүрген көрінеді. Мектептегі бала санын көбейтудің жолы – көпбалалы отбасыларды ауылға көшіріп әкелу, жергілікті әкімдік оларға қаңырап бос қалған оншақты үйді сатып әперсе, жағдай оңынан шешілгелі тұр дейді ұстаздар. Береке-бірлігі мығым, малға жайлы шағын ауылға келгісі келетіндер көп, бірақ ойлы-шұңқыр жолын көріп, кері бұрылады екен. Ауылда дүкен де жоқ. Тұрғындар керек-жарағын сонау Пресновкадан әкеледі. Ақ қар алқымдап, көк мұз құрсаулаған қыста азық-түліктен тарығып қалатындар көп. Тұрғындар қыс бойғы тұтынатын керек-жарақтарын ертерек әкеліп алудың қамын жасайтын көрінеді.
Орталық көшеде Сәбит Мұқановтың мұражай үйі орналасқан екен. Біз барғанда есігі жабық болғандықтан, көп айналмай Ғабит Мүсіреповтың туған ауылы – Жаңажолға төтелей тарттық. Жол алыс, уақыт қысқа болғандықтан шопыр жігіт бізді дала жолымен алып жүрді. Себебін сұрағанымызда Жаңажолға апарар күре жолдың жағдайы мәз емес. Бетін ақ қар жапқан дала жолы – қазірше екі ауылдың арасын жақындатып тұрған алтын көпір. Ал қар қалың түскенде немесе көктем келіп, жер жібігенде жұрт қырық жамау грейдермен жүруге мәжбүр. Жаңажол ауылына кіреберіс жерде қаз-қатар орын тепкен 5-6 жаңа баспананы көзіміз шалды. Тұрғындардың айтуынша, бұл үйлер қоныс аударушыларға арналған. Алайда олардың біреуінде де адам жоқ. Себебі мұнда жайлы мектеп, зәулім Мәдениет үйі болғанымен ауызсу мәселесі шешілмеген. Сол үшін де бұл ауылға көшіп келуге көп адам ынта таныта бермейді. Жетпіске тарта шаңырақтың иелері ауылдың шетіндегі екі ескі құдықтан шелек салып су алатынын естігенде қай ғасырда өмір сүріп жатқанымызды еске алмасқа шара болмады. Кейде ұзын-сонар кезек күтіп қалатын кездер де жоқ емес. Міне, осындай қиыншылықтарға төзбеген тұрғындар біртіндеп қалаға жылыстауда, қазір ауылда 165 адам ғана қалған.
Мектепке бас сұққанымызда алдымыздан мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Нұрахметова шықты. 440 оқушыға шақталған үш қабатты қазақ мектебінде небәрі 68 оқушы оқиды. Интернатта бес бала бар. Бір өкініштісі, биыл оқу бітіретін түлектер жоқ. Мектеп директоры Клавдия Төлеева оңтүстік өңірлерді аралап, көшіп келгісі келетін көпбалалы отбасыларды ауылға тартудың қамын жасап көріпті. Бірақ онысынан еш нәтиже шықпаған көрінеді. Бәрінің де қалауы – су, жол, интернет байланысы. Жаңажол оны ұсына алмаған. Біздің келетініміз алдын ала хабарланғанымен округ әкімі Гүлнәр Нұрахметованің қарасын да көрмедік. Ауыл тұрғындарына кеш айтылыпты, бір-екі адамнан басқа ешкім келмеді.
Біз барған Баян ауылы редакция үшін жат жер емес. Себебі осы қасиетті топырақта кіндігі кесілген Мұрат Нұрмұқанов, Әскер Әбілқайыров, Мереке Тұралин, Әмір Қожахметов сияқты журналистер ұзақ жылдар “Soltüstık Qazaqstan” газетінде қызмет етіп, оқырмандарына өткір мақалаларымен танылған болатын. Сондықтан өз үйімізге барғандай бардық.
Ұйымдастырушылар мектептегі кездесуге ауыл тұрғындарын шақыруды артық жұмыс көрді ме, әлде өздері келгісі келмеді ме, ұстаздар ғана жиналды. Бүгінгі таңда ауылда 187 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Оқу ордасындағы балалардың саны – 95. Мектеп ғимаратына бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілгені көрініп тұр.
– Психологтардың айтуынша, бала сөзбен айтқанды емес, іспен көрсеткенді тез қабылдайды. Мысалы, темекі шегетін әке ұлына оның зиянын қанша жерден құлағына құюға тырысқанымен, алдымен өзі тастамай баласын бұл зиянды әдеттен қорғай алмайды. Сол сияқты ата-ана да, мұғалім де кітап оқу керектігі жайлы күнде мың рет қайталаса да, өздері бастап үлгі көрсетпей айтқан сөздері далаға кеткенмен тең. Газет оқымайтын адам кітапты да оқи қоймайды. Сондықтан алдымен газет-журналдарға жазылып, балаларға үлгі көрсету керек, – деді ұстаздармен кездесуде “Soltüstık Qazaqstan” газетінің бас редакторы Ербақыт Амантайұлы.
Баян орта мектебінің мұғалімдері облыстық газетке бір кісідей жазылатындарын жеткізді. Аян Қажымұратов есімді мұғалім газетте тарихи дүниелер, соның ішінде жергілікті жерден шыққан батырлар туралы тың деректер көп жарияланса деген ұсынысын білдірді. “Мұғалімдер оны тарих пәнінде қосымша дерек ретінде пайдаланар еді”, – деді ол.
Кездесуде ауылдықтарды толғандырған кейбір мәселелер де көтерілді. Баянның тұрғындарын медициналық маманның жоқтығы қинап отыр. Бұл мәселе газет бетінде де бірнеше рет көтерілгенімен әлі шешілмепті. Қарапайым екпе қойдыру үшін қақаған қыста көрші Архангелка ауылына баруға мәжбүр. Әңгіме барысында аталмыш мектептің түлектерінің арасында медицина академиясын бітіргендердің бар екені белгілі болды. Бірақ ешқайсысы туған жерге келгісі келмеген. Алды Астана, соңы аудан орталығындағы емдеу мекемелерінде қызмет етіп жатқан көрінеді. Осында кіндік қаны тамғандардың өзі туған ауылына келгісі келмей отырғанда сырттан басқа біреу келіп қайбір жарылқай қояр дейсің?
Ауылда жұмыс болмай, қалаға қарай ағылған көш қазір сәл саябырсыған сыңайлы. “Август” деген шаруашылық егін егіп, тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр екен. Бұл серіктестік мектепте оқитын тұрмысы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан 30 оқушыны тегін тамақтандыратынын да айта кеткен жөн.
Айтуар ауылындағы оқырмандармен кездесу де жергілікті мектепте өтті. Шағын ғана ауыл, отыз үй қалған. Жаңа мектептің сырты да, іші де жайнап тұр. Барлығы 34 бала білім ошағының табалдырығын аттап жүр. 16 мұғалім мен екі тәрбиеші тәлім береді. Айтуар тұрғындары жол азабын тартып отыр. Селолық округтің орталығы Архангелкаға баратын грейдер жаңбырда езіліп, көлік жүре алмай қалады. Благовещенка бағытындағы жол да шұрық тесік. Қыста қар алып қалып, апталап қамалып қалатын кездер де болады екен. Осындай мәселелердің оңтайлы шешілмеуінен жанындағы Үлгі, Талпын, Баймағанбет Ізтөлин атындағы ауылдар құрып барады.
Ауылға облысымыздағы қазақтілді жалғыз газет – “Soltüstık Qazaqstan”-ның журналистері күнде келе бермейді. Осы мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келген мектеп басшылығы жоғары сынып оқушыларын жинап қойыпты. Кәсіпке қатысты дәріс оқуымызды өтінді. Балалармен кездесу әркез қызық. Сондықтан уақыттың тығыздығына қарамастан, бас тарта алмадық, Ербақыт Амантайұлы жарты сағат журналистика мамандығының қыр-сырын баяндады. Балалардың арасында болашақта журналист болғысы келетіндері де бар екен. Олар өздерін қызықтырған түрлі сауалдарын жолдады.
Пресновкадағы аудандық ауруханада да оқырмандармен кездесу ұйымдастырылды. Бас дәрігер Бақыт Темірбекқызының айтуынша, ауданның емдеу мекемелерінде үш жүзден астам адам қызмет етеді екен. Араларында газет оқитындар да бар. Телефонға телмірудің денсаулыққа қаншалықты зиян екенін, әсіресе көз жанарын нашарлататынын жақсы білетін ақ халатты абзал жандар жастарды бұдан құтқарудың жолын іздеуде. Соның бірі – оларды газет, журнал, кітап оқуға баулу.
Солтүстік өлкенің сүйікті ұлы Сәбит Мұқанов туған жері туралы: “… мен Жаманшұбардың жолын ешкім айтпай-ақ табам. …Петропавл, Архангельск, Бүгілім (Боголюбовка), Талапкер, Жекекөл, Орталық, Жекекөл (Благовещенка), Майбалық. Одан әрі жайлау – Жаманшұбар”. Сәбең 1930 жылы келгенде: “Маршрутым: Бескөл, Надеженка, Боголюбов, Өрнек, Алтай-Мұрат, Қоржынкөл, Жекекөл, Майбалық, өз ауылым”, – депті. Қарап отырсақ, Сәбеңнің осы жолын “Сәбит жолы” деп арнайы атап, туристік маршрут жасауға да болады екен-ау. Біз “Сәбит жолында” көрсетілген Благовещенканы бетке алдық. Ар жағында жатқан Майбалық, Жамбыл ауылдарына бару ойда бар.
Благовещенка ауылын ертеректе сол маңдағы қазақ ауылдары Жекекөл деп атайтын. Бүгінде бұл атау да ұмытыла бастаған. 1997 жылға дейін Жамбыл ауданының орталығы болған ауыл – қазір сыры кетсе де сыны кетпеген елді мекендердің бірі. Түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан бұл құтты мекенде екі бірдей мектеп бар. Бірі қазақ, екіншісі орыс тілінде білім береді. Біз №2 Благовещенка орта мектебіне бас сұқтық. Бұл орта мектеп әуелі қазақ сыныбы болып ашылған білім ордасы еді. Араға 7 жыл салып қазақ сыныбы өз алдына бөлек мектеп болып шықты. Содан бері 20 жылдан астам уақыт өтті. Қазір мектепте 240 оқушы білім алып жүр. №2 Благовещенка орта мектебі – сапалы білім беру жағынан аудандағы үздік білім ошақтарының бірі. Әлі күнге дейін мектеп ұжымы ауыл тұрғындары арасында балаларын қазақ мектебіне беру бойынша үгіт-насихат жүргізеді. Себебі мұнда екі мектеп болғандықтан, қазақ тіліне шорқақ ата-аналардың көңілі көрші жаққа ауып тұратын көрінеді. Осының алдын алу мақсатында жыл бойы жүйелі түрде үгіттеу шаралары өтеді екен. Ауылда қазақ тілінің қарашаңырағындай болып отырған мектеп ұжымымен кездесуде ұстаздар қауымымен ұлттық діл, рух жайлы сөйлестік. Өңіріміздегі жалғыз облыстық қазақ тілді басылым “Soltüstık Qazaqstan” газетіне жазылу ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді қолдаудың, қолданыс аясын кеңейтудің бір амалы екені айтылды.
– Аудандарды аралап, шалғайдағы ауылдарға барып, тұрғындармен кездесіп жатқандарыңызға ризамын. Ауылдағы ағайындардың арасында газетті қолынан тастамай оқитын оқырмандарыңыз бар. Сол кісілерді іздеп барып, елдің жайын, халықтың мұңын тыңдап, кері байланыс орнатып жатқандарыңыз құптарлық шаруа. Мен өз әріптестеріме облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетіне жазылайық, қазақтілді басылымды қолдайық дегім келеді, – деді №2 Благовещенка орта мектебінің қызметкері Самат Жақыпов.
Майбалық ауылы Жекекөлден аса алыс емес. Бұл ауылға апаратын жолдың жайы жергілікті тұрғындарды біраз жыл қажытқаны рас. Былтыр ойдым-ойдым жол жөнделіп, алдағы жылдары ауылдың ішкі күре тамыры қалпына келтірілетін болыпты. Содан ба екен, ауыл тұрғындарының көңілі көтеріңкі. Бүгінгі таңда ауылда елу шақты үй түтін түтетіп отыр. Жұмыс күші көп өңірлерден қоныс аударушылар үшін жаңа баспаналар салынған. Өкінішке қарай, олар бәрі бос тұр.
Келесі барған елді мекен – Жамбыл ауылы да бір кездері кеңшардың орталығы болған еді. Маңайдағы қазақ ауылдарының балалары осы жердегі мектептің интернатында жатып, білім алатын. Қазір сол салтанатынан айырылған, тұрғындар іргесі сөгіле бастаған ауылдың болашағына алаңдаулы. Жамбыл орта мектебінде тұрғындармен кездесіп, пікір алмастық. Облыстық басылымға үнемі жазылатындарын айтқан оқырмандарымыз ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе газет бетінде балаларға арналған материалдар көбірек шықса екен деген тілектерін жеткізді.
Ұлылар туған қасиетті мекендегі қазақ ауылдарының жүдеңкіреу жағдайын көріп, еңсеміз түсіп қайттық. Аудан әкімінің жұмысына баға беретін адам біз емеспіз, бірақ халықпен етене-жақын жұмыс істейтін бір жанашыр жанның қолы қажет екені сезіледі.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.