«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫЛАР ТУҒАН АУЫЛДАР НЕГЕ ЖҮДЕУ?

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің ұжымы оқырман­дар­­мен кезекті кездесуін Жамбыл ауданында өткізді. Басылым жур­на­листері әр ауданға барардың алдында аудан әкіміне, ішкі саясат бөлімінің басшысына хабарласып, ауыл тұрғындарын те­гіс ха­бар­ландыруды өтінеді. Жамбылдықтар бұл істе жауап­сыз­дық та­нытқанын айта кеткен жөн. Аудан әкімі Марат Ес­кен­ді­ров те жур­налистермен кездесіп, бұл сапардың мақсаты ту­ра­лы бі­луді қа­жет деп таппады. Кетерде ғана дәлізде кездейсоқ кездесіп қа­лып, өтіп кетуге ыңғайсызданып амандастық. Ішкі саясат бөлі­мі­­нің бас­шысы да орнында болмады. Ауылдарда бар­ғанда да газет жур­налистерінің келетінін мұғалімдерден басқа ешкімге ес­кертпегенін білдік. Шамасы тұрғындар әлі күнге дейін шешілме­ген әлеуметтік мәселелерді айтып қояды деп қорықты ма екен? Он­шақты ауылға барғанда біреуінде де округ әкімін көзіміз шалмады.

Алғашқы кездесу Преснов­када­ғы “Аманат” партиясының мәжіліс залында өтті. Жиналған жұртшылықтың шоғыры аз, көбі – бюджеттік ме­кемелердің қызметкерлері. Шақыр­са, аудан орталығында тұратын қазақтар келер еді ғой. Бұл жерде де ұйымдастыру жұмыстарының ойда­ғыдай болмағанын көруге болады.

Алғаш болып сөз бастаған “Soltüstık Qazaqstan” газетінің бас ре­дакторы Ербақыт Амантайұлы жур­налистердің ауылдарға еріккеннен барып жүрмегенін, басты мақсат – ондағы оқырмандармен жүздесіп, ахуалмен танысу, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау екенін айт­ты. Сондай-ақ қазіргі қоғамда қа­лыптасқан газет-журнал, кітап оқуға деген енжарлық, ұрпақтың санасын улап жатқан әлеуметтік желілер туралы да мысалдар келтірді.

– Көп жұрттың таным-түсінігінің таяздап кеткені соншалық, олар газет-журналдың қажеті жоқ, барлы­ғын смартфоннан оқып-біліп алуға болады деген ойда. Зиянын ескер­мей­ді. Қазіргі жастардың басты ау­руы – көз жанарлары нашарлаған, одан кейінгі орында омыртқа жо­тасы­ның қисаюы мен мінез-құлқының қалыпсыздығы тұр. Дәрігер-психологтардың айтуынша, мұндай­лар суицидке бейім келеді екен. Бұл аурулар смартфонға көп үңілуден екенін айтпасақ та белгілі, – дей келе, алдымен кінәні балаларға емес, ата-аналарға арту керектігін айтты. Қазір жылаған баланы уатудың ең оңай тәсілі – қолына телефон бере салу. Үйге қонақ келсе де, балаларды осы әдіспен оңаша бөлмеге кіргізіп жібе­руді жөн көреміз. Бұл қоғамның дер­тіне айналды десек, артық айтқандық болмас. Одан құтылудың бірден-бір жолы – газет-журнал, кітап оқуға қай­тадан бет бұру. Даму жағынан бізден көш ілгері кеткен Жапония елінде қа­зір қайтадан газет-журнал, кітап оқу­ға бетбұрыс жасалуда. Республика­лық газеті таңертең төрт, ал кешке ал­ты миллион данамен шығады екен.

Аудан әкімінің орынбасары Самат Әубәкіров жиналыста облыстық газетті қолына жиі алатынын айтып, болашақта балаларға арналған бет пен салт-дәстүр жайлы материалдар көбірек жарық көрсе деген ұсы­ныс-тілегін жеткізді. Өйткені жаңа шыққан жас құрақтай болып өмірге енді беттеп келе жатқан кей жастар дәстүрдің озығын емес, тозығын өздеріне үлгі етіп жүр.

Аудандық “Ауыл арайы” газетінің редакторы Игілік Рахмет облыс орталығынан барған әріптестерінің сөз­дерін қолдап, газет оқудың пай­далы жақтарын, смартфондағы ақ­параттың бүгін бар, ертең жоқ алдамшы дүние екенін, ал газет-жур­налдағы жазылған жай тасқа басыл­ғандай ұрпақтан-ұрпаққа мұра бо­лып қалатынын тілге тиек етті.

Аудан орталығындағы кездесу­ден кейін бірден Айымжан ауылына бет түзедік. Ауылдың ішкі жолдары жаңбыр жауса ми батпаққа айнала­тыны көліктің қатып қалған айғыз-айғыз іздерінен-ақ айқын аңғарыла­ды. Мектеп ғимаратына әзер жеттік. Бізді білім ошағының директоры Ас­қар Сатин қарсы алды. Мектептегі 20 мұғалімнің 18-і газетке жазылыпты.

– Облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газеті біздің отбасылық басы­лы­мымыз десек те болады. Өйткені бұл газетке кезінде әкем үзбей жазы­лып оқитын. Сол кісіден қалған жақ­сы үлгіні мен жалғастырдым. Қазір балаларым мен немерелерім де газет-журнал оқуға әуес. Әрбір ша­ңы­рақ иесі осындай үрдіс қалыптас­тырса, кітап оқымайтын жастардың қарасы азаяр еді. Аядай ғана Айым­жанда газет оқымайтын адам жоқ, шаруасын тындырғаннан кейін басқа не істейді. Ал ұрпақ тәрбиелеп отыр­ған ұстаздар қауымының газет оқы­мауы ұят, – дейді Асқар Нағы­манұлы.

Айымжандықтар мектепте бала саны азайып кеткенін ащына жеткіз­ді. Оңтүстік өңірлерден қоныс ауда­рушылардың жолын кесетін басты мәселе – ауызсудың және медицина­лық қосынның жоқтығы. Жайылым­дық жердің тарлығы да келем де­геннің кеудесінен итеретін жайт еке­нін жасырмады. Өткен жылы тар­тылған су құбыры әлі сол күйі тұр­ғанын көріп таңғалдық. Іргеге келіп тұрған суды қосуға не кедергі? “Айта айта Алтайды, Жамал апам қар­тайды” демекші, ауылдағылардың мәселесі ұзақ жылдардан бері шешімін таппаған. Тым болмағанда, ішкі жолдарға қиыршықтас төсеп, ауызсуды тездетіп шешіп берсе дей­ді. Дәріхана тұрмақ бір мейірбикенің жоқтығы, әсіресе егде жастағыларға қиын. Бас ауырып, балтыр сыздаған сәтте кімнен көмек сұрарын білмей дал болады.

Атақты жазушы Сәбит Мұқанов­тың ауылының жағдайы тым мүшкіл екенін мектеп директоры Аслан Серікұлының өз аузынан естідік. Өйт­кені даңғарадай мектепте 12 оқушы білім нәрінен сусындап жатқанын айтудың өзі ауыр. Жастардың дені қала жағалап кеткен, ауылда тек жасы үлкендер азын-аулақ малдың соңында жүрген көрінеді. Мектептегі бала санын көбейтудің жолы – көпбалалы отбасыларды ауылға көші­ріп әкелу, жергілікті әкімдік оларға қаңырап бос қалған оншақты үйді сатып әперсе, жағдай оңынан шешіл­гелі тұр дейді ұстаздар. Береке-бірлігі мығым, малға жайлы шағын ауылға келгісі келетіндер көп, бірақ ойлы-шұңқыр жолын көріп, кері бұрылады екен. Ауылда дүкен де жоқ. Тұрғындар керек-жарағын со­нау Пресновкадан әкеледі. Ақ қар ал­қымдап, көк мұз құрсаулаған қыста азық-түліктен тарығып қала­тындар көп. Тұрғындар қыс бойғы тұ­тынатын керек-жарақ­тарын ертерек әкеліп алудың қамын жасайтын көрінеді.

Орталық көшеде Сәбит Мұқа­нов­тың мұражай үйі орналасқан екен. Біз барғанда есігі жабық бол­ған­дықтан, көп айналмай Ғабит Мүсі­реповтың туған ауылы – Жаңажолға төтелей тарттық. Жол алыс, уақыт қысқа болғандықтан шопыр жігіт бізді дала жолымен алып жүрді. Себебін сұрағанымызда Жаңажолға апарар күре жолдың жағдайы мәз емес. Бетін ақ қар жапқан дала жолы – қазірше екі ауылдың арасын жақын­датып тұрған алтын көпір. Ал қар қалың түскенде немесе көктем келіп, жер жібігенде жұрт қырық жамау грейдермен жүруге мәжбүр. Жаңа­жол ауылына кіреберіс жерде қаз-қатар орын тепкен 5-6 жаңа бас­пананы көзіміз шалды. Тұрғындардың айтуынша, бұл үйлер қоныс аударушыларға арналған. Алайда олардың біреуінде де адам жоқ. Себебі мұнда жайлы мектеп, зәулім Мәдениет үйі болғанымен ауызсу мәселесі шешілмеген. Сол үшін де бұл ауылға көшіп келуге көп адам ынта таныта бермейді. Жетпіске тарта шаңырақтың иелері ауылдың шетіндегі екі ескі құдықтан шелек салып су алатынын естігенде қай ғасырда өмір сүріп жатқанымызды еске алмасқа шара болмады. Кейде ұзын-сонар кезек күтіп қалатын кездер де жоқ емес. Міне, осындай қиыншылықтарға төзбеген тұрғын­дар біртіндеп қалаға жылыстауда, қазір ауылда 165 адам ғана қалған.

Мектепке бас сұққанымызда алдымыздан мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Нұрахметова шықты. 440 оқушыға шақталған үш қабатты қазақ мектебінде небәрі 68 оқушы оқиды. Интернатта бес бала бар. Бір өкі­ніштісі, биыл оқу бітіретін тү­лектер жоқ. Мектеп директоры Клавдия Төлеева оңтүстік өңірлерді аралап, көшіп келгісі келетін көпбалалы от­басыларды ауылға тарту­дың қамын жасап көріпті. Бірақ онысынан еш нәтиже шықпаған көрінеді. Бәрінің де қалауы – су, жол, интернет бай­ланысы. Жаңажол оны ұсына алма­ған. Біздің келетініміз ал­дын ала хабарланғанымен окру­г әкімі Гүлнәр Нұрахметованің қа­ра­сын да көрме­дік. Ауыл тұрғында­рына кеш айты­лыпты, бір-екі адам­нан басқа ешкім келмеді.

Біз барған Баян ауылы редакция үшін жат жер емес. Себебі осы қа­сиетті топырақта кіндігі кесілген Мұрат Нұрмұқанов, Әскер Әбілқайыров, Мереке Тұралин, Әмір Қожах­метов сияқты журналистер ұзақ жыл­дар “Soltüstık Qazaqstan” га­зетінде қызмет етіп, оқырмандарына өткір мақалаларымен танылған бо­латын. Сондықтан өз үйімізге бар­ғандай бардық.

Ұйымдастырушылар мектептегі кездесуге ауыл тұрғындарын шақы­руды артық жұмыс көрді ме, әлде өздері келгісі келмеді ме, ұстаздар ғана жиналды. Бүгінгі таңда ауылда 187 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Оқу ордасындағы балалардың саны – 95. Мектеп ғимаратына бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілгені көрініп тұр.

– Психологтардың айтуынша, ба­ла сөзбен айтқанды емес, іспен көр­сеткенді тез қабылдайды. Мысалы, темекі шегетін әке ұлына оның зия­нын қанша жерден құлағына құюға тырысқанымен, алдымен өзі тастамай баласын бұл зиянды әдеттен қорғай алмайды. Сол сияқты ата-ана да, мұғалім де кітап оқу керектігі жайлы күнде мың рет қайталаса да, өздері бастап үлгі көрсетпей айтқан сөздері далаға кеткенмен тең. Газет оқымайтын адам кітапты да оқи қоймайды. Сондықтан алдымен га­зет-журналдарға жазылып, балалар­ға үлгі көрсету керек, – деді ұстаз­дармен кездесуде “Soltüstık Qa­zaqstan” газетінің бас редакторы Ербақыт Амантайұлы.

Баян орта мектебінің мұғалімдері облыстық газетке бір кісідей жазылатындарын жеткізді. Аян Қа­жымұратов есімді мұғалім газетте тарихи дүниелер, соның ішінде жер­гілікті жерден шыққан батырлар туралы тың деректер көп жария­ланса деген ұсынысын білдірді. “Мұғалімдер оны тарих пәнінде қосымша дерек ретінде пайдаланар еді”, – деді ол.

Кездесуде ауылдықтарды тол­ған­дырған кейбір мәселелер де кө­терілді. Баянның тұрғындарын меди­циналық маманның жоқтығы қинап отыр. Бұл мәселе газет бетінде де бірнеше рет көтерілгенімен әлі ше­шілмепті. Қарапайым екпе қойдыру үшін қақаған қыста көрші Архангелка ауылына баруға мәжбүр. Әңгіме барысында аталмыш мектептің түлектерінің арасында медицина академиясын бітіргендердің бар еке­ні белгілі болды. Бірақ ешқайсысы туған жерге келгісі келмеген. Алды Астана, соңы аудан орталығындағы емдеу мекемелерінде қызмет етіп жатқан көрінеді. Осында кіндік қаны тамғандардың өзі туған ауылына келгісі келмей отырғанда сырттан басқа біреу келіп қайбір жарылқай қояр дейсің?

Ауылда жұмыс болмай, қалаға қарай ағылған көш қазір сәл сая­бырсыған сыңайлы. “Август” деген шаруашылық егін егіп, тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр екен. Бұл серіктестік мектепте оқитын тұр­мысы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан 30 оқушыны тегін тамақтан­дыратынын да айта кеткен жөн.

Айтуар ауылындағы оқырман­дармен кездесу де жергілікті мек­тепте өтті. Шағын ғана ауыл, отыз үй қалған. Жаңа мектептің сырты да, іші де жайнап тұр. Бар­лығы 34 бала бі­лім ошағының табал­дырығын аттап жүр. 16 мұғалім мен екі тәрбиеші тәлім береді. Айтуар тұрғындары жол азабын тартып отыр. Селолық округтің орталығы Архангелкаға баратын грейдер жаң­бырда езіліп, көлік жүре алмай қалады. Благове­щенка бағытындағы жол да шұрық тесік. Қыста қар алып қалып, апталап қамалып қалатын кездер де болады екен. Осындай мәселелердің оң­тайлы шешілме­уінен жанындағы Үлгі, Талпын, Бай­мағанбет Ізтөлин атындағы ауылдар құрып барады.

Ауылға облысымыздағы қазақ­тілді жалғыз газет – “Soltüstık Qa­zaqstan”-ның журналистері күнде келе бермейді. Осы мүмкіндікті пай­даланып қалғысы келген мектеп басшылығы жоғары сынып оқушы­ларын жинап қойыпты. Кәсіпке қа­тысты дәріс оқуымызды өтінді. Ба­лалармен кездесу әркез қызық. Сон­дықтан уақыттың тығыздығына қара­мастан, бас тарта алмадық, Ербақыт Амантайұлы жарты сағат журна­листика мамандығының қыр-сырын баяндады. Балалардың арасында болашақта журналист болғысы келетіндері де бар екен. Олар өз­дерін қызықтырған түрлі сауалдарын жолдады.

Пресновкадағы аудандық ауру­ха­нада да оқырмандармен кездесу ұйымдастырылды. Бас дәрігер Ба­қыт Темірбекқызының айтуынша, ауданның емдеу мекемелерінде үш жүзден астам адам қызмет етеді екен. Араларында газет оқитындар да бар. Телефонға телмірудің ден­саулыққа қаншалықты зиян екенін, әсіресе көз жанарын нашарлата­тынын жақсы білетін ақ халатты аб­зал жандар жастарды бұдан құтқа­рудың жолын іздеуде. Соның бірі – оларды газет, журнал, кітап оқуға баулу.

Солтүстік өлкенің сүйікті ұлы Сә­бит Мұқанов туған жері туралы: “… мен Жаманшұбардың жолын ешкім айтпай-ақ табам. …Петропавл, Ар­хангельск, Бүгілім (Боголюбовка), Талапкер, Жекекөл, Орталық, Же­кекөл (Благовещенка), Майбалық. Одан әрі жайлау – Жаманшұбар”. Сә­бең 1930 жылы келгенде: “Мар­шрутым: Бескөл, Надеженка, Бого­любов, Өрнек, Алтай-Мұрат, Қор­жынкөл, Жекекөл, Майбалық, өз ауы­лым”, – депті. Қарап отырсақ, Сә­беңнің осы жолын “Сәбит жолы” деп арнайы атап, туристік маршрут жасауға да болады екен-ау. Біз “Сәбит жолында” көрсетілген Благо­вещенканы бетке алдық. Ар жағында жатқан Майбалық, Жамбыл ауыл­дарына бару ойда бар.

Благовещенка ауылын ерте­рек­те сол маңдағы қазақ ауылдары Же­кекөл деп атайтын. Бүгінде бұл атау да ұмытыла бастаған. 1997 жылға дейін Жамбыл ауданының орталығы болған ауыл – қазір сыры кетсе де сыны кетпеген елді мекендердің бірі. Түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан бұл құтты мекенде екі бірдей мектеп бар. Бірі қазақ, екіншісі орыс тілінде білім береді. Біз №2 Благовещенка орта мектебіне бас сұқ­тық. Бұл орта мектеп әуелі қазақ сыныбы болып ашылған білім ор­дасы еді. Араға 7 жыл салып қазақ сыныбы өз алдына бөлек мектеп болып шықты. Содан бері 20 жылдан астам уақыт өтті. Қазір мектепте 240 оқушы білім алып жүр. №2 Бла­гове­щенка орта мектебі – сапалы білім беру жағынан аудандағы үздік білім ошақтарының бірі. Әлі күнге дейін мектеп ұжымы ауыл тұрғындары арасында балаларын қазақ мекте­біне беру бойынша үгіт-насихат жүргізеді. Себебі мұнда екі мектеп болғандықтан, қазақ тіліне шорқақ ата-аналардың көңілі көрші жаққа ауып тұратын көрінеді. Осының алдын алу мақсатында жыл бойы жүйелі түрде үгіттеу шаралары өтеді екен. Ауылда қазақ тілінің қараша­ңырағындай болып отырған мектеп ұжымымен кездесуде ұстаздар қауы­мымен ұлттық діл, рух жайлы сөй­лес­тік. Өңіріміздегі жалғыз облыстық қазақ тілді басылым “Soltüstık Qa­zaqstan” газетіне жазылу ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді қолдаудың, қолданыс аясын кеңей­тудің бір амалы екені айтылды.

– Аудандарды аралап, шалғай­да­ғы ауылдарға барып, тұрғындар­мен кездесіп жатқандарыңызға ризамын. Ауылдағы ағайындардың арасында газетті қолынан тастамай оқитын оқырмандарыңыз бар. Сол кісілерді іздеп барып, елдің жайын, халықтың мұңын тыңдап, кері байла­ныс орна­тып жатқандарыңыз құптар­лық ша­руа. Мен өз әріптестеріме облыстық “Soltüstık Qazaqstan” га­зетіне жазылайық, қазақтілді басы­лымды қолдайық дегім келеді, – деді №2 Благовещенка орта мектебінің қыз­меткері Самат Жақыпов.

Майбалық ауылы Жекекөлден аса алыс емес. Бұл ауылға апаратын жол­дың жайы жергілікті тұрғын­дар­ды біраз жыл қажытқаны рас. Был­тыр ойдым-ойдым жол жөнделіп, алдағы жылдары ауылдың ішкі күре тамыры қалпына келтірілетін болып­ты. Содан ба екен, ауыл тұрғын­да­рының көңілі көтеріңкі. Бүгінгі таңда ауылда елу шақты үй түтін түтетіп отыр. Жұмыс күші көп өңірлерден қоныс аударушылар үшін жаңа бас­паналар салынған. Өкінішке қарай, олар бәрі бос тұр.

Келесі барған елді мекен – Жам­был ауылы да бір кездері кеңшардың орталығы болған еді. Маңайдағы қа­зақ ауылдарының балалары осы жер­дегі мектептің интернатында жатып, білім алатын. Қазір сол салтанаты­нан айырылған, тұрғындар іргесі сө­гі­ле бастаған ауылдың болашағына алаңдаулы. Жамбыл орта мектебін­де тұрғындармен кездесіп, пікір ал­мастық. Облыстық басылымға үнемі жазылатындарын айтқан оқырман­да­рымыз ұсыныстарын ортаға сал­ды. Әсіресе газет бетінде балалар­ға арналған материалдар көбірек шық­са екен деген тілектерін жеткізді.

Ұлылар туған қасиетті мекендегі қазақ ауылдарының жүдеңкіреу жағ­дайын көріп, еңсеміз түсіп қайттық. Аудан әкімінің жұмысына баға бе­ретін адам біз емеспіз, бірақ халық­пен етене-жақын жұмыс істейтін бір жанашыр жанның қолы қажет екені сезіледі.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp