Қай заманда болмасын елдің ағасы болған, халық құрмет тұтқан ақсақалдарымыздың еңбегі кейінгі буынға үлгі, ақыл-кеңесі құнды. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров аға буын өкілдерімен кездесіп, елдің тілекшісі болып отырған алдыңғы толқынмен әдемі әңгіме өрбітті. Өңір басшысы еліміздің қалыптасуына, өңірдің дамуына зор үлес қосқан аға буынның ерен еңбегін атап өтті.
– Осы жердің тумасы болғандықтан, маған жүктелген жауапкершілік екі есе көп. Осыған дейінгі облыс әкімдері өңірдің дамуына өз үлестерін қосты. Енді мен өзіме артылған сенімді ақтап, адал еңбек етуге уәде беремін. Аға буынмен ақылдаса отырып жұмыс істесек, ісімізде береке болады, – деген облыс әкімі Айдарбек Сапаров соңғы уақытта облыс орталығында болып жатқан коммуналдық-инженерлік желілердегі апаттар жайына да тоқталды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов өңір басшысына қызметіне сәттілік тілеп, аға буынның атқарған жұмысын баяндады. Әсіресе жастарды елге қалтқысыз, адал қызмет етуге баулитын іс-шаралардың маңызды екенін айтты. Бұл тағылымды шара туралы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.