Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша алда тұрған басты міндеттерді айқындап берді. Оның ішінде азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға айрықша назар аударды. “Қордаланған мәселелер аз емес. 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз”, – дей келіп, азық-түлік тауарларының ішкі нарығын отандық тағам өнімдері құрауы қажеттілігін атап көрсетті. Мұның өзі еңбек өнімділігін арттырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге игі ықпалын тигізері сөзсіз. Шикізатты тереңдетіп қайта өңдеу арқылы халықаралық нарыққа шыға алатын кәсіпорын ғана малды бордақылаудан бастап, оны союға өткізуге дейінгі кластерді талапқа сай өркендете алады.
Тайынша ауданында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолданысқа берілген кәсіпорын Еуроодақ талаптарына толық жауап береді, инвестияциялық бағдарламалар аясында жаңғыртылған қайта өңдеу кешенінің жұмысы өте ауқымды әрі сан-салалы. Мұнда малды өнеркәсіптік бордақылау және өнімдерді өңдеуге дейінгі операциялар бір мезетте атқарылады. Күніне 30 тоннаға жуық өнім әзірленіп, шұжықтың, жартылай дайын ет өнімдерінің 60-тан астам түрі шығарылатынын ескерсек, қуаттылығының қаншалықты екенін шамалай беруге болады. Бүгінде “EMC Agro” ЖШС-ның өнімдері “Lecker” сауда белгісімен сыртқы нарықта да сұранысқа ие бола бастады. Алматыда өткен “FoodExpo Qazaqstan 2022” көрмесіне әлемнің 36 елінен 456 фирма қатысып, біздің кәсіпорын алты аталым бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Шыны керек, “Мираторг, “Черкизово”, “Гродно”, “Могилев”, “Брест” сияқты әлемге танымал фирмалармен бәсекеге түсу оңай емес. Соған қарамастан етті қалдықсыз өңдеуден Орта Азияда алдыңғы қатардамыз. “FSSC 22000” халықаралық сертификатына иеміз. Осыдан төрт жыл бұрын ет комбинатының жағдайы күрделі болса, бүгінде “KazFoodProducts” компаниясында күрделі жаңғыртулар жүргізілді. Өндіріске қомақты инвестиция тартылды.
“EMC Agro” ЖШС ет өнімдерін қайта өңдеу бойынша өз қызметін 2019 жылы бастағанын айта кеткен жөн. Мал сою, ет өңдеу өндірісінің түпкі мәні тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетіп, сұраныстарын өтеуге, яғни экологиялық таза өнімдер ұсынуға бағытталған. Серіктестік цехтарында “Big Dutchman” үлгісіндегі неміс жабдықтары орнатылған. Алдағы уақытта өнеркәсіп кешенінің өндіріс қуаттылығын одан әрі арттырып, күніне жарты мыңдай мал сою міндеті тұр. Осыған орай шошқаның саны 50 мыңнан 100 мың басқа дейін ұлғайтылып, қосымша орындар жабдықталғаннан кейін бұл көрсеткіш екі есеге дейін көбейтіледі. Сонда жылына 20 мың тонна ет өңделіп, 10 мың тонна дайын өнім тұтынушыларға жөнелтіледі. Қазір ірі қараны бордақылау алаңы жабдықталуда. Агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобалар одан әрі жалғасын тауып, күніне үш мың бас мал союға мүмкіндік береді. Шетелден технологиялық жабдықтар әкелініп, екі алаңда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кетті. Заманауи құрылғылардың арқасында шикізаттың сапасын бақылау өндірістің барлық кезеңдерінде жүйелі түрде жүзеге асырылады.
Жыл өткен сайын өндіріс қуаты қарқын алып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Қазір серіктестікте 400-дей адам еңбек етеді. Тайынша қаласымен қатар Донецкое, Чермошнянка, Келлеровка, Большой изюм, Драгомировка елді мекендерінен де тұрғындар қатынап жұмыс істейді. Оларды күнделікті тасымалдау ісі дұрыс жолға қойылған, ешқандай кідіріс жоқ. Дегенмен білікті мамандарға деген сұраныс әлі де бар. Әсіресе ветеринарлық операторлар тапшы. Тиісті білімі мен жұмыс істеуге деген талап-ынтасы болса, барлық әлеуметтік жағдайдың жасалатынына толық кепілдік береміз.
Осыдан бір жыл бұрын аудан орталығында “Lecker” сауда белгісімен ет комбинатының фирмалық дүкені ашылған болатын. Енді мұндай сауда желілері Петропавлда, Көкшетауда, Бескөлде бой көтерді. Бұдан бөлек, “Lecker” шұжықтарын Батыс Қазақстан, Қарағанды, Талдықорған, Алматы облыстарының, Ресейдің Омбы, Самара қалаларының сауда сөрелерінен де кездестіруге болады. Шошқа өзімізде өсірілсе, сиыр, жылқы, қой еттері негізінен жергілікті фермерлерден сатып алынады. Негізгі қызметіміз – ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелге де кеңінен жол ашу. Қытаймен, Армениямен, Грузиямен қостараптық әріптестік байланысты жақсартпақ ойдамыз. Барлық өндіріс циклі шетелдік технологияға негізделген. Ең бастысы, сойылған мал етінің сапасы жоғалмайды. Туралған ет, шұжық әзірлейтін цехтар да заман талабына сай жабдықталған. Мал сойылатын арнайы цехтар, салқындату камерасы бар. Жаңа қазандық, газгольдер қондырғысы қойылған.
Тәуелсіздік кезеңінде қол жеткен табыстар аз емес. Бірақ оған тоқмейілсімеуіміз керек. Өнімді сату – өте өзекті мәселенің бірі. Тауардың үздіксіз жеткізілуі, сапасының жоғары болуы – бәріміз үшін орындалуы тиіс міндет. Мемлекет тарапынан демеуқаржы беру, ірі сауда желілерімен тығыз қарым-қатынас орнату мәселелері әлдеқайда жеңілдетілген. Кәсіпорын “Қазақстанда жасалған” жалпыұлттық жобасына белсене қатысып, импортқа тәуелділікті барынша азайтуға өз үлесін қосуды басты парыз санайды.
Қанат АТАЙБЕКОВ,
“EMC Agro” ЖШС-ның директоры.
Тайынша ауданы.