Қазақтың біртуар ұлы, ұлттық жазба әдебиетіміздің негізін қалаушылардың бірі, ақын-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің халық арасында кең тараған, сүйікті әндерінің бірі – “Тау ішінде”. Әннің қалай дүниеге келгені, кімге арналғаны туралы көп айтылып, көп жазылып жүр. Бірақ олардың бірде-бірінде нақты дәлел жоқ. Сондықтан мен әннің нақты тарихын оқырман қауымға жеткізуді ұйғардым.
Бұл материалды жазуыма “Soltüstık Qazaqstan” газетінің үстіміздегі жылғы 9 сәуірдегі санында жарияланған Мамлют аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ерғали Зиябектің “Мен келем тау ішінде түнделетіп…” деп аталатын мақаласы себеп болды. Дәл сол кезде үн қатуға уақытым да болмады, денсаулығым да келмеді. Материалда автор, композитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың осы әннің шығу тарихына байланысты жазған естелігінен үзінді келтіріпті. Онда Ілекең ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қарпық Құсайыновтан естіген Сәкенмен бала кезінде бірге өскен Әзімхан ақсақалдың әңгімесін айтады.
Енді Ілия Жақановтың мақаласынан үзінді келтірейін. “…1919 жылы жазғытұрым Арқадан бет-ажары келісті келген кісі ат терлетіп, бетпақ даланы көктей өтіп, арып-ашып, Созақ өңіріне келеді. Ол кеңес өкіметінің өкілі деп Қаратаудың қойнауында отырған Тоқабай Ерімбековтің үйіне табан тіреген. Тоқай жөн сұрап, Ақмола советі депутаты төралқасының мүшесі, уездік атқару комиссары қызметін атқарған Сәкен Сейфуллин екенін біледі…” – делінген. Осы арада түсіндіре кетейін, 1894 жылғы 23 мамырда Ақмола уезінің Ніл болысында қазақ ауылында дүниеге келген Сәкен (Сәдуақас) Сейфоллаұлы әкесінің ақылымен ауыл маңындағы мыс қорыту зауытына барып орысша оқиды. Осында жүріп ол зауыт жұмысшыларының патша үкіметіне қарсы ереуілін көреді. Одан кейін Ақмолада, Омбыда оқуын жалғастырып, еңбек жолын Ақмола облысындағы Сілеті-Бұғылы деген жерде ауыл мектебінде мұғалімдіктен бастайды. Ол 1917 жылдан бастап қоғамдық жұмыстарға араласады. Оның бастауымен Ақмолада “Жас Қазақ” атты ұйым құрылып, “Тіршілік” деген газет шығарылады. Сол жылдың желтоқсанында Ақмола советі депутаты құрылып, ол совет депутаты мүшесі, уездік атқару комиссары болып тағайындалады.
Сөйтіп, Сәкен Сейфуллин жаңа заман жолындағы күреске белсене араласады. Газет беттерінде патша үкіметіне қарсы өлеңдерін жариялайды, байларды жамандап мақалалар жазады. Осында жүріп бір байдың Рахима деген қызына үйленеді. Ол Сәкенге “әкемді жамандап мақала жазба, қуғынға ұшыратпа”, – деп талап қояды. Сөйтіп, Сәкен Сейфуллин екі оттың ортасында жүргенде ақтар Ақмолада кеңес өкіметін құлатады. Сәкен Сейфоллаұлы бірнеше жолдасымен қолға түсіп, алдымен Қызылжардың “Абылайдың ақ түрмесі” атанған абақтысына, одан кейін Омбы түрмесіне қамалады. Ал 1919 жылдың наурызында ол ретін тауып, түрмеден қашып шығып, Дүйсенбі деген жалған ат жазылған құжатпен Павлодар, Баянауыл арқылы туған ауылына келіп, онда көп бөгелмей Түркістан жаққа өтеді. Әулиеата (қазіргі Тараз) советі депутатының көмегімен Сарысу, Шу өзендері бойындағы елдерде кеңес өкіметін орнату жұмысына қатысады.
Одан әрі әңгімені Ілия Жақанов былай өрбітеді: “… Әлі есімде, бұл 1964 жылғы мамыр айы. Сәкеннің 70 жылдық мерейтойының қарсаңы еді. Мәжит ақсақалдың (кім екені белгісіз А.Ж.) үйіне сонау Жаңаарқадан біраз ағайындары келді. Солардың ішінде Әзімхан деген қарияның әңгімесіне жұрт сүттей ұйып, ден қойды. Сол әрқилы әңгімелердің арасында “Тау ішінде” әні де сөз болады…”. Содан кейін автор Әзімханның әңгімесін былай келтіреді: “… Бір күні (Әулеата жақта жүргенде) Сәкен өзімен байланысып жүрген жандардан менің үйленетін жағдайымды естіпті. Ой, шіркін! Сәкен-ай! Менің мына жаңалығыма тебірене қалып: “Барам! Әзімханға бармағанда кімге барам!? Тойы бола ма, құдалығы бола ма бәріне барам! Тірі жүріп, көр ішінде түнегенім жетер енді! Шығам, мына жарық дүниеге! Өлсем де елдің ішінде өлейін! Айтыңдар Әзімханға, бір жақсы ат дайындап қойсын!” – депті. Мына сөзді естіп Сәкеннің дін амандығына көзіміз жетіп, біресе жылаймыз, біресе іштей булығып, мәз боламыз өзімізше. Бірде бойымызды қорқыныш та билейді. Сәкен қайта ұсталып кете ме деп, зәре жоқ… Сәкен тойдан екі күн бұрын қасында екі-үш ауыл адамы бар, біздің үйге келіп түсе қалды… Сол күні біздің үйде үлкен думан болды…”.
Әзімханның автор келтірген ұзақ әңгімесін қысқарта айтсам, келесі күні ол Сәкенге ат ерттеп береді. Сөйтіп, ол ақ боз атты сылаң қақтыра жалғыз өзі Ескене тауына беттейді. Тау ішінің әсем табиғатын тамашалап, таза ауа, алқызыл өсімдіктердің жұпар иісін көкірегін керней жұтып, біраз демалғаннан кейін қайтып оралады. Содан кейін үй иесінен қағаз-қалам сұрап алып, жаңа ғана тау ішінде алған әсерін өлеңмен өре бастайды. Келесі күнгі думанды тойда халықтың сұрауы бойынша жаңа ғана жазылған әнін өзі орындап береді. Бұл “Тау ішінде” әнінің алғаш орындалуы еді. “Сол күннен бастап Сәкеннің “Тау ішінде” әні қолдан-қолға өтіп, ауызды-ауызға тарап кетеді”, – дейді автор.
Ал бұл әннің шығу тарихын суретші Ералы Оспанов басқаша баяндайды. Ол әңгімесін Түркістан қаласының маңындағы Ортақ деген жерде 1885 жылы туған Қалжан қожадан бастайды. Оның жазуынша, ол ерте жетім қалып, байдың жалшысы болған. Өзінің пысықтығының арқасында медреседе оқып, сауатын ашқан. Кеңес өкіметі орнағасын әртүрлі жұмыстар атқарып жүріп, локомотив депосына кіріп, орыс тілін меңгерген. 1921-1931 жылдардағы кеңес өкіметі қабылдаған НЭП-жаңа экономикалық саясатының арқасында Қалжан қожа Нұрмұхаметов бағбаншылық, диқаншылық, малшылықпен айналысып, тұрмысын түзеп, көп ұзамай ауқаттылар қатарына қосылады. Автор Қалжан қожаның бірқатар атқарған игі істерін, қайырымдылық шараларын айта келіп, оның 1942 жылы Ресейдің Архангелскі облысында “халық жауы” деген атпен атылып кеткенін айтады.
Мақалада одан әрі 2005 жылы Түркістан қаласында Қалжан қажының әулеті аталарының аруағына бағыштап үлкен ас берілгені айтылады. Сонда кезінде Қалжан қажының жақсылығын көрген кісінің ұлы, сақалы ағарған қария Сәкеннің “Тау ішінде” әнінің дүниеге қалай келгені туралы айтып береді. Оның айтуынша, бір күні әкесі Түркістанға базарлап келеді де, атын ұрлатып алады. Содан Қалжан қажыға келіп: “Қожеке, мен жаяу қалдым, атымды кім ұрласа да, осы Түркістанның ұрысы алды, соның орнын толтыр”, – дейді. Қалжан қажы сөзге келмей: “Анау тұрған аттардың ішінен қалағаныңды ал”, – дейді. Әкесі аттарды айнала қарап шығып, ішінен бір ақ боз атты таңдап мініп, еліне қайтып кетеді.
Көп ұзамай осы әңгімені айтып отырған қарияның әкесінің үйіне Сәкен Сейфуллин келіп түсіп, бірнеше күн қонақ болады, осы ауыл аймақтың жұртын әндерімен тәнті етеді. Қонағы жолға шығарда оның өнеріне риза болған үй иесі Сәкенге Қалжан қажыдан алған ақ боз атты сыйлайды. Бірақ баласына “анау таудың етегіндегі шоқыға дейін шығарып салып, аттың үстіндегі күміс ерді алып қал, қазақтың баласы ғой, әрі қарай жайдақ мініп кете берер”, – деп ескертеді. Бірақ бала Сәкеннен ұялып, астындағы ерді алмайды.
Біраздан кейін ауыл алыста қалып, Сәкен қараңғыда осы аймақты қоршап тұрған биік таулардың ұшар басын тамашалап бара жатып, тамылжыған жазғы түннің рахатына малынып, мұрын жарар мүңкіген гүлдердің иісіне масайып, өбіп есіп тұрған кешкі самалдан көңілі толып, бұрын-соңды естімеген бір әдемі әнді шырқай жөнеледі. Бұл атақты “Тау ішінде” әні болатын, – деп қарияның сөзін келтіреді Ералы Оспанов.
“Тау ішінде” әнінің шығу тарихын кім, қалай жазды екен деген мақсатпен біраз құжаттарды ақтарғанмен нақты дәлелге сүйеніп пайымдалған материалды кездестіре алмадым. Мысалы, Ілия Жақановтың материалында осы әннің қалай туғанын сұрағандарға Сәкен: “Бұл әннің жайын білгілерің келсе, бүгін таңертең мен жүрген соқпақпен жүріп, Ескененің бір қойнауы Найзақалған сай дейтін жерге барып көріңдер”, – депті дейді. Бұл сөз рас болса, Сәкенді сол сайда бір арудың күтіп отырғаны-ау, сірә!? Ал Ералы Оспановтың мақаласында ақ боз ат мінген Сәкен тауға жақындай бергенде бұрын-соңды естілмеген бір әнді шырқай жөнеледі делінген. Бұл атақты “Тау ішінде” әні болатын деп нықтап айтады. Сонда артта қалған бала алыстағы адамның дәл сол әнді шырқағанын қайдан білген? Ақылға қонбайды. Міне, осындай, ешбір дәлелсіз жазылған материалдарға кім сенер. Ерғали Зиябектің ақын, композитор, өнер зерттеуші Ілия Жақановтың материалына сүйене жазған мақаласында: “… Сәкеннің біраз сырын білетін жан досы “Тау ішінде” әнінің кімге арналғанынан бейхабар. Жүрегінен терең орын алған сол бір ғашығы жайлы да білмейді. Бұл ән кімге арналған сонда? Ол жағы қазірге дейін жұмбақ. Сәкен жүрегіндегі құпия…”, – деп жазады.
Ал белгісіз бір автор өзінің “Сәкен Сейфуллиннің “Тау ішінде” әнін Даңқой Шәйзадаға арналған” деген қысқа хабарында “Революциялық комитеттің әкімшілік бөлімшесі басшысының көмекшісі болып, Көкшетау маңайында “Аймақ” ауылын ашқан. Көршілес ауылдағы Есет байдың қызы Шәйзадамен танысып, оған бір ән арнаған”, – деп жазады да, осы өлеңнің мәтінін береді. Мәтіндегі ақ боз аттың, тау ішінің, басқа да арнау сөздердің ол қызға қандай қатысы бар? Ол жағы беймәлім.
Сайып келгенде, жоғарыда әртүрлі авторлардың жазған деректерінің “Тау ішінде” әніне ешқандай қатысы жоқ деп есептедім. Ал мен өзім жерлесіміз, академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің бұл жөніндегі айтқан сөзіне әбден сенемін. Ол нанымды да. Өйткені Ғабең Сәкен Сейфуллинмен өте жақын болған адам. Ол 1923 жылы Сәбит Мұқановқа еріп Орынборға оқуға келгенде екеуі сол кезде Халық комиссарлар комитетінің төрағасы (қазіргі премьер-министр) қызметін атқарып жүрген Сәкен Сейфулиннің үйінің бір бөлмесінде тұрады. Ғабеңнің Сәкенмен одан әрі де тығыз байланыста болғаны айтпаса да түсінікті.
Енді “Тау ішінде” әнінің шығу тарихын Ғабеңнен қалай естігенімді баяндайын. Ғабит Мүсіреповтің көзі тірісінде бірде-бір рет мерейтой өткізбегені баршаға аян. Туған ауылы қазіргі Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылына да жас кезінде онша келе бермейтін. Тек жасы егде тартқасын ғана Қызылжар өңіріне жиі келетін болды. Онда да Сәбит пен Ғабит ауыл жаққа кезектесіп келетін еді. Екеуі де қастарына ақын-жазушыларды ерте жүретін. Осындай бір сапарында ол ақиық ақын Ғафу Қайырбеков пен аудармашы Алексей Белялиновті ерте келді. Ғабең, әдеттегідей, бұл жолы да облыстық партия комитеті арқылы редакциядан мені атқосшылыққа сұрап алды. Өйткені мен 1967 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің мекенжайларын тауып барып, оларға сәлем беріп, танысқанымнан бері біздің өңірге келген сайын екеуі де мені қастарына ертіп алатын.
Бұл жолы Ғабең туған жеріне алдына үш мақсат қойып келген тәрізді. Біріншісі – кіндік қаны тамған жерге келіп, ескі жұрттың топырағына бір аунау, екіншісі осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын дүние салған ағасы Хамит Махмұтұлы мен қарындасы Гүлсімнің аруақтарына арнап ас беріп, Құран бағыштату, ал үшіншісі – сол кезде жазып жатқан “Ұлпан” романындағы кейіпкерлердің жүрген жерін көріп, тағы еске түсірумен бірге аудармашы Алексей Белялиновке көрсету, ауыл ақсақалдарынан кейбір деректерді анықтау еді.
Келесі күні інісі Әшім Махмұтұлының үйінің маңына үлкен шатыр тігіліп, маңайдағы ауылдардың ақсақалдары шақырылып, ас берілді. Ол аяқталғаннан кейін менің әкем – Жантемірдің Мырзахметі Ғабеңді жанындағы жолдастарымен қонаққа шақырды. Өйткені Ғабит Мүсірепов бізге құда болатын. Менің үлкен ағам Сапи оның немере ағасы Кәжімбайдың Мақанының (Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебіндегі” жылқышы Мақан) қызы Әсимаға үйленген.
Қонақтар Қарақамысқа келген күні біздің ауылдың ғана емес, көршілес елді мекендер тұрғындары үшін үлкен тойға айналды. Атшабыс, күрес және басқа да ойындар ұйымдастырылды. Ал одан кейін қонақтар мен ауыл ақсақалдары біздің үйде емін-еркін отырып, әңгіме-дүкен құрды, әндер айтылды. Арасында Ғабең Ғафуға “Дариға сол қызды” айтқызды. Осы әнді өте жақсы көреді екен.
– Қасым Аманжоловтың осы әнін талай әншілер орындап жүр ғой, бірақ солардың ішінде Ғафудай нақышына келтіре айтатыны жоқ, – деп қойды Ғабең.
Менің аға-жеңгем Сапи мен Әсима ескілікті шығарма өлеңдерді де, жаңа әндерді де жақсы айтушы еді. Бұл жолы олар бірлесіп “Тау ішінде” әнін шырқай жөнелді. Жиналған жұрт ризашылықтарын білдіріп, қол соғып жатыр.
– Бурабайдың әсем табиғаты, зәулім таулары Сәкен сияқты серіге қалай әсер еткен, шіркін, – деп қалды осы арада немере ағам Қараман Сағындықов. Ол денсаулығына байланысты Бурабайдың курорттарына барып жүретін, сол жердің әсем табиғатын аңыз қылып айтып отыратын.
– Жоқ, бұл әннің Көкшетауға, Бурабайға ешқандай қатынасы жоқ, – деп қалды сол кезде Ғабең.
Бәріміз аң-таң болдық. Өйткені кім болсын бұл әннің дүниеге келуіне Бурабайдың таулары, әсем табиғаты әсер еткен болар деп ойлайтын.
– Онда қалай? Мұнда бір сыр жатыр-ау, сірә! Ғабе білгеніңізді ортаға салыңыз, біз де хабардар болайық, – деп қояды Ғафу Қайырбеков.
– Иә, айтсам, айтайын, – дейді байыппен Ғабең.
Ғабеңнің айтуынша, 1918 жылы әйелдердің Бүкілресейлік бірінші съезі өткен. Сол жылдың желтоқсанында осы съездің ұсынысы бойынша Ресей коммунистік (большевиктік) партиясының орталық комитетінің шешімімен губернияларда, қалаларда, аудандар мен уездерде әйелдер арасында үгіт-насихат жүргізу жөнінде комиссиялар құрылады. Осыған байланысты Қазақстан автономиялы республикасы орталық комитеті қалың малға, әмеңгерлікке, көп әйел алуға тыйым салу жөнінде декрет қабылдап, оны бұқараға түсіндіру, жүзеге асыру, әйелдердің қоғамдық жұмысқа араласуын насихаттау басталады.
Осы жерде айта кетейін, 19 ғасырдың екінші жартсында шыға бастаған “Түркістан уәлаятының газеті”, одан кейін “Дала уәлаятының газеті” деп аталатын басылымдар жоғарыда аталған шешімдер мен декреттерге сәйкес әйелдер теңдігі туралы мәселені кең көлемде көтеріп отырған. Мысалы, “Айқап” журналында 60-70 жастардағы бай шалдарға қалың мал үшін 13-15 жастағы қыздарды тоқалдыққа берудің белең алғаны, қалың малдың көлемінің өсіп бара жатқаны, бір қызға 5-6 жігіттен келетіндіктен 30-40 жастағы бойдақтардың көбейіп кеткені жазылған. “Бостандық туы” (“Soltüstık Qazaqstan”) газеті де осы тақырыптан тыс қалмаған. Осы газеттің 492-ші санында “Әйелдерді құтқарған Кеңес үкіметі” деген айдармен жарияланған Жақан Сыздықовтың “Күң едің” деп аталатын өлеңі былай басталады:
“Кеше, ойлашы кім едік,
Кеше қара күң едік.
Санаменен сарғайып,
Бір көңілді жүрмедік…”.
Осы газет беттерінен “Екі қатын алғанның есі кетеді”, “Екі сиыры бардың айраны үйінде, екі қатыны бардың ойраны үйінде”, “Қалың мал”, “Бостандықтың бір негізі әйелдер теңдігі”, “Әйелдер жиналысы болып өтті” деген материалдарды оқуға болады.
Енді Ғабеңнің әңгімесіне оралайын. Оның айтуы бойынша, үкімет қаулысына орай өз еркінсіз тоқалдыққа шыққан әйелдерге бостандық алуға құқық берілген. Ол үшін жергілікті билік орындарына арызбен барса болғаны, еншілерін алып төркіндеріне кете алады. Осыған орай Сәкен Сейфуллин Әулиеата (Тараз) совет депутатының көмегімен сол төңіректе кеңес өкіметін орнатуға қатысып жүрген шағында оған бір жас келіншек жолығады. Әдемі киінген, көзі жәудіреген әйел Сәкенге әке-шешесі өзін қалың малға осы төңіректегі мыңғырған байдың біріне тоқалдыққа беріп жібергенін айтып, одан еншісін алып беруді өтінеді. Алғашында жыламсырап келген келіншек Сәкеннің “көмектесемін” деген жылы сөзін естігеннен кейін көз жасын сүртіп, күле бастайды. Көз тоймас көркі бар, күміс күлкілі, сүмбіл шашты, сөзі тәтті келіншекке Сәкен бірден ғашық болып қалады. Келіншек те сұлу жігітке деген ыстық ықыласын жасыра алмайды.
Не керек, сол жолы Сәкен Сейфуллин келіншектің байынан айырылысып, еншісін алуына көмектеседі. Содан кейін ол келіншекті өзімен бірге Әулиеатаға алып кеткісі келеді. Бірақ жанындағы жолдастары “олай істеу өте қауіпті, бұл байдың жақтаушылары да, нөкерлері де көп, сені жазатайым қылар”, – деседі. Содан кейін жолдастары тау ішіне киіз үй тігіп, келіншекті сонда апарып орналастырады. Бірнеше күнге жетерлік азық-түлік апарады. Ал Сәкенге тау ішінде түн қараңғылығында жолдан адаспайтын ақ боз ат табады. Сөйтіп, сері Сәкен осы төңіректен кеткенше түнделетіп тау ішінде жасырынған келіншекке барып тұрады. “Тау ішінде” әні, міне, осы оқиғаға байланысты дүниеге келеді. Оны өлеңнің мәтінінен-ақ аңғару қиын емес.
Мен келем тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп өлеңдетіп.
Астымда ақбоз атым сылаң қағып,
Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп.
Ақбоз ат менің тұлпарым,
Шалқыған көңіл сұңқарым.
Көкірек керіп жұттым мен,
Ауаның жазғы жұпарын.
Ахау, сүмбіл шаш, тәтті сөзің, қара көзің,
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.
Ән салдым есіп майда жаяулатып,
Ырғалтып, шырқап, толғап, баяулатып.
Толқынды мың құбылған әнімді естіп,
Тыңдарсың кірпік қақпай ояу жатып…
Міне, осы өлең сөздерінен-ақ сері Сәкеннің тау ішінде ақбоз атпен түнделетіп, әндетіп келе жатқанын, киіз үйде толықсыған жас келіншектің ұйықтамай, оны тағатсыздана тосып отырғанын елестетуге болмас па?! Бірақ, Сәкен ол келіншекті туған жеріне ертіп әкеле алмайды. Ол үйде әйелі Рахима тосып отыр деп ойлаған болар. Алайда күйеуін ұзақ тосып, күдерін үзген әйелі басқа біреуге тұрмысқа шығып кетеді. Содан кейін Сәкен әйелдікке Ғабит Мүсірепов айтпақшы, “есік көрген емес, бесік көрген” ару іздейді. Оның да сәті түседі.
Сәкен Сейфуллин бірде жол-жөнекей кетіп бара жатып, Нілді болыстық комитетінің басшысы, ақын Қайып Айнабековтің үйіне соғады. Ол жолға аттанарда үй иесі Қызылжарда оқып жатқан немере қарындасына сәлемдеме беріп жібереді. Сәкен оның пәтерін тауып алып, қызға сәлемдемені табыс етеді. Сөйтсе, ол сұлу, қаракөз, бұраң бел, бұрымы белінен түсетін қыз болып шығады. Артынан барып жүріп, оған сөз айтып, арнау өлең шығарып, ақыры қосылады. Сөйтіп, Гүлбахрам деген қызға үйленеді.
Міне, Сәкен Сейфулиннің “Тау ішінде” әнінің нақты да шынайы тарихы осындай.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.