«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАР ПОШТА ҚЫЗМЕТІНЕ НАРАЗЫ

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Жылда осы уақытта ақ көрпесін қалыңдатып жауып алатын қара жер биыл жүрісінен сәл жаңылған тәрізді. Алайда солтүстіктің сарышұнақ аязы қаһарына мініп тұр. Сол суыққа қарамастан, облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газеті журналистерінің оқырмандармен кездесуі жалғасуда. Бұл жолғы сапарымызды Есіл ауданының Мектеп ауылынан бастадық. Одан кейін Өрнек пен Ильинкаға атбасын тіредік. Тағы екі топ Корнеевка, Бұлақ, Ақтас, Қараағаш, Чириковка, Петровка және Николаевка ауылдарына барды.

Ауылдық окург әкімі Мереке Қы­дыбеков ауылдық округке кіре берер тұстан күтіп алды. Әкім бізге қазір мұн­да аудан басшысы Медет Ос­панов та келетінін, ауыл тұрғындары алдында есеп беретінін айтты. Кейін білсек, ау­дан әкімі жылына екі-үш мәр­те ауыл-ауылды аралап, тұрғын­дардың ұсыныс-тілектерін тыңдай­тын көрінеді. “Әкім бол, халқыңа жа­қын бол” деген осындайда айтылса керек.

Ауыл тұрғындары мектепке жи­налды. Қай ауылға барсаңыз да ұқ­сас бір мәселе бар, ол – мектепте ба­ла санының аздығы. Білім оша­ғының директоры Талғат Қосаевтың мәліме­тінше, 38 баланы 14 мұғалім оқы­тады. Жастардың қалаға қарай бет алуына байланысты ауылда оқу­шы саны жылдан-жылға азайып ба­рады.

Медет Оспанов алдымен аудан­ның биылғы қол жеткізген жетістік­теріне тоқталды. Сөз арасында кем­шіліктерді де жасырып қалған жоқ.

– Президент Қасым-Жомарт То­қаев биылдан бастап барлық әкім­дерге халықпен тығыз байланыс ор­натуды тапсырды. Бұл – құптарлық іс. Ауыл тұрғындарының мұң-мұқ­тажын білу үшін олармен жиі қарым-қатынаста болу керек. Бұрын ауылға жылына бір-ақ рет келетін әкімдер енді кемінде 2-3 мәрте төбе көрсетуі тиіс. Осылайша шешімін таппаған мәселелер назарға ілігеді. Есіл ау­данында 52 ауыл бар, олардағы жағдайды бес саусағымдай білемін. Шамам келгенше тұрғындардың ұсыныстарын орындауға тырыса­мын, – деді аудан әкімі.

Биыл ауданда дәнді дақылдар гектарынан 18,5, ал майлы дақыл­дар 11 центнерден өнім берген. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Шаруашылық бас­шылары 6 миллиард теңгеге жуық қаражатқа жаңа техника сатып алыпты. 168 мың гектарға11 мың тон­на минералды тыңайтқыш сіңірілген. Аудандағы ірі жобалардың бірі – Корнеевка ауылында салынған 1350 басқа арналған “Атамекен-Агро-Кар­неевка” ЖШС-ның тауарлы-сүт фер­масы. Онда қырық шақты адам жұ­мыспен қамтылған. Тораңғұл ауы­лында 800 басқа арналған ферма ашылмақшы. Одан бөлек, аудан ди­қандары суармалы егіншілікті қолға алған. Келесі жылы картоп, қияр, қы­рыққабат сияқты көкөністер егілмек.

Аудан әкімі сөз арасында жол­дың жайына да тоқталып, тұрғын­дардың бас ауруы осы екенін, биыл Жарғайың мен Бірлік ауылдарына ғана қаражат бөлінгенін жеткізді. Қа­раағаш пен Тауағаштағы жол істел­ген, ендігі кезекте Бесқұдық пен Мек­теп тұр. Өрнек пен Мектептің арасын жалғайтын 18 шақырым жол жөн­деуді қажет етеді. Тұрғындардың ай­туынша, жаңбырлы күндері көлік те, жаяу адам да жүре алмайды екен.

Ауылдық округтің жай-күйі жыл­дан-жылға жақсарып келе жатқаны байқалады. Аудан бойынша сауыла­тын 32 мың тонна сүттің 2000 тон­наға жуығын Мектеп пен Өрнек тұр­ғындары тапсырады. Бір қуантарлы­ғы, Мектепте су сапасы жақсы, әрбір үй орталықтандырылған сумен қам­тылған. Тұрғындар жайылымнан да таршылық көріп отырған жоқ. Әркім өзіне бөлінген жердің шөбін шауып, мал азығын жинап алады.

Аудан әкімі жұмыс істеймін деген адамға ауылда екі қолға бір күрек табылатынын, өскен елін, туған жерін түлетуді әрбір адам өзінен бас­тауы керектігін айтты. Айтса айт­қандай, өңірімізде ауыл шаруа­шылығы саласы бойынша 5000 бос жұмыс орны бар екен. Әсіресе шаруашылықтарға комбайншы, трак­торшы жетіспейді. Күзгі жиын-терім кезінде еңбекке белсенді кі­ріскендер 2-3 миллион теңгеге дейін еңбекақы алады. Осы арада аудан­дағы екі бірдей колледж механи­затор боламын деген жастарды екі айдың ішінде баулып шығатынын айта кеткен жөн.

Аға буын механизаторлардың қа­зір жасы егде тартып, жұмыстан ақы­рындап шеттей бастады. Ал олар­дың орнын басатын жастар ауыр еңбектен қашып сыртта жүр. Демек, ауылда жұмыс жоқ емес, жастарда ынта-ниет аз сияқты. Әрбір ауылдың тірегі, алтын ұя – мектептерді сақтап қалу уақыт күттірмейтін өзекті мә­селеге айналды. Ол үшін ауылға жастардың көп шоғырланғаны керек. Сонда бірінші сыныптың табалды­рығын аттайтын бүлдіршіндердің саны артады. Қалада тұрып, “ауы­лым – алтын бесігім” деп құр ұран­датқаннан еш пайда жоқ екенін тү­сінетін кез келді. Өз ауылыңды сүй­сең, қайта көшіп келіп, балаңды сон­дағы мектепке бергенің дұрыс.

Аудан әкімімен кездесуде тұр­ғындар Ильинкадан келетін “Жедел жәрдем” көлігінің шабандығын, дәрігерлердің соңғы уақытта ауылға мүлдем соқпай кеткенін, одан қалды дәрі-дәрмек алу жағы да қиындап бара жатқанын айтты.

Аудан әкімінің есебінен шыққан­нан кейін Өрнек ауылының тыныс-тіршілігін көрмекке аттандық. Белгілі ақын Есләм Зікібаевтың атындағы негізгі мектепте 34 оқушы бар екен. Мектеп ғимаратының бос қалған бір бөлігіне ауылдық әкімдік пен кітап­хана орналасыпты.

– Мұғалімдер облысымыздағы жал­ғыз қазақтілді газет – “Soltüstık Qazaqstan”-ның тұрақты оқырман­дары. Біз өз еркімізбен жазыламыз. Ендігі мақсат – жастардың қолына газетті қалай ұстату жағы. Ұстаздар қауымы көп ақпаратты әлеуметтік желіден алады. Алайда оның дұ­рыстығына көз жеткізе бермейді. Сіздердің де, біздің де көксегеніміз – ұрпақ тәрбиесі, сол үшін газет бе­тінде мұғалімдер мен оқушылар тарапына көбірек көңіл бөлсеңіздер, қазір айына бір рет шығып жүрген “Тағылым” беті жиірек жарық көрсе деген тілегіміз бар, – дейді дирек­тор­дың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұлдызай Иманбекова.

Ауыл әкімі Мереке Жаманшал­ұлының айтуынша, Өрнек ауылында да аздап алға жылжушылық бар. “Данияр-Агро” шаруашылығы мек­тепке көмек жасаған. Ауыл тұрғын­дарының жартысынан көбін жұмыс­пен қамтып, мектепке су тартып, кей бөлмелерге арнайы су жылытқыш аппарат қойып беріпті. Оқушыларға қажетті құралдар сатып әперіп, ай сайын тегін тамақпен қамтамасыз етеді. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демей ме, ауыл­дағы­лар аталмыш шаруашылық басшы­сының қандай көмек сұраса да бет­терін қайтармайтынына дән риза.

Ильинка аралас мектебінің ди­ректоры Нұрлан Жапаровтың ай­туынша, 145 оқушының жартысына жуығы – өзіміздің қаракөздер. Ара­лас мектеп болғасын ұстаздардың ара­сында өзге ұлт өкілдері де отыр­ды. Мектеп директоры біздің сөзіміз­ді іліп алып, газет-журнал, кітап оқу­дың орасан пайдасын өз басынан өт­керген мысалдар арқылы екі тілде түсіндіріп берді. Сөзінен қазақ бас­пасөзіне, оның ішінде ғасыр жа­саған “Soltüstık Qazaqstan” газетіне деген құрметі ерекше екенін аңғардық.

– Біз оқушыларға күнделікті са­бақты қалай өтіп жүрсек, тәрбиені де солай сіңіре білуіміз тиіс. Білім мен тәрбие қатар жүргенде тәрбиеленіп шыққан ұрпақ болашақта еш өкін­бейді. Қазіргі кейбір мектептердегі кемшілік – тәрбиеге көңіл бөлмейді. Оқытушылардың әрбір іс-әрекеті – балаға өнеге. Өзің газет оқымасаң, сенен білім нәрін сіңіріп жүрген оқушы қалай дұрыс жолға түссін? Сондықтан, алдымен, біз – мұға­лімдер өзімізді өзгертуіміз керек, – деді Нұрлан Ерікұлы. Аралас мектеп болса да, ұлттық намысты бәрінен биік қоятын осындай азаматтарға іштей сүйсінесің.

Қай ауылға барсаңыз да, тұрғын­дар жазылған газет-журналдары уақытында келмейтінін айтып ша­ғым­данады. “Soltüstık Qazaqstan” аптасына үш рет жарық көретіні белгілі, ал республикалық “Егемен Қазақстан” мен “Казахстанская правда” бес, “Айқын” мен “Литер” газеттері төрт реттен шығады. Аудан орталықтары болмаса, ауылдарға пошта негізінен екі рет қана қаты­найды екен. Ал күре жолдан шеткері жатқандарына бір аптаның газетін жи­нап, бір рет қана апарады. Осы­лайша, ауылдықтар маңызды жа­ңалықпен елдің бәрі оқып болған соң, яғни араға апта салып барып қана танысуға мәжбүр.

Ауылдағы пошташыларға да айтылатын сын көп. Мерзімді басы­лымға жазылу науқаны жүріп жатқан шақта үй-үйді аралап, газет жазды­руға насихаттауды көбі басы артық жұмыс санайды. Тіпті жазылған га­зеттерін жеткізіп беруге ерінетіндер де бар екен. Тұрғындар шағымдана бас­таса, жұмыстан шығамын деп қор­қытатын көрінеді. Себебі жа­лақысы мардымсыз. Көбінің айлығы он мың теңгенің шамасында бол­ғандықтан ауылда пошташы табу да қиын. Бірақ жалақының аздығына қарамастан, өз міндетін адал атқа­рып жүрген қыз­меткерлер де бар. Қарағаш ауылы­ның пошташысы Сәу­ле Сердалина бұл салада үздіксіз 12 жыл бойы жұ­мыс істеп келеді. Бертінге дейін ай­лығы бес мың теңге болыпты. Қазір қолына тиетіні – 11300 теңге.

– Ауылда алпыс шақты үй қалды. 47 адам газет алады. Соның көбі өңіріміздегі жаңалықтың жаршысы “Soltüstık Qazaqstan” газетін оқиды. Зейнеткерлер мен жергілікті ша­руашылықта жұмыс істейтіндерге газетті кәсіпкер Біржан Ғайсин жаз­дырып береді. Шағын ауыл болған соң тұрғындардың бәрі бір-бірімен туыс. Менің үгітімсіз-ақ жазылады, сондықтан көбіне газет-журнал оқу­дың маңызы туралы жастарға на­сихат жүргіземін. Жалақым аз болса да мойныма алған міндетті адал ат­қаруым керек. Пошташы газет жаздыру ісімен де айналысуға міндетті, – дейді Сәуле Сердалина.

Халық мерзімді басылымға көп жазылса, “Қазпошта” мекемесіне де пайдалы емес пе? Бір ауылға бір газет апарсаң да, жүз газет апарсаң да жолға кететін шығын бірдей. Ал түсетін пайда жүз еселенеді. Мыса­лы, ауыл тұрғыны үшін “Soltüstık Qa­zaqstan” газетіне алты айға жазылу ақысы – 3328 теңге. Бұл қаржының 1489 теңгесі ғана редакцияға ауда­рылады, яғни журналистердің жала­қысы мен газетті басуға кететін шы­ғындарға жұмсалады. Ал қалған 1839 теңге поштаның есепшотында қалады. Редакция соңғы үш жыл жа­зылым бағасын бір теңгеге де көтер­мегенін айта кеткен жоқ. Өкі­нішке қарай, “Қазпошта” АҚ-ның бас­шы­лығы газетті көбірек тарату ар­қылы өз қызметкерлерінің еңбекақы­сын көтеруге болатынын әлі күнге дейін ескермей келеді. Миллионның үстін­де еңбекақы алатын пошта басшы­ларының айлығын газет жаз­дырудан түсетін пайдаға тәуелді қылып қойса ғой шіркін, мүмкін, сол кезде жазы­лым көбейер ме еді деген ой келеді.

Қарағаш ауылына апаратын жол­ға жөндеу жүргізілгенін айта кеткен жөн. Бірақ кей тұсы тегіс болма­ғандықтан мердігер келер жылы қайта қалпына келтіретін болып міндеттелген екен. Бұдан бөлек, ауылдағы мектептің те терезелерін ауыстыру қажет. Жел соққан күндері білім ошағы суып кететіні жайлы мұғалімдермен кездесуде айтылды. Жергілікті серіктестік өз қаржысына жобалық-сметалық құжаттарын жасап берген, енді бюджеттен қаржы бөлінуін күтіп отыр.

Есіл ауданында атауы орысша ауылдар көп. Көбіміз атына қарап, сырт айналып кетіп жатамыз. Мәсе­лен, Қызылжар мен Жезқазған ара­сындағы автожол бойындағы Чири­кова, Петровка, Николаевка деген ауылдарда қазақтар көп тұратынын, үшеуінде де қазақ мектебі барын біреу білсе, біреу білмес. Мәселен, Петровкадағы орта мектеп дирек­торы Айбек Закриннің айтуынша, қазақ сыныптарының саны орысша­дан көбірек екен. Николаевкадағы Асқар Игібаев атындағы мектепте де қаракөздеріміздің қатары қалыңдай түскен. Білім ошағы басшысының міндетін атқарушы Әмина Оспанова­ның айтуынша, 280 бала оқып жат­қан мектепке жөндеу жүргізіліпті, енді интернат ғимараты қалпына келтірілгенін күтіп отыр.

Ауылдық округтің әкімі Нұрбек Сапаровтың сөзінше, өңірімізге белгілі ұстаз, қоғам қайраткері Асқар Игібаев басшылық еткен жылдары Николаевка орта мектебіндегі оқу­шы­лардың қатары 1500-ге дейін жеткен екен. Қазір ауыл тұрғында­рының саны осынша ғана. Дегенмен Николаевка болашағы бар елді мекендердің қатарында. Ішкі жолда­рын жөндеу басталған. Көшелер түнде жап-жарық. Кейбір аудан ор­талықтарында жоқ ауылдық спорт клубы осында жұмыс істейді.

Спорт клубында шағын футбол мен волейбол ойнайтын зал бар, былтыр қазақша күрес үйірмесі ашылған. Біз ауылға барған күні тағы екі залдың ашылу салтанаты өтті. Бокс және тренажер залдарын жабдықтауға осы ауылдың жеріне егін егетін серіктестік директоры Асхат Барлыбаев қаржы бөлген. Төрт миллион теңгедей ақшаға дене жаттығуына арналған жабдықтар, бокс қолғаптары және тағы да басқа керек-жарақ алыныпты.

– Ауылдың жеріне егін егіп отырғандықтан тұрғындарға көмек­тесуді міндетім санаймын. Тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушы­ларды тамақтандыруға көмек­тесеміз, балабақшаға ойыншықтар сатып алып бердік. Спорттық клубта екі зал ашу керегін естіп, қол ұшын созуды ұйғардық. Жастар би кешін өткіземіз деген соң музыкалық жаб­дық әпердік. Енді келер жылы балалар ойнайтын алаңқай жаса­мақшымыз, – деді тұрғындармен кездесуде Асхат Нағашыбайұлы.

Есіл ауданында қазақы қаймағы бұзылмаған елді мекендердің ара­сында Бұлақ округіне қарасты Бұлақ, Ақтас, Қарағай ауылдарын ерекше атап өтуге болады. Түгін тартсаң, майы шығатын қастерлі өлкенің жағдайы қоңыртөбел болғанымен, соңғы кезде ілгерілеушілік бар. Әсіресе округтің тізгінін Болат Бей­сенбаев ұстағалы біраз жұмыс ат­қарылған. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында тындырған іс ауыз толтырып айтарлықтай. Таза ауызсу тарту, жол салу мәселесі қолға алынған. Оған осы жолғы сапар ба­рысында көз жеткізіп қайттық. Бұлақ ауылының ішінде құбыр тарту үшін ор қазылып, қажетті жабдықтар жет­кізілген. Ал жолға керекті қиыршықтасты да жинап, күн жылынысымен бастап кетпек. Бұл да мемлекеттің ауылдарды дамытуға мықтап көңіл бөлгенінің бір көрінісі болса керек.

Ауыл мектебінде өткен кездесу барысында да тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға риза екендігін жеткізді. Оқырмандармен кездесуде Бұлақ орта мектебінің мұғалімі, ақын Жанар Рамазанова өңіріміздегі қа­зақ­тілді жалғыз ба­сылымның ауыл­да сұранысқа ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл тұрғындары­ның ба­сым көпші­лігі мерізмді басы­лым­дар­ды қалт жібермей оқиды. Бү­гінде Бұ­лақ орта мектебінде 71 оқу­шы бар. Ұстаздар заман талабына сай білім беріп, еліміздің болашағын тәрбие­леуде. Бұлақ ауылының бү­гінгі ты­ныс-тіршілігі жайында газе­ті­міздің өткен санында (2 тамыз, 2022 жыл) “Білікті басшы, берекелі ауыл” де­ген мақалада егжей-тегжейлі жаз­ғанбыз.

Ақтастағы мектептің салынға­ны­на көп бола қойған жоқ. 90 орындық білім ордасында бүгіндері 41 оқушы бар екен. Бізді ұстаздар қауымы қуана қарсы алды. Олардың айтуын­ша, мектептегі мұғалімдердің бар­лығы да газетке жазылған. Тек уақы­тылы әкеліп отырса деген өтініш­терін жеткізді. Талантты шәкірт­тер­дің шығармашылығын насихаттау, оларды әңгіме-эссе жазуға баулу үшін газетте жариялау туралы ұсы­ныстарын да жеткізді.

Есіл ауданына сапарымыз бары­сында Корнеевка ауылына да ар­найы соқтық. Бір кездері аудан орталығы болған бұл елді мекенде жалғыз мектеп бар екен. Орыс тілінде білім беретін оқу ордасында 182 оқушы білім алады. Мектеп ди­ректоры Сәкен Шаймерденовтің айтуынша, қазақ газетіне жазылуды қолдайтын тұрғындар баршылық. Болашақта редакция өкілдерінің ата-аналармен, оқушылармен кездесуін өткізу туралы келісімге келдік. Осылайша Есіл ауданына қарасты ауылдарда оқырмандар саны кө­бейер деген үмітпен кері қайттық.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің бас редак­торы Ербақыт Амантайұлы оқыр­мандарға басылым жайлы әңгіме­леуде.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp