Жылда осы уақытта ақ көрпесін қалыңдатып жауып алатын қара жер биыл жүрісінен сәл жаңылған тәрізді. Алайда солтүстіктің сарышұнақ аязы қаһарына мініп тұр. Сол суыққа қарамастан, облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газеті журналистерінің оқырмандармен кездесуі жалғасуда. Бұл жолғы сапарымызды Есіл ауданының Мектеп ауылынан бастадық. Одан кейін Өрнек пен Ильинкаға атбасын тіредік. Тағы екі топ Корнеевка, Бұлақ, Ақтас, Қараағаш, Чириковка, Петровка және Николаевка ауылдарына барды.
Ауылдық окург әкімі Мереке Қыдыбеков ауылдық округке кіре берер тұстан күтіп алды. Әкім бізге қазір мұнда аудан басшысы Медет Оспанов та келетінін, ауыл тұрғындары алдында есеп беретінін айтты. Кейін білсек, аудан әкімі жылына екі-үш мәрте ауыл-ауылды аралап, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдайтын көрінеді. “Әкім бол, халқыңа жақын бол” деген осындайда айтылса керек.
Ауыл тұрғындары мектепке жиналды. Қай ауылға барсаңыз да ұқсас бір мәселе бар, ол – мектепте бала санының аздығы. Білім ошағының директоры Талғат Қосаевтың мәліметінше, 38 баланы 14 мұғалім оқытады. Жастардың қалаға қарай бет алуына байланысты ауылда оқушы саны жылдан-жылға азайып барады.
Медет Оспанов алдымен ауданның биылғы қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Сөз арасында кемшіліктерді де жасырып қалған жоқ.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылдан бастап барлық әкімдерге халықпен тығыз байланыс орнатуды тапсырды. Бұл – құптарлық іс. Ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын білу үшін олармен жиі қарым-қатынаста болу керек. Бұрын ауылға жылына бір-ақ рет келетін әкімдер енді кемінде 2-3 мәрте төбе көрсетуі тиіс. Осылайша шешімін таппаған мәселелер назарға ілігеді. Есіл ауданында 52 ауыл бар, олардағы жағдайды бес саусағымдай білемін. Шамам келгенше тұрғындардың ұсыныстарын орындауға тырысамын, – деді аудан әкімі.
Биыл ауданда дәнді дақылдар гектарынан 18,5, ал майлы дақылдар 11 центнерден өнім берген. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Шаруашылық басшылары 6 миллиард теңгеге жуық қаражатқа жаңа техника сатып алыпты. 168 мың гектарға11 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілген. Аудандағы ірі жобалардың бірі – Корнеевка ауылында салынған 1350 басқа арналған “Атамекен-Агро-Карнеевка” ЖШС-ның тауарлы-сүт фермасы. Онда қырық шақты адам жұмыспен қамтылған. Тораңғұл ауылында 800 басқа арналған ферма ашылмақшы. Одан бөлек, аудан диқандары суармалы егіншілікті қолға алған. Келесі жылы картоп, қияр, қырыққабат сияқты көкөністер егілмек.
Аудан әкімі сөз арасында жолдың жайына да тоқталып, тұрғындардың бас ауруы осы екенін, биыл Жарғайың мен Бірлік ауылдарына ғана қаражат бөлінгенін жеткізді. Қараағаш пен Тауағаштағы жол істелген, ендігі кезекте Бесқұдық пен Мектеп тұр. Өрнек пен Мектептің арасын жалғайтын 18 шақырым жол жөндеуді қажет етеді. Тұрғындардың айтуынша, жаңбырлы күндері көлік те, жаяу адам да жүре алмайды екен.
Ауылдық округтің жай-күйі жылдан-жылға жақсарып келе жатқаны байқалады. Аудан бойынша сауылатын 32 мың тонна сүттің 2000 тоннаға жуығын Мектеп пен Өрнек тұрғындары тапсырады. Бір қуантарлығы, Мектепте су сапасы жақсы, әрбір үй орталықтандырылған сумен қамтылған. Тұрғындар жайылымнан да таршылық көріп отырған жоқ. Әркім өзіне бөлінген жердің шөбін шауып, мал азығын жинап алады.
Аудан әкімі жұмыс істеймін деген адамға ауылда екі қолға бір күрек табылатынын, өскен елін, туған жерін түлетуді әрбір адам өзінен бастауы керектігін айтты. Айтса айтқандай, өңірімізде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 5000 бос жұмыс орны бар екен. Әсіресе шаруашылықтарға комбайншы, тракторшы жетіспейді. Күзгі жиын-терім кезінде еңбекке белсенді кіріскендер 2-3 миллион теңгеге дейін еңбекақы алады. Осы арада аудандағы екі бірдей колледж механизатор боламын деген жастарды екі айдың ішінде баулып шығатынын айта кеткен жөн.
Аға буын механизаторлардың қазір жасы егде тартып, жұмыстан ақырындап шеттей бастады. Ал олардың орнын басатын жастар ауыр еңбектен қашып сыртта жүр. Демек, ауылда жұмыс жоқ емес, жастарда ынта-ниет аз сияқты. Әрбір ауылдың тірегі, алтын ұя – мектептерді сақтап қалу уақыт күттірмейтін өзекті мәселеге айналды. Ол үшін ауылға жастардың көп шоғырланғаны керек. Сонда бірінші сыныптың табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің саны артады. Қалада тұрып, “ауылым – алтын бесігім” деп құр ұрандатқаннан еш пайда жоқ екенін түсінетін кез келді. Өз ауылыңды сүйсең, қайта көшіп келіп, балаңды сондағы мектепке бергенің дұрыс.
Аудан әкімімен кездесуде тұрғындар Ильинкадан келетін “Жедел жәрдем” көлігінің шабандығын, дәрігерлердің соңғы уақытта ауылға мүлдем соқпай кеткенін, одан қалды дәрі-дәрмек алу жағы да қиындап бара жатқанын айтты.
Аудан әкімінің есебінен шыққаннан кейін Өрнек ауылының тыныс-тіршілігін көрмекке аттандық. Белгілі ақын Есләм Зікібаевтың атындағы негізгі мектепте 34 оқушы бар екен. Мектеп ғимаратының бос қалған бір бөлігіне ауылдық әкімдік пен кітапхана орналасыпты.
– Мұғалімдер облысымыздағы жалғыз қазақтілді газет – “Soltüstık Qazaqstan”-ның тұрақты оқырмандары. Біз өз еркімізбен жазыламыз. Ендігі мақсат – жастардың қолына газетті қалай ұстату жағы. Ұстаздар қауымы көп ақпаратты әлеуметтік желіден алады. Алайда оның дұрыстығына көз жеткізе бермейді. Сіздердің де, біздің де көксегеніміз – ұрпақ тәрбиесі, сол үшін газет бетінде мұғалімдер мен оқушылар тарапына көбірек көңіл бөлсеңіздер, қазір айына бір рет шығып жүрген “Тағылым” беті жиірек жарық көрсе деген тілегіміз бар, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұлдызай Иманбекова.
Ауыл әкімі Мереке Жаманшалұлының айтуынша, Өрнек ауылында да аздап алға жылжушылық бар. “Данияр-Агро” шаруашылығы мектепке көмек жасаған. Ауыл тұрғындарының жартысынан көбін жұмыспен қамтып, мектепке су тартып, кей бөлмелерге арнайы су жылытқыш аппарат қойып беріпті. Оқушыларға қажетті құралдар сатып әперіп, ай сайын тегін тамақпен қамтамасыз етеді. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демей ме, ауылдағылар аталмыш шаруашылық басшысының қандай көмек сұраса да беттерін қайтармайтынына дән риза.
Ильинка аралас мектебінің директоры Нұрлан Жапаровтың айтуынша, 145 оқушының жартысына жуығы – өзіміздің қаракөздер. Аралас мектеп болғасын ұстаздардың арасында өзге ұлт өкілдері де отырды. Мектеп директоры біздің сөзімізді іліп алып, газет-журнал, кітап оқудың орасан пайдасын өз басынан өткерген мысалдар арқылы екі тілде түсіндіріп берді. Сөзінен қазақ баспасөзіне, оның ішінде ғасыр жасаған “Soltüstık Qazaqstan” газетіне деген құрметі ерекше екенін аңғардық.
– Біз оқушыларға күнделікті сабақты қалай өтіп жүрсек, тәрбиені де солай сіңіре білуіміз тиіс. Білім мен тәрбие қатар жүргенде тәрбиеленіп шыққан ұрпақ болашақта еш өкінбейді. Қазіргі кейбір мектептердегі кемшілік – тәрбиеге көңіл бөлмейді. Оқытушылардың әрбір іс-әрекеті – балаға өнеге. Өзің газет оқымасаң, сенен білім нәрін сіңіріп жүрген оқушы қалай дұрыс жолға түссін? Сондықтан, алдымен, біз – мұғалімдер өзімізді өзгертуіміз керек, – деді Нұрлан Ерікұлы. Аралас мектеп болса да, ұлттық намысты бәрінен биік қоятын осындай азаматтарға іштей сүйсінесің.
Қай ауылға барсаңыз да, тұрғындар жазылған газет-журналдары уақытында келмейтінін айтып шағымданады. “Soltüstık Qazaqstan” аптасына үш рет жарық көретіні белгілі, ал республикалық “Егемен Қазақстан” мен “Казахстанская правда” бес, “Айқын” мен “Литер” газеттері төрт реттен шығады. Аудан орталықтары болмаса, ауылдарға пошта негізінен екі рет қана қатынайды екен. Ал күре жолдан шеткері жатқандарына бір аптаның газетін жинап, бір рет қана апарады. Осылайша, ауылдықтар маңызды жаңалықпен елдің бәрі оқып болған соң, яғни араға апта салып барып қана танысуға мәжбүр.
Ауылдағы пошташыларға да айтылатын сын көп. Мерзімді басылымға жазылу науқаны жүріп жатқан шақта үй-үйді аралап, газет жаздыруға насихаттауды көбі басы артық жұмыс санайды. Тіпті жазылған газеттерін жеткізіп беруге ерінетіндер де бар екен. Тұрғындар шағымдана бастаса, жұмыстан шығамын деп қорқытатын көрінеді. Себебі жалақысы мардымсыз. Көбінің айлығы он мың теңгенің шамасында болғандықтан ауылда пошташы табу да қиын. Бірақ жалақының аздығына қарамастан, өз міндетін адал атқарып жүрген қызметкерлер де бар. Қарағаш ауылының пошташысы Сәуле Сердалина бұл салада үздіксіз 12 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Бертінге дейін айлығы бес мың теңге болыпты. Қазір қолына тиетіні – 11300 теңге.
– Ауылда алпыс шақты үй қалды. 47 адам газет алады. Соның көбі өңіріміздегі жаңалықтың жаршысы “Soltüstık Qazaqstan” газетін оқиды. Зейнеткерлер мен жергілікті шаруашылықта жұмыс істейтіндерге газетті кәсіпкер Біржан Ғайсин жаздырып береді. Шағын ауыл болған соң тұрғындардың бәрі бір-бірімен туыс. Менің үгітімсіз-ақ жазылады, сондықтан көбіне газет-журнал оқудың маңызы туралы жастарға насихат жүргіземін. Жалақым аз болса да мойныма алған міндетті адал атқаруым керек. Пошташы газет жаздыру ісімен де айналысуға міндетті, – дейді Сәуле Сердалина.
Халық мерзімді басылымға көп жазылса, “Қазпошта” мекемесіне де пайдалы емес пе? Бір ауылға бір газет апарсаң да, жүз газет апарсаң да жолға кететін шығын бірдей. Ал түсетін пайда жүз еселенеді. Мысалы, ауыл тұрғыны үшін “Soltüstık Qazaqstan” газетіне алты айға жазылу ақысы – 3328 теңге. Бұл қаржының 1489 теңгесі ғана редакцияға аударылады, яғни журналистердің жалақысы мен газетті басуға кететін шығындарға жұмсалады. Ал қалған 1839 теңге поштаның есепшотында қалады. Редакция соңғы үш жыл жазылым бағасын бір теңгеге де көтермегенін айта кеткен жоқ. Өкінішке қарай, “Қазпошта” АҚ-ның басшылығы газетті көбірек тарату арқылы өз қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге болатынын әлі күнге дейін ескермей келеді. Миллионның үстінде еңбекақы алатын пошта басшыларының айлығын газет жаздырудан түсетін пайдаға тәуелді қылып қойса ғой шіркін, мүмкін, сол кезде жазылым көбейер ме еді деген ой келеді.
Қарағаш ауылына апаратын жолға жөндеу жүргізілгенін айта кеткен жөн. Бірақ кей тұсы тегіс болмағандықтан мердігер келер жылы қайта қалпына келтіретін болып міндеттелген екен. Бұдан бөлек, ауылдағы мектептің те терезелерін ауыстыру қажет. Жел соққан күндері білім ошағы суып кететіні жайлы мұғалімдермен кездесуде айтылды. Жергілікті серіктестік өз қаржысына жобалық-сметалық құжаттарын жасап берген, енді бюджеттен қаржы бөлінуін күтіп отыр.
Есіл ауданында атауы орысша ауылдар көп. Көбіміз атына қарап, сырт айналып кетіп жатамыз. Мәселен, Қызылжар мен Жезқазған арасындағы автожол бойындағы Чирикова, Петровка, Николаевка деген ауылдарда қазақтар көп тұратынын, үшеуінде де қазақ мектебі барын біреу білсе, біреу білмес. Мәселен, Петровкадағы орта мектеп директоры Айбек Закриннің айтуынша, қазақ сыныптарының саны орысшадан көбірек екен. Николаевкадағы Асқар Игібаев атындағы мектепте де қаракөздеріміздің қатары қалыңдай түскен. Білім ошағы басшысының міндетін атқарушы Әмина Оспанованың айтуынша, 280 бала оқып жатқан мектепке жөндеу жүргізіліпті, енді интернат ғимараты қалпына келтірілгенін күтіп отыр.
Ауылдық округтің әкімі Нұрбек Сапаровтың сөзінше, өңірімізге белгілі ұстаз, қоғам қайраткері Асқар Игібаев басшылық еткен жылдары Николаевка орта мектебіндегі оқушылардың қатары 1500-ге дейін жеткен екен. Қазір ауыл тұрғындарының саны осынша ғана. Дегенмен Николаевка болашағы бар елді мекендердің қатарында. Ішкі жолдарын жөндеу басталған. Көшелер түнде жап-жарық. Кейбір аудан орталықтарында жоқ ауылдық спорт клубы осында жұмыс істейді.
Спорт клубында шағын футбол мен волейбол ойнайтын зал бар, былтыр қазақша күрес үйірмесі ашылған. Біз ауылға барған күні тағы екі залдың ашылу салтанаты өтті. Бокс және тренажер залдарын жабдықтауға осы ауылдың жеріне егін егетін серіктестік директоры Асхат Барлыбаев қаржы бөлген. Төрт миллион теңгедей ақшаға дене жаттығуына арналған жабдықтар, бокс қолғаптары және тағы да басқа керек-жарақ алыныпты.
– Ауылдың жеріне егін егіп отырғандықтан тұрғындарға көмектесуді міндетім санаймын. Тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушыларды тамақтандыруға көмектесеміз, балабақшаға ойыншықтар сатып алып бердік. Спорттық клубта екі зал ашу керегін естіп, қол ұшын созуды ұйғардық. Жастар би кешін өткіземіз деген соң музыкалық жабдық әпердік. Енді келер жылы балалар ойнайтын алаңқай жасамақшымыз, – деді тұрғындармен кездесуде Асхат Нағашыбайұлы.
Есіл ауданында қазақы қаймағы бұзылмаған елді мекендердің арасында Бұлақ округіне қарасты Бұлақ, Ақтас, Қарағай ауылдарын ерекше атап өтуге болады. Түгін тартсаң, майы шығатын қастерлі өлкенің жағдайы қоңыртөбел болғанымен, соңғы кезде ілгерілеушілік бар. Әсіресе округтің тізгінін Болат Бейсенбаев ұстағалы біраз жұмыс атқарылған. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында тындырған іс ауыз толтырып айтарлықтай. Таза ауызсу тарту, жол салу мәселесі қолға алынған. Оған осы жолғы сапар барысында көз жеткізіп қайттық. Бұлақ ауылының ішінде құбыр тарту үшін ор қазылып, қажетті жабдықтар жеткізілген. Ал жолға керекті қиыршықтасты да жинап, күн жылынысымен бастап кетпек. Бұл да мемлекеттің ауылдарды дамытуға мықтап көңіл бөлгенінің бір көрінісі болса керек.
Ауыл мектебінде өткен кездесу барысында да тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға риза екендігін жеткізді. Оқырмандармен кездесуде Бұлақ орта мектебінің мұғалімі, ақын Жанар Рамазанова өңіріміздегі қазақтілді жалғыз басылымның ауылда сұранысқа ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының басым көпшілігі мерізмді басылымдарды қалт жібермей оқиды. Бүгінде Бұлақ орта мектебінде 71 оқушы бар. Ұстаздар заман талабына сай білім беріп, еліміздің болашағын тәрбиелеуде. Бұлақ ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында газетіміздің өткен санында (2 тамыз, 2022 жыл) “Білікті басшы, берекелі ауыл” деген мақалада егжей-тегжейлі жазғанбыз.
Ақтастағы мектептің салынғанына көп бола қойған жоқ. 90 орындық білім ордасында бүгіндері 41 оқушы бар екен. Бізді ұстаздар қауымы қуана қарсы алды. Олардың айтуынша, мектептегі мұғалімдердің барлығы да газетке жазылған. Тек уақытылы әкеліп отырса деген өтініштерін жеткізді. Талантты шәкірттердің шығармашылығын насихаттау, оларды әңгіме-эссе жазуға баулу үшін газетте жариялау туралы ұсыныстарын да жеткізді.
Есіл ауданына сапарымыз барысында Корнеевка ауылына да арнайы соқтық. Бір кездері аудан орталығы болған бұл елді мекенде жалғыз мектеп бар екен. Орыс тілінде білім беретін оқу ордасында 182 оқушы білім алады. Мектеп директоры Сәкен Шаймерденовтің айтуынша, қазақ газетіне жазылуды қолдайтын тұрғындар баршылық. Болашақта редакция өкілдерінің ата-аналармен, оқушылармен кездесуін өткізу туралы келісімге келдік. Осылайша Есіл ауданына қарасты ауылдарда оқырмандар саны көбейер деген үмітпен кері қайттық.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің бас редакторы Ербақыт Амантайұлы оқырмандарға басылым жайлы әңгімелеуде.