«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ, ТЕКТІНІҢ ТҰЯҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғұмырының жартысына жуығын шәкірт тәрбиесіне арна­ған ұлағатты ұстаз, оқу-ағарту ісінің үздігі Рахмет Жұсыпов 90 жасқа толып отыр. Ел аузынан жазып алған әңгімелері мен естеліктерден құралған екі жинағы жарық көрді. Ақсақалдың көңілі көлдей шалқып, шабыт құшағына көмілгенде домбыра тартып, Ақанның, Біржанның, Үкілі Ыбырайдың әндерін орын­дайтыны бар. 1948 жылы Петропавл педагогикалық учили­щесіне емтихансыз қабылданып, оны аяқтай сала Қарағаш ауылына бастауыш сынып мұғалімі болып оралады. Кейін ҚазМУ-дың тіл-әдебиет факультетін бітіріп, мектеп дирек­торы, аупарткомның жауапты қызметкері сияқты еңбек са­тыларынан өтеді. Қайда жүрсе де адамгершілік асыл бол­мысымен, досқа деген адалдығымен таныла білді. Қызылжар өңірінің жұртшылығы оны тіл жанашыры, облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің тұрақты оқырманы әрі авторы, жас­тардың ақылшысы ретінде таниды. Құдай қосқан зайыбы Алма апай екеуі бір шаңырақ астында 56 жыл ғұмыр кешіп, бес ұлды дүниеге әкелді. Олардан 16 немере, 13 шөбере өрбіді. Қолы қалт еткенде ой-толғамдарын ақ қағаз бетіне түсіруден жалыққан емес. Редакция ұжымы асылдың сынығын, тектінің тұяғын торқалы 90 жасымен құттықтай отырып, ғибратты әңгімелерінен топтама жариялауды жөн көрді.

Мәшһүр Жүсіптің екі батасы

Мәшһүр Жүсіп Көпеев қасын­дағы серіктестерімен Баяннан кеш шығып, қонағаға жолдағы бір ауыл­ға ат басын бұрады. Әйнегінен жа­рық көрінген үйге келіп тоқтайды. Үй иесі қонақтардың кім екенін есті­сімен далаға жүгіріп шығып, Жүсе­кеңе сәлем беріп, аттың шылбы­рына орала кетеді. Көптен күтіп отырған сыйласындай қолтығынан демеп түсіріп, жылы орынға жайғас­тырады. Мәшһүр Жүсіптің әңгімесін тыңдаймыз деп байдың көрші-қолаң, малшы-жалшылары түгел жи­налады. Ел басынан өткен-кеткен қызық оқиғалар жайлы сыр шер­тіледі. Бұрынғы өткен батыр-билер­дің үлгілі істері, қанатты сөздері айтылып, тыңдаушы қауымды әңгі­меге кенелтеді.

Үй иесі мал бітсе де, ел жақсы­ларымен араласа қоймайтын тоғы­шарлау адам болса керек. Ол Мәш­һүр Жүсіптің атағына сырттай қанық болғандықтан, батасын алсам деп армандап жүреді екен. Әңгіме ара­сында соның сәті түскенін білдіріп, қуанышын қонақтарына қайта-қайта құлаққағыс етеді. Түннің бір уағында семіз дөнен қойдың еті балбырай пісіп, тегене табақ қойылады. Жү­секеңе бас тартылады. Ет желініп, сорпа ішіліп болғаннан кейін бай бата сұрайды. Сонда Жүсекең қо­лын жайып:

– Екі дүниенің абыройын берсін, Алла акбар, – деп қысқа қайырады.

Батаға жепелдемеде түсіне ал­май қалған бай:

– Жүсеке-ай, көрсетіп жатқан сый-құрметіме разы болмай қал­дыңыз ба? Тым келтелеу болды ғой, – деп наз білдіргенде ол жұлып ал­ғандай:

– Ынсап, тауфих берсін, Алла акбар, – деп тағы да қысқа қайы­рыпты.

Екі дүниенің абыройына қанағат етпей, ынсапсыздық танытқан дүм­ше байға осылай жауап беріпті.

Тентек жиен

Көкбай бірде Абайды Тойған деген кісінің үйіне ертіп барыпты. Ол үйдің Зағипа деген еркекшора қызы Көкбайдың басындағы тақиясын бір алып, бір кигізіп, мазасын алыпты. Оның шешесі Көкбайдың ауылынан болғандықтан, нағашы деп еркелесе керек.

Көкбай: “Зағыш, мына ақшаны ал да, атаңмен еріп барып кәмпит алып же!” – деп, алдаусыратпақ болып ақша ұсынады. Қыз ақшаны жыртып тастайды.

Сонда Көкбай:

“Мынау кім деп отырсам

қасымдағы,

Қоймады-ау тақиямды

басымдағы.

Бұл әлде өзі менің жиенім бе?

Мінезі мен секілді жасымдағы.

Тентек болып мен ақша жыртпаушы едім,

Тентектігі менен де басымдағы”, – дегенде Зағипа үйден шыға жөнеліп, жоламай қойыпты.

Абай: “Көкбай, сені ұнататыным осындай шешендігің ғой. Ұрмай-соқпай баланы тоқтаттың-ау!” – деп, ризалығын білдіріпті.

Білім — түпсіз қазына

Мұсылмандар төрт халифаның бірі Әзірет Әліден “Білім артық па, байлық артық па?” – деп сұрапты. Сонда Әзірет әлі былай жауап беріпті:

“Білім артық, өйткені ол – пай­ғамбардан қалған мирас, байлық – бақылдардан (тойымсыздардан) қалған мұра.

Білім сені бағады, байлықты сен бағасың, сондықтан да білім артық.

Білім досыңды, байлық

дұшпаныңды көбейтеді.

Білім іздей берсең көбейеді, байлық жұмсасаң азаяды, білімнің артықшылығы осында.

Білімің көп болса, сені құрмет­тейді, байлығың көп болса, қызға­нады.

Білім аздық етпейді,

дүние-мал – бір жұттық.

Жақсы ұстазды оңбаған ғана

ұмытады.

Ұрпағыңа бүгін еккеніңді бірне­ше жылдан кейін аласың.

Байлық өскен сайын уайым да

көбейеді.

Белгі болмаса, жол бұзылады,

Білім болмаса сөз бұзылады”.

Сабыр түбі — сары алтын

Бір жігіт екі нәрсені арман етіпті: біріншісі – сұлу қызға үйлену, екін­шісі – дүниедегі оқу атаулыны та­мамдау. Сөйтіп, ару қызға үйленеді де, келесі жылы дүниедегі ілім-білімді іздеп, жол жүріп кетеді. Үлкен шаһарда он шақты жыл оқып, үйіне қайтып келе жатқанда қой бағып жүрген қарияға жолығады.

– Ассалаумағалейкүм, – деп сәлем береді.

– Уағалейкүм, балам, қайдан жүрсің?

– Дүниенің бар оқуын тауысып келемін.

– Е, балам, білім алғаның дұрыс, бірақ сол оқудың бас-аяғы не екенін білдің бе?

Жігіт не айтарын білмей мүдіріп қалады.

– Балам, қойымды бір жыл бақсаң, оқудың бас-аяғын айтайын, – дейді.

Жігіт бір жыл қой бағып:

– Отбасыма оралайын, оқудың бас-аяғын айтсаңыз, – дейді.

Қария:

– Оқудың бас-аяғы – сабырлы­лық, – деп жауап береді. “Бірауыз сөз үшін уақытымды қор қылдым-ау” деп ренжіген жігіт жүріп кетеді.

Түнде үйіне келіп, әйнектен сығыласа, әйелі жалғыз емес сияқ­ты. Е, мен кеткен соң әйелім біреуге тиіп алған екен деп ойлайды да, есікті ақырын ашып, бұлардың екеуін де жоқ қылайын деп, босағадағы балтаны алып, көтере бергенде ақсақалдың “сабырлылық” деген сөзі есіне түсіп, райынан қайтады. Ауызғы үйге барып, жатып қалады.

Әйелі таңертең күйеуін көріп құшақтай алады.

– Қашан келдің, бізді неге оятпадың? Әкең келді, сәлем бер, – деп, баласын шақырады. Сөйтсе, оқуға кеткендегі кішкентай ұлы зіңгіттей жігіт болып өскенін бірақ аңғарады.

Оқудың бас-аяғы сабырлылық екенін жігіт сонда ғана түсінген екен.

Есер мілиса

Заман бізді тез есейтті. Әсіресе аштық пен ауыртпалықты көп көрдік. 1947 жылдың қазан айы. Аспан ашулы адамдай, қабағын бір аш­пайды. Бірде жаңбыр сіркіресе, бір­де қар ұшқындайды. Тұрғындар қыс қамына кірісіп, қораларын бүтіндеп, пішендерін үйіп, отындарын дайын­дап, әлек. Ауылда (350 отбасында) 1 ғана “Универсал” тракторы бар. Оны Шәуәли деген ағай жүргізеді. Трактордың күші шамалы, 2-3 тыр­ма­ны әрең сүйрейді. Бірде ауылға учасковый болып С.Торайғыров де­ген бір есер тағайындалды. Жұртты сескендіргісі келді білем, ауылға кіре бере көкке қарата мылтық атты. Балалар шошып, оттыққа тығылды. Бәрі үнсіз. Тек Өмірзақ ағай ғана:

– Мылтық атуыңды қоймасаң, тиісті орынға хабарлаймын, – деп жөнге салғандай болды. Сонда да қызметін пайдаланып, жындылығын қояр емес. Біз, балалар, көшеде асық ойнаймыз. Біреудің салт атпен құйындатып шауып келе жатқаны­нан шошынып, жолдың шетіне қа­рай ығыстық. Сөйтсек, бұл Торай­ғыров екен. Атының тізгінін тартып, Шәріп атайдың үйіне барып тоқтады да, айғай салды.

– Әй, шал, сен 1000-шы статья­мен сотталатын болдың, кемі 10 жыл түрмеге тоғытамын, неге талдарды кесесің?! Әйеліңді шақыр, мен сені аудандық милицияға апа­рамын, – деп гүр ете түсті. Қораның үстінен түскен Шәріп ақсақал ми­лицияның атын байлап:

– Үйге кір, дәм тат! – деп жік-жапар болып жатыр.

Шәкеңнің бәйбішесі дастарқан жайып, қонақты сыйлай бастайды. Шәкең бір шиша арақты подносқа салып әкелгенде, қонақтың көзі жайнап кетті. Арақтан 2-3 рет алғаннан кейін:

– 1000-шы статьяның жартысын кештім, – деп дарақылана қарқ-қарқ күлді де, жастыққа басы тиісімен бірден қор ете түсті. Жылқының сүр еті балбырап піскеннен кейін қонақты оятты.

– Тамаша, сергіп қалыппын, – деп, табақтағы майлы сүрге қол салды. Үстелге тағы бір шиша арақтың қойылуы мұң екен:

– Шәке, статьяларды толық кештім, отыныңды дайындай бер, – деп, ыржия күлді.

Қонақ аттанарда Шәкеңнің бәй­бішесі:

– Қайным, мына сәлемдемені келінге бер, – деп, бір түйілген затты ұсына берді. Әбден алып үйренген әккі қу ма дерсің, тонының түймесін ағытып, қойнына сүңгітіп жіберді. Шәкең бала-шағаңның нәпақасы деп 100 сом ақшаны қолына ұстатты.

Менің жазып отырғаным бір ғана Шәкеңді емес, талайды зар қақсат­қан есердің бірі. Әліпті таяқ деп біл­мейтін Торайғыров халықтың қанын осылай сорып жүр. Иығына сөмке асынған, іші толған кәкір-шүкір қағаздар. Дәптердің сыртына “Т” деп баттитып жазып қойған. Бар сауаты – осы.

Рахмет ЖҰСЫПОВ,

білім беру саласының ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp