Ғұмырының жартысына жуығын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, оқу-ағарту ісінің үздігі Рахмет Жұсыпов 90 жасқа толып отыр. Ел аузынан жазып алған әңгімелері мен естеліктерден құралған екі жинағы жарық көрді. Ақсақалдың көңілі көлдей шалқып, шабыт құшағына көмілгенде домбыра тартып, Ақанның, Біржанның, Үкілі Ыбырайдың әндерін орындайтыны бар. 1948 жылы Петропавл педагогикалық училищесіне емтихансыз қабылданып, оны аяқтай сала Қарағаш ауылына бастауыш сынып мұғалімі болып оралады. Кейін ҚазМУ-дың тіл-әдебиет факультетін бітіріп, мектеп директоры, аупарткомның жауапты қызметкері сияқты еңбек сатыларынан өтеді. Қайда жүрсе де адамгершілік асыл болмысымен, досқа деген адалдығымен таныла білді. Қызылжар өңірінің жұртшылығы оны тіл жанашыры, облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің тұрақты оқырманы әрі авторы, жастардың ақылшысы ретінде таниды. Құдай қосқан зайыбы Алма апай екеуі бір шаңырақ астында 56 жыл ғұмыр кешіп, бес ұлды дүниеге әкелді. Олардан 16 немере, 13 шөбере өрбіді. Қолы қалт еткенде ой-толғамдарын ақ қағаз бетіне түсіруден жалыққан емес. Редакция ұжымы асылдың сынығын, тектінің тұяғын торқалы 90 жасымен құттықтай отырып, ғибратты әңгімелерінен топтама жариялауды жөн көрді.
Мәшһүр Жүсіптің екі батасы
Мәшһүр Жүсіп Көпеев қасындағы серіктестерімен Баяннан кеш шығып, қонағаға жолдағы бір ауылға ат басын бұрады. Әйнегінен жарық көрінген үйге келіп тоқтайды. Үй иесі қонақтардың кім екенін естісімен далаға жүгіріп шығып, Жүсекеңе сәлем беріп, аттың шылбырына орала кетеді. Көптен күтіп отырған сыйласындай қолтығынан демеп түсіріп, жылы орынға жайғастырады. Мәшһүр Жүсіптің әңгімесін тыңдаймыз деп байдың көрші-қолаң, малшы-жалшылары түгел жиналады. Ел басынан өткен-кеткен қызық оқиғалар жайлы сыр шертіледі. Бұрынғы өткен батыр-билердің үлгілі істері, қанатты сөздері айтылып, тыңдаушы қауымды әңгімеге кенелтеді.
Үй иесі мал бітсе де, ел жақсыларымен араласа қоймайтын тоғышарлау адам болса керек. Ол Мәшһүр Жүсіптің атағына сырттай қанық болғандықтан, батасын алсам деп армандап жүреді екен. Әңгіме арасында соның сәті түскенін білдіріп, қуанышын қонақтарына қайта-қайта құлаққағыс етеді. Түннің бір уағында семіз дөнен қойдың еті балбырай пісіп, тегене табақ қойылады. Жүсекеңе бас тартылады. Ет желініп, сорпа ішіліп болғаннан кейін бай бата сұрайды. Сонда Жүсекең қолын жайып:
– Екі дүниенің абыройын берсін, Алла акбар, – деп қысқа қайырады.
Батаға жепелдемеде түсіне алмай қалған бай:
– Жүсеке-ай, көрсетіп жатқан сый-құрметіме разы болмай қалдыңыз ба? Тым келтелеу болды ғой, – деп наз білдіргенде ол жұлып алғандай:
– Ынсап, тауфих берсін, Алла акбар, – деп тағы да қысқа қайырыпты.
Екі дүниенің абыройына қанағат етпей, ынсапсыздық танытқан дүмше байға осылай жауап беріпті.
Тентек жиен
Көкбай бірде Абайды Тойған деген кісінің үйіне ертіп барыпты. Ол үйдің Зағипа деген еркекшора қызы Көкбайдың басындағы тақиясын бір алып, бір кигізіп, мазасын алыпты. Оның шешесі Көкбайдың ауылынан болғандықтан, нағашы деп еркелесе керек.
Көкбай: “Зағыш, мына ақшаны ал да, атаңмен еріп барып кәмпит алып же!” – деп, алдаусыратпақ болып ақша ұсынады. Қыз ақшаны жыртып тастайды.
Сонда Көкбай:
“Мынау кім деп отырсам
қасымдағы,
Қоймады-ау тақиямды
басымдағы.
Бұл әлде өзі менің жиенім бе?
Мінезі мен секілді жасымдағы.
Тентек болып мен ақша жыртпаушы едім,
Тентектігі менен де басымдағы”, – дегенде Зағипа үйден шыға жөнеліп, жоламай қойыпты.
Абай: “Көкбай, сені ұнататыным осындай шешендігің ғой. Ұрмай-соқпай баланы тоқтаттың-ау!” – деп, ризалығын білдіріпті.
Білім — түпсіз қазына
Мұсылмандар төрт халифаның бірі Әзірет Әліден “Білім артық па, байлық артық па?” – деп сұрапты. Сонда Әзірет әлі былай жауап беріпті:
“Білім артық, өйткені ол – пайғамбардан қалған мирас, байлық – бақылдардан (тойымсыздардан) қалған мұра.
Білім сені бағады, байлықты сен бағасың, сондықтан да білім артық.
Білім досыңды, байлық
дұшпаныңды көбейтеді.
Білім іздей берсең көбейеді, байлық жұмсасаң азаяды, білімнің артықшылығы осында.
Білімің көп болса, сені құрметтейді, байлығың көп болса, қызғанады.
Білім аздық етпейді,
дүние-мал – бір жұттық.
Жақсы ұстазды оңбаған ғана
ұмытады.
Ұрпағыңа бүгін еккеніңді бірнеше жылдан кейін аласың.
Байлық өскен сайын уайым да
көбейеді.
Белгі болмаса, жол бұзылады,
Білім болмаса сөз бұзылады”.
Сабыр түбі — сары алтын
Бір жігіт екі нәрсені арман етіпті: біріншісі – сұлу қызға үйлену, екіншісі – дүниедегі оқу атаулыны тамамдау. Сөйтіп, ару қызға үйленеді де, келесі жылы дүниедегі ілім-білімді іздеп, жол жүріп кетеді. Үлкен шаһарда он шақты жыл оқып, үйіне қайтып келе жатқанда қой бағып жүрген қарияға жолығады.
– Ассалаумағалейкүм, – деп сәлем береді.
– Уағалейкүм, балам, қайдан жүрсің?
– Дүниенің бар оқуын тауысып келемін.
– Е, балам, білім алғаның дұрыс, бірақ сол оқудың бас-аяғы не екенін білдің бе?
Жігіт не айтарын білмей мүдіріп қалады.
– Балам, қойымды бір жыл бақсаң, оқудың бас-аяғын айтайын, – дейді.
Жігіт бір жыл қой бағып:
– Отбасыма оралайын, оқудың бас-аяғын айтсаңыз, – дейді.
Қария:
– Оқудың бас-аяғы – сабырлылық, – деп жауап береді. “Бірауыз сөз үшін уақытымды қор қылдым-ау” деп ренжіген жігіт жүріп кетеді.
Түнде үйіне келіп, әйнектен сығыласа, әйелі жалғыз емес сияқты. Е, мен кеткен соң әйелім біреуге тиіп алған екен деп ойлайды да, есікті ақырын ашып, бұлардың екеуін де жоқ қылайын деп, босағадағы балтаны алып, көтере бергенде ақсақалдың “сабырлылық” деген сөзі есіне түсіп, райынан қайтады. Ауызғы үйге барып, жатып қалады.
Әйелі таңертең күйеуін көріп құшақтай алады.
– Қашан келдің, бізді неге оятпадың? Әкең келді, сәлем бер, – деп, баласын шақырады. Сөйтсе, оқуға кеткендегі кішкентай ұлы зіңгіттей жігіт болып өскенін бірақ аңғарады.
Оқудың бас-аяғы сабырлылық екенін жігіт сонда ғана түсінген екен.
Есер мілиса
Заман бізді тез есейтті. Әсіресе аштық пен ауыртпалықты көп көрдік. 1947 жылдың қазан айы. Аспан ашулы адамдай, қабағын бір ашпайды. Бірде жаңбыр сіркіресе, бірде қар ұшқындайды. Тұрғындар қыс қамына кірісіп, қораларын бүтіндеп, пішендерін үйіп, отындарын дайындап, әлек. Ауылда (350 отбасында) 1 ғана “Универсал” тракторы бар. Оны Шәуәли деген ағай жүргізеді. Трактордың күші шамалы, 2-3 тырманы әрең сүйрейді. Бірде ауылға учасковый болып С.Торайғыров деген бір есер тағайындалды. Жұртты сескендіргісі келді білем, ауылға кіре бере көкке қарата мылтық атты. Балалар шошып, оттыққа тығылды. Бәрі үнсіз. Тек Өмірзақ ағай ғана:
– Мылтық атуыңды қоймасаң, тиісті орынға хабарлаймын, – деп жөнге салғандай болды. Сонда да қызметін пайдаланып, жындылығын қояр емес. Біз, балалар, көшеде асық ойнаймыз. Біреудің салт атпен құйындатып шауып келе жатқанынан шошынып, жолдың шетіне қарай ығыстық. Сөйтсек, бұл Торайғыров екен. Атының тізгінін тартып, Шәріп атайдың үйіне барып тоқтады да, айғай салды.
– Әй, шал, сен 1000-шы статьямен сотталатын болдың, кемі 10 жыл түрмеге тоғытамын, неге талдарды кесесің?! Әйеліңді шақыр, мен сені аудандық милицияға апарамын, – деп гүр ете түсті. Қораның үстінен түскен Шәріп ақсақал милицияның атын байлап:
– Үйге кір, дәм тат! – деп жік-жапар болып жатыр.
Шәкеңнің бәйбішесі дастарқан жайып, қонақты сыйлай бастайды. Шәкең бір шиша арақты подносқа салып әкелгенде, қонақтың көзі жайнап кетті. Арақтан 2-3 рет алғаннан кейін:
– 1000-шы статьяның жартысын кештім, – деп дарақылана қарқ-қарқ күлді де, жастыққа басы тиісімен бірден қор ете түсті. Жылқының сүр еті балбырап піскеннен кейін қонақты оятты.
– Тамаша, сергіп қалыппын, – деп, табақтағы майлы сүрге қол салды. Үстелге тағы бір шиша арақтың қойылуы мұң екен:
– Шәке, статьяларды толық кештім, отыныңды дайындай бер, – деп, ыржия күлді.
Қонақ аттанарда Шәкеңнің бәйбішесі:
– Қайным, мына сәлемдемені келінге бер, – деп, бір түйілген затты ұсына берді. Әбден алып үйренген әккі қу ма дерсің, тонының түймесін ағытып, қойнына сүңгітіп жіберді. Шәкең бала-шағаңның нәпақасы деп 100 сом ақшаны қолына ұстатты.
Менің жазып отырғаным бір ғана Шәкеңді емес, талайды зар қақсатқан есердің бірі. Әліпті таяқ деп білмейтін Торайғыров халықтың қанын осылай сорып жүр. Иығына сөмке асынған, іші толған кәкір-шүкір қағаздар. Дәптердің сыртына “Т” деп баттитып жазып қойған. Бар сауаты – осы.
Рахмет ЖҰСЫПОВ,
білім беру саласының ардагері.