«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тіліксіз жасалатын ота

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық көпсалалы аурухананың кардиологиялық орталығы биылдан бастап варикозды емдеуде аз инвазивті, сәулелік операциялар жасай бастады. Жаңа тәсілдің артықшылығы көп.

Орталықтың баспасөз қызметі­нің мәліметінше, биыл өңір кардио­лог­тары 367 сырқатқа варикозға қар­сы ота жасаған. Соның 244-і зама­науи тәсілмен жүзеге асырылған. Яғни көктамыры кеңейген бұл сыр­қат­тарға эндовазалды сәулелік об­литерация отасы жасалған.

“Бұл заманауи отаның басты артықшылығы – аз инвазивтігі. Опе­рация тіліксіз, жергілікті анестезия арқылы жасалады. Пациент таңер­тең келсе, кешке өз аяғымен үйіне қайтады. Бұрын жұлынға анестезия қойылатын. Одан кейін науқас 3-4 сағат қозғала алмай қалатын. Отаны да аяғын тіліп жасайды. Одан кейін ұзақ уақыт бойы оңалту жүргізілетін”, – дейді кардиоло­гиялық орталықтың ангиохирургы Рустам Таштанов.

Маманның айтуынша, бұл ота көп болса бір сағатқа созылады. Операциядан кейін қосымша ем-домның қажеті жоқ. Тек белгілі бір уақытқа компрессиялы шұлық кию керек болады.

“Отаның бұл түріне қарсы көр­сетілімдер бар. Ол – тромбофилия, аяқтың созылмалы ишемиясы, компрессияға қарсы көрсетілім, жүктілік, артық салмақ. Кардиоло­гиялық орталықта операция тегін жасалады”, – дейді Рустам Таш­танов.

Дәрігердің айтуынша, варикозбен ерлер де, әйелдер де ауырады. Көбіне көпбалалы аналар, егде жас­тағылар сырқаттанады.

Варикоздың пайда болуының бірнеше себебі бар, ол артық сал­мақ, отырып жұмыс істеу, биіктігі 4 сантиметрден асатын өкшелі аяқ киіммен ұзақ уақыт жүру, жүктілік және күнделікті шикі көкөніс пен жемісті аз тұтыну.

“Егер де аяқта ауырлық сезімі пайда болып, тез шаршайтын бол­са, ауырса, ісінсе, көктамыр терінің сыртынан көрінетін болса уақытты созбай дәрігерге көрініп, ем алған жөн. Қалыпты жағдайда қан көкта­мыр арқылы жүрек пен өкпеге қарай жылыстайды. Адам ағзасындағы қанның төмен емес, жоғары қарай қозғалуын реттейтін көктамырда қақпақшалар бар. Олар ашылып, қанның кері кетпеуі үшін қайта жабылып отырады. Қақпақшалар дұрыс жабылмаса, қан төмен қарай ағады да, көктамырға қан сыймай кетеді. Сондықтан қан тамырлары кеңейіп, тері астынан көріне бас­тайды”, – дейді маман.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp