Облыстық көпсалалы аурухананың кардиологиялық орталығы биылдан бастап варикозды емдеуде аз инвазивті, сәулелік операциялар жасай бастады. Жаңа тәсілдің артықшылығы көп.
Орталықтың баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл өңір кардиологтары 367 сырқатқа варикозға қарсы ота жасаған. Соның 244-і заманауи тәсілмен жүзеге асырылған. Яғни көктамыры кеңейген бұл сырқаттарға эндовазалды сәулелік облитерация отасы жасалған.
“Бұл заманауи отаның басты артықшылығы – аз инвазивтігі. Операция тіліксіз, жергілікті анестезия арқылы жасалады. Пациент таңертең келсе, кешке өз аяғымен үйіне қайтады. Бұрын жұлынға анестезия қойылатын. Одан кейін науқас 3-4 сағат қозғала алмай қалатын. Отаны да аяғын тіліп жасайды. Одан кейін ұзақ уақыт бойы оңалту жүргізілетін”, – дейді кардиологиялық орталықтың ангиохирургы Рустам Таштанов.
Маманның айтуынша, бұл ота көп болса бір сағатқа созылады. Операциядан кейін қосымша ем-домның қажеті жоқ. Тек белгілі бір уақытқа компрессиялы шұлық кию керек болады.
“Отаның бұл түріне қарсы көрсетілімдер бар. Ол – тромбофилия, аяқтың созылмалы ишемиясы, компрессияға қарсы көрсетілім, жүктілік, артық салмақ. Кардиологиялық орталықта операция тегін жасалады”, – дейді Рустам Таштанов.
Дәрігердің айтуынша, варикозбен ерлер де, әйелдер де ауырады. Көбіне көпбалалы аналар, егде жастағылар сырқаттанады.
Варикоздың пайда болуының бірнеше себебі бар, ол артық салмақ, отырып жұмыс істеу, биіктігі 4 сантиметрден асатын өкшелі аяқ киіммен ұзақ уақыт жүру, жүктілік және күнделікті шикі көкөніс пен жемісті аз тұтыну.
“Егер де аяқта ауырлық сезімі пайда болып, тез шаршайтын болса, ауырса, ісінсе, көктамыр терінің сыртынан көрінетін болса уақытты созбай дәрігерге көрініп, ем алған жөн. Қалыпты жағдайда қан көктамыр арқылы жүрек пен өкпеге қарай жылыстайды. Адам ағзасындағы қанның төмен емес, жоғары қарай қозғалуын реттейтін көктамырда қақпақшалар бар. Олар ашылып, қанның кері кетпеуі үшін қайта жабылып отырады. Қақпақшалар дұрыс жабылмаса, қан төмен қарай ағады да, көктамырға қан сыймай кетеді. Сондықтан қан тамырлары кеңейіп, тері астынан көріне бастайды”, – дейді маман.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.