«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕРЕГЕСІ КЕҢЕЙГЕН ІРГЕДЕГІ АУЫЛДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданына қарасты ауылдар облыс орталығын айнала қоршай орналасқан. Қаланың тірегі де, негізгі асыраушысы да солар десек болады. Ауданның жер көлемі 6 мың шаршы шақырымнан астам. Қазіргі таңда 44 мың адам тұрып жатыр. Жетпіс шақты елді мекен 19 ауылдық округке біріккен. Бұрынғы Бескөл мен Соколов аудандары қосылып, 1997 жылы Қызылжар ауданы болып құрылғаны белгілі.

Аудан экономикасының өзегі – ауыл шаруашылығы. Жыл сайын 204 мың гектар алқапқа егін егеді, биыл орта есеппен гектарынан 22,5 центнерден өнім алды. Батыс Сібір жазығында орналасқандықтан, әрі ауданды бойлай ағып жатқан Есіл өзенінің әсерінен ойпаңды, орманды жерлері көп. Жалпы аудан аумағының 20 пайызға жуығы орманды алқап екенін айта кеткен жөн. Өңіріміздің Мағжан Жұмабаев, Есіл, Аққайың, Мамлют аудандарымен шектессе, солтүстікте Ресейдің Түмен облысымен шекараласады.

Ауыл шаруашылығы демекші, қаланы, жалпы облысты жұмыртқамен қамтамасыз етіп отырған ірі кәсіпорындар осы ауданда орналасқанын ерекше атап өткен жөн. Якорь мен Бескөлдегі құс фабрикаларының өнімдері облыста ғана емес, ел бойынша да сұранысқа ие. Экономикалық әлеуеті зор ауданның тағы бір ерекшелігі – соңғы жылдары қандастарымыздың көбейіп келе жатқандығы. Жыл сайын кеңейіп келе жатқан Бескөл ауылын айтпаған күннің өзінде, қаланың дәл іргесіндегі Пеньково, Шаховское, Белое, Якорь секілді елді мекендерге де қазақтар көптеп қоныстана бастады. Бұл – урбанизация үрдісінің бір көрінісі. Ал Бәйтерек ауылы мүлде басқа сипатқа ие. Бұл жерді көштің басын атажұртқа бұрған шетелдегі қандастарымыз ат байлар қазығына айналдырған. Бүгінде үш жүзден астам шаңырақ түтін түтетіп отырған ауыл Моңғолия мен Өзбекстан, Қытай мен Ресейден, еліміздің жұмыс күші мол оңтүстік өңірлерінен көшіп келген ағайынның ен жайлаған құтты қонысына айналды. Редакция ұжымы Қызылжар ауданындағы оқырмандарымен кездесуін алдымен осы ауылдан бастауы да тегін емес. Бір жағынан мұнда оқырмандарымыз да көп. Кездесу Бәйтерек орта мектебінде өтті. Білім ордасының директоры Шәмшухан Шаймерденовтің айтуынша, қазір 315 бала білім алуда. Мектепте 54 адам еңбек етеді.

Бескөлдегі үшінші орта мектепке де ат басын тіредік. Мұнда оқу екі тілде жүргізіледі екен. Осыдан екі жыл бұрын ғана есігін айқара ашқан оқу ордасында қазіргі күні 434 оқушы білім алуда. 72 мұғалім еңбек етеді. Бір қуантарлығы, мұнда қаладан да балалар қатынап оқиды екен.

– Мектептің ашылғанына екі жыл ғана болды. Жалпы білім ошағы ерекше жобамен салынған, облыста әзірге мұндай оқу ордасы жоқ. Қазақ сыныптары көбейіп келеді. Мысалға біз ашылғанда бірінші сыныптардың саны үшеу болса, соның екеуі орыс тілді еді. Соңғы уақытта, керісінше, балаларын қазақ тілінде оқытуға қызығушылар көбейді. Соның арқасында қазақтілді тағы бір сынып ашылып отыр, – дейді мектеп директоры Айнұр Төлегенқызы.

Бескөлдегі мақтаулы білім ордаларының бірі – “Парасат” мектеп-лицейі. Мұнда қазіргі күні үш жүзден астам бала білім алуда, 60 мұғалім оларға сабақ береді. Газет оқырмандарының дені ұстаздар қауымы болғандықтан, кездесуге қатысқан мұғалімдер басылымға мақала жариялауға қатысты түрлі сауалдар қойды.

Алыс ауылдардан үдере көшкен халықтың бәрі бірдей қаладан пәтер сатып ала алмағандықтан, жақын маңнан жер телімін рәсімдеп, өз қолдарымен баспана тұрғызып алғандар көп. Мәселен, Петропавлдың батысындағы Белоеда жаңа үйлер салынып жатқанының куәсіміз. Тұрғындарының саны мыңға жақындап қалған. Қоныстанып жатқандардың дені өзіміздің қаракөздер болғанымен, жергілікті мектепте оқу орысша жүргізіледі екен. Білім ошағындағы 110 оқушының 62-сі – қазақтың баласы, мұғалімдердің де көбі өзіміздің ұлттан. Мектеп ғимараты бір қабатты, іші тарлау көрінді.

Кездесуге келген оқырмандардың арасында зейнеткер Гүлбаршын Сейітханқызы да болды. “Soltüstık Qazaqstan” газетінің тұрақты оқырманы ауылда пошта ғимараты жоғын қынжыла жеткізді. Зейнетақыны айына бір рет жергілікті шаруашылықтың кеңсесінде таратады екен. Ал газет-журналдарды кейде дүкенге қалдырып кететін көрінеді.

– Мен жас кезімнен газет оқимын. Бұл – қалыптасып қалған дәстүр. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына 14 мың теңгеге газет-журналға жазылдым. “Soltüstık Qazaqstan”-ды үзбей оқимын, “Иман” журналын да аламын. Ауылымызда пошта ғимаратының жоқтығы қиын тиіп тұр. Ары-бері тыным таппай шапқылай беретін жастан өтіп кеттік, зейнетақыны да пошташы үйіме әкеліп береді, – дейді газетіміздің байырғы оқырманы.

Ауылдық округ әкімінің орынбасары Бибігүл Мусина пошташы табудың өзі оңайға соқпағанын айтады. Былтыр жұмыстан кеткісі келген Лариса Коволенконы жалынып-жалбарынып қалдырған екен. Себебі тұрғындардың көбі қалаға қатынап жұмыс істейді, ал пошташының 10 мың теңге айлығымен бұл жерде ешкімді қызықтыра алмайсың.

Белое, Пеньково және Березовка ауылдары бір округке қарайды. Орталығы – Пеньково елді мекені. Мұнда да сырттан көшіп келушілер көп, жаңадан үйлер салынып жатыр. Аралас мектепте 163 бала білім нәрімен сусындап жүр. 35 мұғалім дәріс береді. Әкімдік ғимаратында өткен кездесуге негізінен мұғалімдер, ауылдық клуб қызметкерлері жиналды. Газет журналистерімен күнде кездесіп жатқан жоқ, сондықтан өздерін мазалаған мәселелерін айтып қалуға тырысты. Бұл ауыл тұрғындарының бас ауруына айналған жайт – ауызсудың тапшылығы. Қаланың дәл жанында тұрғанымен су құбыры тартылмаған. Әрқайсысы ауладан қазып алған құдықтарынан алып ішеді. Кейбірінікі лай, мүлдем ішуге жарамайды. Жергілікті әкімдік қызметкерлері жобалық-сметалық құжат жасалғанын, қаржы бөлу мәселесі жауапты комитетте талқыланып жатқанын жеткізді. Тұрғындар жайылым мен шабындық жер тарылып кеткенін де ашына жеткізді. Амалсыздан мал басын қысқартқан. Мәселен, 150 шаңырақ түтін түтетіп отырған Березовкада 15 сиыр ғана қалыпты.

Якорь де болашағы бар ауылдардың қатарында. Тұрғындарының көбі қалада жұмыс істейді. Көңілімізге қаяу түсіргені, осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған қазақ сыныптарының қайтадан жабылып қалғаны. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шынар Ғабдулина ата-аналар балаларын қалаға алып кеткен соң, амалсыздан жапқандарын айтып ақталды. Осыған ұқсас жағдайға көрші Соколовкада да тап болдық. Бұрынғы аудан орталығындағы білім ошағында балалар тоғызыншы сыныпқа дейін қазақша оқыған екен. Қазір бір тілде ғана – орысша. Қазақ сыныптарының жабылу себебін ешкім нақты айтып бере алмады. Ауыл тұрғыны Қайрат Тоқбаяновтың сөзінше, бала саны азайып кеткен соң екі сыныпты біріктіріп оқытқан. Бұдан білім сапасы төмендейді деп үрейленген ата-аналар балаларын басқа ауылдардағы және қаладағы интернаттарға ауыстырыпты.

Соколовкада қазір 2500 адам тұрып жатыр. Әлеуеті жоғары елді мекенде қажетті мекемелердің бәрі жұмыс істеп тұр. Дәрігерлік амбулатория, полиция пункті, пошта бөлімшесі, тіпті автобөлшектер сататын дүкенге дейін бар. Мәдениет үйіне 2016 жылы күрделі жөндеу жүргізілген екен. Іші-сырты жайнап тұр. Былтыр спортқа үйір тұрғындар үшін тренажер залы ашылып, қажетті жабдықтар, соның ішінде теннис үстелі сатып алыныпты. Қазір кешке қарай саламатты өмір салтын ұстанатын ауыл жастары осылай қарай ағылады. Ауылдық кітапхананың есігі де келушілерге әркез ашық. Әртүрлі жанрдағы кітаптардан бөлек, газет-журнал оқимын дегендер үшін де жағдай жасалған. Соның ішінде “Soltüstık Qazaqstan” газетін іздеушілер осыннан таба алатынын айта кеткен жөн.

Газет қызметкерлері Қарлыға, Новокаменка, Архангелка, Петерфельд секілді ірі елді мекендерде де болып, оқырмандармен кездесу өткізді. Бір байқағанымыз, ауылдағы әлеуметтік мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Осыдан оншақты жыл бұрынғыдай емес, тұрғындардың еңсесі көтеріле түскендей.

Жалпы ауданды аралап, оқырмандармен кездесу барысында мұнда көптеген өзгерістердің куәсі болдық. Атқарылып жатқан жұмыс жайлы бізбен кездесу барысында аудан әкімі Жанат Сәдуақасов та айтты. Күрделі мәселелер бар екенін де жасырмады. Бірақ қолдан келмейді деп қарап отырмағанын, біртіндеп шешіп жатқанын атап өтті. Соның ішіндегі ең бастысы – жол, таза ауызсу, тұрғын үй мен тұрақты жұмыс орындарын ашу.

– Атқарылар жұмыс көлемі ауданның бюджетіне байланысты ғой, соңғы жылдары бюджетке өзіндік табыстан түсім көбейді. Мәселен, биыл 1,5 млрд. теңге түсті. Келесі жылы биылғыдан 38 пайызға ұлғайып, 2,1 млрд. теңге болады деп жоспарлап отырмыз. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша салық көлемі де 9 есеге ұлғайды, бұрын гектарына 1,5 мың теңге төлесе, қазір 13 мың теңге төлейді. Жалақы мөлшері 2 есеге өсті, – дейді Жанат Ғаббасұлы.

Әкімнің айтуынша, ауызсумен қамтамасыз ету де біртіндеп шешіліп келеді. Қазіргі күні аудандағы 15 мың үйдің 11 мыңы суды үйіне тартып алған. Яғни, 32 елді мекенде судан таршылық жоқ. 2019 жылдан бастап сумен жабдықтау желілерін жөндеу қолға алынған. 16 ауылға апаратын 40 шақырым құбыр ауыстырылыпты. Бұдан бөлек, 16 ауылға жаңадан су тарату желісі салынған. Бірнеше жыл бойы шешімін тапай келе жатқан Якорь ауылындағы су мәселесі қолға алынғанын айта кеткен жөн. Биыл толықтай су тарату желісін қайта құру жұмыстары жүргізілген. Келесі жылы су беріледі.

Жанат Сәдуақасов Михайловка мен Ташкентка ауылдарында су құбырын жөндеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Мұнда да тұрғындардың қалауы бойынша су үйге дейін жеткізіледі. Сондай-ақ Петерфельд пен Чапаев ауылында да сумен жабдықтау желісінің құрылысы басталмақ. Ал Бәйтерек, Белое мен Михайловка ауылдарындағы құбырларға жөндеу жүргізіледі.

– Аудандағы жолдардың ұзындығы 751 шақырым болса, соның 156-сы – облыстық, 259-ы – аудандық маңызы бар жолдар. Соңғы жылдары аудандық жолдардың 10 шақырымы, ауылішілік жолдардың 126 шақырымы жөнделді. Мәселен, 2018 жылы бір жылда 6 ауылдағы 22 шақырым жол жөнделсе, биыл 35 ауылдағы 233 шақырым қалпына келтірілді. Енді Петерфельд, Прибрежное, Новокаменка, Вагулино ауылдарының ішкі жолдарын жөндеп, Шаховское ауылына кіреберісті қайта қалпына келтіреміз. 2023 жылы да бірнеше ауылда жол жөндеуді бастаймыз, – деді аудан әкімі.

Аудандағы атқарылған жұмыстарға тоқталған әкім келесі жылға арналған жоспарларын да жеткізді. Соның бірі – облыс орталығын азық-түлікпен қамту жобасын жасау. Биыл ауданда 6 жоба жүзеге асырылып, 130 жаңа жұмыс орны ашылған. Атап айтар болсақ, сүт фермасы мен құс өнімдерін шығаратын фабрика, элеватор мен кірпіш зауыты іске қосылды. Ал келесі жылы Архангелка, Глубокое, Ташкентка, Новогеоргиевка мен Долматово ауылдарында тауарлы-сүт фермалары ашылады. Бұған қоса Николаевка ауылында қой өсіретін шаруашылық құрылады. Жалпы ауданда құны 4,5 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Шаруашылықтар машина-трактор паркін жаңарту үшін 92 техника сатып алмақ.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газеті экономика бөлімінің меңгерушісі Ө.Есқали Архангелка ауылының оқырмандарымен кездесуде.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp